ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯ ҰЛТТЫҚ МҮДДЕГЕ ҚҰРЫЛУҒА ТИІС
10.06.2022
1019
0

Сыншы, филология ғылымдарының докторы, профессор Дандай Ысқақұлы сын жанрына арналған еңбектерімен көпке мәлім. Әдебиеттану саласындағы сан алуан пікірлерімен көпке ой салып жүрген ғалым бұл сұхбатында да қазақ әдебиетінің табиғатына үңіліп, сөз өнерінің қасиеті жайлы сөз қозғайды.

Тіл бұзылса, ұлт та бұзылады
– Қазақ, өзіңіз білесіз, сөзге тоқтаған, сөзге жүгінген, сөз қадірін білген халық. Сіз көп жылдар бойы сөздің магиясын зерттеп, оның жеке адамның тағдырынан бастап, ұлттың болашағына, жалпы ғаламда болып жатқан өзгерістердің барлығына дерлік тікелей әсер ететінін көпке ұғындырып жүрсіз. Қазіргі қоғам, қазақтың мінезі өзгергеннен кейін бұрыннан қалыптасқан өміріміз де, дәстүріміз де – барлығы да төңкеріліп түсті. Қазір біздің қоғамда сөзге тоқтайтын адам бар ма? Қазақ сөзінің құдіреті туралы айтып берсеңіз.
– Осында бір айтатын нәрсе, біз сөзді тек қана адамдардың арасындағы қарым-қатынас құралы ретінде ғана білеміз де, сол тұрғыдан зерттеп келдік. Ал енді шын мәніне келген кезде, сөздің табиғаты – өте күрделі. Сөз – адамдар арасындағы қарым-қатынас құралы болумен бірге оның бүкіл болмысын айқындайтын категория. Адамның физиологиясынан, психологиясынан бастап, оның денсаулығына, күнделікті тіршілігіне, іс-әрекетіне, тағдырына, болашағына дейін бүкіл өмірінің барлық жақтары осы сөзге тікелей байланысты.
Сөздің қасиеттеріне тоқталсақ, ең әуелі, сөз дегеніміз – адамның денсаулығы. Қазақ тілінде басқа ұлттардың тілі онша келе бермейтін қазаққа ғана тән әріптер бар. Бұл әріптердің барлығы да қазақтың ғасырлар бойы өмір сүріп келген табиғи-географиялық ортасына, ауа-райына, шаруа­шылығына, тұрмыс-тіршілігіне, қоғамдық-әлеуметтік қарым-қатынастарына орай қалыптасқан. Мысалы, ә, ө, ұ, ү, і, қ, һ, ғ, ң деген 9 әріп басқа тілдерде жоқ, тек қана қазақ тілінде ғана бар. Міне, осы ұлттық әріптер қазақтың өзіне ғана тән бет-пішінінен, физиологиясынан бастап, сөйлегенде, дыбыс шығаратын ауа қозғалысы, жүретін дене құрылысының ішкі ағзалары да осы дыбыстардың ерекшеліктеріне орай құрылған. Мысалы, орыстардың кейбір әріптерін біз айта алмаймыз, олардыкі де осылай ғасырлар бойы, өмірдің ырғағынан, адамдардың сол қоршаған ортаға бейімделу нәтижесінен пайда болған.
Адам екі түрлі нәрседен – тән мен жаннан тұрады. Сонда тән деген – бүкіл организм, ал жан дегеніміз – адамның хайуанат­тардан айырып тұратын руханияты. Өзінің ана тілінде сөйлеуден қалып, өзге тілге көшу деген оның адам ретіндегі болмысын, ішкен асынан бастап, мінез-құлқы, өмірді түсінуі сияқты адами болмысын толығымен өзгертіп, өз ұлтынан алшақтата түсіп, тіпті басқа ұлттық әлемге көшіріп жібереді. Өз елінде жүргенімен де өзгелермен тіл табыса алмай, өмірдегі өз орнын таба алмай, не арыда жоқ, не беріде жоқ, «шалақазақ» атанып, шөре-шөре, дүбәра күн кешеді. Бұдан шығатын қорытынды: тіл дегеніміз – адам, оның денсаулығы, тағдыры; сонымен бірге ол – ұлттың өзі. Тіл пәсейсе, ұлт та әлсірейді; тіл бұзылса, ұлт та бұзылады; тілі күшті елдің, рухы да күшті болады. Енді осыны қазақ қалай түсінген десек, қазақтың бүкіл өмірі сөзге сүйенген, тілге тірелген. Сөзді кие тұтқан қазақ бір елдің бітпес дауын, қыл үстінде тұрған адамның тағдырын бір ауыз сөзбен шешіп отырған.
Сөздің бойында алапат күш барын білген қазақ «жақсы сөз, жарым ырыс» деп түсініп, байқап сөйлеп, «іріген ауыздан шіріген сөз шығады» деп, жаман сөздерді айтудан қашқан. Бүгінгі ғалымдардың сөздің «ішінде» алапат күш барын дәлелдеп жатқанын естігенде, дана халқымыздың алдында бас имеске лажымыз жоқ.
Дәл қазіргі өмірімізде қазақтың тілі қағаз жүзінде мемлекеттік тіл, бірақ ол өз құзыретіне толықтай ие болып отырған жоқ. «Көп ұлтты Қазақстан» жалған саясаты қазақ тілінің қанат жаюына, қазақтың өміріндегі өзінің негізгі рөлін, ұлтын сақтап, өрге сүйрейтін мәртебелі міндеттерін атқаруына айтарлықтай тосқауыл болып отыр. Қазір тіпті сөздің қадірі кете бастағандығы соншалықты, бұрын ата-бабаларымыз елдің тағдырын бір ауыз сөзбен шешіп келсе, қазіргі биліктің басында жүрген кейбір қазақтың жігіттері бір ауыз сөз сөйлей алмай, қағазға қарап, оқып сөйлейтінін көріп жүрміз. Көбі орысша сөйлейді не екі тілді араластырып, әлекке түседі. Қазақшасы – жас баланың былдырындай.
Орысша сөйлегендер орысша ойлайды, өмірге орыстың көзімен карап, орыстың дүниетанымымен баға береді. Өмірде бәрін де көре береді екенсің, қазақтардың қазақ тілінің жағдайын орысша талқылағанын да көрдік. Әлемді билеп тұрған – тіл. Сондықтан адам боламыз, қазақ боламыз десек, ел боламыз десек, әлемге танылған өркениетті Қазақстан боламыз, әлемдік өркениетте өзімізге лайықты орнымызды аламыз десек, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесін толық көтеруіміз керек. Сонда ғана қазақ елінің алдынан жарқын болашақтың есігі айқара ашылады.
Постмодернизмде ұлт, ұлттық тіл жоқ
– Әдеби сын саласында біраз еңбектендіңіз. Қазіргі әдеби сынның жағдайы сізді ойландыра ма? Осы туралы айтсаңыз.
– 3-курста оқып жүргенде, алғаш жазған мақалаларым шыға бастады. Алпысыншы жылдары әдебиетке келген Әбіш Кекілбаевтың, Тәкен Әлімқұловтың, Мұхтар Шахановтың жаңа шыққан туындыларын оқып, әсерленіп, мақалалар жаздым. Сыншылығым кейіннен зерттеушілікке ұласып, сынның тарихынан кандидаттық, теориясынан докторлық диссертациялар қорғадым; жоғары оқу орындарында әдеби сынның түрлі мәселелерінен оқу құралдарын жазып, дәріс беріп келе жатырмын. Демек, маған қазақ әдеби сынның жағдайы жақсы таныс.
Қазақ әдеби сынының тарихына келетін болсақ, кеңестік дәуірде қарқынды дамыды. Қазір социализмді жаппай жамандау мода болып кетті ғой, ал шындығында, социализм қазір біз ойлағандай, жалпы жаман нәрсе емес бола-тұғын; аз ұлттардың жаппай ассимиляцияға ұшырауымен бірге халықтың жағдайын жасау, қызмет ету сияқты мәселелер бірінші кезекте тұрды. Сол кездегі «түрі – ұлттық, мазмұны – социалистік» мәдени саясаттың аясында қарапайым халықтың өмірін шығарма өзегіне сәтті айналдырған туындылар қазақ әдебиетіне ерекше бір серпін әкелгені де рас. Әдетте, көркем әдебиет пен оның сыны қатар жүріп, дамиды. Міне, осы кездерде ұлттық әдебиетімізбен бірге оның сыны да жан-жақты дамып, біршама табыстарға жетті.
Алпысыншы жылдары І.Есенберлиннің «Қаһар» романының шығуы әдебиетімізге үлкен жаңалық әкелді. Осы кезден бастап, қазақ әдебиетінде «жабық» болып, көтерілмей жатқан тарихи тақырыптарға бетбұрыс басталып, жаңа бір кезең қалыптасқандай болды. Социалистік реализм әдебиетінің негізгі ұстанымдарына онша сәйкес келе бермейтін қазақ тарихының бұрындары беймәлім болып келген кезеңдеріне батыл барып, көркем кестелеген тарихи романдардың саяси тағдырына араласып, оларға тура бағыт сілтеп, ұлттық әдебиеттің жарқын беттерінің жазылуына әдеби сын айтарлықтай қызмет етті.
Әдебиет дегеніміз – өнер. Алпысыншы жылдары әдебиеттегі форма, формализм, түршілдік туралы үлкен айтыстар болды. Жүсіп Қыдыров, Асқар Сүлейменов сияқты жас ақындар, сыншылар осы пікірталасқа белсене араласты. Бірақ сол кездегі Қазақстанның саяси басшылығы «формализм – батыстық үлгі, әдебиеттегі басты мәселе – форма емес, өнер – өнер үшін емес, өнер – халық үшін» деген пікірді ұстанып, әдебиеттің өнерлік сипатын мойындамай, формалық ізденістерге тосқауыл қойды. Осы сияқты көптеген қиындықтарға қарамастан, қазақ әдеби сыны көркем әдебиетіміздің ұлттық даму жолында көркейіп, кемелдене түсуіне тарихи еңбек сіңірді.
Дәл қазір қазақ әдебиеті мен сыны мықты дамып жатыр деп айта алмаймыз. Тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ мәдениетінің, әдебиетінің нағыз ұлттық дамуының алтын ғасыры басталады деп, бөркімізді аспанға лақтырып, қуанған едік. Өкінішке қарай, үмітіміз ақталмады.
Әлемдік ауқымда жүріп жатқан жаһанданудың басты мақсаты – бүкіл әлемді бір орталыққа бағындыратын билік орнату. Бұл саясат мәдениет, экономика, білім-ғылым, әдебиет секілді адамзат қоғамының әлеуметтік өмірінің барлық саласын бір ізге салу арқылы жүзеге аспақ. Әдебиет саласында осы идеяны жүзеге асыратын постмодернизм болып отыр. Ал постмодернизмде ұлт жоқ, ұлттық тіл жоқ. Ол өнердің, оның ішінде әдебиеттің ұлттық сипатын, ғасырлар бойы жазылған әлемдік әдебиеттің классикалық үлгілерін де мойындай бермейді. Әдебиеттің басты мақсаты өмір шындығын көркем шындыққа айналдыру болса, қазіргі дүниетаным тұрғысынан келгенде, шындықтың өзі түрліше сипат алып кетті. «Бүгінгі аласапыран заманның қаһарманы кім?» екенін анықтай алмай, абдыраған күй кешудеміз. Өйткені демократиялық қоғамда әркімнің өз шындығы бар екен. Жаңа шыққан кітапты сыншы сынап жатса, оған онша мән бермей, «айта берсін, ол сыншының өзінің ғана пікірі» дей салатын болдық.
Қазір ұлттық әдебиетіміз ығысып, орнына батыстық туындылар жайғаса бастағандай әсер етеді. Міне, рухани өмірімізде жүріп жатқан осы сияқты «жаңғырулар» түптің түбінде айналып келіп, ұлттық әдебиетімізді, ұлттық мәдениетімізді, ұлттық атаулылардың барлығын жоюға алып бара жатқан жоқ па деген қауіп бар. Өйткені ұлтсыздық, космополитизм алып келген – батысша ойлайтын, батысша сөйлейтін, өмірге батыстың көзімен қарап, батыстың тірлігін істейтін адамдарды жиі көретін болдық.
Жалпы жаһандануды тұтастай жаман деу­ге де болмайды. Бұл үлкен қанбазар сияқты. Қанбазардың ішінде жақсы да, жаман да жеткілікті. Кемшілігіміз сол, базардың ішіндегі сырты жылтырақ, арзан, тез тозатын нәрселерге көбірек барып жатырмыз. Ал енді бұдан шығудың жолы бар ма? Жолы бар, ол – ұлттық мүддеге қызмет ету, ұлттық идеологияны ұстану. Жалпы идеологиясыз, болашақ даму бағдарламасынсыз, ұлттың, мемлекеттің дамуы – екіталай. Осы жерде ескеретін бір нәрсе бар. Қазір «ұлттық идеология» термині айтыла бермейді, әлемдік тәжірибеде мұны «мемлекеттік идеология» деп атап жүр. Өйткені ұлттық идеология дегеніміз – өз ұлтын өзге ұлттардан жоғары қою, мұның аяғы міндетті түрде нәсілшілдікке, фашизмге апармай қоймайды деген түсінік бар. Солай бола тұра, дамыған елдерде мемлекеттік идеология аталғанымен, іс жүзінде сол мемлекеттің негізін құрайтын ұлттың мүддесіне қызмет етіп, қорғайтын ұлттық идеология жүзеге асуда. Англияның екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі премь­ер-министрі Черчильдің: «Мен Англияның мүддесі үшін барлық іс-әрекетке барамын», деген сөзі кейінгілерге үлгі болып қалған. Көрдіңіз бе? Англияның мәңгілік идеологиясы жоқ, Англияның мәңгілік мүддесі бар. Бұл жерде ұлттық идеология деген тіркес мүлдем айтылмай тұрғанымен де ағылшындардың ұлттық мемлекеті – «Англияның мүддесі» деген атау осы ұғымды дәл беріп тұр.
Жиырмасыншы ғасырдың басындағы орыс отарындағы қазақ әдебиетінің Мағжан, Жүсіпбек, Мұхтарлары батыстық мәдениеттің жақсы үлгілерінен үйрене отырып, ұлттық әдебиетімізді әлемдік деңгейге көтере білді. Ал жүз жылдан кейінгі қазақ әдебиетінің керуен көшінің қалай қарай бет аларын әлі күнге дейін біле алмай отырмыз.
Түркі әлемінің болашағы – түркілік бірлікте
– Түркі әлемін зерттеп жүрсіз ғой. Түркітанудағы жаңа көзқарастар, жаңа танымдар жайлы айтып берсеңіз.
– Халықтардың бір-бірімен араласы, ұлттық мәдениеттердің өзінде жоқтарды өзге елдерден алып, толығып отыруы – бұрыннан келе жатқан үрдіс десек те, қазіргі таңда Батыстың, оның ішінде Американың бүкіл экономикасының қолдауымен жойқын ақпараттық шабуылдарға шығып, «жалпы­адамзаттық мәдениет» жасауға ұмтылуы, оның шын мәніндегі Батыстық мәдениет екендігі, оны әлем халықтарына ортақ мәдениет ретінде тықпалауы көзі ашық адамды ойландырмай қоймайды.
Жаһандану барысында әлемдегі көптеген ұлттар алдымен тілінен, сосын мәдениетінен айрылып, соңында өздері ұлт ретінде жойылып жатыр. Осындай жағдайға жалпы саны 200 миллиондай (кей деректерде 300 миллион) түркі халықтары да душар болды. Қазір Ресейдегі, Қытайдағы, Сириядағы, Индиядағы, Ауғанстандағы, т.б. елдердегі түркі тілдес бауырларымыз осындай күйді бастан өткеруде. Түрлі деректерге қарағанда, түркі халықтарының тең жарымына жуығы осы уақытқа дейін жаһанданудың ықпалынан ұлт ретінде өмір сүруін тоқтатқан. Мысалы, КСРО-да 1917 жылы кеңес өкіметі орнаған кезде 200-ден астам ұлт болған екен, ал енді 1991 жылы КСРО тараған кезде, сол ұлттардың тең жарымы жойылған.
Қытайда да осындай жағдай. Бұл елде 4-5 рет болдым. Сонда Қытай болып кеткен сары ұйғырды көрдім. Қытайға айналған наймандар, қоңыраттар бар екенін естідім. Олар – тегінің түркілік екенін білгенімен, қазақ емес, қытай. Міне, осы сияқты түрлі жағдайлар түркі тілдес елдердің ұлттық жолмен дамуына ор қазып, түркілік дәстүрінің әлсіреуіне әсер етуде.
Небір қиындықтарға қарамастан, түркі елінің қара шаңырағын құлатпай, түтінін түтетіп, отын сөндірмей келе жатқан Түркия көш басшысы болып, өзінің тәуелсіздігін өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары алған бірнеше мемлекет ұлттық дәстүрлерін, тілін, әдебиетін, мәдениетін дамытуда біршама жетістіктерге жетті. Тәуелсіз Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстан елдері ұлттық, мәдени дамудың даңғыл жолына түсті. Турасын айтқанда, түркі әлемінің болашағы – түркілік бірлікте.
– Мағжан Жұмабаев пен Шыңғыс Айтматов жайлы екі монография жазыпсыз. Осы екі тұлғаға арнайы қалам тербеуіңіздің сыры неде?
– Менің ұғымымда алашшыл азаматтар көтерген қазақтың ұлттық идеологиясы өткен ғасырдың басында қалыптасып, ұлт­тық дамудың сара жолын көрсетіп берді. Тәуелсіздік алғанымызға отыз жылдан асса да біздің ұлттық дүниетанымымыз, сана-сезіміміз, саяси деңгейіміз осыдан жүз жыл бұрынғы алаштық деңгейге әлі күнге дейін жете алмай келе жатқандаймыз. Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов секілді алашшыл әдебиетіміз жеткен жетістіктер арада ғасыр өтсе де сол биігінде тұр. Керек десеңіз, уақыт өткен сайын биіктей түсуде. Біздің әдебиетіміз дәл бүгінгі таңда осы биіктің етегінде тұр.
Алаш қайраткерлерінің ішінде М.Жұмабаевтың алатын орны ерекше. Ол – қазақ поэзиясын ұлттық, түркілік, әлемдік деңгейге алғаш рет көтерген бірден-бір ұлы ақын. Қазан төңкерісінен кейін алашшыл әдебиеттің өкілдері елде болып жатқан оқиғаларды қабылдай алмады. Сөздің басқа, істің басқа екеніне көзі жеткен Мағжан да жаңа заманды жырлай алмады. Не жазса да жүрегімен жазатын Мағжан кеңес өкіметінің алғашқы адымдарынан-ақ оның жақсылыққа апармайтынын аңғарып, қауіптеніп, уайымын жырына қосты. Ақын поэзиясындағы түрікшілдік, қазақ тілі тақырыбы ақынды түркілік, әлемдік әдебиеттің классиктерінің деңгейіне көтерді.
«Батыр Баян» поэмасы – қазақ әдебиетінде ғана емес, бүкіл түркі әлемінде де теңдесі жоқ ұлы шығарма. Туындыда Мағжан жеке адамның намысы мен ұлттық намыс мәселесін көтеріп, ұлттық намысты жоғары қояды.
Ұлттық, әлемдік, жалпыадамзаттық проблемаларды көтеріп, көтеріп қана қоймай, оны қазақ тілінде көркем кестелеп, өнер туындысына айналдырып, кейінгі ұрпақтың рухани қазынасына айналдырған Мағжанның мәңгі өлмес шығармалары жаңа заманның көзқарасымен жаңаша зерттеулерді күтіп тұр.
Шыңғыс Айтматов туралы бүгінгі күнге дейін әртүрлі пікірлер айтылып келеді. Шыңғыс әдебиетке айқай-шумен келді. Оның алғашқы шығармасы Қырғызстанда басылмай, М.Әуезовтің қолдауымен жарық көрген. Шыңғыстың ең үлкен «күнәсі» оның, негізінен, орыс тілінде жазуы еді. Жазушының өз шығармаларын қырғыз тілінде жазбай, орыс тілінде жазуын түріктің кейбір ғалымдары да жақтыра бермейтінін көрдік. Осы сияқты түрлі қайшылықтардың тууына қарамастан, Шыңғыс Айтматов қырғыз әдебиетін түркілік деңгейге шығарған, өз кезегінде түркілік әдебиетті әлемдік өркениетке танытқан түркі жұртының атақты жазушысының біріне айналды. Сонымен, қалай десек те, жаңа замандағы жалпы адамзаттық проблемаларды орыс тілін жетік білуінің арқасында көркем кестелеп, әлем оқырмандарына ұсынып отырған Ш. Айтматовтың шығармалары арқылы қырғыз деген халық әлемге танылды.
Шыңғыстың шығармаларының 70 пайызында қазақтың даласы, аңыз-әңгімелері суреттеледі. Тіпті ең атақты шығармаларындағы оқиғалар қазақтың даласында суреттеліп, оған өзек болған идеялары аңыз-әңгімелерімен байланысып, туындап жатады. Мысалы, «Ең ұзақ күндегі» мәңгүрттердің суреттелуін жазу барысында ол дала өміріндегі «Найман Ана» аңызын пайдаланған. Оның барлық шығармаларын шолмай-ақ, өмірінің соңғы жылдарында жазған бір ғана «Кассандра таңбасын» алайықшы. Романды алғаш оқыған кезде онша әсерлене қойған жоқпын. Жазушының түрлі мерейтойлары Қазақстанда да кеңінен аталып жүрді. Сол кездерде Шыңғыстың шығармашылығына арналған бірнеше мақала жаздым. Сонда жазушының осы романын қайталап оқыған кезде мен оның ғаламдық проблемаларды көтерген жиырмасыншы ғасырдағы ұлы жазушылардың бірі екеніне көзім жетті.
«Кассандра таңбасы» романында жаһандану дәуіріндегі адамзат баласына төніп келе жатқан жаһанданудың қауіптілігі, табиғат экологиясы, адам экологиясы, ұлттардың ассимилияцияға ұшырап, соның салдарынан оның тілі мен мәдениетінің де қоса жойы­луы, адамдардың кейбір қызмет түрлерін жасанды интеллектілердің басуы секілді көптеген проблемалардың дұрыс шешімін табуға шақырады
Осы романды оқып отырғанда, Ш.Айт­матовтың көрегендігіне таңғаласыз. Дәл қазір жазушы кезінде суреттеген, ескерткен жағдайлар жаһандану барысында күнделікті өмірімізде орын алып жатыр: жер бетіндегі адамзат қоғамының 70 пайыздан астамы стресс; қоғам әлеуметтік қайшылықтарға толы; шаңырақ бұзылып, ажырасу көбеюде; адамзат баласының ұрпақ қалдыру қабілетінің әлсіреуі салдарынан өсімі төмендеуде; өмірге келген балалардың бәрі дені сау келмейді. Осылайша, ұрпақ бұзылған үстіне бұзылып жатыр.
Романды оқып отырғанда, қазіргі мың құбылған заман, оның сұрқай көріністері, проблемалары сурет болып, көз алдыңа келеді. Осындай күйге ұшыраған адамзат баласын құтқару үшін не істеу керек; оның болашақ тағдыры қалай болмақ деген мазмұндағы сауалдар мазалай түседі. Жазушы шығармаларындағы осы сияқты әсем көмкерілген терең философиялық ойлар өміршеңдігімен, көрегендігімен өзіне қарай тарта түсті.
Ізденіс бар жерде жеміс бар
– «Қазіргі қазақ поэзиясының деңгейі Мағжанның деңгейіне жете алған жоқ», – дедіңіз, ол енді дұрыс. Бірақ қазір бізде ақ өлең жазатындар көбейіп жатыр. Әсіресе жастар. Ақ өлеңнің біздің поэзиямызға, біздің әдебиетке қаншалықты керегі бар; ол бізді өсіре ме, өшіре ме?
– Өнер дегеніміздің өзі шексіз мүмкіндік қой. Халықтың әдемілеп, мәнерлеп, белгілі бір ырғақпен, бунақпен сөйлеуге ұмтылысы өлеңге ұласқан. Ақ өлең, қара өлең сыпатты шешендік сөздерде поэзияның негізгі сыпаттары айқын көрінеді. Поэзия мен прозаның арасы өте жақын. Поэзиядағы негізгі ырғақ прозаны да көркейте түседі. Жүсіпбек Аймауытовтың прозасы, мысалы, «Күнекейдің жазығы» ырғақпен өлең секілді оқылады. Прозаның өзінде де ішкі ырғақ күшті болуы керек.
Қазіргі қазақ әдебиетінде, оның ішінде поэзияда шығармашылық ізденістер жетісе бермейді. Поэзияның көркемдік мәселелері саласында шығармашылық талпыныстар жүріп жатқанымен, кең көлемдегі пікіралысулар өтпегелі де біраз уақыт болып қалыпты. Ұйқасы жетісе бермейтін, ырғаққа құрылған, қара өлең, ақ өлең үлгісіндегі өлең түрлері жиі көрінетін болды. Тіпті өлеңді белгілі бір мәнермен оқыған кезде ұйқасының кемшілігі білінбейтін немесе байқала бермейтін, ырғағы күшті өлеңдер көбейе бастады. Мүмкін, ол да керек шығар. Сол ізденістердің қайсысы өміршеңдік танытып, қайсысы қалыптасып кетеді, оны алдағы өмір көрсетеді. Жалпы ізденіс бар жерде жеміс бар. Ізденіс тоқтаған жерде әдебиет тоқырауға ұшырайды.
Осы ізденістер, негізінен, жастар поэзиясында жүріп жатқан секілді. Уақыттың тезіне түсіп, сынына ұшыраған, оған төтеп бере алған әдеби ағымдар, әдеби түрлер, идеялар ары қарай жалғасын тауып, казақ әдебиетіне жаңалық болып қосылатын болады.
Қазақ әдебиетінің мүмкіндігі, болашағы зор. Өйткені қазір халқымыз Қазақстанда 70 пайыздан асты. Енді тәуелсіз Қазақстанның ақын-жазушыларына нағыз ұлттық бағытта өлең, роман жазатын кез келді деп ойлаймын. Әлемдік әдебиеттің тәжірибелерін қазіргі қазақтың жас ақын-жазушылары жақсы біледі. Сөз өнерінің магиясын жақсы меңгерген білімді де парасатты жастар мынау күн сайын мың құбылып тұрған заманда оқырманының ойынан шығып, ойлантатын, өміршең шығармалар жазып, ұлтының рухани әлеуетін байыта түсіп, әдебиетімізді әлемдік өркениеттің биігіне көтеріп, ұлтына адал қызмет ете беретініне сенем.
– 25 жастағы жас ақындар өлеңінде өмірдің қиындап бара жатқанын айтып, зар жылайды. Нағыз өмірдің күңгейінен гөрі, өмірдің көлеңкелі жақтарын, өлімді көбірек жазатын­дар бар. Осыған қалай қарайсыз?
– Ақын-жазушы өмірде не көреді, нені сезінеді, не нәрсе ойлантады, соны жазады. Көбіне өмірінде елеулі із қалдырған қиыншылықтарын, ұмытылмастай есте сақталған елеулі оқиғаларды, сезінген, ойлантқан жағдайларды жазады. Мысалы, жас ақын-жазушылардың жағдайы, үй-күйі жоқ деген сияқты. Ал енді әлемдік әдебиетке көз жіберсек, классиктердің көпшілігі – өмірдің қызығымен бірге қиындықтары мен көлеңкелі жақтарын да көп көріп, өмірдің небір сынақтарынан өте жүріп, тәжірибе жинақтап, ой түйгендер, өмірдің ұңғылы мен шұңғылын да көргендер. Жарқ-жұрқ етіп, мың құбылған өмір адамды ширатумен бірге оның сана-сезіміне де әсер етіп, ойлантады, жаңа идеялар туындап, адамның, қоғамның тыныс-тіршілігі жайлы жаңа шығармалар жазылады.
Еш алаңсыз шығармашылықпен айналысқанға не жетсін. Қазіргі шығармашыл жастардың көпшілігінің жағдайы сын көтермейді. Дәл осындай жағдай бұрын да болған, қазір де солай, жуық арада да жөнделе қоюы да күмәнді. Айтарымыз: жастарымыз қазақ қоғамының жақсара түсуі үшін күресіп, өзінің де, шығармашылығының да мықты екенін дәлелдей түсіп, өзін азамат ақын ретінде таныта білуі керек. Адал еңбек бағаланбай қалмайды.
Жастарға жылаңқы өлеңдерді көп жаза бермеген дұрыс. Жақсыны көбірек жырла. Поэзияны оқыған кезде ол адамға тек эстетикалық ләззат қана емес, сонымен бірге рух, рухани күш-жігер беріп, өмірді мазмұнды сүруге жігерлендіріп, адамға рухани қызмет етіп, оны алға сүйреуі керек. Ал енді адамның рухын басатын, еңсесін түсіретін, адамға негатив, теріс әсер ететін, пессимизмге түсіретін, өмірден түңілдіретін поэзияның адамға берерінен зияны көбірек. Замана желінің бірде оңынан, бірде солынан тұрып, енді бірде дауылға айналып кететіні – өмірдің заңы. Қараңғы түннен кейін таң атып, жарқырап күннің шығатынын поэзия тілімен айта біл. Тіршілік заңы – осылай.
– Көп рақмет!

Сұхбаттасқан Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір