Ділі мықты, діңгегі берік тұлға
22.05.2024
168
1

Маңдайында шырадай жанған қос жанары бола тұра белгілі тұлғаларға әлдекімдердің көзқарасымен қарайтын әпенділер арамызда аз емес-ау… Өмір сүрудің мұндай томағатұ­йық­тау салты, әсіресе жас адамның басында жиі болатын сияқты. Жалындаған, жалаңдаған жастар газетінде қызмет жасап жүрген бозбастау кезімде мен Әміржан Қосанов дейтін азамат­ты аса жақтырмайтынмын. Неге жақтырмаймын? Не үшін жақтырмаймын? Білмеймін. Шамасы, жақтырмауымның себебі жастар газеті мен сол уақыт­тағы Үкімет басшысы – Әкежан Қажыгелдиннің қарым-қатынасына байланысты болса керек. Ау, сонда Үкімет басшысы қайда, – біз қайда? Бірақ ұжымдық ұстаным деген болады, оның сыртында жастар газетіне ықпалды ағайлардың пәрмені бар , қысқасы, Қажыгелдинге қарадай жаумыз. Қажыгелдинмен қырбай болған соң оның қасындағы көрнекті тұлға – Әміржан мырзаға неге сыртынан жұдырық түймеске? Түйеміз, әрине.
Бір күні «Жас Алаштың» редакциясына Әміржан Қосанов келді. Иініне тобығынан түсетін аппақ кәшімір пальто іліпті. Толқынды қара бұйра шашы, қиылған мөлт қара мұрты келбет­ті жүзіне құп жарасқан бір жайсаң азамат екен. Сонадайдан көріп: «Әміржан, Әміржан», – деп сыбырласып қалдық. Әміржан бас редактор Нұртөре Жүсіптің есігін еркін ашып ішке кіріп кеткен. Содан ұзақ отырды. Іштен ұлы айқай-сүрең естілетін уақыт мөлшерінен асып барады. Неге айқай естілмесін? Бір мемлекет­тің Премьер-министрі… біз оны газет бетінде күнде сынаймыз. Ал оның баспасөз хатшысы, Министрлер кабинеті баспасөз қызметінің жетекшісі – Әміржан Қосанов өз аяғымен келіп тұрып айқайсыз қайтпайтын шығар?.. Ол заманда жастар басылымының басынан қиқу арылмайтын. Жасырып қайтеміз, газет-журналдардың редакциялары, сайт­тар қазір де айқай-боранның астында отыр. Сондай айқайды Үкімет­тің баспасөз хатшысы мен бас редактордың арасынан күтіп, құлағымызды тігіп, елеңдеп отырғанбыз. Жоқ, Әміржан мырза күліп шықты. Тіпті, бас редакторымыз біз айқай күткен «жауымыздың» соңынан ілесе шығып, әзіл айтып, шығарып салды. Біз аң-таң болып қала бердік.
…Арада жылдар өткен Қазақ­станнан Батысқа ауған саяси күштердің басы атанып, Әкежан Қажыгелдин Еуропаға ат­танған. Әкежан Мағжанұлына деген азамат­тық құрметі болар, бәлкім ,сөзден, серт­тен таймайтын қайсар мінезіне бой ұрды ма, Әміржан Қосанов оппозициялық күштердің қатарына барып қосылды. Тоқсаныншы жылдары мұндай қадамға бару саяси мансаптың жалынан ұстап үлгерген жап-жас азамат­тың қара басы үшін пайдасынан зияны басым әрекет еді.
Ауыл мектебінің албарында өсіп, жоғары оқу орнының өрісіне ұзатар білімді Жаңақазалы стансасындағы №17 қазақ орта мектебінен алған Әміржан Сағидрахманұлы екі тілге де жүйрік және қаршада­йынан жастар ұйымдарын басқарып, лауазым, қызмет жолында қарқынды өсіп келе жатқан оғлан болатын. Сондай азамат­тың «қылдан тайып», оппозияция жағына шығуы оның саяси бәсекелестері үшін «әп, бәлем, қақпанды қаптың ба?»-ның керіне келетін.
Бүгін ғой, міне, Әміржан Қосанов туралы, Қосановтың саясат ауылына «қос артып» барып қосылған күндері туралы ашық жазып отырмыз. Бұл да болса еркін Қазақ­станның, азат Қазақ­станның, Әділет­ті Қазақ­станның қоғамдық өмірімізде ірге бекіте бастауының нышаны, әйтпесе мұндай тақырыпта әңгіме айту қайда-а… әлеумет­тік желінің өзінде ештеңе дей алмай желкемізді қасып қана қоя салар едік.
Әміржан – күрделі тұлға. Оның болмысын барынша ашып көрсетіп, саясат жолындағы күрестерін шағын мақалаға сыйдырып жазу әсте мүмкін емес. Бірақ жоғарыда аңғартқанымдай, ол – жауластырудың жағынан алыс, елдестірудің шебінде жүретін азамат. «Жас Алаштың» жалды редакторымен жағаласпай, тіл табысып, редакциядан күліп шыққан Қосанов оппозициялық күштердің де басын біріктіруге ұмтылып, келелі істердің керегесін жаю жолында үлкен қайрат танытқан. Алайда саяси табан тірегі жоқ қазақ­стандық оппозиция Әміржанның «әміріне» бағынбай, сиырдың бүйрегіндей бөлшектеніп кете барды. Оны айтасыз, «демократ­тарымыз» сонау бір жылдары қандай да бір құрылтай жиын өткізіп, әлгі жиындарына Қосановты қатыстырмай да қойған. Мұндай іштарлықтан кейін Әміржан Сағидрахманұлы әріптестерін күстәналап, олардың үстінен пәле-жаланы үйіп-төккен мақалалар ұйымдастырып, саржағал басылымдарды жағалап кетсе де болар еді, бірақ ол тағы да азамат­тық биігінен түспей, еңсесін тік ұстап қалды. Ал айналасындағы біліс-таныстың, біліс-таныс қана емес, «қу төбеде туымыз, қу шұңқырда жанымыз қалсын» деп, тілек қосқан, сенімге кірген серіктердің бір-ақ күнде айнып, алдамшы кейіпке енгеніне жігіт­тің жігіті ғана шыдай алса керек.
Әміржан Қосанов жұрт­тың бәрі біледі, президент­тік сайлауға да үміткер ретінде тіркеліп, бақ-тәлейін сынап көрді. Сайлау науқаны аяқталғанша қазіргі Мемлекет басшысының саяси бәсекелесі болып табылды. Сайлау додасының көрігін қыздырды. Әйтсе де кәнігі саясаткер, мемлекет­тік қайраткер, тәуел­сіз Қазақ­станның іргетасын қалап келе жатқан тұлғалардың бірегейі саналатын Қасым-Жомарт Кемелұлынан алғашқы айналымда ұтылды. Ұтылғанын және ресми мойындады. Бұл – демократиялық елдерге тән дәстүр. Біз өркениет­ті һәм демократиялық мемлекет­тер деп танитын елдерде бір-бірімен жаға жыртысуға дейін баратын, қала берді саяси лас технологияның соңғы түрлерін пайдаланатын оппонент­тер сайлау соңында қол алысып, жеңілгені жеңгенінің жеңісін мойындайды. Демократия­ның сол дәстүрі мен талабын Қазақ­станда Әміржан Қосанов алдымен мойындады, тек біз – сайлаушылар ғана әлі күнге мойындай алмай келеміз. Сондағымыз «Қосанов сөйту керек еді, бүйту керек еді», «халықты көшеге алып шығуы керек еді» дегенге саяды.
Мен білетін Қосанов – арғы-бергіні түкпірлеп ойлайтын, ұлтын, халқын сүйетін, мемлекетшіл сая­саткер. Ендеше, Қосанов сияқты саясаткердің арзан атақ үшін ел ішін алатайдай бүлдіруі, кеу-кеулеген көптің көңілінен табыламын деп шалт қимыл, шала тірлік жасауы неғайбыл. Әйтсе де Қосанов саясат­тан мүлде қол үзіп, жұрт көзінен тайқып, бой тасалап кеткен жоқ. Ол бала кез­ден қолы жүріп үйренген қаламын сертке ұстап, саяси-экономикалық, сараптамалық мақалалар жазып келеді. Биліктің бұқараға жағатын оңды істерін қолдаудан тартынбайды, ұсынысы мен пікірін де ортаға ашық тастайды. Әміржандай саясаткер, тәжірибелі оппозиционер билікке де, халыққа да керек. Әсіресе билікке керек. Өйткені ол жер түбіне тығылып алып, көлденең сөзге ере жөнелетін көпті билікке қарсы айдап салып жатқан жоқ. Ол ұлт­тық ауқымды жайт­тардың өзін жан-жақты талдап, сараптап, дерек-дәйегін көлденең тарта отырып, ұқтырып, анық етіп жазады, анық айтады. Ділі мықты, діңгегі берік азамат.
Әбекеңмен кейінгі 4-5 жылдың ширегінде жақын білісіп, араласып кетіппіз. Мен оны «Жалын» альманағына өлеңдері жарияланған жас ақын, бард ақын ретінде ептеп білетінмін. Желке шашы иығына қарай құлаған, сол кездің өзінде замананың қалпына бағына бергісі келмейтінін байқатып суретке түскен Әміржан Қосанов дейтін азамат әлгі менің жастар газетіндегі өзіне деген көзқарасымның «быт-шытын» шығарып, көңілімнің төрінен орын тапқан. Себебі ол – жүрегіңді шат­тандырар жақсы сөзін, жігерлі сөздерін аяп қалмайтын, қолынан келетін жәрдемін жасауға ұмтылып тұратын азамат. Әміржан Сағидрахманұлының азамат­тығына айнала жұрты шәк келтіре алмаса керек.
Ол – және тура жолдан таймайтын, саясат­ты ойын деп емес, Отанға қызмет ету деп түсінетін, осы жолда ерік-жігері мен күш-қайратын сарқа жұмсауға әлеуеті жетіп-артылатын тәжірибелі саясаткер. Саясаткерлігін екінің бірі біледі.
Ол – көп оқитын, білімін үнемі жетілдіре түсуден талмайтын оқымысты. Кітапқұмар. Кітапханасы мазмұнды кітаптарға толы оқырман.
Әбекеңнің әдемі әндері мен азамат­тық, лирикалық өлеңдері жайында жазсақ, онда шығандап кетуіміз ықтимал сияқты. Сондықтан ат басын осы арадан іркейік.
Алпыс дейтін жастың жағалауына жетіп, ат суарып тұрсың, Әбеке! Бәрі де құт­ты, қайырлы болсын!

Д. ҚАСЕНҰЛЫ

ПІКІРЛЕР1
Аноним 02.06.2024 | 12:12

оқып шықтым

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір