АДАМЫ ЖОҚ АУЫЛДА ҚАЛЫП КЕТКЕН…
06.11.2022
312
0

 

Тау дегенім…
Сезім бе еді?
Сезілмеді.
Неге екен?
Тау дегенім, жай, әншейін, төбе екен.
Төзім бе еді?
Сезілмеді.
Көргенім –
Көзіндегі қарашығы көне екен.

Ойсыз сәні болмайды ғой ортаның,
Тойсыз тағы тепеңдеймін, жортамын.
Жарасымы боп тұрса да,
жаны жоқ –
Қарашығы көнелерден қорқамын.

Өлем деді.
Өнер ме еді?
Күлкілі.
Кімге дәрі көлеңкенің күңкілі.
Жаназасыз жол жоқ дейді жұмаққа,
Өле салу өнер емес бұл күні.

Сезім бе еді?
Сезілмеді.
Неге екен.
Өзіндегі жетпейтіні өре екен.
Сау дененің жүрегіне жармасқан,
Тау дегенім жай әншейін төбе екен…

Елді ойлаймын…
Әке!
Сізді ойласам сезімге кең бойлаймын,
Және мынау момақан елді ойлаймын.
Жүрегіне жатып ап кең қойнаудың,
Жерді ойлаймын, болмаса
немді ойлаймын?!
Кең екен ғой бәрі де, кен екен ғой.
Кеннің көзі бүгінгі берекем ғой.
Берекемді біреулер бейуақта,
Берекесіз қылуда… кең екем ғой!
Кең болғаным, байқаймын,
кем болғаным.
Кем болғанға қалаймын ем қонғанын.
Жүрегі бар жұртымның… қаламаймын,
Жүрегі жоқ жұртсызға жем болғанын!

Әке!
Сізді ойласам сенімге иек артам,
Сенімдіні, сеземін, сүйеді әр таң.
Тек ертеңгі тағдырдың тізгініне,
Ие болған бүгінгі жүйе қартаң.
Не сұрарсыз жүгенсіз кеткендерден,
Келешекке кезексіз өткендерден?
Елең-алаң болғанда есек те өтер,
Кешегі тау — бүгінгі шөккен белден.
Не сұрарсыз жүгенсіз кеткендерден,
Ай мен Күнге ақшамен жеткендерден?
Біреулердің бағына қыс түскенде,
Біреулердің бағына көктем келген.
Осы екен ғой қазақы өмір деген,
Көкке ұшады мақтаса көңіл дөнен.
«Таңғы тамақ – Тәңірден» деп қояды,
Тағы біреу қонақжай көңілменен.

Әке!
Сізді ойласам сезімге кең бойлаймын,
Және мынау момақан елді ойлаймын.
Жүрегіне жатып ап кең қойнаудың,
Жерді ойлаймын, болмаса
немді ойлаймын…
Елді ойлаймын, болмаса
немді ойлаймын…
Әке-ау!..
Бумеранг
– Шындық қайда?
– Шырқырап қырда қалған!
Жазылмаған өлең мен жырда қалған.
Ұрандатқыш ұр да жық бір пенделер,
Ұлтшылмын деп ұлтынан ұрлап алған.

– Қайда ақиқат!
– Ол да жоқ, анық кеткен!
Өшірді әне олдағы жарықты еппен.
Арманы бар қаладан қашып шығып,
Адамы жоқ ауылда қалып кеткен.
– Кім аяды?
Қираған қала жатыр!
– Мұңаяды
мезгілсіз далада қыр.
Шындық пенен Ақиқат қол ұстасып,
Зират жаққа аяңдап бара жатыр…
Отан – жүрек
Алғы күнге жетелеп асығыстық,
Арман дәмін ауаға асып іштік.
Отанымның осындай
орманы бар,
Отанымның осындай тасы да ыстық.
Өткізгісі келмейді жаным бос күн,
Бала күнгі еске алдым
әнін достың,
Өмірімнің тұп-тұнық өзеніне,
Өлеңімнің ып-ыстық қанын қостым.

Жусан иісі аңқыған осы белдің,
Сыңқ еттім де сыр бермей
досына ердім.
Сезіміме иілген сәмбі талға,
Сенімімнің бұрымын қосып өрдім.
Керемет күш көтерді аспанына,
Елең еткіш елімнің жастары да.
Азабымның әр сәтін
жылытамын,
Қазағымның ып-ыстық тастарына.

Келешектің келбетін таңдай ұштық,
Бақыттың да бағытын барлай ұштық.
Отауымның иісі
бұрқыраған,
Отанымның жүрегі қандай ыстық!
Қандай ыстық өзеннің суы мына!
Қандай ыстық орманның
нуы мына!
Ерке гүлдің тілегін өлеңіммен,
Ертеңімнің ілемін уығына.
Сұлусың деп тынбайтын жақын көп-ау!
Сұлусың деп жырлайтын
ақын көп-ау!
Қазағымның сұп-сұлу даласында,
Менің сұлу болмауға қақым жоқ-ау!
Қақым жоқ-ау бақытты болмауға да,
Солмауға да қақым бар,
тоңбауға да.
Жүрек керек Отанды сүю үшін!
Тілек керек жүректі жолдауға да!

Өткізгісі келмейді жаным бос күн,
Бала күнгі еске алдым әнін достың.
Өмірімнің тұп-тұнық
өзеніне,
Өлеңімнің ып-ыстық қанын қостым.
Керемет күш көтерді аспанына,
Елең еткіш елімнің
жастары да.
Азабымның әр сәтін жылытамын,
Қазағымның ып-ыстық тастарына!..
Хат жазар ем құдайға
Тағдырымды басса, бассын түндей мұң,
Мен бәрібір қазағыммен гүлдеймін.
Қара жердің халін айтып
Құдайға,
Хат жазар ем… индексін білмеймін.

Ән, жырымды бұзса, бұзсын! Көнемін!
Әлдиімді бұзбаса екен
өлеңім.
Қара жердің қабырғасын мүжіген,
Тексіздерді тепкілесем деп едім!

Біреулердің үндемей-ақ ұрты – май!
Біреулердің жері – кедей,
жұрты – бай.
Ай мен Күнді ауыздықтап алғандар,
Айдалада кездессе ғой, шіркін-ай!

Алтынменен апталса да қабірің,
Бәрі бекер! Болмаса егер
тамырың.
Бриллиантқа бөгіп жүрген біреулер,
Көк темірдің білмейді екен қадірін!

Білмеймін ғой, білмей қалай даттайын?
Бәрібір емен бола алмайды
ақ қайың.
Қазақ үшін қыңқ етпейтін біреулер,
Араб үшін «жан пидаға» дап-дайын!

Осы шығар Мұң мен Зарым —
параллель!
Жаза ала ма (жазсам өлең) жарамды ел?
Ей, Өлеңім! Өміріңнің тізгінін,
Өлтірсең де өкінбеспін, маған бер!

Тағдырымды басса,
бассын түндей мұң
Мен бәрібір қазағыммен гүлдеймін.
Халімді айтып хат жазар ем
Құдайға,
Рас, әзірше индексін білмеймін!..
Қазақтың көз жасы
Қазақтың тағы да бір кеші батты,
Каспий тулап, еңіреп Есіл ақты.
Балқаштың да бақытсыз
бір толқыны,
Жағалауда жылады. Несі жақсы?

Несі жақсы толқынның жылағаны?
Көтеріліп қайтадан құлағаны.
Оған бәлкім ұнамай қалған шығар,
Акуланы шабақтың сынағаны?

Ертең бәрібір тағы да таң атады,
Тағы әлемді өзіне қаратады.
Біреу нұрын тағы да таратады!
Біреу гүлін тағыға талатады!

Талайтын рас, тағысы емес түздің!
Түзді ойладым, тереңдеу елес түздім.
Келешектің пердесін ашып қап ем,
Көлеңкесі көрінді көмескі іздің!

Неге бұлай? Білмедім неге солай?
Білетінім, болашақ емес оңай.
Көмескі еткің келгенде егес оңай!
Елестеткің келгенде елес оңай!

Түсінбедім неге екен? Түсім бе едің?
Қайда кеткен қазақы күшім менің?
Әшкиімді тағып ем — өмір басқа,
Шешіп едім – басқа өмір, түсінгенім!

Тағы осылай Қазақтың кеші батты,
Ертіс жылап, еңіреп Есіл ақты.
Қазақтардың көз жасы таусылған-ау,
Өзен мен көл жылауда! Несі жақсы?
Кейде кері шегінем
Мен кейде қиялданам!
Сыймайды екен сезімге сүйе алмаған.
Кешегімді бүгінге қия алмағам.
Ертеңімнің бақытын
бүгін ойлап,
Ертегімнің бақытын тыя алмағам.
Өмір деген бір жұтым
ауа шығар,
Өлеңімді құшақтап жиі алданам!
Қабырғаммен кеңесіп
қырға шықпай,
Мен несіне бұртиып қиялданам?
Ерінбеген етікші
боп жатыр ғой,
Ұлы адам да боп жатыр ұялмаған!

Ойхой, жаным, өлеңім мөлтілдеген!
Түңілгенде тұрғызған, өлтірмеген.
Үңілгенде ұлтымның
жүрегіне,
Жалауы боп жанымның желкілдеген!

Бірақ кейде жынданам!
Жүрегіме жайғасқанда мың ғалам.
Со ғаламнан суырып ап
қазақты,
Жасасам деп жүрегі бар
нұрлы адам
Кейін қарай шегінемін бір қадам,
Алға қарай басу үшін мың қадам!..

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір