Мыңдаған мықты шығарма өз тілінің шеңберінде қалып жатыр
07.04.2020
4254
2

Әдебиет дегеніміз – жеке «мемлекет». Оның саясаты, жүйесі, тағдыры мен тынысы бар. Осы «мемлекеттің» маңызды бір бөлшегі – көркем аударма. Қазір көркем аударма туралы алуан түрлі көзқарас қалыптасты. Біреуі «аударма өз биігіне шықты» дейді, келесісі «көштен қалып барамыз» деген уәж айтады. Бұған дейін «Қазақ әдебиеті» (№9, 28 ақпан) «Әлем әдебиетін попугаизм мен популизмнен сақтап қалайық» деген тақырыпта халықаралық онлайн-конференция ұйымдастырған еді. Сол дәстүрді ары қарай жалғастырып отырмыз. Бүгінгі талқының көтерген тақырыбы әлем әдебиетіндегі көркем аударманың хал-жағдайы туралы болмақ.

Онлайн-конференцияның қонақтарымен газет тілшісі сөйлесіп отыр.

Конференцияға ақын, жазушы, профессор Мұхаммед Хадж Саллах (Малайзия), жазушы, драматург Роза Мұқанова (Қазақстан), ақын, аудармашы  Ғассан  Хамдан (Ирақ), аудармашы Челли Файруазер-Вега (Америка), филология ғылымдарының докторы, профессор Темірғали  Есембеков (Қазақстан ), ақын, аудармашы Мари Жеин Уайт (Америка), жазушы, аудармашы Фридрик Омуло (Кения) қатысты.  


ӨЗДЕРІН ТАНЫТУ МҮМКІНДІГІН  КҮТКЕН ЖЗУШЫЛАР  КӨП


Осы кездегі түпнұсқадан аудару жұмысы туралы ауыз толтырып ештеңе айта алмаймыз. Себебі жаңа технологиялар араласып, салғырттық пен сапасыздық белең алды.


«Қазақ әдебиеті»: Әлем әдебиетінде түпнұсқадан сәтті аударылған шығармалар өте көп. Сол сәтті аудармалар авторларын өрге «сүйреді» деуге де болар. Толстой мен Достоевскийлердің, Хемингуэй мен Маркестің, басқа да жүздеген классиктердің әр тілге аударылған кітаптары бұған мысал бола алады. Ендеше, қазіргі әдебиетте түпнұсқадан аудару жұмысы қай деңгейде

Онлайн-конференцияның қонақтары

 Мұхаммед Хадж САЛЛАХ: Әдеби аудармалар жақсы туындылардың сұлулығын, идеяларын  және айтар ойын өзге тілді оқырманға жеткізеді. Біз сөз етіп отырған аударма үрдісі мыңдаған жылдар бойы ауызша, хореографиялық және жазбаша түрде басталды. Әлемнің әр қиырында жазылған таңдаулы шығармаларды бүгінде аударма арқылы оқи алатын болдық. Көптеген классикалық және заманауи туындылар Малай тіліне аударылған, мен сол аудармаларды оқып, көркем аударма жасауды үйренген адаммын.   Индонезия және ағылшын тілдеріне аударма жасау барысында осы құнды еңбектерге жүгіндім. Иә, дұрыс айтасың, Толстой мен Достоевскийдің шығармаларының өзге тілдерге аудармалары болмаса, біз ешқашан олардың талантына бас ие алмас едік. Тек олар ғана емес, мен Пабло Неруда, Гарсия Маркес және Кавабата сияқты ұлы авторларды да аударма арқылы оқыдым.  Ақын, жазушы (және әдебиеттанушы) ретінде мен кешегі мықты қаламгерлер мен   қазіргі авторлардың шығармаларын үнемі парақтап отырамын. Бұл менің дағдыма айналды, маған көркем аударма көмектесіп келеді. Қаламгер өзінен бұрынғы жетістікке жеткен тұлғалардан үйренуі және олардың жазушылық шеберліктерінің ұтымды тұстарын өзіне сіңіруі керек. Әлемге танылған әр автордан әр уақытта бірдеңе үйренуге болады. Мысалы, Руми мен Гетеден, Джеймс Джойстан терең, шынайы ойлауды үйрене аламыз. Шекспирді үнемі қайталап оқып келемін, әр оқыған сайын өзіме керекті нәр алып отырамын.  Оның метафоралары мен әзіл-оспақтары, өмірді түсінуі мен сезінуі өзгелерден дара. Бірақ «тек классиктерден ғана үйренейік» деген көзқараста болғым келмейді. Біздің заманымыз өз классиктерін тудырды. Мысалы, Пауль Целанның қасіретті жазбалары, Ханс Энценсбергердің жаңа диктатурамен қырғи-қабақ болуы және Тагордың ғарыштық һәм діни тәжірибесінің әдебиеттегі көрінісі – бұл қазіргі заманғы адамдар мен шығармашылықпен айналысатын ортаның құнды аспектілері болмақ. 

Роза МҰҚАНОВА: – Аудармашының деңгейі  де жазушының, ақынның  суреткерлігінен, шеберлігінен  кем түспеуі керек.  Сол кезде ғана  нағыз классикалық аударма дүниеге келеді. Пастернактың аудармасындағы  Шекспирдің «Макбеті», М.Әуезовтің  аудармасындағы «Отелло»,  «Асауға тұсау», Ә.Таразидың аудармасындағы  Ф.Рабленің «Гаргантюа және Пантагрюэль»,  Ә.Кекілбаевтың аудармасындағы «Король Лир», «Кориолан» Қ.Ысқақтың  И.Бунин шығармаларын тәржімалауы  көркем аударманың классикалық үлгісі деп айтар едім. Бұл шығармаларды оқығандықтан айтып отырмын. Оқымаған аудармаларым қаншама деңіз. Әдетте аудармалардың бәрі бірдей сәтті шыға бермейді. Аудармашы  автордың шығармасына тәнті болған кезде ғана аударуға бел буып, тәуекелге келетін сияқты. О.Мандельштамның А.Данте шығармашылығына ынтықтығы  соншалық, «Божественная комедияны» итальян тілінде жатқа оқитындығын замандастары  ерекше бағалаған ғой.   Авторға осындай тандем болғанда ғана сапалы аудармаға   қол жетер. Осындай  ұқсастық, тереңдік, шеберлік, ой кеңістігі, көркемдік кеңістік  жымдасып үйлескен сәтте ғана  суреткер өзге тілдегі оқырмандарымен өз тұғырында жүздесе алады. Бұл, әрине,  суреткер үшін бақыт!

 

Ғассан ХАМДАН: – Көркем аударма заманауи әдебиетте оқырман үшін де, автор үшін де  айрықша маңызға ие. Мысалы, қазіргі уақытта көптеген авторлар (Жапониядан Испанияға дейін) араб әдебиеті әлемінде зор дүмпу қозғады.  Әрине, бұл үшін жаңашылдыққа жол ашқан керемет таланттарға ғана емес, мықты аудармашыларға да таңдай қағуға тиіспіз. Көптеген араб қаламгерлері араб тілінен шет тілдерге аударылған туындылардың сапасыздығы туралы үнемі айтып келеді. Қазіргі заманғы Батыс әдебиетінің бұл салада өз орны мен ықпалы бар екені анық, бізде басқа тілдерге аударылу  арқылы өзінің даңқын арттырған әйгілі жазушылар өте көп. Егер шынайы назар аударатын болсақ, өздерін таныту мүмкіндігін күткен мыңдаған белгісіз жазушыларды көреміз. Олардың күте-күте үміттері де сарғайып кетті.

Челли Файруазер-ВЕГА: – Иә, аудармасыз «Әлем әдебиеті» деген ұғым болмас еді. Бұған өзің айтып отырған даңқты жазушылар жақсы мысал бола алады. Орыс әдебиетімен таныс ағылшын тілділер Толстой мен Достоевскийдің романдарын жастана оқыды, ал солардың 95 пайызы сол кітаптарды аударма арқылы оқыды, бірақ олар бұл туралы ешқашан ойламауы мүмкін. Басым көпшілігі: «Мен Анна Каренинаны жақсы көремін», – дейді, «Мен Анна Каренинаның  аудармасын жақсы көремін» демейді. Мен АҚШ-та  мектептің соңғы жылында «Қылмыс пен жазаны» оқыдым, содан кейін университет оқып жүрген кезімде тағы қайталап оқыдым, ал қазір  басқа аудармасын оқығандықтан, бұл романның аудармасындағы кейбір  ұқсамайтын тұстарды байқадым.  Міне, осыдан кейін аударманың әдебиет үшін ауадай қажет екеніне көз жеткіземіз.   Әр түрлі аудармалар жаһандық әдебиетті жаңа аудиторияға жеткізу үшін өнімді және нашар жұмыс істейтінін де пайымдай аламыз. Дәл осындай ережелер қазіргі әдебиетке де қатысты. Қазіргі жазушыларды үлкен аудиторияға жеткізуде көркем аударманың көмегіне жүгінуге тура келеді.  Бірақ қазіргі әдебиетте «Қылмыс пен жазаныкі» сияқты бірнеше аудармашы емес, бір ғана аудармашы болатындықтан, аудармашының жауапкершілігі әлдеқайда зор. Бүкіл әлем сол бір аудармашының сәтті жұмыс жасауын күтеді.

Фридрик ОМУЛО:  Аударма – бір шығарманы бір тілден екінші тілге ауыстыру ғана емес,  бұл сондай-ақ аударылған әдебиеттің құрылымы мен түпнұсқаның сақталуына жауапты болу деген сөз.  Сол үшін аудармашы шығарманың әуенін, музыкасын, айтар ойын түсіне алатын деңгейде болу керек. Әлемдік классикаларды аударып, бізге жеткізген аудармашылар осы дәстүрді берік ұстанған. Қазір көптеген адамдар бір шығарманың аудармасына ғана қол жеткізе алады, егер ол шығарма түпнұсқа тілінде қалса, әлем оқырманына жетуі мүмкін емес еді. Ал кейбір жақсы шығармалар туралы фильм түсіріледі, ол да автор үшін абырой саналады. Осы кездегі түпнұсқадан аудару жұмысы туралы ауыз толтырып ештеңе айта алмаймыз. Себебі жаңа технологиялар араласып, салғырттық пен сапасыздық белең алды.

 

Темірғали ЕСЕМБЕКОВ: – Аудармашы үшін екі тіл білу жеткілікті дейтіндер көп, бірақ тілді білу мен меңгерудің деңгейі басқа екенін пайымдайтын кез келді ғой. Тілді меңгеру – ойың мен пікіріңді сол тілдің барлық стильінде жеткізе білу. Тілдік тұлға  туралы түсінігіміздің ауқымын кеңейтуге тырысқан да тиімді. Ал бізде ауызекі тілде сөйлеуді өзінше меңгерген, сөздік қоры тақұл-тұқылдар ағылшын тілін білемін деумен жүр. Аударма маңайында жүргендердің дені осылар. Ағылшын классиктерін түпнұсқадан жата-жастана оқымай,  әдеби тілдің әдіптерін,  поэтикалық қуаты мен байлығын сезінбей, түпнұсқаның концептуалдық мазмұнын түсінбей, эстетикалық әсерін пайымдамай, дәстүр деңгейінде бағаламай аудармаға кірісу қалай болар екен. Әлем аудармашыларының көбі үшін қарапайым көрінетін осы қағидаттарды тереңірек түсінсек, аударма сапасы көтерілер еді. Көркем мәтінді аударуға талпынған талапкерлерді кәсіби тұрғыдан таңдап, арнайы бағдарламамен оқытуға мүмкіндік жасау керек. Синхрондық аударма сияқты көркем аударманы да бөлек мамандық деп таныған жөн болар. Қысқасы, түпнұсқадан аударуды жолға қою үшін біраз мәселелерді қайта қарау керек сияқты.

 

Мари Жеин УАЙТ: – Аудармашылар – мәдениеттер арасындағы көпір.  Олар өздері оқыған таңдаулы шығармаларды түпнұсқадан аударып, өзге тілді оқырманға жеткізетін адал оқырмандар. Солардың сапалы еңбегі арқылы дүниенің бір шетіндегі автордың шығармасы келесі бір елге жетіп жатады. Кішкене елдер мен  аз қолданыстағы тілдер тобынан шыққан кейбір авторлар алдымен орыс немесе француз сияқты ықпалды тілдік орталарға, содан кейін ағылшын және қытай сияқты үлкен тілдердің шеңберіне өтеді. Көркем аударма кейде туынды ретінде қарастырылатындықтан,  бұған ізденісті оқу, мәдениетаралық түсінік, әдеби тілдің төркіні мен мағынасын меңгеру сияқты көптеген крийтерилермен, құндылықтармен жұмыс істеуге тура келеді. Қазіргі түпнұсқадан аудару жұмысы өте баяу болып тұр. Әр ұрпақ  көне әдеби туындыларды өздері үшін қайта аударады. Сонымен, аударма –  жанкешті жандардың михнатты еңбегі болмақ,  онымен айналысу үшін үнемі оқып, тынбай ізденіп, кейбір туындыларды қайта аударып, мәңгілік жұмыс жасауға тура келеді.

Оқи отырыңыз: «Қазақ әдебиетінің» алғашқы онлайн-конференциясы

Әлем әдебиетін попугаизм мен популизмнен сақтап қалайық


ӘДЕБИЕТ ТЕК РОМАН МЕН ПОЭЗИЯДАН ТҰРМАЙДЫ ҒОЙ


«Қазақ әдебиеті»: Қазіргі көркем  аудармалар арқылы бір ұлттың әдебиетінің деңгейін бағамдай аламыз ба

 Роза МҰҚАНОВА: – Әрине, бағамдауға болады. Әдебиеті арқылы сол ұлттың ерекшелігін, дәстүрін, мәдениетін, тарихын көресіз. Мысалы, ертеректе антологиялық  жинақтар көп шығатын. Нобель сыйлығының лауреаттары,  араб елдері әдебиеті, жапон әдебиеті, қытай әдебиеті, т.т. осындай сериялар арқылы сол елдердің әдебиетінің ірі өкілдерін танып білетінбіз, салыстыра алатынбыз.

 Фридрик ОМУЛО: Кітап оқуға құлықты ел оқырман үшін жұмыс жасайды. Әлем жаһанданып жатқан кезде, бүкіл әлемдегі адамдар басқа ұлттардың мәдениеті мен дәстүрін білгісі келді. Әрине, аударма арқылы. Дегенмен,  бірер шығарманың аудармасы арқылы бір ұлттың әдебиетін терең тани алмасақ та, сол ұлттың мәдениеті мен дәстүрін біле алсақ та, оңайға түспейді. Бұған мысал ретінде «Хәрри Поттерді» айтар едім, осы кітап бүкіл әлемде таралды. Оқыған адам көп ақпарат алды. Оқырман үшін сол да жетерлік.

 «Қазақ әдебиеті»: – Жазушы Роза Мұқанова аударма арқылы ұлт әдебиетінің деңгейін бағамдай таламыз дейді. Ғассан мырза, сіздің пікіріңізді білсек.

Ғассан ХАМДАН: – Мен олай ойламас ем. Біз кез келген ұлттың әдебиетін қазіргі заманғы көркем  аудармалар арқылы ғана объективті түрде бағалай алмаймыз, өйткені, қазіргі кезде аударылған туындылардың көпшілігі әр елдегі танымал шығармалар. Демек, аударма сол ұлттың әдебиетін танудың бір бөлігін, әрине, үлкен бөлігін ғана ұсынады, бірақ бұл бөлігі сол  ұлттың әдебиетінің эталоны емес, сондықтан біз көптеген тараптардың аудармаларын ескере отырып, әр ұлттың әдебиеті туралы пайымдау үшін көркем аударманы өлшеу құралы ретінде қолдана алмаймыз. Қазіргі аударманың көп бөлігін негізінен романдар иеленеді, ал поэзия аз аударылуда, әдебиет тек роман мен поэзиядан тұрмайды ғой. Олармен қоса, сын, прозалық шығармалар, эсселер, мемуарлар, пьесалар, саяхат кітаптары бар емес пе? Сондықтан қазіргі аударма бізге бір ұлттың әдебиетінің бір бөлігін ғана көрсетеді.


Бұл сөзім Таласбек Әсемқұловтың «Талтүс» кітабына қатысты. Мен оны ағылшын тіліне аударған кезде («Талтүс, Славика баспасы, 2019), бұл посткеңестік кеңістіктегі Қазақстанның ХХ ғасыр тарихын баян еткен алғашқы кітап ретінде қарастырылды. Ағылшын тілді оқырмандар қазақтың музыкалық аспаптары, 1960 жылдардағы Қазақстан ауылдарындағы өмір, Ресей Азаматтық соғысы мен Екінші дүниежүзілік соғыстың зардабы, кеңестік және дәстүрлі қазақ мәдениеті мен саясатының тоғысқан тұсы туралы көлемді шығарманы осыған дейін оқымаған еді. 


Челли Файруазер-ВЕГА: Мен де қазіргі аудармалар тұтастай бір ұлттың әдебиетіне жауап береді дегенге толық келіспеймін. Жаңаша тынысты шығармалардың  аудармасы бір елдің қазіргі заманғы әдебиетін бағалауға көмектесетін шығар, бірақ бұл да  жеткілікті деп ойламаймын. Себебі бәрін аудару мүмкін емес, әрі біз аударған  кітаптар мен өлеңдер сол ұлт әдебиетінің таңдаулы шығармалары болып есептелуі екіталай. Аудармашылар көбіне өздерін қызықтыратын кітаптармен немесе өздері танитын авторлармен жұмыс істейді. Тек кейбір қаламгерлер аудармашы, әдеби агенттер, кітап фестивальдері  және тағы басқа мүмкіндіктерді тауып, шет елдерде шығармасын насихаттай алады. Мысалы, ағылшын тіліндегі баспагерлер белгілі бір елдердің санаулы кітаптары туралы ғана біледі. Аударылып жатқан шығармалардан сол елдің қазіргі әдебиеті туралы толық мәлімет алу өте қиын. Жаңа стильдегі  туындыларды аудару өте маңызды. Аударма тілін жақсы білетін адамдар бір әдебиеттің, сонымен қатар оның тарихы мен мәдениетін бағамдай алады. Бұл сөзім Таласбек Әсемқұловтың «Талтүс» кітабына қатысты. Мен оны ағылшын тіліне аударған кезде («Талтүс, Славика баспасы, 2019), бұл посткеңестік кеңістіктегі Қазақстанның ХХ ғасыр тарихын баян еткен алғашқы кітап ретінде қарастырылды. Ағылшын тілді оқырмандар қазақтың музыкалық аспаптары, 1960 жылдардағы Қазақстан ауылдарындағы өмір, Ресей Азаматтық соғысы мен Екінші дүниежүзілік соғыстың зардабы, кеңестік және дәстүрлі қазақ мәдениеті мен саясатының тоғысқан тұсы туралы көлемді шығарманы осыған дейін оқымаған еді. Мен осы шығарманы аударғанда көп нәрсені үйрендім  және бұл шығарманы ағылшын тілінде оқитындардың да жаңа нәрселерді үйренетініне сенімдімін.


 Осының бәрі аудармашылықты дамытуға, ұйымдастыруға, ынталандыруға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі еді. Бүгін бізге осы жетпейтіндей. Осындай үрдісті жандандырған, заманға сай жалғастырған абзал болмақ.


Мұхаммед Хадж САЛЛАХ: – Бұл сұраққа «Иә», «Жоқ» деп екі түрлі жауап беруге болады. Егер бізде жақсы аудармашылар аударған заманауи туындылардың аудармасы жинақталған  ортақ кітапхана болса, онда олардың сол еңбектеріне баға бере алар едік.  Өкінерлігі, бізде ондай кітапхана қазірше жоқ. Біз көш соңында қалып бара жатырмыз. Осыған дейін тек ел аузында жүрген туындылардың ғана аудармасы жасалды, бірақ мыңдаған жақсы шығармалар өз тілінің шеңберінен шыға алмай, сөрелерде мызғып жатыр. Десе де, бір елдің әдеби жетістіктерін бағалау үшін біз жеке авторлардың жетістіктерін бағамдағанымыз жөн. Өйткені әдебиет – мықты жазушылардың және олардың таңдаулы кітаптарының жиынтығы.

 Мари Жеин УАЙТ: Жоқ, бұл туралы менің көзқарасым басқаша. Бір ұлттың әдебиетінің және тілінің деңгейін бағалау – сол тілде сөйлейтін адамдармен байланысты. Аудармашылар түпнұсқалық мәтіндерді аударғанда адамдардың біреуге қалай ғашық болатынына ұқсас етіп әсемдейді; кейде автор мен оның аудармашысының байланысын сырттай тон пішу арқылы түсіндіруге болмайды. Ал бір мәдениеттің екінші мәдениетке тоғысқандағы сәті басқаша болады. Кез келген аудармаға: «Неліктен осы түпнұсқа шығарма дәл осы тілге дәл қазір аударылды?»  деген сұрақ қою өте қызықты. 

Темірғали ЕСЕМБЕКОВ: Әдеби шығарманың танымдық, тағылымдық, компенсаторлық, эстетикалық мазмұны мен мәнін сақтауға ұмтылған сәтті аударманың  ұлттық әдебиеттің қазынасына айналатыны талай айтылған. Осындай нәтижеге жету үшін аударматануда тәржіманың стратегиясы мен тактикасына ерекше мән беру ұсынылады. Мақсаты, бағдары, амалдары, тәсілдері түгенделеді. Әдетте, үш мақсат ішінен таңдау жасалады. Біріншісі – таныс  емес тілде жазылған туындыны ол тілді түсінбейтін оқырман үшін аудару. Оның авторының шығармашылық ерекшеліктерін көрсете отырып, әдеби және мәдени ақпарат беру. Екінші мақсат – оқырманды  өзге мәдени ортамен таныстыру, оның ерекшеліктері мен ұлттық құндылықтарын көрсету. Соңғысы – оқырманға   түпнұсқаның мазмұны мен сюжетін ережеге сай өз тілінде баяндап беру. Алғашқы екі мақсатты көздеген аудармашының миы мен жүйкесіне көп салмақ түседі. Тіл мен тарихты терең тану, жүйелі фондық ақпарат жинау уақыт пен төзімді талап етеді. Оған қоса, елтанымдық деректерге, түпнұсқаның ұлттық бірегейлігіне, мәдени кодтарына да ерекше назар салу қажет болады. Яғни, аудармашылық интерпретацияға пайдасы бар компоненттердің бұлар кішкене ғана бөлшегі. Соңғы кездегі аудармаларда үшінші мақсатты көздейтіндердің басым болып бара жатқаны қынжылтады. Әрине, бірер шығармасын аудару арқылы тұтас ұлттың әдебиетін орнықты бағамдау қиын болар. ХХ ғасырда қалыптасқан кейбір үрдістерді еске түсірген артық болмас, жетекші әдебиеттердің әлем таныған жауһарларының көбін қазақ оқырманы білді. Ағылшын тілді үш жүзден астам мәтін қазақша сөйледі. Француз, неміс, испан әдебиетінің классиктері шығармалары аударылды. Поляк, болгар, түрік, қытай, жапон сияқты талай елдің жазушыларының әңгімелер жинағы, поэзиялық антологиясы аударылды. Шығыс шайырлары да назардан тыс қалмады. Осының бәрі аудармашылықты дамытуға, ұйымдастыруға, ынталандыруға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі еді. Бүгін бізге осы жетпейтіндей. Осындай үрдісті жандандырған, заманға сай жалғастырған абзал болмақ.


 …ПОЭЗИЯНЫ АУДАРУДА КӨШТЕН ҚАЛДЫҚ


Кейбіреулер  поэзияны аудару опасыздық деп жүр, мен бұған үзілді-кесілді қарсымын.


 «Қазақ әдебиеті»: Осыған дейінгі тәжірибелерге негіздесек, «Поэзия  аударылмайды» деген түсінік қалыптасты. Бұл туралы не айтасыз

 Мари Жеин УАЙТ:  Шындығында, кез келген тілде прозадан гөрі өлең жазу қиынырақ. Поэзия кешірімді емес, әсіресе лирикалық поэзия – бір адамның өзімен өзі сөйлесіп, оны тыңдауға үміттенетін жан дауысы. Баяндау стильіндегі және эпикалық поэзия кең көйлек сияқты тынысты келеді,  бірақ олар көп сәтсіздікке ұшырайды, шағын жырлармен біз фильмдер мен романдар арқылы айтқымыз келген ойды айта береміз. Бұл қаламгерлер үшін ұтымды тәсіл.  Өлең жазу – мырза жұмыс, ал прозамен айналысу көп төзімділікті қажет етеді әрі көп уақытыңды алады, ол үшін әр күні жұмыс үстелінде тапжылмай отырып, жазуға кірісуің қажет. Көркем аудармамен шұғылдану да дәл осындай. Поэзияның  аудармасы аударылатын тілдің негізгі канонына лайықты болуы үшін ақынның сол тілде үн қатуын талап етеді. Түп нұсқадан өзге тілге поэзияны сәтті аудару үшін бірнеше ұрпақ аудармашылар керек сияқты. Ақынның поэзиясын аудармашы жан-тәнімен ұнатса, түсінсе, сәтті аударма шығады деп ойлаймын. Егер олай болмаса, жақсы ақын нашар аудармашыға ренжитін жағдай тууы мүмкін.

 Темірғали Есембеков:  Әр тілдің  өзіне тән дыбыс, сөз, сөйлем құрау мен қолдану заңдылықтары  қалыптасқан, осы ерекшеліктер – тілдің өзін қорғауының пәрменді құралы. Аударматануда лингвоэтникалық бөгеттер мен кедергілер деп аталатын осы құбылыстармен есептесуге тура келеді. Сонымен қатар әр ұлттық сөз өнерінің өзіне тән дәстүрлі түрлері мен тектері, өлшемдері мен бейнелеу құралдары болатыны белгілі. Оған қоса эвфония, эквиметрия, ырғақ, ұйқас сияқты құбылыстар мен негіздердің де аудармашы ырқына көне бермейтін өз тәртібі мен ережелері бар. Осылардың бәрін үйлестіру оңай емес, поэзия аудармашысы өз мақсатына жету үшін екі тілді, түпнұсқа мен аударма мәтінді ымыраға, сәйкестікке, барабарлыққа, ықпалдастыққа жеткізуі керек. Ақын мен аудармашы сияқты екі шығармашылық тұлға арасындағы дүниетанымдық, көркемдің, эстетикалық мұраттар өзгешелігі тағы бар. Поэзиялық шығарманы тәржімелеудің басқа да күрделі қиындықтары жеткілікті. Көркем мәтіндерді аударудың көп қолданылып жүрген модельдері белгілі. Біздің тәржімандардың аударманың интерпретативтік, семиотикалық, интегративтік, трансформациялық  модельдеріне де жете назар салғаны жөн болар еді.

 Мұхаммед Хадж САЛЛАХ: – Кейбір аудармашылар поэзияны аударғанда әр буынға дейін дәл жеткізу керек деп санайды, ал кейбіреулері ғылыми аудармаларда жұмыс істейді де, күрделі тәсілге мойын бұрады, бұл аудармалардың көбісі өтімді әрі эстетикалық қуатқа ие болмай шығады. Еркін аудармамен айналысатындар да бар. Әрқайсысының өз қызығушылықтары мен жетістіктері, сонымен қатар әлсіздіктері де көрініп тұрады. Аударма өлеңнің түпнұсқасына қиянат етпейтін болса, онда бұл жақсы аударма саналады. Әдетте түпнұсқаға адал болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сонымен бірге аудармашы ақынның ерекше тіл қолданысына, қайталанбас метафораларына және сөздегі жұмбақ мағыналарына назар аударуы керек. Оның өзіндік даралығын, тіпті ішкі мінезін ұмытпау керек. Поэзияны тек мықты ақындар аударғаны жөн. Поэзияны аудару үшін өлеңдердің түп мағынасын сезінуіңіз, оның музыкасын түйсініп, құрылымына ой жүгіртуіңіз керек. Артур Уэйли қытай және жапон поэзияларын аударғанда, біз оның аудармаларынан аталған екі халықтың поэзиясының өзгеше әуендерін тыңдай алдық. Көптеген аудармашылар түпнұсқаны өзіне сәйкес етіп алған дұрыс деп санайды, түпнұсқа ақынның да, аудармашының да ортақ өнімі.

Челли Файруазер-ВЕГА:  Жақында қазақстандық ақынның жыр жинағы ағылшын тіліне аударылып, АҚШ-та жарық көрді: бұл Дж.Кейтс аударған Әйгерім Тәжінің өлеңдер жинағы, ағылшын тіліндегі атауы «Paper-Thin Skin». Бұл менің қазақ  поэзиясының ағылшын тіліне аударылып, басылып шыққандығы туралы білетін жалғыз автор. Жалпы алғанда, жыр жинақты аударып, ағылшын тілінде кітап етіп шығару қиын, әсіресе азсанды халықтардың тілі мен еуропалық емес елдердің поэзиясын аударуда біршама қиындықтар туындайды.  Аудармашы әріптестеріммен бірге ағылшын тілді баспагерлер мен оқырмандарға көптеген елдердің поэзиясы мен әдебиеті туралы көбірек мәлімет алуға, Қазақстаннан және басқа елдердегі жазушыларды жаңа оқырмандарға   таныстыруға күшімді салып жатырмын.

«Қазақ әдебиеті»: Челли ханым, сіз айналасы екіүш жылдың ішінде екі бірдей қазақ қаламгерінің шығармасын Батыс әдебиеті әлеміне апарып қостыңыз, сіздің бұл еңбегіңізге дән ризамыз! Енді Орта Шығыстың өкілі Ғассан мырзаның бұл сұрақ турлы ойын білейік…

Ғассан ХАМДАН:  Поэзияны аударуда тым артта қалдық. Әр ақын әр сөзінде шынайы мағынаны жеткізуге тырысады. Бірақ біз өлеңнің жаны мен сиқырлы суреттерін, оның формасын, ырғағы мен шешендігін жеткізе аударуда осалдық танытып келеміз.  Өлеңнің жан дүниесі мен эстетикасын діл тауып, оқырмандардың көңілінен шығып жүрген аудармашылар да жоқ емес.  Әр адамның өзіне ғана тән саусақ ізі болатыны сияқты, әр ақынның өзіндік поэтикалық әлемі болады.  Ал  басқа ұлттың поэзиясын аударғанда, олардың жан-дүниесі, мәдениеті, ой-өрісі, өркениеті және адами ерекшеліктері туралы білген соң барып кірісу керек екенін айтқым келеді. Кейбіреулер  поэзияны аудару опасыздық деп жүр, мен бұған үзілді-кесілді қарсымын. Егер олай десек, онда романдарды да аударудың қажеті қанша?   Поэзия – біреуге ақыл айту емес, ол – жан мен эмоцияның тілі. Ендеше, біз қайғы-қасіретімізді жеңілдету үшін және сол күйімізді өзімізбен бөлісе алатын адамдарды іздейміз. Ол үшін аударма ғана көмектесе алады. Егер поэзия аударылмайтын болса, біз Артур Рембо, Омар Хайям, Чарль Бодлер, Анна Ахматова, Назым Хикмет, Пабло Неруда, Сохраб Сепехри және басқаларын білмес едік.  Мұнда ескеруге тиісті бір жайт, аудармашы өлеңнің жан дүниесін және оның түп төркінін, ырғағы мен нәзіктігін жеткізуге көңіл бөлуі керек. Егер аудармашы өз ісінің маманы болса,  онда қателіктер кем ұшырасады.  Адам істейтін жұмыс болғасын мүлтіксіз болады деп айту қиын. Абсолютті ештеңе жоқ. Тек Құдай ғана кемелді.

Роза МҰҚАНОВА:  Аударылатын поэзия болса  неге аударылмасын. Ол поэзияның қуаттылығында, ерекшелігінде, құдіреттілігінде. Ондай поэзия  қазақта бар ма, бар болса сөзсіз аударылады. Поэзия тек сөзді құбылту арқылы  ұйқасқа құрылса, әлбәтта аудару қиын болар. Сөздің көркі – идея, ой. Осыдан бір-екі жыл бұрын австриялық режиссер Лукас Чейспек пен  драматург Маргарет Крайдлмен бірлескен жоба жасадық. Олар жұмыс барысында: «Шекспирге адаптация жасаймыз, қазіргі жастар оның  сөйлемдерін түсіне бермейді» дегенді айтты. Әрине мен алғашқыда  бұл пікірге келісе қоймадым, бірақ қазіргі ХХІ ғасыр оқырманының  ХVI ғасырдың басындағы жазушы-ақындарды жаппай түсініп оқуы күрделі екенін  мойындау да керек. Қазақ тілді оқырманның өзі кейбір сөздердің мағынасын түсінбей кібіртіктейтіні жасырын емес. Осы тұрғыдан келгенде де оқырмандардан айырылып қалмау жағын да тиянақтай білгеніміз дұрыс шығар. Ал енді қазақ оқырмандарының түсінуіне қиындық туғызған шығарманы  әлем тілдеріне аударғанда не ұтамыз… Меніңше,  суреткер  ең бірінші кейіпкер образын жасайды. «Хаджи Мурад», «Онегин», «Печорин», «Абай», «Мырқымбай», «Кірпішбай», «Амадей», тіпті кешегі кинотуындыға айналған   атышулы кейіпкер «Джокер», т.б. Кейіпкер бейнесін шебер жасаған  суреткер ғана көркем әдебиеттің  өкіліне айнала алады. Сол мәреге қол жеткізген автордың  шығармалары барлық тілге  ортақ. Бәлкім бұған келіспеуіңіз де мүмкін…  

 Фридрик ОМУЛО: – Шындығында, поэзия белгілі бір аудиторияға бағытталған, сондықтан ол әдетте сол  аудитория түсінетін тілде ғана жазылады. Ал оны өзге тілге аударып жеткізу үшін аудармашы сол өлеңнің авторымен деңгейлес болуы керек шығар. Бұл менің жеке көзқарасым, бұған мүмкін келіспессіз. Негізінде, тіл жетсе, қабілет болса, аударылмайтын ештеңе жоқ.

 

«Қазақ әдебиеті»: – Әрине, жаһан әдебиетіндегі қазіргі көркем аударманың жағдайы туралы бір сұхбаттың көлеміне сыйғызып айту мүмкін емес, дегенмен әр қиырдағы қалам ұстағандардың көзқарасы арқылы біраз толғақты мәселелер төңірегінде тілдесе алдық деп ойлаймын. Уақыт бөліп, «Қазақ әдебиетінің» кезекті онлайнконференциясына қатысқандарыңыз үшін рақмет! Бәріміз бір кемедеміз, әлем оқырмандарын сәтті аудармалармен қуантатын күнге  жетейік!

 

                                  Конференцияны жүргізген – Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН

ПІКІРЛЕР2
Аноним 15.04.2020 | 16:27

Өте жақсы сұхбат , талғамды тақырыптармен салмақты сауалдарға жауап алған.

Аноним 27.04.2020 | 07:06

жақсы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір