Тілінің тікенегі бар
05.09.2022
583
0

«Әріптесіміз соншалық аяғын жерге тигізбей, атағын аспандата мақтағандай Болат Жаппарұлы қандай сатирик екен көрейікші бір. Жазғандарын оқырмандар да оқып көрсін!» деген ниетпен оның «қойыртпақтарынан» бір-екі сықақ әңгімелерін «Бұзаутіс» айдарымен 24-бетке жариялап отырмыз. Оқып, тұзын татып көріңіздер!
Редакциядан

Қаламы «қисық», сөзі түзік ағалардың бірі, журналист, сатирик Болат Жаппарұлы жетпістің желкенін керіп, кемесін сексеннің айдынына салыпты. Кемесі қайырылмай, өмір-өзен ағысындағы сапары сәтті болсын!
Адамдарға етене жақын, ақжарқын көңілімен ешкімді жатырқамайтын Болат ағамен өткен ғасырдың соңғы жылдарынан таныс-біліспін. Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінде қызмет атқарып жүрген алғашқы жылдарым ғой, редакцияға осы кісі жиі келетін. Келген сайын бас редактордан бастап барлық қызметкерлердің кабинеттерін тегіс аралап, сәлемдесіп шығады. Редакция қызметкерлері де үлкен-кіші демей, «Бөке» деп құрмет көрсетіп, құшақ жайып жатқаны. Қашан көрсең, қалжыңы қалтасында: «Мен сендердің жұмыста бар-жоқтарыңды осылай тексеріп тұрамын анда-санда. Мәселе туындап жатса, маған айтарсыңдар. Бастықтарыңа өзім ескертіп қоямын», – дейді бізге билік қолында тұрғандай.
«Ойбай-ау, Сен біздің қамқоршы­мыз­­сың ғой. Бір жағдай бола қалса, міндетті түрде саған жүгінеміз», – дейді Сейдімкүл, Райхан әкпейлер.
«Бұл кім соншалық аспанды тіреп тұрған?!» Осындай таңданыспен ол кісі есіктен шығысымен сұраймын ғой әкпейлерімнен.
– Әкпелер, бұл кісі кім?
– Ой, Құдай-ай, Болат қой. Мына Жамбыл ауданында редактор. Бұрын осында тілші болған. Оның бар бол­мы­сы – осы, әзілдемесе жүре алмай­ды. Әзіліне әзілмен жауап беріп жатқанымыз ғой, – дейді әкпелерім жайбарақат.
Кейіндеу Болат ағамен – Болат Жаппарұлымен 4 жылдан астам қызметтес болдық. Зейнеткерлікке шамалы айлар қалғанда қараниет біреулердің түртпектеуімен басқа қызметке ауысып кетті. Өзінің тұзы жеңіл-ау шамасы, облыстық газет редакциясына қызметке 3 рет келіп, 3 рет кеткен. ҚазМУ-дің журфагін бітіріп келіп, жұрт қатарлы жұмыс істеп жатқанында мінәйі бір себептермен ауданға ауысып кете барған. Содан, өзінің айтатынындай, «итжеккенге айдаудан қайтқандай», 10 жыл 6 ай 15 күннен кейін облыстық газетке қайта оралған ағамыз тура 5 жылдан кейін оңтайландырудың оң жамбасына келіп қысқарып кетіпті. Үшінші жолы кетуіне «жанашыр» інілері жағдай жасаған.
Өзінің шамалы «кінәсін» білетін ағамыз қыңқ деместен шабаданын көтеріп шығып жүре-е-е берді. «Өзі жақсы кісіге бір кісілік орын бар», далада қалған жоқ, жақсы бір жер­ден, жақсы жағдайда зейнеткерлікке шық­ты. Ал өзі айтатындай, ал­ғаш келін боп түскен «Ақ жол» газеті ре­дакциясынан байланысын үзген жоқ. Күні бүгінге дейін.
Болат аға редакциядағы іні-қарын­дастарын үнемі көтермелеп, еркелете сөйлейтін. Замандастары Сейдімкүл, Райхан әкпейлермен қалжыңдары жарасып тұрады.
– Ал Сейдеш, мен кезекші болған күні газетті өте мұқият оқы. Бір тілшінің түбіне бір-ақ әріп жетеді, енді-енді адам болып келе жатқанда Батыраштардың балтасына ұрынып кетпейін, – дейтін әзілдеп. Әріптен қате кетпей-ақ, Ба­тыраш­тардың балтасы басқа есебін тапты.
– Райхан сұлу, «сақау баланың ті­лін шешесі ғана түсінеді» деген бар, менің пошіркімді сен-ақ түсінесің. Қате жібермей тер, – деп мате­риалын Райхан әкпейге әкеліп тастайтын теруге.
Мені «Францияның батыры» деуші еді.
– Ал Батыр қыз, менің матери­алым­ның өкпесін қыспай, көріне­тін­дей жерге сал. Өзімде «товарный вид» жоқ болса да, мақалам көздің жауын алатындай жарқырап шықсын! – Бұл – берген тапсырмасы.
– Ештеңесі жоқ, түріңіз – тамаша. Күләй жеңешем сонау Қызылжардан бекер келген жоқ қой сіздей жігітке еріп, – деймін мен.
– Ол менің әніме елтіп келген. – «О да мүмкін-ау!» – деп ойлап қаламын. Себебі, Болат аға – керемет әнші. Егер журналист болмағанда бар ғой, нағыз әлемді әнмен шарлап жүретін өнерпаз. Оны айтсаңыз, «Е-е, немене мен жаман журналиспін бе?» – дейтіні бар өтірік өкпелеп.
Жоқ, Болат Жаппарұлы жаман журналист емес. Жаман журналист болса, аудандық газетте 23 жыл (оның ішінде 11 жыл бас редактор), облыстық газетте 10 жыл қызмет атқармас еді ғой. Ара-арасында халықаралық «Заман-Қазақстан» (қазір «Қазақстан дәуірі»), республикалық «Заң газеті» газеттерінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі болғаны да бар. Болат ағаны қазір де «аттан түспеген азамат» деуге болады, ол кісі – Жамбыл облысы ардагерлерінің төл басылымы «Ғұмыр-Дария» газетінде шолушы.
«Аузында қалжыңы жоқтың, қойнында қанжары жүреді» деп білетін ағаның әзілге жақын екенін жоғарыда айттық. Ол кісінің тілінің тікенегі бар. Әріптес ағасы Тұрсынхан Толқынбаевтың жазғанындай «кемшілік көрсе, кеселі ұстайды». Өмірде, қоғамда кездесетін кемшіліктерді қандауыр қаламымен сылып тастауға тырысып, талай фельетондар, сын мақалалар, әзіл әңгімелер жазған. Журналистиканың абызы болған қарымды қаламгер, қоғам қайраткері Арғынбай Бекбосын ағасы ол облыстық газетте жұмыс істеп жүргенінде: «Болат «Ақ жолдың» атса мылтығы, шапса қылышы болып тұр ғой», – деп бекер айтпаса керек-ті.
Сөз басында айтқанымыздай, «қаламы – қисық, сөзі – түзік» Болат ағамыз 4-5 кітаптың авторы. 50 жасында жарық көрген «Әй, аңқау басым-ай» атты кітабы әзіл-сықақ әңгімелерден тұрады. Одан кейінгі «Қойыртпақ», «Нағыз қойыртпақ» атты кітаптарында да әзіл-сықақ әңгімелері өріп жүр.
Әзіліңіз жарасып, өзіңіз қырдан-қырға әрі асып, аспандағы Құдайыңыз қолдап, жердегі Күләйіңізбен басыңыз бір жастықта қартайып, ортамызда аман-есен жүре беріңіз, жаны жайсаң жақсы аға!

Жанна БЕЙСЕНҚҰЛОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір