Гүлдархан СМАҒҰЛОВА: ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ЖАҢА САЛАЛАРЫ ЖҮЙЕЛІ ЗЕРТТЕЛІП ЖАТЫР
21.07.2023
591
0

Қазақ тілінің іргелі бір бөлігі – тұрақты тіркестер. Фразеологизмдер лексиконның байлығын ғана емес, тілдің мағыз-маңызын айшықтайды. Біз осы тақырыпқа байланысты көкейде жүрген бірқатар сұрақты Филология ғылымдарының докторы, профессор Гүлдархан Смағұловаға қойған едік.

– Академик Әбдуәли Қайдар 1991 жылы жарияланған «Тіл байлығы – рухани қазына» мақаласында 10 томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» 24497 лексикаланған тұрақты тіркес, ал І.Кеңесбаевтың «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігінде» (1976 ж.) 10 мыңдай фразеологизм қамтылғанын айтады. Уақыт өткен сайын кей сөздер мен тұрақты тіркестер көнерген сөздердің санын көбейте береді ғой. Заман ағымына, өмірге қажетті құралдардың жаңарып-жаңғыруына сәйкес жаңа тұрақты сөз тіркестерінің қатары толыға бере ме?
– Негізі мақалада былай деп жазылған: «10 томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» 66931 атау сөз, 24497 лексикаланған тұрақты тіркес қамтылыпты. Бұл екеуі – 91428 лексикалық бірлік деген сөз. Ал бұлардың барлығы болып, осы сөздікте 103 мың мағыналық бірлікті сипаттап тұр». Демек, бұл сөздікте түгел сөз қамтылмаған. Ал он бес томдық қазақ әдеби тілінің түсіндірме сөздігінде 92 800 атау сөз бар. Қосымшаларын санағанда – 150 000.
Сөз қоғамның дамуына, адамдардың жаңа технологияны игеруіне, аудармалардың жасалуына қарай дами береді. Сондықтан уақыт өткен сайын сөздік құрам да толысып отырады. Ал фразеологиялық сөздікте он бір мыңдай тұрақты тіркес қамтылған. Бұл да жаңарып, тұрақты тіркестер көбейіп отыруға тиіс. Бірақ мұнымен бірге алдымыздан басқа мәселелер де шыға береді, бұл – бөлек әңгіме.
– Академик сол мақаласында: «Сөздің саны тіл байлығының кепілі бола ала ма?» деген сауалды ортаға тастайды. Сіз бұған қалай жауап берер едіңіз?
– Әрине, халқымызбен бірге жасасып келе жатқан сөздерден бастап, кірме сөздер, жаңа сөздер, т.б. – бәрі-бәрі тіл байлығының кепілі бола алады.
– Болашақта қазақтың фразеологизмінің қолданылу аясы тым тарылып кетуі мүмкін бе? Яғни, тұрақты сөз тіркестері қағаз бетінде ғана қалып қою ықтималдығы бар ма?
– Тұрақты тіркестер – шын мәнінде ауыздан-ауызға, ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отырған керемет байлығымыз, құндылығымыз еді. Біздің бүкіл өмір сүру салтымыз, таным-түсінігіміз, халқымыздың тұрмысы мен мәдениеті – осының бәрі фразеологизмдерде тұнып тұр. Алайда мойындамасқа амалымыз жоқ, оның қолданылу аясы тарылып бара жатқаны рас. Себебі бұрын жұрт бір естіген жақсы сөзді басқа уақытта есіне түсіріп, өзінің жанынан тағы сөз қосып, ойын күрделендіріп жеткізу үшін осы фразеологизмдерді қолданатын еді ғой. Қазір жаңа шыққан фразеологизмдерді әбден тұрақтанған деп айту өте қиын. Өйткені окказионал фразеологизмдер (авторлық тұрақты тіркестер) жиі қолданылмай жүр. Ауыз әдебиеті ауыздан-ауызға көшіп жүретін. Ал қазір біз көркем әдебиетті оқимыз, оқығаннан кейін кітапты жауып, сөреге қоя саламыз. Оның ішіндегі сөздер біреу­дің есінде қалады, біреудің есінде қалмайды. Есте қалғанның өзінде, көпшілік ол сөзді күнделікті өмірде қолдана ма, жоқ па?.. Мысалы, кейінгі кездері «тізесі шыққан әңгіме» деген тіркес тұрақтала бастады. Ал енді жастардың тіліндегі «картоп жарма», «лапша ілме» сынды сөздер тұрақты тіркестердің қатарына кірмейді. Бірақ олар тұрақты қолданылып жүргендіктен, жұрт мұны фразеологизм деп ойлап қалады. Ал шын мәнінде мүндай «тіркестер» тілдің байлығын көрсетпейді. Кітаптан оқығанымыз кітаптың бетінде қалып қойып жатыр. Олай болмас үшін әр жаңа сөзді қолданысқа енгізіп отыруымыз керек.
– Қазіргі қазақ тілінің даму өрісін, ғылыми жүйеленуін қай деңгейде деп бағалайсыз?
– Қазіргі қарапайым жұрттың ауызекі сөйлеу мәнеріне қарап «тіліміз қойыртпаққа айналып бара жатыр» деп дабыл қағуға болады. Осы ретте «қазақ тілінің тұрақты тіркестері, бейнелі сөздері, метафоралары, теңеулері неге қолданысқа түспейді?» деген сұрақ туындайды. Сөйткенде ғана қазақ тілінің байлығы көрініп тұратын еді.
Қазір технологиялық мәдениеттің ықпалына байланысты клиптік ойлау деген сана пайда болды. Инстаграмм, фейсбук сияқты әлеуметтік желілерде адамдар қысқа-нұсқа сөйлеуге тырысады. Қалыпты өмірде де соған бейімделіп келеміз. Ал ғылыми жағынан қазақ тілінің зерттелуі туралы көп нәрселер айтуға болады. Лингвистикалық зерттеу, әлеуметтік-лингвистикалық зерттеу, когнитивтік зерттеу, лингво-мәдени зерт­теу сияқты жаңа салалар жүйе-жүйемен зерт­теліп келеді.

Сұхбаттасқан Асылан ҚуанышҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір