ҰЛТ ТІЛІНІҢ ҰСТЫНЫ
21.08.2024
540
0

Сол бір он жыл… Студент­тік кездің соңғы жылдарында университет ұстаздары Тіл білімі институтында айына бірнеше рет «Лингвистикалық жұма» деп аталатын семинар өткізілетінін, ғалымдардың сөзі білімді тереңдететінін айтып, сол семинарға жетелейтін. Жиі-жиі қатысып жүрдік. Арғы тарихтан бергі кезге дейінгі тіл тағдырына қатысты көп жайт­ты ұғына бастадық. Бірақ ұлағат­ты ортадағы талай зият иелерін көріп, сөзін тыңдап, «ондай болмақ қайда» деген ойдың да, қиял-арманның да шегі жоқ еді. Осындай басқосуларда Рәбиға апайды алғаш рет көрдік.

  Ажарлы, сымбат­ты. Қай тақырыпқа барса да, сөзге шешен, мүдіріссіз сөйлеген кез­де баурап әкетеді екен. Дауыс ырғағы өзгеше: сөздің темпіне, ритмикасына ерекше мән беріп, маңызды ой кезінде пауза жасап, небір көркем сөзді қиюластырып, тыңдарманын әсерлендіріп жібереді.
Негізі, ол кісінің сөзқолданысы, тілі мен стилі ғылыми тұрғыдан зерт­телуі керек-ақ.
Бір мың тоғыз жүз сексенінші жылдың орта тұсында, Тіл білімі институтының ресми алқалы жиналысының бірінде академик М.Балақаев Тіл мәдениеті бөлімін басқаруға, өзінің орнына әбден лайық маман ретінде профессор Рәбиға Сыздықтың есімін атапты. Өз алдына дербес ғылым тармағы болып қалыптаса бастаған қазақ сөз мәдениетінің алдында тұрған сан салалы міндет­тер мен мақсат­тарды Рәбиға Сәтіғалиқызы тәрізді ғалым ғана игере алатынын айтыпты.
Сол тұста қазақ сөзқолданысында, әсіресе мерзімді баспасөз тілінде өзге тілдің ықпалынан біршама таптаурындылық, ұлт тілінің жалпытілдік қордағы байлығының жұмсалым заңдылықтарына біржақты қарау, мәселен, көзге түскен бірлі-жарым жергілікті тіл ерекшеліктерін, кәсіби лексика атауларын сынға алу, тілдің баюының негізгі көзі өзге тілден сөз қабылдау деп санау, оқу-ағарту әдебиетін тікелей аударма жасау салдарынан стереотип калькаланған құрылымдардың пайда болуы, ауызша сөздегі сөз сазының, сөзді дұрыс айту әуезділігінің өзгере бастауы сияқты факторлар байқалған болатын. Оларды ұлт тілінің нағыз қамқоршысы – ғалымдар шоғыры дер кезінде аңғарып, көкейкесті мәселені дереу қолға алды. Ал осы істің көш басында академик М.Балақаев тұрды, Рәбиға Сыздық әр мазмұндағы басқосуларда бұл жайында батыл пікір айта бастады.
Апай бөлімге келісімен жұмыстың қарқыны жанданып жүре берді. Сөз мәдениеті саласының нысанын, зерт­теу әдістерін нұсқаған ардақты ұстаз Мәулен Балақаевтың жолын зор құрметпен жалғастыра отырып, апай қазақ тілінің қоғамдағы қызмет аясын кеңейтуге бағыт­талған жаңа арналарға бұрды. Жазба нұсқалардағы көптеген тілдік фактілерді, ауызша сөзді жиып-теріп, драма театрындағы қойылымдарды үзбей көріп жүріп, өнер адамдарының сөйлеу техникасындағы ерекшеліктерді жинақтап, жүйелеп алғаннан кейін Рәбиға Сәтіғалиқызы ең алдымен қазақ сөз мәдениетінің сапасын арт­тырудың бір бағыты ретінде тілдің ахуалын насихат­тау
қажет­тігіне айрық­ша мән берді. 

Сөйтіп, бөлімнің жас мамандары орталықтағы «Қазақ­стан», «Мектеп» баспагерлеріне, «Лениншіл жас» газеті ұжымына (бас редакторы – білікті көсемсөзші болып қалыптасқан, қазіргі танымал қоғам қайраткері Уәлихан Қалижан, салмақты ой тастап жүрген мамандардың қатарында қазіргі белгілі әдебиетші Балтабай Әбдіғазиев бар еді), барып, Семей, Жамбыл қалаларындағы журналистердің алдында сөз, сөйлеу, сөз қолдану мәдениетінің қандай болатынын айт­тық! Радиохабар желісінен де тұрақты насихат ісі ұйымдастырылды. Қандай батылдық десеңізші! Өйткені жанымызда Рәбиға Сәтіғалиқызы бар еді!
Ғалымның ғылымдағы сан салалы ауқымды зерт­теулері сексенінші- тоқсаныншы жылдардың арасында атқарылды. «Қазақ әдеби тілінің тарихы», «Сөздер сөйлейді», «Сөз сазы», «Сөз құдіреті», «Қ.Йасауи Хикмет­терінің тілі» ат­ты еңбектерінің алғашқы басылымдары осы жылдары жарияланды. Тілде пайда болған жаңа қолданыстардың әдеби тілге қатысын анықтаудың аса қажет­тілігіне мән беріп, зерт­теушілерге ой тастады, соның нәтижесінде ғылыми-практикалық маңызға ие анықтамалықтар жарық көрді. Қазақша-орысша сөздікті редакциялаудың жауапкершілігін өз қолына алды.
1984 жылғы желтоқсанда Жазушылар одағы сөз мәдениетінің проблемаларына арналған конференция ұйымдастырды. Бас баяндамашылар – сөз зергері Ғабит Мүсірепов пен Рәбиға Сыздық болды. Ғ.Мүсіреповтің: «Рәбиға қарындастан кейін сөз бастау қиын», – дегені де осы жиналыста айтылды. Апай көркем мәтіннің сөз қолдану ерекшеліктеріндегі тың үдерістерді саралап, тіл мен стиль тұрғысынан талдаудың негізгі үлгілерін көрсет­ті. Көркем туындылардағы сөз байлығының қалай игерілгенімен қатар ұлт тілі мен ұлт­тық рухтың қалайша сабақтасатынын алғаш рет талдады, бұл үшін тіл байлығының барша үлгісі – жеке сөздің сан қырлы өзара мәндес, мағыналары жуық қатарларының, көнерген сөз бен аймақтық ерекшеліктердің, образды қолданыстардың уәжді мүмкіндіктерінен ажырап қалмаудың негіздерін дәлелдеді. Кейін осы бағыт­та Ә.Кекілбаев, Т.Ахтанов, Ш.Мұртаза, М.Мағауин, С.Бердіқұлов, О.Бөкеев, А.Сүлейменов, Қ.Жұмаділов, К.Сегізбаев, Т.Әлімқұлов сынды талант­ты қаламгерлердің тілі туралы сериялы мақалалар жазды, олар кейін «Сөз құдіреті» кітабында жинақталды.
Сөз мәдениетінің аса маңызды аспектісі – ортологиялық құралдарды жетілдіру, сол арқылы әдеби нормаларды біріздендіру екенін әрдайым назарда ұстаған Рәбиға апай «Қазақ орфографиясының негізгі ережелерін» өз қолымен әзірледі. Ұлт­тық кодтың басты көрсеткіші – Емле сөздігін түзуге бөлім қызметкерлерін жұмылдырды. Сөздіктің қолжазбасын дайындау кезеңінде емлесі қиын немесе орфографиялық вариант­тары бар тілдік бірліктерді, жарыспа нұсқаларды, дублет­терді рет­теу бойынша басшылық жасап, әрдайым қадағалап отырды. Белгілі маман, Тіл мәдениеті бөлімінің құрылған күнінен бастап қызмет еткен Қ.Неталиева «Қазақ тілінің орфоэпиялық сөздігін» әзірледі. Ізденістер мен байыпты саралаудың нәтижесінде жасалған ортологиялық құралдардың негізгілері – Емле ережелері (1983 ж.) мен Емле сөздігінің (1988 ж.) құрылымы, мазмұны күні бүгінге дейін сауат­ты жазуға сүйеніш боларлық құралдарға деген қоғам мүшелерінің сұранысын толық қанағат­тандырып келеді. «Қазақ әдеби тілінің ауызша түрі» және «Қазақ орфографиясындағы қиындықтар» ат­ты ұжымдық монографиялардың және ұстаз зор сенім артқан шәкірті – көрнекті ғалым Н.Уәлидің «Сөз мәдениеті» ат­ты еңбегінің жарық көргені де осы тұс болатын.

* * *

Апай қонақжай еді. Тіл мен әдебиет ғылымына лайықты үлес қосып жүрген құрбылары, замандастары еркелетіп «Рәш, Рәшжан» дейтін. Сол кез­де олардың арасында бір керемет дәстүр бар еді: қайсыбір мерекеге, туған күнге орайластырып, «ЧП» (орыс тілінен алынған ғой) ұйымдастыратын. Ләйла Әуезова, Шәмшия Сәтбаева, Евгения Лизунова (Апай оны «заты орыс болғанымен, ділі қазақ» дейтін), Оразгүл Нұрмағанбетова, Гүлбараш Байтоғаева, Балым апай сынды әдебиетшілер мен Болат Сүлейменова, Қанапия Неталиева, Раиса Өрекенова, Зүпән Машабаева, ұйғыр халқының өкілі Райхан апай, туған жеңгесі Мұқсила апай, арагідік Мәскеуден келіп-кетіп жүретін Нәдия Қарашева (Алаш зиялысы Ғұмар Қарашевтың қызы) есімді тілші-ғалымдар Рәбиға Сәтіғалиқызының үйінде «ЧП» дастарханынан талай мәрте дәм тат­ты.
ЧП қарсаңында бәрі де көңілді жүретін, өйткені бұл тек шай ішуге жиналу емес еді. Алдымен «бейресми» түрде бірін-бірі көруге асығады, Апайдың кең жайлау үйінде қызмет бабында араласқаннан басқаша түрдегі дидарласуда емен-жарқын әңгіме, жарасымды әзіл, ән мен жырдан кейін әңгіме арқауы толғақты тақырыптарға қарай ойысады. Тектілердің ұрпақтарының, тағдырдың талай шиырларынан өткен қазақ әйелдерінің тағылымды сөзін тыңдаудың өзі бір ғанибет еді. Қонақ күтіміне «азды-көпті жәрдеміміз боп қалар» деп барсақ та апай тәт­ті-дәмдінің бәрін өзі жасайтын. Сөйтіп, бүгінгі белгілі ғалым Жамал Манкеева екеуіміз кең дастарханның жиегінде отырып, талай сүбелі әңгіме тыңдау құрметіне ие болдық. Тіл мен әдебиет­тің проблемалары, бала тәрбиесі, ұлт­тық белгілерді сақтап қалу турасындағы сұхбат­тар желісінің тағылымы мол. Бірде, шай үстінде түйе жүні салынып істелетін жамылғы көрпе мен құрақ көрпенің пайдасы, әдемілігі, олардың тұрмыстан көшіп бара жатқаны туралы айтқандары есімде қалыпты. Ең ғажабы – олар бірін-бірі қат­ты құрмет­тейтін, заманы бір замандас болғанын мақтан етіп, бірін-бірі көтермелеп, бірінің қуанышы мен табысына бәрі риясыз көңілмен қуанып отыратын, өзара қарым-қатынастарында қазақы мәдениет пен әдептің, ізгілік нормаларының биік үлгісі бар еді.
Замандастардың арасында орныққан дәстүрдің бірі – басқосуға жиналғанында үйге, тұрмысқа жарарлық әрі әдемі бұйым сыйлау еді. Кәдесый табудың қат кезі болса да, апайлар бір-біріне, әр құрбысының талғамына қарай өзгеше бір бұйымды сыйға тартатын. Кейінірек Рәбиға апайдың үйінен сондай бір жәдігер көзіме түскенде, «ЧП ұйымына» қатысушыларды көргенімді, оларға қызмет еткенімді толқыныспен еске алып отырамын.
Ғылымның қат-қабат шаруасының басында, бел ортасында жүрсе де Рәбиға Сәтіғалиқызы алыстағы ұлы мен қызын аналық қамқорлыққа алды. Қалт еткен уақыт тауып, қоржыны мен қалтасын толтырып алып, Мәскеуге ұшып барып, баласы мен немерелерінің жайын біліп келеді. Жеті жасынан қолында өскен Мақпал қызының Ленинградтан келуін күтіп, ол келген сайын мейірленіп, қуанып жүретін. Алпыс жылдық мерейтойы қарсаңында немересі Ләйла дүниеге келгенде керемет қуанды, «Менің тойыма арналған ерекше сыйлық», – деп қайта-қайта айта берді.
Мерейтой демекші, алпыс жасқа толған мерейтойында (1984 жылғы тамыз айы) Институт­тың өзімізге кең сарайдай көрінетін залы лық толды. Орын жетпегендер есіктен сығалап тұрдық. Әдебиет, тарих, философия мен құқық салаларының академиктері, драма театрынан Серке Қожамқұлов бастаған өнер саңлақтары, жазушылар мен журналистер, әдебиетшілер мен оқу-ағарту қызметкерлері (ол кез­де студент­терді жинап әкелу деген болмайтын) бірінен соң бірі келіп-кетіп жат­ты. Өйткені осы кезеңде Рәбиға апайды қалың жұртшылық ғалымдардың бірегейі ретінде мойындап, ішкі күш-қуаты мен қарым-қабілеті таңғалдыратын ерекше әйелзаты екенін танып, білді. К.Салықовтың, М.Әлімбаевтың апайға арналған жыр жолдары осы той кезінде жарық көрді. Жиналғандардың бәрінің ойы бір шоқ гүлін зор сүйіспеншілікпен, ілтипатпен ұсыну арқылы құрметін білдіру еді. Рәбиға Сәтіғалиқызының сол кез­дегі риясыз көңілі мен толқынысқа толы келбеті мәңгі есте қалды. Мерейтойларының ішіндегі ең керемет өткені осы тойы сияқты болады да тұрады…

* * *

Әр саланың өз маманы болады. Адамдар өз қалауымен, яки алдына қойған мақсатына жету үшін бар күшін жұмсап барып бір мамандықты иеленеді. Кей адамның жолында бағыт­ты айқындап беретін ерекше бір тұлғалар да болады. Апайдың шәкірт­тері – бақыт­ты. Өйткені қандай теңеу айтсаң да лайықты, абзал ұстаз, академик Рәбиға Сыздық көп жастың ғылымдағы жолын ашып, ғылым әлемінен орын берді. Апай әсіресе қазіргі кезеңде ұлт­тық болмыс пен ұлт­тық сананы жаңғырту идеясын іске асыруда барынша өзекті болып отырған қазақ сөз мәдениетінің теориялық және қолданбалы мәселелерін шеше алатын, бірі ел таныған білікті, білімпаз, енді бірі өз ісінің қойторысы іспет­ті мамандарды қалыптастырып кет­ті. Ғалымның аманатына адал, ұлт тілінің ұстынын бекемдеп берген бағыт­тарды үзбей жалғастырып, қоғамның талабы мен сұранысына қарай сөз мәдениетінің нормативті, функционалды, когнитивті аспектілері бойынша тың зерт­теулер ұсыну арқылы Тіл мәдениеті бөлімінің шаңырағын одан әрі биіктетіп келе жатқан ізбасарлары бар.

* * *

Әдет­те, ел мен қоғамға еңбегі сіңген адам дүние салғаннан кейін: «Бұл кісінің өмірі енді жалғасады», – деп айтылып жатады. Рәбиғатану ғылымы енді басталып келе жатқандай. Бірақ қаншама «білдік» десек те, Рәбиға апай жөнінде сөз айту қиын, көп толғандырады. Өйткені Рәбиға Сәтіғалиқызы – ғылым жолындағы, өмір жолындағы ғұмыры өзгелерге ұқсамайтын, өзгеше болмыс иесі еді. Ұстаз тілтанымның 15-ке жуық түрлі саласы бойынша ғылыми, құнды, теңдессіз еңбектер қалдырды. Апайдың мұрасын зерделеу қазіргі ғылыми бағыт­тардың ұлт­тық кодты тереңдете танып-білуге түбегейлі бет бұруына үлес қосары анық. Өзі айтқандай, нар жүгін арқалаған қайсар, қайрат­ты, қарым-қабілеті қайран қалдыратын тұлғасы ұлт тарихындағы ұлы дала тұлғаларының, қазақ әйелдерінің шоғырының биігінен орын алады. Қазақ сөзінің құдіретін сезінген, сөздің тылсым сырларын өзінің прагматикалық қуаты арқылы насихат­таған ұстаз тілдік тұлға болатын. Ендеше, ұстаздың тұлғалық келбетін таныту ізбасарлары мен шәкірт­терінің рухани санасы оянған ұлт алдындағы парызы да, міндеті де болмақ.
Ғылым жолында шамшырақ болған, өмір жолында бағыт берген Ұлы дала тұлғасы – ұстазды қырық жылдай біліп, тағылымын алғанымды, шәкірті болғанымды мақтан етемін.

Айман АЛДАШЕВА,
ф.ғ.д., профессор

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір