Дәнеш АХМЕТҰЛЫ. ҚҰНДЫЗДЫҢ ТОЙЫ
02.04.2020
1776
0

Еңкеңдеп сай табанына қарай ұмтылды. Аяғым әлденеге шалынысып, сүрініп, жығылып қалармын, мына беткейден омақаса құласам, оңбай жан азабын шегермін деп те ойламады. Жәй жығылу былай тұрсын, бір жерім сынып майып болармын деген ой таназарына да келмеді. Екпіндей ұмтылған. Екі-үш мәрте жалп етіп, құлап та түсті. Алақанын беткейдің қатқылтым қылтанағы осып, қаны шып-шып сыртқа тепті. Дуылдап екі тізесі ашыды. Бірақ Айжарық ана осының бәрін шыбын шаққан құрлы елемеді. Қайта сол тілініп қанаған, ашып ауырған жерден жанына жұбаныш, көңіліне құпия бір қуаныш тапқан секілді. Тік беткейден бірде сүрініп, бірде сүргектеп құлап жатып, сай табанына да жеткен. Өзімен бірге құндыз-ана да діттеген жеріне жетіп еді. Бойының үлкендігі тобығынан аз ғана асатын, жүні ұйпаланған, жылтыраған тышқан көздерінің айналасын әппақ қылшық басқан, әбден сілікпесі шығып, сықпыты кеткен құндыз-ана қасындағы тілеулес жанға мойнын бұрып, «енді қайтер екен?» дегендей аңылжи қарап, бұйрық күтті. Сөйткенше болмады, серіктесі жерді бір теуіп, екі санын шапаттап-шапаттап жіберіп, содан бойына қуат құйылғандай болып, қарсы беткейге өршелене ұмтылған. Құндыз-ана серіктесінің бірде оң жағына, енді бірде сол жағына шығып, құлдыраң қақты. Тірліктен түңіліп, пәниден баз кешкен ана болса, енді еш қауіп ойламаған. Біреу өзін осы беткейден қайтсең де шығасың және шапшаң түрде шығасың дегендей аяғына оратылған бозқараған мен ақтаспаның ұшар басын уыстай ұстап, өзіне қарай шымши сілке тартып алға бет алған. Өз ойлағаны жөн болып шықты. Ана сол құламаған күйі жазық дөңестің үстіне шығып еді. Ентігіп қалғаны рас еді. Солықтай демін басты. Қатты алқынғандықтан болар, маңдайы тершіп, арқасы жіпсіп сала берді. Отыра қалғысы келіп аз тұрды да, ол ойынан тез ауытқыды. Сырттан көзі түскен әлдекім «бейшараның болары болып, бояуы сіңген екен, сайға түсіп, бетке шыққанға бола өкпесі өшкендей болып, өңі кетіп қалды» деп аяушылық білдірмесе екен деп топшылады. Кәрі құндыз да отырмапты.Тышқан көздері жылтың-жылтың етіп, жан-жағына жәутең-жәутең қарайды. Бұл шақта жасы жетпістің жетегіне іліккен ана сол тұрған қалпы аз кідірістеп, қалтайып тұрып қалған. Алапардай көкшіл орамалы бір шекесіне қарай қисайып кетіпті. Үстіне киген қоңырқай өңді, әбден кенеуі кете тозып, оңа бастаған шапанының да алды алқам-салқам. Ешбір түймесі салынбапты. Аяғына кигені де екі түрлі киім, бірі бір жерден тауып алған қыстық бәтіңке болса, екіншісі тұмсығы желініп, ақжемдене бастаған ұзын қоныш қара саптама. Өңінен тіршілікке деген ешбір қызығушылық, үміт байқалмайды. Аялы қоңыр көздерінің жақұты сөніп, жасқа шылана бастапты. Бет әлпетін тұтастай әжім айғыздаған. Жылтырап терши бастаған қоңырқай пішінінен неге болмасын тас түйін бекінгендік, тағдырдың қандай азабы болса да шыдас берер төзімділік нышаны сезіледі. Ана бойында біртүрлі асқақтық, ілуде бір кездесер өр мінез бар.

Кенет көкірегінде өзінің жан жұбанышын­дай болған жалғыз әуен қобыздап қоя берді. Талай­дан бері тыңдап келе жатқан әні ғой. Жүрек әуеніне тағы да зейін қойған. Тұла бойын балқытып, «Елім-ай» әні боздап сала берді. Ананың ерні жыбырлады. Әнді іштей қыстығып, ділмен айтты. «Қара таудың басынан көш келеді, көшкен сайын бір тайлақ бос келедіні» айнытпай қайталап келді де, одан арғысына өз жанының сөзі жоқ жылаулар сарынын қосты… 

Айжарық ана алақан астынан айналасына көз сала бастаған. Сірә, енді қайда бет аларын бағамдап алғысы келген секілді. Мезгіл тамыздың соңы, сары-ала етек күздің басы еді. Дүние өңін өзгертіп, сарғылт реңге ауыса бастапты. Бұрындары өзінің тал бесігінде жасыл желекке оранып,  бұлықсып жататын айналайын табиғат енді сол маңғаз кеспірінен айырылып, өңін бере бастаған. Дүние дидарында біртүрлі абыржу, мазасыздық бар. Биік жон, алыс шұраттағы шөптің бәрі қурап кеткен. Ермен, қызыл қурай жапырағын қаға бастапты. Балдырғанның да түсі саркідір тартып, бойы қата бастаған. Сай бойы, өзен, бұлақ маңы болмаса, өзге өңірдің бәрінің кенеуі кеткені анық еді. Айжарық ана сыртқы сулығының өңірін қаусырынды да, қалтасынан бір құлаш жіп алып белін шорт буып, байлап тастады. Оң қолын алдына қарай созып, сәл тұрды да, жіті басып жүріп кетті. Кәрі құндыз да оң аяғының тұсында бұлтың-бұлтың етіп, жолға шықты. Беткейді кесіп өтіп өзекке түскенде алдарынан үйездеген қоралы қой шықты. Демек, жақын маңда үй бар деген сөз. Ана түйсігі алдамаған екен. Шилеуітті сайды аз өрлеп жүргені сол еді, алдарынан қойшының күздік қонысы жарқ етіп көзге түскен. Екі мұңдар солай қарай аяңдаған. Күн бүгін өзгеше ыстық. Сондықтан болар үй маңында ойнаған бала, андыздай жайылған мал көзге түспеді. Бәрі де көлеңке қуып кетсе керек. Есік алдына тақалғанда ғана қойшының қос иті қара көрсеткен. Бірақ үрмеді. Тосын екі жолаушыға сұқтана бір қарады да, үй айналып кетті. – Айжарық, келе ғой жарығым, келе бер, – деді осы кезде, үйден шыққан егде тартқан, мосқал әйел дауыстай тіл қатып, – қайдан жүрсің, неғып жүрсің, күнім-ай, келе берші.

Ана өзіне таныс тілеулес әйелдің сөзін айқын естіген. Әйткенмен ләм деп жақ ашпады. Өңін жылытып, ризашылық пейіл танытқаны болмаса, сөзге келмеген. Тілеулес әйел тағы бәйек болды.

– Үйге кір, – деп құрақ ұшты, – үйге кірсеңші. Осы маңның бәрін өзіңдікіндей көр де, аршындай басып жүре бер. Үй де, төр де сенікі. Қайран Айжарық-ай, кеше қандай едің, ал бүгінгі сықпытыңа болайын, – деп есіне әлденелер түсіп, өз-өзінен көңілі босап, күңіреніп кетті: – Әй, қарғыс атқыр қу дүние-ай. Сені осы күйге жеткізген сол түбің түскір дүние боқ қой. Жасыңа жетпей желкең қиылғыр ортаншы ұлың Толыбай ғой. Сорыңа біткен сол Толыбай саған бала емес, пәле болып жабысып, тұқымыңды тұздай құртқан жоқ па?! Құдай бар болса, оған да бір зауал бар шығар…

Әйел сол самбырлап сөйлеген күйі Айжарықтың қасына келген. Қасына келгенде жүргінші әйелдің қарсылық танытқанына қарамай мойнынан құшақтап, бетінен сүйіп, кеудесіне басқан. Айжарық ана оның құшағында аз тұрды да, бұлқынып қап, босанып шықты. Ақырын ғана кеудесінен итерді. Тілеулес әйел тағы да қиыла қол созып, оң пейіл танытты:

– Үйге кір, – деп қолқа салды, – үйге кір­ші, жарқыным. Түскі ас та дайын еді. Ең бол­маса, аяғыңды суытып, аз кідіріп, жан тыныштығын алсаңшы. Керек болса, қонып та кет. Қонағым бол, жүр үйге кір.

Әйткенмен Айжарық ана тұрған орнынан міз бақпаған. Керек десе, бір ауыз сөз тіл қат­паған. Состиып тұрды да қойды.

– Түскі асыңды қайда ішесің? – деді тағы да ізет танытып, – үйге кірмесең, осында әкелсем қалай болады? Жарайды, жақсы, мен ас әкелейін.

Тілеулес әйел осыны айтып, аяғын тез-тез басып, үйге кіріп, сәлден соң табақ толы ет, жаңа піскен жұмсақ нан, өзге де кәделі ас мәзірін алып тасқа шыққанда, Айжарық ана әудем жерде, қой қораға таяу ашық алаңқайда малдас құрып отыр екен. Бір жағына кәрі құндыз жайғасыпты. Жанашыр әйел солай қарай беттеген…

Кәрі құндыз бен Айжарық ана оқиғасы бұл маңға көптен бері таныс. Екеуінің де басынан өткен тіршілік теперішін, тағдыр соқпағын еңбектеген бала мен еңкейген кәріге дейін тегіс біледі. Біледі де, жаны ашиды, бас шайқайды, іштей күйінеді. Ал кәрі құндыз бен Айжарық ананың бармайтын жері жоқ. Бұл атырапты түгел адақтап шықты десе де болады. «Ел қайда көшеді, суды қайдан ішеді?» деп бас қатырмайды. Көңілі ауған жаққа бөгелмей тарта береді. Ең жақсысы, қайда барса да жолы ашық, алдарынан тек қана жанашыр, тілеулес жандар кезігеді. Барған үйінің төрі де, ең бір таңсық, жұмсақ асы да солардыкі. Қарғыс тиген ана мен кепиетті кәрі құндызды көргенде кім де болмасын тәубесіне келіп, аяғының ұшынан басады. Қоғадай жапырыла алдарынан шығып, барын аузына тосып, қошеметпен шығарып салады. Болмаса, жағдай қиын, өзгесін былай қойғанда құндыз-ананың кәріне ілігуі мүмкін. Кәрі құндыздың киесіне ұрынбасын деңіз, ал құндыздар әулетінің қаһарына бір іліксе, ар жағы не боларын, бір Жаратушының өзі ғана біледі…

Ас ішіп, әлденіп алған қос серіктес тағы да жолға шыққан. «Бұл не деген құрмет?» – деп іштей күбірлеп тебіренді ана, – терезесі тең тіршілік етсең, ешкім де сені құрметтемейді. Құрметтеу былай тұрсын, назарын да салмайды. «Бар болса бере алмайтын, жоқ болса көре алмайтын» ағайын ит таласпен күнін өткізеді. Ал өзгеден оқ бойы ұзап, сәл жетілдің – бітті, өсек сөздің өзегіне айналасың. Бай болсаң да бір қорлық бар. Ал тең бәсекелес тірлік етсең, оның жөні бір басқа. Алдына шықсаң тістеп, артына шықсаң тебетін кикілжіңмен күнің өтеді. Кедей болғаның – қор болғаның. Ал мүсәпір, тіпті қаңғыған қайыршы болсаң ғана жағады екенсің бұл елге. Сонда өзгенің сыйына, әспеттеуіне ие болу үшін дүниенің бәрінен баз кешіп, бүкіл үрім– бұтағынан, ет жақын жанашырларынан, қала берді дүние-мүліктен де жұрдай болып, үйсіз-күйсіз тен­тіреп, тұлдыр жетімек болу керек пе? Меніңше, солай секілді. Ел адам кейпіңнен кетіп, ала қоржынды мойныңа салып, «аһ» деп ауыл аралап кеткенде ғана ізет көрсететін тәрізді. Ей, тұрлаусыз дүние, тұл тағдыр, не болып кетті бұл жалған…»

Енді есіне өзінің тағдырдың қаһарына ұшы­рап, тұқымы тұздай құрыған әулеті түсті. Өз әулеті есіне түскені сол еді, байқұс ана табан асты шөгіп, шөжіп кетті. Көңілі қараңғыланып, өзі де сол қараңғы дүниенің ішіне енгендей күй кешті. «Осының бәріне Толыбай кінәлі, – деді ортаншы ұлын еске алған ана іштей ширығып, – тек сол ғана айыпты. Қайтейін, ол да бұл пәниде жоқ. Ақылым аман, есім бүтінде екі ұлым Асантай мен Досанбайға о дүниенің жақсылығын тілеуші едім, Толыбайға да соны тілеймін. Ағасы мен інісі көрген фахи дүниенің шарапатын бұл да көрсін. Ешбір ана екі дүниеде өз баласына жамандық тілемейді. Мен де сондай аналардың бірімін. Іштен шыққан шұбар жылан ғой. «Алла қайырын берсін» дегеннен өзге айтарым жоқ…»

Шіліктінің кейкеңіне көтерілгенде Ай­жа­рық ана сәл аял етіп еді. Әдеттегіше енді қайда барарын жорамалдап алғысы келген. Ойы тауға қарай өрлей тарту еді. Бірақ кәрі құндыз тышқан жанары жыпылықтап, тө­менге қарағыштай берген. Тіпті солай қарай жүрмекке айналып, сәл ұзап барып, қайтадан кері қайтып, екі-үш домалап алып, қалыпқа келген. Ана кәрі құндыздың жолын бөгегісі келмеді. Және ешқандай жағдайда алдына қарсы келіп, бөгей де алмайды. Өйткені бұл жаратылысында бірбеткей, турашыл хайуан. «Бір жаққа барам» деп бет түзеді бітті, бармай тынбайды. Бару жолында өледі, не барып тынады. Орта жолдан кері қайту, тосын жағдайларға байланысты артқа шегіну, бұқпантайлап, жол жиегінде жасырынып қалу деген құндыздар әулетінде болмайды. Екеуі төменге бет алған. Батыс жақтағы қа­ра қырқалардың етегі ұсақталып, шағын тө­­бешікке, саздауыт қамысты жылғаға ай­нал­ған. Қыс мезгілінен өзге уақыттың бәрін­де ай­нала тегіс нар қамыс пен қалың қоғаға ора­нып, қара су қаймақшып ағып жататын. Бұл ежелден келе жатқан құндыздар мекені саналатын. Кәрі құндыз бұлтың– бұлтың етіп, құйрығы бұлаңдап сол араны бетке алып еді. Құндыз-ананың бұл араға келмегеніне де біршама уақыт өткен секілді. Байқұс өзінің ескі қонысын, ата жұртын сағынып қалған түрі бар.

***

Хайуанаттардың ішінде адами тірлікке жақындары, керек десе оның кейбір сәттерін бұлжытпай қайталайтындары да бар. Солардың бірі – құндыз. Құндыз әдетте көзден таса жерлерде, көл, көлшік жағасында тірлік етеді. Бірақ солай бола тұрса да, ол өзінің күнделікті жанбағысында, кейбір салтында адами тірлікті еске түсіреді.

Құндыздардың адами тірлікке жақындығының бір белгісі – олар топтасып, ұжымдасып тірлік етеді. Белгілі бір араны басыбайлы мекен етіп алады да, сол тұста бір әулеттен тараған құндыздар қоныстанады. Және сол тұсты барынша жанын салып, қызғыштай қориды. Соңғы құндыз қалғанға дейін ақтық айқасқа түседі.

Құндыздардың адами тірлікке тағы бір бейімділігі – өздері өмір сүрген араға үйшік салады. Қандай ағаш болмасын, өткір тістерімен қыршып кесіп, құрылыс заттарын әзірлейді. Ең әдемі, келісті үйшікті әрине, әулеттің бас иесі ата құндыз бен ана құндызға арнайды. Одан кейінгі үйшіктерге жұп-жұбымен өзге құндыздар орын тебеді. Еркек, аналықтары ұрпақтарына да арнап, бөлек үйшік әзірлейді. Сөйтіп, құндыз біткен өзге аңдар секілді бей-берекет, шашыраңқы емес, белгілі бір ортада тірлік етеді.

Құндыздардың адами тірлікке, оның ішнде қазақи салтқа ұқсастығы сол, бір ата-анадан тараған құндыздар әулеті бір-бірімен ешқашан жыныстық қатынас жасамайды, бас құрап, жұбайлық кейіп танытпайды. Ержеткен құндыздар өздеріне керекті қалыңдықты өзге өңірде күн кешіп жатқан құндыздар мекенінен іздейді. Былайша айтқанда, күйеу құндызды ортаға алып, өздеріне белгілі тұстағы құндыздар мекеніне сапар шегеді. Сөйтеді де, өздері қалаған қалыңдықты өздерінің ескі салт, көне әдеті бойынша барлық жасауға тиесілі ырымдар мен жоралғыны тегіс жасап, қайтқан құстай тізіліп, бірінің артынан бірі шұбап, өз көлшіктеріне қайтады.

Осындай бір той жоралғысы осыдан үш-төрт жыл бұрын Айжарық ананың қасындағы ақ бас, кәрі құндыздың мекенінде де өтіп еді. Ол кезде бұл құндыз бүгінгіге қарағанда сәл жастау еді. Жігері жасымаған, қайраты кемімеген кемел шағы болатын. Осының алдында бірінен соң бірі қайтқан құстай қатар-қатар сап түзеген он бір баланың онын үйлендіріп, ендігі кезек соңғысына, дәл айтқанда он бірінші ұлға қалып еді. Бұл – құндыздың ең кіші ұлы, немесе сүт кенжесі болатын. Жарық жалғанды біраз жыл жалпағынан басып, көргеніне көзі толып, татқанына тояттап, дегдар тартып қалған шағы еді бұл кәрі құндыздың. Құндыз-ана бұл тойға барын сала әзірлік жасаған. Тірлігінің сарқынды қызығы, қуанышының соңғы қош-қошындай сезілген соңғы тойды өткізуге бар ынтасымен кіріскен. Кезекті құндыздар тойы тек жалғыз ананы ғана емес, осы өңірде тірлік еткен күллі құндыздар әулетін дүр сілкіндірген. Кәрі құндыз бұл тойға ерте көктемнен әзірлік жасады. Көлшіктің екі жақ қапталындағы құйтақандай-құйтақандай ұяшықтарды мекен еткен әулетіне кезек-кезек тапсырмалар беріп жатты. Біріне шөптің жас тамырларын жинауды тапсырса, өзгелеріне осы өңдес жаңа жүктемелер беріп жатты. Құндыздар әулеті қарап жатпады. Бума-бума кепкен жеміс, көгіс тартып қураған тамыр, әр қилы нәрлі шөптің қиындысын аткөпір етіп үйіп тастады. Әр ұяшықтағы құндыз өздеріне берілген тапсырманы көрген жан қуанатындай етіп, тиянақты орындады. Құндыздың кейбіреулері «Ақ шабақ», «Ақ сырға» тәрізді тек құндыздарға ғана тән дәстүрлі билерді билеумен айналысты. Сыңсып дыбыс шығарып, айнала тұрып, қол шапаттап, тұрған орнында лік– лік секіріп, өнер көрсететін тобы да бар. Өздерінен жоғары қарай, көп болса, он шақырымнан асатын көршілес құндыздар мекеніне де әлденеше рет барып, екі ауылдың арасын жол етті. Жас келінге сырға тағып, өз санаттарына қосуды қош көрді. Күйеу бала да сәті келгенде қалыңдығына екі-үш рет ұрын барып қайтқан.

Дайындық күн өткен сайын жалғасып жатты. Бас ие құндыз түрлі ырымдарға, той таралғысына, жол-жораға беретіндерін де дайындап қойды. Ақтоғаннан асқанда алдарынан бір топ құндыз шығады. Бұл – қыз ұзататын жақтың әуесқойлары. Олар да құры қол келмейді, өз мезетінде қажетіне жарайтын алуан түрлі тарту-таралғысын өздерімен бірге ала келеді. Мұндайда салмақ қыз беруші емес, қыз алушы жаққа түседі. Сол үшін де олардың тартуы мен таралғысы қарсыластарына қарағанда анағұрлым құнды, анағұрлым көп болуы тиіс. Құдаларды алғаш көргенде шашатын гүл шашу да дайын. ««Қалыңдықсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды» жол ашар жасаңдар» дегенде, құдалардың алдына сау еткізіп төге салатын кепкен қарақат пен итмұрын да әлдеқашан әзірленген. Тойдың ең бір кәделі сыйлығы жылқының жаңадан түскен жас тезегін ауыздарына қыстырған арнайы сыйлы топ та кіл дайындықтан өткен. Түрлі-түрлі би билеп, ойнақ салатын топ та арнайы сынақтан өткен. Тұжыра айтқанда кәрі құндыз той мәзірін тегіс дайындап, енді сол тойдың болар шағын күн санап, тағатсыздана күтуде еді…

Ал бар билік қашанда кәрі құндыздың құзырында екені анық. Той салтанаты қашан өтеді? Оған кімдер барады? Тойға енді тағы нендей заттар керек? Оның бәрін кәрі құндыз ғана реттейді. Әу баста немесе он баланың алғашқысы, екіншісі, үшіншісі үйленгенде өңірдегі бар құндыз тойға тегіс баратын. Ұяшықтарда тірі құндыз қалмайтын. Енді жағдай басқа. Ол кезде өңірдегі құндыздар саны жиырма-отыздан сәл ғана асса, бүгін саны екі жүзден асып жығылады. Демек, ұяшық та көп, бағалы дүние, жеңсік ас та жетіп артылады. Оның бәрін иесіз тастап кетуге болмайды. Құндыздардың ендігі бір тобы осыларды, дәл айтқанда, ата қонысты күзетіп қалуға тиіс. «Жау жар астында, бөлтірік бөрік астында» деген де бар. «Біреу тойға айналғанда, біреу қойға айналыпты» деп, бұлар түгелімен тойға кетіп қалса, әлдебір қаскүнемдердің атажұртын ойрандап, ұяшықтарды талқандап кетуі кәдік. Сол үшін де сақтық керек. Ал сақтық, бірбеткейлік, алған бетінен қайтпай, неге болмасын қасқая қарсы тұрып, өр тіршілік жасау құндыздарға ғана тән асыл қасиет…

***

Ей, баянсыз дүние, енді бәрі бекер ғой. Айжарық ана да кезінде қандай еді… «Әз аналарың қане?» десе, «міне» деп көрсететін, және көргені үшін көрімдік сұрауға тұрарлық жандардың бірі еді ғой. Күйеуі Қозыбай өмір бойы тіршілік қамытын сүйретіп өткен, аярлығы жоқ, біртоға, нәті жуас жан еді. Сол заманның адамдарына тән орталау ғана білімі болатын. Айжарықтың да білім деңгейі сол шамалас. Білімі орталау жанға не қызмет нәсіп етсін? Екеуінің де қолынан қарабайыр тіршіліктің қарапайым еңбек құралы түспеген. Қозыбай қолына кетпенін алып, егістік жағалап, арық қазса, Айжарық лапылдатып от жағып, қазан жағалады. Екеуінің Ақтерек ұжымшарында істемеген жұмысы қалмады. Егінші де болды, колхоз қоймасына күзетші де болды, ара-кідік қой да бақты, қойшы әйтеуір еңбек адамы не істеу керек болса, екеуі соның бәрін де істеді. Ойлап қараса, тірліктерінің ең бір шұрайлы тұстары, қызығы мол, шарапаты көп шақтары сол еңбекпен өткен жылдар екен. Үш ұл, төрт қыз тәрбиелеп өсірді. Құдайдың адам баласына берері де мол, ал құртайын десе оның да зауалын дайындап қояды екен. Соншама сүттей ұйып, судай тұнып тұрған жанұяны, қырсық шалғанда, бір ғана жан алатайдай бүлдіріп тынды ғой. Ол өзге емес, өздерінің өзегін жарып шыққан төл перзенттері –Толыбай еді. Толыбай үш баланың ортаншысы. Балдырған, балаң шағынан жөргегінен қағынып, құйындап өсті. Алдындағы ағасы мен өзінен кейінгі інісі кәдімгі моп-момақан ауыл балаларының бірі болғанда, бұл сол ауылға әлдеқайдан ауып барған, жат қылықты жан еді. Інісінен кейінгі төрт қыз Жайнагүл мен Сайрагүл, Айнагүл мен Майдагүл мектеп қабырғасындағы ақ бантигі желбіреген кішкентай қыздар еді. Толыбай мектеп қабырғасында жүрген кезінің өзінде бұзылды да, ақыры жазалы болып тынды. Мектептегі аты шулы балаға айналған ол төбелесі мен жымсымалығын қатар алып жүрді де, жетінші сыныпты оқып жүрген кезінде пәлеге ұшырады. Ұйымдасып бала тонағаны үшін және оны соққыға жығып, денесіне зақым келтіргені үшін балалар колониясына кете барды. Балалар колониясында үш жыл отырып қайтқанда ағасы әскери қызметін аяқтап, інісі мектепті бітіріп еді. Толыбай әскер қатарына шақырылмады. Өйткені мезгілсіз жазаланған бала әскер қатарына алынбайды екен. Сонымен Толыбай тағы екі-үш жылдай ауылда құр жүріп, бір күні аяқ астынан қалаға кетіп тынды. «Ешқайда барма, өз ауылыңда жүре бер» деп алдына шығып, ақыл айтқан, жөн сілтеген ешкім болмады. Бәрін де өзі шешті. Ата-анасы да қоғадай иіліп, бауырына басып, жол көрсеткісі келген. Алайда Толыбай оларға қиылып та қарамаған. Толыбайдың арам қол, қылмысты тірлігі қалада да жалғасып жатты. Әр неге бір соқтығып, әр ненің басын бір шалып жүрді де, ақыры аты шулы КА-ның тобына қосылды. Адам тонаумен шұғылданатын қанды қол қарақшы топ еді. Не керек, бұл саладағы тірлік репеті Толыбайға майдай жақты. Жастайынан бұзақы кейіпте өскен Толыбай аз уақыттың ішінде суырылып алға шықты. Ә дегеннен көзге түсті. Бас атаманға бірден ұнап қалған. Көпке созбай машиналы да болды. Енді ол тек адам тонаумен ғана емес, құмар ойынмен айналыса бастаған. Өстіп жүріп, пәлен мың долларға жығылып еді. Қарызды өз уақытында қайтара алмасын білген ол жанына қысым келгенде Ақтерекке бет түзеген. Қалаға бармаймын дегеніне қоймай өлердегі сөзін айтып, жалынып жатып, өзінше тірлік қып, жан бағып жүрген ағасын айтқанына көндіріп, өзімен бірге қалаға алып кетіп еді. Қалаға келген бойда ағасын өзі пәлен мың доллар төлеуге тиісті Қап тауының өкіліне кесімді жылға келісіп, жалға берген. Толыбай ағасын сырымтаға берген бойда қайтып ол араға із салмаған. Толыбайды әне келеді, міне келеді деп әр күні күтумен өткен Қап тауының өкілі енді қолындағы тұтқынды қашып кетпесін деп, есігінің алдына шынжырлап ұстап еді. Қорлыққа көнбеген Асантай ақыры қашпаққа айналған сәтінде қолға түсіп, ажал құшқан…

Кіші бауыры Досанбай қой аузынан шөп алмас жуастығымен қоса аса діндар еді. Ауылда жүрсе де басына ақ сәлде орап, үстінен ақ жамылғысын тастамаған ол өзгелерге араб елінен келген елшідей көрінетін. Аузынан Алласын тастамайтын. Сондықтан оны ауылдастары «Аллауәкбар» деп атайтын. Досанбайдың осы бір шектен шыққан имани әлемі түптеп келгенде оған аз күндік азап, аяқтап келгенде ажал болып жабысты. Жан жағына тек қана дүниенің көзімен қараған жымысқы Толыбай бауырының осы бір дінге бейімділігін аса сәтті пайдалана білді. Оған сырттай тілеулестік пиғыл танытты. Діншілдігін қолдап, өзінше жаңа бағыт бергендей болды. Тіпті кейбір сәттерде дін, имани дүние туралы толып жатқан кітаптар да әкеліп берді. Қала берді, реті келгенде қаладағы үлкен мешітке жұмалыққа апарып, басына келісті ақ сәлде ораған сүлей діндарлардың қатарына отырғызып қойды. Өз бауырын өстіп жіпсіз жетектеген ол өз дегеніне де күн санап жақындай түскендей. Оның зымиян жоспары бойынша Досанбай арнайы шартқа отырып, Сирияға дін жолындағы азаттық соғысына аттануы керек болатын. Дін жолындағы соғыс жұмаққа баратын бірден-бір төте жол деп түсінген Досанбай ақыры бауырының дегеніне көнген. Айтқанына келіскен бойда арнайы шартқа отырып, пәлен уақыт жүрмек болып, оның қарымтасына пәлен мың доллар алған. Бұл тиісті алашағының жартысы болатын. Ал қалған бөлігін белгіленген мерзім біткеннен кейін алуға келіскен. Ал қапияда өле кетсе, ол ақшаға бауыры Толыбай ие болмақ. Шарт солай жасалған. Ақыры солай болды. Досанбай Сириядағы дін жолындағы азаттық соғысына кеткеннен кейін арада екі айға жетер де жетпес уақытта оның опат болғаны белгілі болды. Енді пәлен мың доллардың талассыз иесі Толыбай еді…

Сол Толыбай бүгін сырт болмысы өзі секілді дөңкиген, шой желке қара машинаға мініп, Ақтерекке бағыт түзеген. Ақтеректе әкесінің шаруа қожалығы болушы еді. Зейнеткер Қозыбай өзіне тиесілі қарайған малын бағып, жылдағы әдетінше осы Ақтеректе отырған… Толыбайдың әр жыл сайын осы кезде күзекте отырған шаруа қожалығын бір соғып кететін әдеті. Сол ескі салт биыл да қайталанған. Бір емес, екі ұлын жер жастандырған қатігез Толыбайдан көңілі әбден қалған әке мен шеше оны ешқашан іштартып, «кел» дей қоймайтын. Алайда оны елеп, ескеріп жатқан Толыбай болмаған. Ұры иттей сумаң етіп бір тұстан шыға келеді де, апталап жатып, ішерін ішіп, жерін жеп, қалаған малын қанжығасына байлап тайып тұрады. Тіпті кейде өзі секілді ұр да жық әумесерлерін ертіп келіп, тар үйді тамаша етіп, жын ойнақ салатын да әдеті бар. Бұл жолы жанға шыққан жыландай сапар жолына жалғыз шығып еді.

***

Құндыздардың қыз ұзату тойы қашан көңілсіз өткен. Кәрі құндыздың сүт кенжесін аяқтандыру, дәлірек айтқанда, келін түсіру тойы да айта қалғандай сәтті өтіп еді. Ерте көктемнен басталған той дайындығы өз жемісін де берген. Бәрі де ана ойлағандай діттеген жерінен шықты. Ана көңілін тосын қуаныш биледі. Өз өңіріндегі құндыздар әулетіне тек қана рақмет айтып, алғыс жаудырумен болды. Сүт кенжесінің тойына өзгеше риза болып, көңілі толды.

Келін түсіру тойы Ақтоғаннан асқаннан кейін-ақ өзгеше белең алып, жанданып сала берген. Өйткені қаздай тізіліп, бірінің соңынан бірі келе жатқан бұларды қалыңдық жағының бір топ тілеулестері күтіп алып еді. Жолашар ырымы жасалған. Бір жүйе құндыз суырылып алға шығып, сау еткізіп шетеннің кепкен дәнін төге салған. Бұл келін түсіру жолында жасалған алғашқы ырым болатын. Алғашқы жоралғы сәтті шықты. Одан кейін қыз беруші топ кейін келе жатқан тобырды күтіп, аз іркілген. Кейінгі топ келіп жеткенде құндыздар саны тіптен молая түскен. Қалың топ болып, қалыңдық ауылына бет алған. Қалған ырым мен жоралғының бәрі енді қалыңдық мекенінде өтті. Түн ортасы ауа жаужапырақтан жасалған ұзын дастархан жайылды да, оған құндыздар тойының ең кәделі асы орамжапырақта сақталған жылқының жас тезегі қойылды. Жылқының тезегі қашанда құндыздар тойының бағалы заты. Жылқының тезегінсіз құндыздар ешбір той, әсіресе қыз ұзату тойын жасамайды. Кәделі астың бұл түрін олар қайсыбір көрінген құндыздарға тарата бермейді. Оны ең таңдаулы, сыйлы құндыздардың алдына ғана қояды. Жылқының тезегі тиген құндыздар өзін өзгелерден басқашарақ сезінеді. Қалыңдық жағының бас иесі бата жасалғаннан кейін ғана тезектен ауыз тиіп, оның қышқылтым дәмін сезінеді. Сол отырыста түгел жеп қойса да болады. Дегенмен құндыздар той дастарханының үстінде тезектің шетін ғана кеміріп жейді де, қалған бөлігін сақтап қояды. Араға уақыт салып барып, сағына келе тезекке назар салады. Қалған бөлігін жей отырып, осы тойды еске алады, ұзатылған қызға бақыт тілейді. Үлкен дастарханда, осындай үлкен ас үстінде үлкен бата да жасалып еді. Той қызығы тағы жел шарпыған өрттей болып, қайта құлпырып сала берген. Ендігі кезек құндыздар биіне келіп еді. Екі жақ бір-бірінен қалыспай неше алуан би биледі. Бірінің үстінен бірі секіріп те, биікке қарғып та, жата қалып домалап та би ырғағына салған. Қыз алушы жақ немесе кәрі құндыз әулеті той барысында ешбір жарыстан шет қалмады және өзіндік ойын өрнегін танытты. Осындай дырдумен біршама уақыт өтіп, енді қызды ұзатар шақ та туды. Қалыңдықтың бас иесі кәдімгі қазақтар секілді қолын жайып, аузы жыбырлап баста жасағанда өзгелері екі аяғынан тік тұрып, Жаратушыдан медет тілеген. Қыз ұзату батасы жасалғаннан кейін тойдың сипаты өзгеше белең алған. Сыңсыған созылмалы ән, өрнекті би де саябырсып, құндыздар арасын тосын көңілсіздік аралап өткендей болған. Осы кезде қалыңдықты екі жеңгесі екі жағынан қолтықтап, сары-ала жапырақтың үстімен жетелеп келе жатты. Әлгі көңілсіздік енді құндыздардың сыңсып жылар, қоштасар шағына ұласқан. Қыз жағындағы құндыз біткеннің бәрі жылап, бірінің көз жасын екіншісі сүртіп жатты. Қалыңдық та сыбызғылатып, жылап келе жатты. Қалыңдық өстіп сыңсып жылап келе жатып, құдалар шебінен де өтіп еді. Осыған дейін қапталдасып, қарасы молығып келе жатқан құндыздар тобы енді кілт ыдырап, селдіреп сала берген. Қалыңдық жақ құдалар шебінде топтасқан күйі қала берді де, келін түсірушілер бірінің артынан бірі шұбап, жыл құсындай тізіліп өз мекеніне қарай шұбап еді. Кәрі құндыз бәрін алдына салып, өзі ең артында келе жатқан…

Сәт сайын дүние шырайы өзгеріп, түн қараңғылығын алакеуім аралап, таң рауан бере бастаған шақ. Осы кезде Толыбай да бірде жолмен, бірде жолсызбен жүріп, Ақтерек қырқаларын бойлап келе жатқан. Кенет бір ойпаңнан өтіп, қоян бел шағын жонға көтерілгенде көзі әлденеге түскен. Машинасын тоқтатып, анықтап, зерделеп қарай бастаған. Әлгі қараңдаған нәрсе жәй көріністен енді қыбырлаған жәндікке айналған. Машинадан аударылып түсіп, әлгі қарайғанның қасына келген. Құндыздар екен. Бірінің артынан бірі шұбап, іркес-тіркес болып, жөңкіп келеді. «Құдай берді, – деп қуанғанынан ыршып түсті Толыбай, – «Құдай берсе, құлай береді» деген  осы. Бірінің артынан бірі қара үзбей шұбырып келеді. Тіпті қарасы үзілер емес. Қара базарда бір құндыздың терісі пәлен теңге  болғанда мынау деген қып– қызыл ақша ғой…»

Толыбай жанұшыра шапшаң қимылдап, машинасының әлдебір қуысына тығулы тұрған мылтығын алып, тапырақтай алға жүгірген. Сол тапырақтап жүгірген күйі ең алдындағы құндыздың тұсына келіп, ата бастаған. Қолындағысы көздегенін мүлт жібермейтін, сәулелі заманауи мылтық еді.  Келін түсіріп тойлап келе жатқан құндыз­дарды жайпап кетті. Бірінен соң бірін атып, бықпырт тигендей қылды. Құндыздар көз алдында үйме-жүйме болып, өліп жатты. Осы тұста құндыздар керуені сәл үзіліп қалғандай еді. Толыбай жатқан жерінен тізерлеп отыра қалып, айналасын тінте қараған. Сөйткенше болмады, үйелмендей соңғы құндыз шыға келді де, лік етіп секіріп қап, шәу– шәу етіп үріп, оқшантайдан шыққан аңшыға тұра ұм­тыл­ған. Тағы да шәу-шәу етіп үріп, бүйірлей келе қиястай қарғып еді. Кәрі құзғынның тұспалы бұл жолы жаңылмаған екен. Осып тиген оң аяғының тырнағы аңшының бір жақ жанарын ағызып түсірген.  Шәу-шәу етіп үрген дыбыстан жаны шошып, жағдайдың не болғанын пайымдай алмаған Толыбай өзіне қарай тағы секіріп келе жатқан құндызды мылтығының ұшымен қағып түсіріп, машинасына қарай бет бұрған. Машинаның артқы есігін ашты да, жайрап жатқан құндыздарды сықай толтырып, бет-аузы, омырауы қан-қан болып, әлденеге асыққан ызалы күйде ауылды бетке алған. Қатты тиген соққыдан бір шетке домалап түскен кәрі құндыз орнынан тұрып, машинаның соңынан сәл жерге дейін шоқаңдай жүгірді. Қолынан ештеңе келмес шарасыздығын айқын сезінген ол  енді шоқиып отыра қалып, тағы да шәу-шәу етіп үре бастаған…

Ортаншы ұлының өзге сұмдығын көріп, әбден зәрезап болған ана енді оның мына қияңкестігін көргенде табан асты жан азабына түсіп, шошып кетіп еді. Ұлының бет әл­пе­тін көріп бір шошынса, үйме-жүйме болып өліп жатқан құндыздарға көзі түскенде тіптен адам төзгісіз күйге түскен.

Бамдат намазын өтемекке тысқа шыққан ана өзінің не болғанын білмей естанды хәлге жеткен. Қолындағы дәрет алмақ болған қыш құмыраны жерге атып ұрды. Қыш құмыраның парша-паршасы шықты.

– Құрыдық, – деп ойбай салды ана, есік алдында жер тепкілеп, – құрыды деген осы. Біз құндыздың киесіне ұрындық. Ал құндыздың киесіне ұшыраған әулет ешқашан оңбайды. Теп-тегіс жер жастанып, қырылып тынады. Біз құрыдық…

Ана өстіп есік алдында ойбайын салғанда үй ішінде Толыбай жан азабына түсіп, дөң­бекшіп жатты. Оң көзінің ойығынан аққан қан тоқтар болмады, Ауызғы үйдің ішін қып-қызыл қан қылды.

– Апа деймін, – деп бебеуледі, – апа деймін. Жан жағымды түгелдей құндыздар қоршап алды. Шәу-шәу етіп үргені қандай жаман. Апа деймін, соларды әрмен қуып тасташы.  Екі құлағым, күллі жан дүнием құндыздың шәуілдеп үргеніне толып кеткен секілді. Апа деймін, құтқаршы мені, құндыздарды қуып тасташы. Апа…

Толыбай өстіп, күні бойы жан азабы­на түсіп айғайлап, сандырақтап жатты да,  жұл­дыз толғанда жан тәсілім етті. Есіл ананың «құрыдық» дегені айдай ақиқатқа айналды.  Толыбайдың өлімі жалғасқан үстіне жалғаса түсті. Араға апта салып ері Қозыбай мерт болса, араға тағы апта салып, өлім кезегі қыздарын шарпыды. Айжарықтың кіл жанашыры, келіні мен баласы, немересі мен ұр­пағы жылға жетер де жетпес мезгілде теп-тегіс қынадай қырылып бітіп еді. Адам былай тұрсын, қорадағы малы, иті, мысығына дейін жер жастанған. Ең соңында үйі өртеніп, қорасы күйіп кеткенде жападан жалғыз қалған  Айжарық ана қолына ақ таяғын ұстап, ел кезіп, тенеп кетіп еді.

Өстіп ел кезіп, қаңғып жүргенде Шілікті сайдың бойында кәрі құндызға жолыққан. Екеуі бірін-бірі көрген жерде шұрқырап табысты. Содан бермен де арада талай жылдар өтті. Бірақ екеуінің жұбы ажыраған емес. Бірге жортып, қатар тірлік етті. Екі мұңлық қазір де Ақтоғанның белеңінде дамылдап  еді. Айжарық ана  төменге құндызды сайға қарай беттемекке айналып, еді кәрі құндыз серіктесінің бұл беталысын ұнатпағандай пи­ғыл танытқан. Анаға тышқан көздері жыпы­лықтап, қиыла қарады. «Ол араға бар­ғым келіп тұрған жоқ, бармаймын да, – дегенді ділмен айтқандай болған, – онда мені қызықтыратын ешқандай қызық қалған жоқ. Қызықтың ауылы баяғыда көшіп кеткен. Онда бардың бітті, басыңдағы қайғы бұлты тіптен қоюлана түседі. Көретінің иесіз қалған құндыз әулетінің шұқанақтары мен үйшіктері. Бәрі де ағып түскен көздің орнындай болып, үңірейіп бос тұр. Ал менің әулетім түгелімен баяғыда сүйегі шашылып, ит пен құсқа жем болған. Маған қарағанда сен бақыттысың. Қабірстанға барған сайын күйеуіңнен тартып, ұрпағыңның, ең жақын адамдарыңның тастағы бейнесін көріп, суретінің шаңын сүртіп мауқыңды басып қаласың. Үнсіз тілдескендей болып, шеріңді тарқатасың. Ал мен де не бар, менде түк те жоқ… Сен бақыттысың, ана!»

Енді кәрі құндыз «қабірстанға баралық» дегенді меңзеп, солай қарай бағыт жасағандай болған. Алайда оның бұл ұсынысын ана жаратпады. «Менің де сол қабірстанға бүгін барғым келіп тұрған жоқ, – дегенді  ділмен айтып, серіктесіне ұғындырғандай болған, – сол қабір жаққа бара беру, ең жақын жан­да­рыңның басына аят оқып, дұға жасап, сурет біткеннің ауық-ауық шаңын сүрте беру қайбір жақсылық дейсің. Түңіліп біттім бұл тірліктен. Шаршадым. Ал  қалаған жаққа бару деген екеумізге сөз емес. Ақ таяқты алға сілтейміз де жортып кете береміз.  Бар­ған жеріңде көретінің сол баяғы жасанды құр­мет, жалған қолпаштау. Екеумізді көрген жан дереу тәубесіне келеді. Жеңіл көлігін алдымызға тосып, аяғының ұшынан басады. Барын беріп, байпаң қағады. Киілмеген не алуан киімдерін ұсынып, құрақ ұшады. Топқа барсақ та, тойға барсақ та, төр біздікі. «Құндыздың киесіне ұрынып қаламыз, егер құндыздың киесіне ұрынсақ біз де Айжарық ананың кебін киеміз» деп бізді көрген бойда шыбындаған жылқыдай болып, қол қусырып, құрмет көрсетеді. Әлде адамдар бірін-бірі дәл осындай кемтар, қайыршы күйге түскенде ғана сый көрсетіп, алақанына салып аяламақ па?! Тегі ештеңені де түсіне алар емеспін…»

Ана көкірегін тағы да өзінің ескі сарыны әлдилеген. «Елім-ай» әні тұншыға үн қатқандай болып, белең алып қоя беріп еді. Ананың ерні ғана жыбырлады. Әнді ділмен айтқан. «Елім-айдың» бастапқы екі жолын айна қатесіз сол күйінде қайталады да, кейінгі жолдарына ұрпағынан айырылған жаман екен, екі көзге мөлдіреп жас келеді» деп өзінің жүрекжарды кәнігі зарын қосты. Кәрі құндыз да жанарына жас тұнып, жылап тұр еді…

Бірін-бірі бақытты санаған қос мұңлық дөң басында аз ғана байыз тауып, тыншып тұрып қалып еді. Өзара сынай, барлай қарасқан. Кім білсін қайсысы бақытты екенін, әйтеуір біреуі бақытты шығар…

(Дәнеш Ахметұлымен болған сұхбатты мына жерден оқисыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір