Мемлекет­тік қолдау бизнестің дамуына мүмкіндік береді
03.06.2024
236
0

Мемлекет тарапынан сырт­тан келетін тауар ағынына тосқауылдың үлкені – отандық өндірісті қолдау, жергілікті қамтуды арт­тыру. Мемлекет­тік ынталандыру шаралары бизнестің дамуына үлкен мүмкіндік береді. Нәтижесі – қазынаға түсер салық, жұмыспен қамтылған жұрт, төлем қабілет­ті әлеумет.

Халық тұтынатын тауарлар шығаратын жеңіл өнеркәсіп, оның ішінде тігін өндірісі әлемнің көптеген елдерінде бюджет­ті құрайтын маңызды саланың бірі болып саналады. Шикізат базасы жақсы-ақ болғанымен, еліміз экономикасының кенжелеп қалған осы тұсының дамуына үлес қосып келе жатқан Glasman компаниясы – саладағы ірі өндірушілердің бірі. 1998 жылы ағайынды Хилажевтер негізін қалаған кәсіпорын аты айтып тұрғандай, ерлерге арналған классикалық киім түрлерін шығарады. Атап айтқанда, Glasman костюмдері мен арнайы формаларын әуе компаниялары, ұлт­тық компаниялар, коммерциялық нысандар, банктер, мейрамханалар мен күзет құрылымдары қызметкерлерінің, сондай-ақ мектеп оқушыларының үстінен көресіз. Бүгінде ведомстволық киіммен қатар, компания тігінші-шеберлерінің қолынан шыққан қазақстандықтардың жоғары талғамына сай үлгідегі сапалы киім түрлері еліміздің барлық өңірінде танымал. Glasman өнімдері елдің барлық аймағын қамтыған компанияның қырық үштен астам фирмалық дүкенінде тұтынушы назарына ұсынылып отыр. Осылайша компания ширек ғасырдан астам уақыт ішкі нарықты ерлерге арналған классикалық киім түрлерімен қамтамасыз етіп келеді.
Алматы маңындағы Талғар қаласында орналасқан өндірістік ғимарат­тар 10 мың шаршы метр аумақты алып жатқан фабрика құрылымы негізгі төрт өндіріс желісінен тұрады. Кәсіпорында 250-ден астам адам жұмыс істейді, шеберлер күніне екі мыңға тарта киім тігіп, шығарады.
Жуырда фабрикада болып, жұмыс барысымен танысқан «QazIndustry» АҚ өкілдері атап өткендей, өндірісте қатаң жұмыс тәртібі қалыптасқан. Әрбір өндірістік цех қойылған жоспарға сәйкес жұмыс істейді. Әр цехта әр жұмыс күні шығарылуға тиісті өнімнің саны көрсетілген табло орналастырылған. Кәсіпорындағы өндірістік үдеріс толығымен автомат­тандырылған. Қазіргі заманғы озық технологияларды өндіріске енгізіп, тиімді пайдаланудың арқасында өнім сапасы жоғары, еңбек өнімділігі еселі. Былтыр компания дүкен сөрелеріне 41 мыңнан астам өнім шығарған. Биыл кәсіпорын әйелдер мен ерлерге арналған спорт­тық костюмдер тігетін жаңа желіні іске қосты.
Компания директоры Анвар Хилажев­тің айтуынша, өндіріске қолбайлау болатын жайт­тың бірі – шикізат мәселесі. Бүгінде ол Түркия, Қытай және Еуропа елдерінен тасымалданады. Жіптер Германия мен Англиядан, маталар Еуропадан жеткізіледі екен. «Жеңіл өнеркәсіп секторында кадрлар тапшылығы бар. Сондықтан біз мамандарды өзіміз оқытып, өсіреміз. Мамандар біліктілігін Германияда оқыту арқылы арт­тырып отырамыз», – дейді кәсіпорын басшысы.
Кез келген кәсіпорын үшін инвестиция­ның маңызын айтып жатудың өзі артық. Өндірістік қорларды толықтыру, жаңарту, өндіріс қуатын арт­тыру, көлемін ұлғайту үшін инвестиция ауадай қажет. Онсыз құрал-жабдықтар тозып, күш-қуаты кеміген өндіріс тоқырайды. Осы рет­те қазақстандық индустрия мен экспорт орталығы «QazIndustry» АҚ отандық өнеркәсіптік өндіріс тиімдігін, жергілікті қамту мен өңделген өнім экспортын арт­тыру, инновациялық өнім үлесін ұлғайту мақсатында тауар өндірушілерді қолдап, мемлекет­тік ынталандыру шараларымен қамтып отыр. Қолдауға ие болғандардың қатарында жоғары сапалы қазақстандық бренд өнімдерін шығарып, жеңіл өнеркәсіп саласының дамуына атсалысып келе жатқан Glasman компаниясы да бар. «Біз технологиялық үдерістерді автомат­тандыруға жұмсалған шығындарымыздың бір бөлігін өтеу үшін QazIndustry-ге өтінім беріп, қолдауға ие болдық. Мемлекет­тік ынталандыру шаралары – кәсіпорындардың өсіп, өркендеуіне үлкен мүмкіндік беретін құрал деп білемін. Осы қолдаудың арқасында кәсіпкер өз шығындарының бір бөлігін өтейді және қаражат­ты өндіріс орнын одан әрі жаңғыртуға бағыт­тай алады. Бизнестің дамуына мұндай ынталандыру шараларының септігі үлкен. Сондықтан отандық бизнеске осындай қолдаулар қажет. Бұл өз кезегінде ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге және салық түсіміне жол ашады», – деді компания басшысы Анвар Хилажев.
Иә, отандық өндіріс дамып, кәсіпкерлік өркендеген жерде ортақ қазынаға түсер салық та молаяды, халықтың табысы артып, әл-ауқаты жақсара түспегі анық.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір