ҚҰНДЫЗДАР ДА КӨЗ ЖАСЫНА ЕРІК БЕРЕДІ ЕКЕН…
02.04.2020
855
0

Дәнеш Ахметұлы

– Аға, әңгімеңіз басталған тұстан адамды бір жұмбақ күйге бөлейтіндей. Қарғыс тиген ана мен кепиетті кәрі құндыздың серіктесіп тау-тасты жағалаған сапарынан басталған әң­гіме желісі бірте-бірте өз құпиясына бой­лата түседі. Әуелі шығарма сюжетін ойлас­тырып алдыңыз ба, әлде идеясын ба?

– Қайсыбір өнер туындысын алып қарасақ та, мейлі ол музыка, мейлі сурет, не болмаса басқадай өнер дүниесі болсын, оның мәйегі, идеясы бұла өмірдің бойында жататыны анық. Сезіміңді селт еткізер, жанарыңды жай оғындай жасқап өтер нәрсенің  көкірегіңде аунақшып, келе-келе соқталы дүниенің өзегіне айналатыны да анық. Осындай бір жылт еткен шындық қашанда болмасын өнер дүниесінің жаратылуына негіз болады.

«Құндыздың тойы» адам мен табиғат аясындағы өзге де тіршілік иелерінің ара­сындағы бейресми байланысқа құрылған. Аталмыш әңгімеде әуелі сюжет нысанаға алынды. Шығарманың фабуласы жақсы құрылса, желісі ширақ болса, соған сай оның айтар ойы мен идеясы да  өз-өзінен қамшының өріміндей болып, жымдасып отырады.

 – Жалпы, қазақ ғұрпы мен кие, обал, сауап  ұғымдарын бөле-жарып қарау мүмкін емес. Әңгімеге арқау болған құндыз аңының ішкі қасиеті неде деп ойлайсыз?

– Иә, қазақ тұрмысында кие, қасиет, т.б. ұғымдар еркше бағаланады. Ал  мұның өзі түптеп келгенде тал бесік – табиғатты, оның аңдары мен түрлі хайуанаттарын  қор­ғау, барынша аялап, жанашырлық та­ныту болып табылады. «Иттің иесі болса, бөрінің Құдайы бар» деген де сөз бар. Сол айтпақшы, адамдар қолындағы, қорасындағы төрт түлік малына қорған болса, түз аңдары мен құстардын  да өз қор­ғаушысы, иесі бар. Ол – мүмкін, Жаратушының өзі болар.

Атамыз жарықтық: «Малдың иесінен қорықпа, киесінен қорық» дегенді жиі айтып отырушы еді. Құндыз кепиетінің де ә дегеннен көзге ұрып тұруы содан болар. «Құндыз аңының ішкі қасиеті неде?» дегенге келсек, біріншіден, бұл хайуанаттың күллі болмысы мен жанбағысының адами кейіпке тым ұқсастығы. Сол себептен бе екен, әйтеуір осы мақұлық туралы кейбір айтылған аңыздар, жұмбақ мәліметтер бала кезімізден санамызға сіңіп қалыпты.   Нәресте құндыз өмірге келсе, олар да со­ған шын пейілмен қуанады екен. Түрлі той ырымдарын жасап, шашу шашып, би билеп, шалшық су жағасын думандатып жіберетін көрінеді. Құндыз туралы оқиғаның адам жанын бірден баурап алуына мүмкін осы сәйкестіктер себеп болған шығар…

– Шығарма мазмұнында да құндыз­дар­дың адамға тән түйсікке ие екенін айта келіп, олардың өзіндік салт-жоралғысын да бейнелеп өткен екенсіз. Шығармада көрініс тапқан үрдістер, расында, құндыздар әулетіне тән дүние ме? Яғни, олардың осындай «той өткізу» барысына куә болған сәтіңіз бар ма?

– Әңгімеде құндыздардың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын бейнелеген тұстар, адалын айтқанда, ойдан шығарылмаған. Басқа емес, құндыздардың той жасап жатқанын, олардың қыз ұзатып, көрші ауылға ұбап– шұбап шеру тартып бара жатқанын өз көзімен көрген адамдар баршылық. Тіпті құндыздардың қыз ұзатып бара жатқанда, не болмаса, әлдебіреуі шетінеп кетсе, соған кішкене шұқанақ қазып, өлген құндызды жерлеу рәсімінде қаз-қатар тұрып, көз жасына ерік беріп, сыңсып жылағанын да көзі шалғандар жиі ұшырасады. Ал  мен, шынын айтсам, құндыздар тойына барған емеспін.

–  Дүние үшін көзі байланып, ағаларынан да, обал, сауаптан да жеріген Толыбай бол­мысы неге бұлай қалыптасуы мүмкін? Әрі бұл образдар арқылы қоғамның бүгінгі ахуалын бір отбасының тіршілігі арқылы бедерлеуге ұмтылғандайсыз.

– Хакім Абай өзінің даналық сөздерінің бірінде «…адам баласы анадан екі түрлі жолмен туады; бірі–  жесем, ішсем, тойсам екен деп туады, бұлар – тән құмарлары. Екіншісі – көрсем, білсем, үйренсем ек­ен деп туады, бұлар – жан құмарлары» деп адами болмыстың жаратылысының аражігін аша түседі. Толыбайлар сол қу дүниенің құлқыны үшін туғандар. Ес жиып, етегін жапқаннан бастап, Толыбайлар  әр күнін  тек дүние деп қана өткізді.  Есіл-дерті тек қана дүниеде болды. Соны ғана ойлап, соған қалай жетудің қамына кірісті. Дүниеден өзгені ойламады, әрі ойлағысы да келмеді. Расын айтқанда, дәл бүгінгі қоғамда адамгершілік, ар-ұят, ізгі сезімдерге қарағанда, ақша, байлық, тәкаппарлық, дүние  және сол дүниеге жету жолындағы баспалдақтар басты орындарда тұрады. Оған неше түрлі жаһандық келеңсіздіктерді, тек байлық және оған жетуді негіз еткен шетелдік кинолар да мұрындық болғаны даусыз…

– «…Ел адам кейпіңнен кетіп, ала қор­­жынды мойныңа салып, «аһ» деп ауыл аралап кеткенде ғана ізет көрсететін тәрізді. Ей, тұрлаусыз дүние, тұл тағдыр, не болып кетті бұл жалған…» – деген ана күбірі әңгі­менің негізгі темірқазығындай.  Жалпы, ойға тоқыған, туындыға өзек болған ой-тол­ға­ныстарын бір шығарманың бойында  тоғыстыру жазушы үшін қаншалықты күрделі болуы мүмкін?

– «Бар болса –  бере алмайтын, жоқ болса –  көре алмайтын» пендеміз ғой. Бұл тек бүгінгі ғана емес, сонау көне заман, ықылым дүниеден бермен жалғасып келе жатқан ескі дәстүр. Және уақыт бедеріне қарасақ, бұл дәстүрдің әлі де жалғаса беретін түрі бар. Неге ғана солай, не себепті осы бір қу тақым, салтаң салт жалғаса бермек, бұған жауап беру қиын. Былайша алып қарасаңыз, осынау зиянды әдеттен құтылу, адами, адамгершілік жолына түсу, барша адам баласын сүю, басқаны былай қойғанда өзіңнің ет жақындарыңды әспеттеу, оның жүрер жолына жаныңның жарығын төгу оп-оңай тәрізді. Ойша алып қарағанда, саналы жүрекпен зерделегенде бар адами болмыстың күрмеуін шешу әркімнің өз қолындағы іс секілді. Ал дүние машақаты мен байлық үшін, тіпті байлық та емес, қарапайым күнкөріс харекеті үшін күрес майданына түскенде бәрі де өзгеріп сала береді. Жаңағы адам туралы асыл ойларың, ізгі ниеттерің, білімің мен даналығың бәрі де әдіре қалды. Тірлік, байлық, оған жету жолындағы қым-қиғаш арпалыс қайта басталады. Ақылың – айран, ойың ойран болады. Осындай үрдістерді шығармаға, әсіресе жазып отырған дүниеңізге сыйғызу  –  әсте қиын нәрсе. Оның машақатын жалғыз ауыз сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

–  Әңгімеңізге көп рақмет!

Әңгімелескен Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

(Дәнеш Ахметұлының «ҚҰНДЫЗДЫҢ ТОЙЫ» атты әңгімесін мына жерден оқисыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір