Ұлттық бірегейлену – ұлттық меннің оянуынан басталады
16.09.2022
273
0

Бұрынғы биліктің аяққы жылдарында президент Назарбаевтың атынан әйгілі екі мақала жарияланды. Сол мақалалардың ықпалымен еліміздің саяси өмірінде «Ұлттық бірегейлену» және «Ұлттық код» атты екі термин пайда болды. Содан бері осы екі ұғымды талқылап келеміз, бірақ оның нақты бір айшықты нұсқасын әлі күнге білмейміз. Нәтижесінде бұл екі ұғым Қазақстан атты мемлекетті құру және нығайту ісінде айтарлықтай қызмет атқара алмай келеді. Неге? Бұл сұрақтың қарапайым ғана жауабы төмендегідей. Қараңыз:

1. Қазақстандағы «мемлекеттік даму» екі бағыттан құрылды: біріншісі –көпұлтты мемлекеттегі бірлік пен ынтымақтастықты көздейтін заңдар жүйесі, екіншісі – «мемлекет ішіндегі мемлекетке» тән астыртын коррупциялық қарым-қатынастар жүйесі. Мұнда: мемлекетті басқару жүйесінде коррупция басымдыққа ие болғандықтан, ол жүйеге «Бірегейленген ұлт» пен «мықты ұлттық код» қажет болмады. Себебі, мемлекет құрушы ұлт – қазақ ұлтының бірегейленуі мен ұлттық жадын (кодын) жаңғыртуы коррупцияға бірден-бір соққы болатын еді. Неге десеңіз, қазақ халқының ұлттық жады мен ұлттық болмысы әрқашанда Елдікті, Шындықты, Әділеттілікті, Тазалықты талап ететін рухани құндылықтар жүйесін құрайтын. Сондықтан коррупциялық жүйе заманауи жаңа саяси технологияларды пайдалана отырып, қазақ халқының осы ұлттық болмысын өзгертуге күш салды. Сөз жүзінде ғана айтылған ұлттық бірегейленуді коррупциялық жүйе іс жүзінде неше түрлі бюрократиялық әдістермен тежеп отырды. Қоғам өмірінің бар саласын өтірікпен толтырды. Халық абдырап қалды. Бүгінде осыны түзеу қажеттігі ең басты орында тұр десе болады.
2. Елімізде қазақ халқының және оның мемлекеттік тарихының көптеген материалдары жинақталды. Соның нәтижесінде Қазақ халқы тұңғыш рет өзінің ұлттық жады туралы толық білуге мүмкіндік алды. Бірақ коррупциялық жүйе оның да өңін айналдырып, оны рушылдық пен жершілдік бағытқа қарай бұрып жіберді. Нәтижесінде біз тәуелсіздіктің 30 жылында ұлттық кодын анық ұққан, сөйтіп бірегейленген саяси ұлтқа айнала алмадық. Сөйтіп этноұлттық деңгейде қалып қойдық. Соның салдарынан мемлекеттілікті сақтау жауапкершілігін халық саяси ұлт ретінде толығымен өз қолына ала алмады. Вождизм (көсемшіл) межесінде қалдық. Бұл – мемлекеттік құрылымның әлсіздігін білдіретін құбылыс. Қазір біз осы екінші «қателікті» түзеудің бағытында тұрмыз. Ұлттық бірегейлену – ұлттық меннің оянуынан басталады. Бүгінде оның жарқын үлгісін бізге украин халқы (ұлты) көрсетіп жатыр. Украиндер – бұрынғы дала халқының бүгінгі ұрпақтары!

Әбдірашит Бәкірұлы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір