«Қызғалдақ — ғұмыр» жалғаса береді
30.10.2022
738
0

Астанада қазақтың талантты ақыны, ҚР Мәдениет қайраткері Марфуға Бектемірова тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды. Оны ашу салтанатына елорда басшылары, ақын-жазушылар, мемлекеттік органдардың жетекшілері, жұртшылық өкілдері қатысты.

Алқалы жиынды Астана қалалық мәслихатының хатшысы Ерлан Каналимов ашып, ақынның өмірі мен шығармашылығы жайлы жылы лебізін білдірді.
– Марфуға Бектемірова өміршең құндылықтарды өлеңдеріне арқау етіп, соңында өшпес рухани мұра қалдырды. Ақын апамыз қамшының сабындай қысқа ғұмырында елдік мәселелерге белсене араласып, өзін ұлтжанды, Отанын сүйетін, ана тілімізді қадірлейтін тұлға ретінде көрсетті. Шығармалары қазақ поэзиясының үздік туындылары қатарынан орын алды. Ол сонымен бірге проза, сатира, публицистика, музыка жанрларында да айқын қолтаңбасын қалдырды. Биыл сәуір айында Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония залында ақынды еске алуға арналған «Аққуым, менің қайдасың?» атты шығармашылық кеші өтіп, «Қызғалдақ-ғұмыр» кітабы жарық көрді. Қазақта «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген нақыл сөз бар. Бұл нақылды бәріміз есте сақтаймыз. Өзінің күш-қуаты мен білімін, өнерін туған елінің игілігіне жұмсаған Марфуға Бектемірова секілді асылдарымызды ұлықтау –біздің оларға деген шынайы құрметіміз бен ыстық ілтипатымыздың көрінісі,–деді өз сөзінде Ерлан Каналимов.
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы Әлібек Асқаров әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде Марфуғамен алты жыл бірге оқығанын, оның сабақты жақсы оқып, сол кездің өзінде балауса жырларымен көзге түсіп, кейін дарынды ақын болғанын айтты.
AMANAT партиясы Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы Берік Жәкенов: «Ақын осы үйде, өзінің алтын ұясында балаларын мәпелеп, үлгілі отбасын ұстап, жалынды, ойшыл өлеңдерін жазды. Бұл үй барлығымызға сонысымен ыстық, сонысымен қымбат. Қазақтың ақиық ақыны, жігерлі журналист Марфуға апамыздың рухы біз үшін әрқашан да асқақ, абыройы биік болып қала бермек», – деді.
Ескерткіш тақтаның ашылуына сондай-ақ ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев, Ақмола облыстық мәдениет, архив және құжаттамалар басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова, Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәулеткерей Кәпұлы, Ақын Ербол Бейілхан қатысты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір