САХНА ТІЛІНІҢ САҢЛАҒЫ
26.03.2023
778
0

Қасиетіңнен айналайын сөз өнері! Қазақ ауыз әдебиетін зерт­теуші ғалымдардың айтуынша: Шешендік дегеніміз – белгілі бір уақиғаға байланысты тапқырлықпен, көркем тілмен айтылған және жұртшылық қабылдап, елге тараған белгілі, үлгілі ойлар, тұжырымдар.

Әдет­те, шешендік өнер айтыс-тартыста дамиды. Сондықтан ердің құны, елдің тағдыры талқыланатын парламент сарайлары мен сот залдары – шешендік өнердің ежелгі мектебі болған. Дүниежүзіне әйгілі шешендердің көбінесе, парламент­тік қайраткерлер мен заң қызметкерлерінен шығатындығы кездейсоқ емес. Мәселен, атамзаманғы Афина шешені Демосфен мен Рим шешені Цицерон әуелі адвокат, кейін парламент мүшелері, басшылары болған. Ал ХІХ-ХХ ғасырлардағы орыс шешендері А.И.Урусов пен Ф.Н.Плевако заң қызметкерлерінен шыққан. Сол сияқты қазақ шешендері Әлібекұлы Төле, Келдібекұлы Қазыбек, Байбекұлы Әйтеке, Датұлы Сырым, Қорлыбайұлы Досбол, тағы басқалар – қауым ішіндегі дау-жанжалдарды рет­теуден бастап, елшілік-мәмігерлік қызмет­терімен белгілі болған адамдар. Бұл тізімді әрі қарай соза беруге болады. Олар: Жиренше шешен, Асанқайғы, Қараменде, Абылай хан, Жалаңбас батыр, Ақтайлақ шешен, Қанай шешен, Айтқожа шешен, Шашанбай шешен, Ізбасты шешен, Әйтеке би, Бөлтірік шешен, Бекжан шешен, Ескелді, Балпық әулие, Балаби, Шоң би, Байдалы би, Шоқай би, Қозыбай шешен, Торайғыр шешен, Асаубай шешен, т.б. болып кете береді. Халқымыздың ақындары, батырлары, хандары мен билері, ақсақалдары мен әулиелері тауып айтқан асыл сөздің маржандары ұрпақтан ұрпаққа көшіп отыратын баға жетпес зор байлық. Бүгінгі қазақ сөз өнерінің бір бастау бұлағы – сол халық даналығында жатқандығын жадымызда әрдайым ұстауымыз керек.
«Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» деген аталы сөз бүгінгі күндерге өзгермей жет­ті. Майқы би бабамыз – көптеген әдеби, тарихи зерт­теулерде қазақтың ғана емес, бүкіл түркітілдес халықтарымыздың бас биі ретінде аталады. Майқы шешен ХІІ ғасырда өмір сүрген деген деректер де бар.
Майқы би тауып айтатын тапқыр, әділін айтатын дана ғана емес, болашақты болжайтын әулие де болған деген аңыздар бар. Соның бірінде: «…Бірде Майқы би билік құрып отырып, қалғып кетіпті дейді шежіре. Жанындағы билердің бірі мұны ұят көріп, Майқы қауырт келген ұйқыдан сергісін деп тамағын кенеп, жөткірініпті. Сонда көзін ашып алған Майқы:
– Қап, шіркін-ай, аяғын біле алмай қалдым-ау! – депті. Қасындағы билер оның түрі кетіп, түсі қашқанынан шошып, үндей алмапты. Сөзді Майқы өзі бастапты:
– Көзі қысық, тісі қисық жаудан гөрі, көзі шегір, өзі жемір жаудан ұрпағым көп қорлық көретін болды. Аяғын біле алмай қалдым. Ұрпағымның керегесі сөгіліп, уығы сынып, шаңырағы шайқалатын кез болады екен. Ұрпағым ынжықтық танытып, мына маған сөйлей алмай отырған сендер сияқты мөнді-мөнді деп ұзақ уақыт соның табанында болады екен. Әт­тең аяғын білгенімде шаңырағы шайқалмаудың амалын білетін едім, біреуің тамағыңды кенеп жөткіріндің, манағы көзі шегір, өзі жемірге де алғашқы иек артуды өз тұқымым жасайтын болады екен. Әт­тең…»
Көне аңыз түрінде бізге жеткен осы әңгімедегі Майқы бидің әулие­лігі – шын мәнінде бастан кешірген тарихи жағдайды еске салады. Үш ғасырға жуық уақыт көрші орыс патшалығының отарында болғанымызды көріп, болжаған екен баба би.
Қазақ­стан Республикасының Халық әртісі, профессор Маман Байсеркеұлы Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлт­тық өнер академиясының «Сахна тілі» пәнінің ұстазы, профессор Дариға Тұранқұлқызы туралы мақаласын тура сол Майқы би бабамыздан бастапты. «Қазақта: қилы-қилы кезеңнен, қиын-қиын белестен өтіп тоғыз ғасырдың тозаңын жұқтырмай жеткен сөз – «түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би». «Күнді ұясынан қолымен тартып шығарып, аяғымен басып, батыра салатын» құдірет иесі қаһарлы хан Шыңғыс ханның оң тізесін бөксе басар бөстек қылған Майқы би, күн түбінен күңіреніп жеткен көне шежіренің өше бастаған еміс-еміс хабарына құлақ түрсек, түгел сөздің тізгінін ұстаған көсем кісі екен. Қара жерден қайық жүргізетін шешендік, салғыласқанның сүбесін сөзбен суыратын ділмарлық ұрпақтарына абыз қария Майқы биден бері үзілмей келе жатқан асыл қасиет болса керек» – деген екен марқұм Маман ағамыз.
Шын мәнінде қазақ сөз өнерінің қалыптасуы мен дамуында талай-талай замандар өт­ті. Қазір ХХІ ғасыр. Бір қуанатынымыз баба тіліміз, ана тіліміз– қазақ тілі өзінің табиғи қалпын бұзбай жет­ті бүгінгі күнге. Оған көп-көп ғұламалар, жыраулар, шешендер, жазушылар, ақындар, сахна тілінің мамандары аса зор тер төкті. Ағылып айтқан, төгіліп айтқан, екпіндеп айтқан, екіленіп айтқан, сынап айтқан, мінеп айтқан, түйіп айтқан, жығып айтқан, қауып айтқан, тауып айтқан бабалардың інжу-маржан сөздерінде жалпы қазақ сөз өнерінің таусылмас кені жатыр. Қазақтың шешендік сөздерін жинап, баға берген академик В.В.Радлов қазақ шешендік өнерінің өзіндік ерекшелігін де тап басып көрсетіпті: «Қазақ тілі – исләмнің бүлдіргіштік әсеріне ұшырамай, түпкі таза түрін-түркі сыйпатын сақтап қалған тіл. Рас, мұнда да бірен-саран жат сөздердің енгені байқалады. Бірақ ол сөздер… қазақ тілінің үндестік заңына бағынып, бірыңғай халық тілінің қорына қосылған. Қазақ тілінің осы тазалығы мен табиғилығы, сондай-ақ көп таралғандығы бұл тілдегі мұраларды менің көбірек жинап, оған әдебиет нұсқаларын құрастырған жинақтардың толық бір томын арнауыма себеп болды. Оның үстіне қазақтың басқа бауырластарына қарағанда сөзге тапқырлығы мен шешендігі де маған әсер ет­ті». Бұл тұжырымда қазақ сөз өнеріне зор баға берілген. Ал академик Радлов көрсеткен тіл тазалығы, табиғилық, тапқырлық және шешендік сияқты қасиет­тер жаңадан қалыптасқан қазақ сөз өнерінің бойы­нан да табылатындығы, дәстүр мен жалғастықтың көрінісі болар.
Профессор Дариға Тұранқұлова өмір бойы қазақ тілінің тазалығы, табиғилылығы, тапқырлығы, шешендігі сияқты қасиет­терді жас ұрпақтардың бойына сіңірумен келеді. Келбет­ті де, келісті осынау апамыз табиғаты көркем, жері мәуелі қазіргі Өзбек­станның Бостандық ауданында 1948 жылы 8-наурыз күні дүниеге келіпті, ал 8-наурыз тегін күн емес – халықаралық әйелдер күні. Тұранқұл ақсақалдың төрт ұлынан кейін дүниеге келген Дариға қыз – қазақтың қайраткер қыздарының бірі болып өсті. Өз өмірінде өнер жолын таңдаған Дариға 1970 жылы Құрманғазы атындағы өнер институтының актерлік бөлімін қызыл дипломмен тәмамдады. Қазақ топырағында алғаш ашылған «Сахна тілі» мамандығының іргесін қалаған ұлағат­ты ұстаз, ҚР-ның өнеріне еңбегі сіңген қайраткер, профессор Рабиға Мұқайқызы Қаныбаеваның кеңесімен Дариға сол кафедраға мұғалім болып қабылданады. Содан бері көптеген сахна түлектерін даярлап шығаруға зор үлес қосты. Олардың ішінде ҚР-ның халық артисі, Мемлекет­тік сыйлықтың иегері Т.Жаманқұлов, ҚР-ның халық артисі, Мемлекет­тік сыйлықтың иегері Д.Жолжақсынов, ҚР-на еңбек сіңірген артистер Қ.Сұлтанбаев, М.Өтекешева, У.Сұлтанғазин, Л.Қаденова, А.Исмағұлов Канадада өткен Халықаралық кино конкурсының иегері Б.Қалымбетов, 1994 жылғы Республикалық «Жастар» конкурсының иегерлері Б.Әлпейісов, Ж.Махановтарды ілтипатпен атауға болады. Сондай-ақ 1980 жылы ЛГИТМИКте өткен Яхонтов атындағы конкурстың иегерлері Б.Әлпейісов, Ә.Исмаилов, Б.Мақұлов, А.Жұмашев, С.Қасеинова сияқты бір топ дарын иелерін тәкап­пар Еуропа тіл мамандарына мойындатса, бұл да – Дариғаның талант­ты ұстаз екенін айғақтайды.
Профессор Дариға Тұранқұлқызы 1974,1984 жылдары А.В.Луначарский атындағы ГИТИСте, М.С.Щепкин атындағы, Щукин атындағы театр училищелерінде стажировкада оқи жүріп, қазақ, түркімен, тәжік және балқар бөлімдеріне дәріс бергенін байқап, сабақ беру тәсілін қадағалаған мәскеулік білгір профессорлар И.Г.Козлянинова, И.Ю.Промтова, А.Е. Вербовая, Г.С.Урновалардың, Ташкент театр институты «сахна тілі» кафедрасының профессоры Л.А.Ходжаеваның назарына ілігіп, олардың шын жүректен білдірген ризашылық ізгі лебіздері дәлел. Бұл – «Сахна тілі» бойынша халықаралық ірі мамандардың бағасын алғандығының айғағы.
Сахна тілі халықты жүзбе-жүз көріп отырып, мәдениет­ті, әдебиет­ті, өнерді, саясат­ты, басқа да мәселелерді уағыздайтын, халықтың санасына сіңіріліп, ұрпақты тәрбиелейтін тіл. Сахна тілі – адамның жүрек сезімін шертетін, оны кез келген жағдайда, қуанышта да, қайғыда да тәрбиелей алатын, үйрететін тіл. Сахна өнерінің құдіреті осында. Шекспир: «99 -орында отырып күлгеннен, бірінші орында отырып күрсінген артық» деген екен, яғни комедия болсын, ешқандай ойланбай, құр мәз болып қайтудың орнына, шынында осы біздің қоғамда кездесетін ауру ғой деп күйіну – әлдеқайда пайдалы болса керек.
Сахна тілі – қанша көрермен отырса, сонша адамның құлағына кіріп, жүрегіне ұялап, жан дүниесін шымырлатып, көкірегіне сәуле түсіретін тіл болуы қажет. Тілді әдемі жаза білу бар, сөйлей білу бар. Сонымен қатар оны халыққа жеткізе білу бар. Сол тілді халыққа әдемі, мәнерлі, сазды жеткізе білу үшін сахна тілі ауадай қажет. Өйткені драмадағы ең бастысы, ең шешушісі, ең негізгісі – тіл. Профессор Маман Байсерке­ұлына жүгінсек: «Сахна тілі» пәні – орфоэпия заңдылықтарын, оның ішінде: артикуляция, дикция, дем, тыныс, үн, өлшем-екпін, әуен-ырғақ, пластикалық саласы бойынша ым мен ишарат заңдылықтарын зерт­тейді, яғни тіл техникасының сиқыр сыры мен тылсым құпиясына зер салады. Әсіресе сөз сөйлеу қарым-қатынасына қатысты вербалды тәсілдер мен пластикаға қатысты бейвербалды амалдардың үндестік тауып, өнерпаздың көркемдік тұлғасына ұя басуы – күрделі процесс. Ол жалаң сөзді жалаулатып майын тамыза лепіру, айтар ойыңды баяндаумен шектелу емес, сахнаға аяқ салған кейіпкеріңнің ішкі рухани байлығы мен сыртқы бейнелік болмысының құрыштай берік үйлесімін тұлғалау. Яғни, егіз процесс – жан мен тәннің үндестік сәтін үйлестіру. Қайталап айтсақ, бұл кез келген ұстаз үшін жүйке жұқартатын азабы мол процесс. Көп жағдайда шәкіртіңнің сөзі мен қимылы қиюласпай жататын кездері жиі болып тұрады. Сөзден – мінез, мінезден – кейіп­кер бейнесін сомдау сатысына кейде санасы, кейде шамасы жетпей жатады. Мұндай жағдайда тіл техникасы мен дене техникасын жымдастыра білетін білгірлік пен зергерлік қажет. Аталмыш егіз процесс К.С.Станиславский іргесін қалаған «кейіпкержандылық мектебінің» көкейкесті кредосы еді десек, Дариғаның сол мектептің кәусар бұлағынан сусындағанын айта кеткеніміз орынды болмақ.
Осы саладағы тәжірибесі мен көкейге түйгендерін профессор Дариға Тұранқұлқызы «Сахна тілі» 1-том, «Көркем сөз оқу шеберлігі» 2-том, «Сырлы сөз – сахна сәні» 3-том, «Сахна тілі» 4 том «Білім» баспасынан 4-томдық жоғары оқу орындары театр өнері факультет­терінің студент­теріне арналған оқу құралын шығарып отыр. Бұл еңбектерде қазақ театрындағы тіл өнерінің тууы мен қалыптасуына, толыққанды шолу жасалып, қазіргі сахна тілінің түйінді мәселелері, дикция, тыныс, дауыс пен жұмыс істеудің әдіс-тәсілдері, қара сөзбен және өлеңмен жазылған қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармаларын сахна тіліне негіздеп қолданудың ерекшеліктері жайында сөз болады. Көптомдық оқу құралдары мектеп мұғалімдеріне, теледидар, радио дикторларына журналистерге хабар жүргізушілерге де аса пайдалы. Автор дыбыстаудың ережелері мен тыныс алудың жолдары, дауыстаудың дұрыс бағыт­талуы, драмалық актер дауысының диапозонын түзету, сигматизмді түзету және ең бастысы тіл мәдениеті мен тазалығын сақтауды нақты мысалдар негізінде терең түсіндіреді. Бұл еңбектер әрі теориялық және тәжірибелік оқулық, әрі хрестоматиялық жинақтар десе де болғандай. Шетелдік классиктерден Шекспир, Мольер, Даниэл Дефо Пушкин, Лермонтов, Гоголь, Горький, Шолохов, Распутин, т.б. шығармалары мысалға келтірілсе, көне қазақ дәуірінен Асан қайғы, Қазтуған, Доспамбет, Ақтанберді, Шалкиіз, Тәт­тіқара, Жиенбет, Марқасқа, Бұқар жырау, Ақтайлақ, Сүйінбай, Жамбыл, Махамбет шығармалары мысалға алынады. Ал, Абайдан бастаған қазақ жазба әдебиетінің өкілдерінен Шәкәрімнің, Ахмет­тің, Жүсіпбектің, Мағжанның, Ілиястың, Сәкеннің, Бейімбет­тің, Мұхтардың, Ғабит, Сәбит, Қасымның еңбектері кеңінен насихат­талады. М.Мақатаев, Т.Айбергенов, Ф.Оңғарсынова, Қ.Мырзалиев, Т.Молдағалиев, Қ.Мұқашев, Ө.Тұрманжанов, Ш.Смаханұлы, С.Жүнісов, Д.Исабеков, І.Есенберлин, Б.Тілегенов, М.Қаратаев, Ш.Мұртаза, С.Елубай, Р.Ниязбеков, И.Оразбаев, И.Сапарбаев, Т.Медетбек, Т.Рахимов, Н.Оразалин, З. Шүкіров, А.Бақтыгереева, Н.Шәкенов, С.Асанов, Е.Дүйсенбаев, Ж.Әбдірашев, К.Мырзабеков, Ғ.Жандыбаев, К.Ахметова, М.Айтқожина, Н.Айтов, Ж.Бөдеш, Ж.Ерманов, Е.Раушанов, Ұ.Есдәулет, Қ.Бегманов, Б.Шарахымбай, Б.Қарабеков, Ғ.Құлахметов, Қ.Аманжолов, Ө.Мұқаев, Б.Серікбаев, Г.Салықбаева, Қ.Әлімбеков, Б.Үсенов, т.б. ақын-жазушылардың таңдаулы еңбектері сахнаға лайықталып ұсынылады.
Профессор Дариға Тұранқұлқызы қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Ол – Ш.Құдайбердиев, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин мүшел тойларына арналған, телехабарлардың авторы. ЮНЕСКО деңгейінде атап өтілген ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойында республика сарайының сахнасында Абай шығармаларынан көркемдік деңгейі жоғары композицияны әзірледі. Көптеген ақын-жазушылардың шығармашылық кештерін өткізуге атсалысты. Ол – Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері.
Дариға апайдың ұйымдастыру­шылық қабілеті ерекше . 1998 жылы Семей қаласынан «Дариға-ай» ат­ты жастар театрын ашып, тағы бір өнер отауын қатарға қосты. Аталмыш театр өткен жылы жазушы-драматург Д.Исабековтың мерейтойына арналған фестиваліне қатысып, автордың алғысына бөленді. Кілең жастардан құрылған «Дариға– ай» театры Семей жұртшылығының сүйсініп көретін өнер ордасына айналып отыр.
Бір кездерде кино өнерінде де бағын сынап «Өзбекфильм» түсірген «Сүйінші», «Қазақфильм» түсірген «Алпамыс мектепке бара жатыр» фильмдерінде өз бейнесін қалдырды.
Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Дариға Тұранқұлқызының басты қыры – оның ұстаздығы. Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясы құрылғаннан бері табан аудармай сахна тілінің қыры мен сырын үйретуден, тәлім беруден жалыққан емес. Қазіргі кезде еліміздің театр өнеріне атсалысып жүрген көптеген талант­ты актерлер мен актрисалар Дариға апайдың тағылымын алған. Сол тұрғыдан келгенде, кешегі қазақтың Тұмар ханым, Зарина, Домалақ ана, Мұрын ана, Гауһар ана, Жанбике Шанина, Күләш Байсейітова, Шара Жиенқұлова, Сабира Майқанова, Хадиша Бөкеева, Фарида Шәріпова, Шолпан Жандарбекова, Роза Бағланова, Әмина Өмірзақова, Бикен Римова сияқты біртуар қазақ қыздарының қатарында аты аталуға тиіс қазақ аруы – Дариға Тұранқұлқызы. Ол – Өнер академиясында академиктер Рабиға Сыздықова, Өмірзақ Айтбаевтармен кездесулер өткізіп, сахна тілінің тазалығы туралы салиқалы бас қосулардың ұйытқысы болды. Шәкірт­тері Қазақ­станның түкпір-түкпірінде театр өнерінің өрлеуіне көп үлес қосып жүр. Сондықтан да сахна тілі саңлағының қазақ театр педагогикасы мен қазақ өнеріне қосқан еңбегі зор!

Бауыржан Жақып,
ақын,
ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі,
«Құрмет», «Парасат»
ордендерінің иегері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір