«ЖАС ТҰЛПАРЛАР» ҚАШАНҒЫ ҚЫРШЫННАН ҚИЫЛА БЕРЕДІ?
25.08.2022
3052
0

Аралбай ақын Оңғарбекұлы жалғыз ұлы Берекеттен айырылып, қан жұтып отырған шағында замандасының көңілін бірлейін деп Қашаған ақын Күржіманұлы шаңырағына барған екен деседі. «Лебізіңді сағындым, домбыраңды қолыңа алсайшы», – депті Қашекең. Сонда Аралбай ақын ағасына мұңын шағады. Сол жырында мынадай бір жолдар бар:
«…Мен – ботасы өлген боз мая
Тұлыбына келіп аңыраған.
Мен – бір жүрген ақ қиік,
Лағын түзде қалдырып,
Орнына келіп маңыраған…
Мен – жаһанда жалғыз бәйтерек
Жағдайсыз күні жел соғып,
Жапырағы жерге төгілген.
Мен – бір тұрған ақсұңқар
Көзімнің жасы егілген…».
Сеніңіз, біздің бүгінгі хәл Аралбай ақынның қайғы-шерінен бір мысқал да кем емес…

Біз газетіміздің мамырдың 13-і күні жарық көрген №19 санында әскерге туған жерінен он екі мүшесі сап-сау аттанып, бас-аяғы он күннің ішінде сау тамтығы қалмай, сүйегі табытқа салып әкелінген сарбаз Қалбай Әлібек Саламатұлының қазасы туралы жазып, марқұм бақиға аттанған күннен бастап осы мәселенің басы-қасында жүрген ақтаулық қоғам белсендісі Бибігүл Рамазановадан сұхбат алғанбыз. Ондағы жауапты адамдардың алғашында тамақтан ұшынды дегенін, кейін, яғни 1 мамыр күні, «Қазақстан» Ұлттық арнасы арқылы мәлімдеме жасаған ҚР Қарулы күштері Бас штабы бастығының орынбасары Серік Боранбаевтың: «Қажетті сараптамалар алынды. Оқиға орнын қарағанда, құқық қорғау орындарының ресми қорытындылары бойынша, сондай-ақ мәйітке сот-медициналық сараптауды жүргізуде қаза болғанға дейін дене жарақаттары мен көгеру анықталмаған» дегенін де келтіргенбіз. Бәрімізге белгілі болғандай, 3 мамырда Бас әскери прокуратура Гвардейск гарнизонындағы сарбаз Әлібек Қалбайдың өліміне күдікті анықталғанын хабарлады. Күдікті марқұм сарбаз Әлібекпен бірге шақырылған әскери қызметкер Айболат Азаматұлы болып шықты. «Күдікті онымен бірге әскерге шақырылған сарбаз болып шықты. Ұстауға куәгердің айғақтары және зорлық-зомбылық өлім белгілері бар сот-медициналық сараптаманың нәтижелері негіз болды. Материалдар сотқа қамауға алуға бұлтартпау шарасын санкциялау үшін жіберілді. Күдіктінің іс-әрекеті адамның өліміне әкеп соққан жарғылық ережелерді бұзу ретінде сараланған (ҚР ҚК 440-бабы 4-бөлігі)», делінген хабарламада. Марқұмның өліміне қатысты алғашқы сот отырысы 23 тамызда басталды. Бұл туралы сот үкімі шыққан соң толық жазамыз.
Өткен күндерге сергек көзбен қарасақ, еліміздегі көп жағдайға адам өлімінен кейін ғана ден қоя бастайтынымызды байқаймыз. Сөзімді қате десеңіз жауап беріңізші, Тәуелсіздік алғанымызға отыз жылдан енді асса да он рет «Қаралы күн» жарияланар ма еді?..
Күпірлік болмасын, дегенмен Әлібек Қалбайдың өлімінен кейін әскердегі өлім-жітім тоқтайтын шығар деп ойлаған едік. Олай болмай шықты. Бір ай ішін­де әскер қата­рындағы 4 сар­базымыздан тағы да айырылдық. Бұл – алғаусыз күліп, армансыз ұйықтап, бейбіт күнге шүкір айтуымыздың себебі болған Қарулы күштеріміздің қатары 4 сарбазға азайды деген сөз. Бұл – 4 отбасы қайғыдан белі қайысып, шер-шеменнің шыңырауына түсіп, көзінен қара қан ағып, зар жылап отыр деген сөз. Әрі-беріден кейін, қанша ата-ана баласын әскер қатарына жіберуден қорқып қалғаны бізге беймағлұм. Қайтқан сарбаздар кімдер? Олар неше жаста, қай өңірдің тумалары? Тергеу қорытындылары мен бұған қатысты сот үкімі шыққанша нақты не себепті қайтыс болғанын тап басып айту қиын, дегенмен жауапты органдар не дейді, туыстары не дейді? Ресми БАҚ-қа сүйене отырып, тізім жасап көрелік.
Биыл 9 тамызда 2003 жылы дүниеге келген Алматы облысындағы 55/71 әскери бөлімінің сарбазы Алмас Шахимов қаруластарын құтқару кезінде мерт болған. Ведомство дерегінше, 1-жедел мақсаттағы батальонның жеке құрамы далалық жаттығуда жүргенде дауыл көтеріліп, сарбаздар орналасқан шатыр бұзыла бастаған. Осы уақытта қатардағы жауынгер А.Н.Шахимов әріптестерінің қауіпсіз орынға шығуына көмектесіп жүріп, басына шатырдың темір жақтауы тиіп, жарақат алған. Медициналық көмек көрсетілгенімен, шейіттің жаны үзіліп кеткен екен. «Жауынгер А.Н.Шахимов өзінің қаруластарын құтқару барысында жанқиярлық танытып, мерт болды. Марқұмның денесі Алматыдан Көкшетауға әскери бортпен жіберілетін болады. Жауынгердің ата-анасына заңнамаға сәйкес, 500 АЕК (1 531 500 теңге) және 80 АЕК (245 040 теңге) материалдық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ Алмас Шахимов марапатқа ұсынылады», – делінген құзырлы орган таратқан хабарламада. Марқұм Көкшетаудың тумасы еді.
2003 жылы туған ақтаулық сарбаз Нұрбек Ерғалиев 17 тамызда бақиға аттаныпты. Ол – Атыраудағы шекара қызметінің 20/16 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген. Әлеуметтік желідегі жазбаларға сүйенсек, бес сарбаз нарядтан түсіп келе жатқанда көліктері сынған. Үш сарбаз бұзылған көлікте қалып, марқұм Нұрбек пен командирі көмек сұрау үшін ұялы байланыс ұстайтын жер іздеп кеткен. Командирінің айтуынша, жолда сарбаз екеуі әлсіреп, басы айналған. «Нұрбек аяғынан жүре алмай, әлсіреп өліп қалды, ал мен жолға жетіп, аман қалдым», – депті командир. Ал ҰҚК баспасөз қызметі: «2022 жылғы 17 тамызда Атырау облысында Мемлекеттік шекара учаскелерінің бірінде қызметін өткеріп жүрген Шекара қызметінің әскери қызметшісі Нұрбек Ерғалиев қайтыс болды. Сот-медициналық сараптау нәтижесі бойынша «кенеттен болған жүрек өлімі» анықталды. Әскери қызметшінің өлімі фактісіне қатысты тергеу органдары қылмыстық іс қозғады», – деп хабарлады.
Атырау облысы Қызылқоға ауданы Миялы ауылында 2004 жылы дүние есігін ашқан Мираш Бекбол Досболұлы тамыздың 19-ы күні Жамбыл облысындағы әскери бөлімшелердің бірінде көз жұмды. Марқұмның өліміне қатысты ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің ресми сайтында ешқандай дерек жарияланбаған. Әйтсе де сарбазды ақтық сапарға шығарып салар кезде онымен бірге әскери қызметте болған сарбаздар Миялы ауылына барғанда «сарбаздың қызымен ұрсысып қалып, осындай қадамға барғанын» айтқан. Бірақ сарбаздың қызы ақпаратты жоққа шығарып, Бекболдың соңғы жазған хабарламасын оқып берді. Телефондағы хабарламада Бекбол Мираштың әркімнен бір қорқып жүргені, жан қиналысы, өмірден түңілгені айтылады.
Осы аптада, 22 тамызда, 21 жастағы мерзімді әскери қызметші Абылай Сабыров өлім құшты. Марқұм әскери борышын Батыс Қазақстан облысында өтеген. Ал Алматыдағы 36/50 әскери бөлімінде келісімшарт бойынша қызметке кіріскеніне жеті айдан асқан. Қайғылы оқиға қатардағы жауынгер Абылай Сабыров стратегиялық маңызы бар нысанды күзетіп тұрған кезде болды. Жетісу өңірінің тумасының денесі 23 тамыз күні туыстарына берілді. ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшысының орынбасары Ниязтай Әлкешев қатардағы жауынгер Макаров тапаншасынан өзіне-өзі оқ атқанын мәлімдеді. Н.Әлкешев «КТК» арнасына: «Оң қолындағы тапанша, оң жақ самайы, бәрі өзін-өзі жарақаттағанын көрсетеді. Оның жанында ешкім болған жоқ, сондықтан мен қазір ешқандай болжам мен дәлел келтіре алмаймын. Бір нәрсені айта аламын: оның өлімі әскери қызметпен байланысты емес», – деді. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер тергеу мүддесі үшін жария етілмейді.
Мұны жазу қандай ауыр болса, жазғаннан кейін әлдене деу де сондай қиын. Оқу-жаттығу жиындарында қауіпсіздік шаралары жеткілікті деңгейде неге жүргізілмеген? Жүрегі кенеттен тоқтаған сарбазды немесе қызымен ұрсысып қалғанына бола өз-өзіне қол жұмсаған сарбазды әскер қатарына шақыртпастан бұрын олардың денсаулық жағдайына, психологиялық жай-күйіне мән берілмеген бе? Жас сарбаздар отырған көлік айдалада қалай бұзылып қалады, қауіптің алдын алу мақсатында көлік жөндейтін жабдықтар мен құрылғылар, дәрі-дәрмектер ұзақ жолға аттанатын көлікте тұруға тиіс емес пе? Сарбаздарға алғашқы медициналық көмектің қалай көрсететіні үйретілмей ме? Аталған әскери бөлімдегі жауапты азаматтарға қандай шаралар қарастырылған? Сұрақ көп, жауап болмай тұрғаны болмаса…
Өкінішті әрине, бірақ әлемнің қазіргі ахуалына үңіліп, бейбітшілікті қару ғана сақтайтынына көзіміз жетті. Көз жасымыз кері ағып отырып сұрайықшы: Еліміздің әскери жүйесіне толықтай реформа керек деп ойламайсыз ба? «Жас тұлпарлар» қашанғы қыршыннан қиыла береді?..

Асылан ҚУАНЫШҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір