Асылбек Ихсан. Өнер – өмірдің көшірмесі емес
28.02.2020
326
2

Асылбек Ихсан

– Аға, «Дүңгіршек» әңгімеңіз қызық сюжетке құры­лыпты. Басталған тұстан «еркіндіктің иісін жұтуға ұмсынған талай тұмсықтың» күйіне бойлаған оқырман шығарманың тұтас желісі ит турасында өрбиді деп ойлауы мүмкін. Алай­да иттермен қатар, қала тіршілігіне сіңісуге талпынған отбасының да алаң көңілін бейнелейсіз. Шығарма идеясы қалай туды?

– Шығармаға түрткі ой кенеттен ке­ле­ді ғой. Соқыр итті консерватория мен Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының ара­сындағы шағын көшеден көрдім. Алдында адам тұрғанын сезген ит арықтан өтер жолдың астына тасталған темір құбырға кіріп кетті. Бауырын енді көтерген күшіктері де шұбырып құбырға кірді. Жас күшіктері бар соқыр ит жүрегіме қатты әсер етті. Үйден жұ­мысқа шығарда сүйек-саяқ ала шығатын болдым.

Алматы қазақтарының тоқсан пайызы – жас кезінде бала-шағасын сүйреп жүріп пәтерден пәтерге көшіп, баспаналы болғанша қиындықтың көкесін көргендер. Өз басым да үш баланы жетектеп жетім бұрышта талай телмірдім. Ол қиындыққа біз мойыған жоқпыз, бала-шағаны асырау керек, пәтер ақысын төлеу керек. Ешқандай жұмыстан қаймықпай, сенбі, жексенбі күндері вокзалға барып вагон-вагон цемент, картошка түсірдік. Қолыңа аптасына он екі, он үш рубль түседі, соған бақыттысың, мәз болып үйге тамақ алып келесің. Күйіміз жаңағы соқыр иттің күйіндей еді. Бірақ сол қиындық бізді шыңдады. Қиындық тап болса, өршелене түсетін болдық. Дүңгіршекте тұрып жатқан отбасы мен соқыр иттің ара­сында параллельдік бар. Соқыр ит ма­ған жақсы «көмектесті». Дүңгіршек тұр­ғындарының басындағы қиындықты соқыр иттің басына салдым. Әйтпесе, дүңгіршектегілердің көрген азабын қара бояумен баттастыра берсем, шығарманың көркемдігіне нұқсан келер еді…

Оқи отырыңыз!

Асылбек Ихсан. Дүңгіршек

 

– «Итшіл тіршіліктің запыранынан тасбауыр үнмен өжелене ұлып», сол түні күшіктерін алып жоқ болған соқыр ит те, енді оралмастары сезіліп, аядай дүңгіршектен де қоныс бұйырмаған отбасы да осы қоғамның бір бөл­шегі. Ал біз тек сырттай бақылаушы болуға ға­на дәрмендіміз» деген ой қылаңдайды шығарма мазмұнынан. Сіз қандай ойды көздедіңіз?

–  Білмеймін, адам ит тірлікті де көруі керек шығар. Мен одан трагедия жасағым келмейді. Біздің Парижіміз Алматы болды. Тоңдық, аш болдық бәрібір арманымызға жеттік. Құдайға шүкір, балаларымыз біз көрген қиындықты көрген жоқ. Біз қырыққа келіп баспанаға қол жеткізіп, есімізді жи­дық, уақыттың көбі жыртық-тесікті бүтін­деумен жоғалды. Балаларым университеттен кейін қайнаған өмірге араласып кетті. Талай нәрсеге қолды кеш сермесек те, ұл-қыздарым, немерелерім жетістікке жетіп жатыр. Дүңгіршекті кран көтеріп алып кеткенде кішкене қыз баланың қол созым жердегі бетон қабырғаға салып кеткен төрт бөлмелі үйдің, үй іші тола гүлдің суреттері мүмкін, ол отбасының да армандары орындалғалы жатқанының белгісі шығар… 

– Иә, дүңгіршекті мекен еткен отбасы сол тұста әлдебір құрылыс жұмыстары басталатын болғандықтан кеткен секілді. Ал соқыр иттің күшіктерімен бірге жоқ болып кетуінің себебі маңайын жат көргендігінде ме?

–  Қазір де темір контейнерлерде тұрып жатқандар бар. Телевидение, интернеттен көріп отырмыз, көбіне жылаған ана, жәудіреген балалар. Әкелері қайда?.. Менің дүңгіршегімде тұрған отбасында әке де бар, шеше де бар. Екеуі де ұрпақтары үшін тырбанып жүр. Соқыр ит те күшіктерін асырап жүр. Адам да, ит те шыбын жанын шүберекке түйіп ұрпағы үшін қолдан келгенін жасауда. (Мен сіздің сұрағыңызға жауап берем деп, өз шығармамды талдауға кіріп бара жатқан сияқтымын. Бір қызығы, жазған кезде бұндай аргументтерді ойламайсыз, түпсана өзі жетелеп отырады…)

–  Жалпы, қаламгер қауым өз туындылары арқылы айналадағы оқиғалар мен адамзаттық ахуалға қаншалықты ықпал ете алуы мүмкін деп ойлайсыз?

– Өнер – өмірдің көшірмесі емес. Суреткер өз заманының парадигмасын көркем образдар арқылы береді. Ұлттың көркемдік әлемі қорындағы мұраларды пайдалана отырып, тоқсан ауыз сөзден тобықтай көр­кем түйін түйеді. Әр халықтың өз ерекше­лігі мен құнды әдебиетінен, өнерінен жал­пы адамзатқа ортақ рухани қазына құралады. Осы қазына өзіңіз айтып отырған адамзаттық ахуалға сәулесін түсіреді. Алайда адамзат  телегей теңіз – керекті, керексіз ақпарат ағыны арасынан «Қазына аралын» талмай, танбай іздеуі керек. Бұл біздің өмір­лік мұратымыз да болуы мүмкін. Бүгінгі біздің қоғамдағы мәселе осы қазынаға қаншалықты ынтықтығымызда жатса керек.     

– Иттердің болмысы мен әрекетін си­пат­таған тұстарда, расында, сіздің де «ит психологиясының білгірі» екеніңіз аңғарылады. Жалпы, төңірегіңізге үнемі жіті көзқараспен қарап, терең мән беріп жүресіз бе?

– Ит болсын, мал болсын, сөйлейтін тілі жоқ мақұлықтарда сезім мықты дамыған ғой. Менің итім үйге келгенімде қақпа алдында күтіп отырады. Үйдегілер айтады: «Ол сіздің келетініңізді он, он бес минут бұрын сезеді», – деп. Ал адамдар «жүректің түбіне терең бойламақ» түгілі, айтқан сөзді бірден түсіне қоймайтын болып барамыз… Біз он сегіз мың ғаламдағы тіршілік иесінің бірі болғандықтан, көзге көрінетін әлемнің де, ғайып әлемнің де тілін табуға, білуге тырысуымыз керек. Сонда суреткерліктің тылсым құпиясы ашыла бастайды…

– Сіздің ойыңызша суреткердің суреткерден несі артық?

– Меніңше, біз бабалардан қалған көр­кем ойымыздың құпиясын аша алмай жүрміз. Еліміздің әр өңірінен археоло­гия­лық қазба кезінде табылып жатқан арте­фактілер бұл сөзіме дәлел. «Азия дауысы» конкурсының символы болған «Күн басты Құдай» гректердің Зевсі сияқты соғыстың пірі болып шықты. Сақ, ғұндар мәдениетінің бізге қаншалықты қатысы барына күмәнданайын десең, Пазырық, Берелден табылған дүниелер қазақтың бүгінгі күні тұтынып отырған дүниелерімен бірдей. Осылар біз үшін мұнайдан да қым­бат болуы тиіс. Суреткердің бір-бірінен артық­шылығы да сөз қолданумен шектеліп қалмай, шешендіктен жарыспай, белгілер (знак) тылсымын түсінуде жатса керек…

– Әңгімеңізге көп рақмет!

                                        Сұхбаттасқан

Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІРЛЕР2
Аноним 29.02.2020 | 12:09

Ешқандай көркемдік жоқ. Далбаса.

Аноним 29.02.2020 | 12:13

Мұндай сандырақты газетке шығарып, туынды деп әспеттейтін газет біткен, қырт газет. Деңгейі төмен түсіп кеткен. Жасы мен жаманды, көркемдік пен қалтұраны айырудан қалған. Бұған Ұлықбек бастаған алқаштар командасы, қуғынбай Дәурен қуат кінәлі. Бұған моралдық тұрғыдан жауап беру керек болады. Арам, пасық, итшілкеш біреулерді жиып қазынаның ақшасына шығатын газетті осынша қорлауға жеткізуі төзбейтін қорлық.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір