Ізгі бастамалар жалғаса береді
23.05.2022
3608
0

Әдеби жыл қорытындысына арналған жиын еліміздің Әнұранымен басталды. Жиынды Қазақстан Жазушылар одағы басқарма Төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып кіріспе сөзбен ашты.

Б.Жақып соңғы жылдары әлемді құрсауында ұстаған пандемияға байланысты қаламгерлер жиынының былтыр онлайн түрде өткенін, әлемдік ахуалдың қазақ әдебиетіне де айтарлықтай әсері болғанын айтып өтті. Өкініштісі, соңғы бір жыл көлемінде қазақ әдебиеті өзінің 36 бірдей қабырғалы қаламгерінен айы­рылды, биыл жыл басынан бері танымал 8 жазушы өмірден өтті. Олардың қатарында Ж.Бөдешұлы, Қ.Жұмаділұлы, Н.Иманғалиұлы, Ы,Кененбай, Г.Исаева, Е.Раушанов, А.Жақсыбаев, Қ.Баянбаев, Ә.Дербісәлі, Ж.Дәуренбеков, Қ.Қуа­нышбай, Қ.Қараманұлы, С.Оразалинов, С.Нарымбетов, Ә.Сарай, Р.Ниязбек, Н.Дәутайұлы, С.Қирабаев, Ә.Табылдиев, З.Қоңырова, Ә.Нұрпейісов, Н.Кенжеғұлова, Т.Есімжанов, Ұ.Доспанбетов, Т.Құлиясов, Т.Тебегенов, Ш.Күмісбаев сияқты басқа да көрнекті тұлғалар бар. Жыл қорытындысына жиналған қаламгерлер бақилық болған әріптестерінің рухына тағзым етіп, оларды бір минуттық үнсіздікпен еске алды.
Одан кейін мінбеге көтерілген Қазақстан Жазушылар одағының басқарма Төрағасы Ұлықбек Есдәулет өткен жылы атқарылған іс-шараларға кеңінен тоқталды. Атап айтқанда, Жамбылдың 175 жылдық мерейтойына орай 30 томдық жарық көргені, ТҮРІКСОЙ-мен бірлесіп халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізілгені сөз болды. Сол сияқты, Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай, Алматы мен Талдықорғанда, туған жері – Қарасазда, сондай-ақ еліміздің барша өңірлері мен шет мемлекеттерде халықаралық ұйымдардың қатысуымен іс-шаралар ұйымдастырылды, ТҮРІКСОЙ мен Халықаралық М.Мақатаев атындағы қор ақиық ақынның 10 томдығын басып шығарды.
Өткен жылы қаламгерлердің кітаптарын жарыққа шығару ісінде де көп жұмыс атқарылды. Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Жазушылар Одағына мүше 100 қаламгердің кітаптары шығарылып, Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында аталмыш туындылардың таныстырылымы өткізілді. Бұдан бөлек, осы жоба аясында 30 жас ақын-жазушының жинақтары да жарық көрді. Төрағаның айтуынша, бұл ізгі бастама биыл да жалғасын таппақ.
Жазушылар одағының көрші мемлекеттердегі әріптестерімен де байланыстары артып келеді. Оның нақты көрінісі – халықаралық деңгейде өтіп жатқан түрлі іс-шаралар мен «Жазушылар одақтарының арасындағы әдеби-мәдени ынтымақтастық туралы» меморандумдар. Соның бірі – қырғыздармен бірлесе отырып дайындалған 30 мемлекеттің ақындарының шығармашылығын біріктірген антология. Бұл жинаққа 60-қа жуық қазақ ақындары енді. Ал ресейлік әріптестер «Тәуелсіздік әдебиеті» атты үш томдық антология әзірлеп, оған 30-ға тарта қазақ қаламгерінің шығармалары ұсынылған. Қазіргі таңда қазақ әдебиетінің өзбек тілінде жарық көретін 10 томдығы жинақталуда. Бұл топтама әдебиетіміздің ежелгі нұсқаларынан бүгінгі күнге дейінгі үздік үлгілерін қамтымақ.
Ұлықбек Есдәулет салалық министрліктермен, өңір басшыларымен тығыз байланыста жұмыс жүргізіліп, біршама маңызды жобалар қолға алынып жатқанына да тоқталды. Мысалы, ҚР Білім және ғылым министрлігіне «Мектеп оқушыларына оқуға ұсынылған 1000 аталымның» тізімі тапсырылған. Бір қуаныштысы, Қазақстан Жазушылар одағы «мемлекеттің стратегиялық серіктесі» ретінде танылып жатыр. Бұл – ҚЖО жұмысының жаңа қарқын алуына бастайтын мәртебе.
Одақ дайындаған ірі жобалардың бірі – «Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы». Бұл бағдарламаны іске асыру барысында қаламгерлер бүкіл өңірлерді аралап, аймақтар бойын­ша әдеби-танымдық кітаптар дайындайды.
Жыл соңында ҚЖО жанынан «Қазақ әдебиетінің меценаты» клубы құрылған болатын. Осы клубтың қолдауымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында «Тәуелсіздік толғауы» атты республикалық мүшәйра ұйымдастырылды. Клуб әлі де талай іс-шараларға қолдау көрсетіп, кітаптардың жарыққа шығуына жәрдемдеспек.
Жазушылар одағының ұйытқы бол­уымен биыл бірнеше мерейтойлар өткізу жоспарланған. Соның ішінде ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының және классик жазушы М.Әуезовтің мерейтойларына қатысты іс-шаралардың біразы басталып та кетті. Осы орайда, Ахмет Байтұрсынұлының Алматы қаласындағы мұражайы мемлекет қамқорлығына алынып, үлкен конференция ұйымдастырылғаны мәлім. Сонымен қатар Ұлықбек Есдәулет жақын арада «Қаралы қаңтар» жайлы жазылған шығармалардың «Алматы – жүрегімде» атты республикалық байқауы өтетінін және бұл жоба барлық әдеби жанрларды қамтитынын мәлімдеді.
Келесі кезекте жиын арнайы баяндамалармен жалғасты. Әр жанр бойынша сөз алған қаламгерлер өткен жыл бедерінде жарық көрген шығармаларды саралап, сол арқылы ел әдебиетінің бет алысын, мән-маңызын салмақтауға тырысты.
Роза РАХЫМҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір