Өмір жолы, өнер жолы – талпыныс, Болмақ емес, есті адамда жан тыныш
Қайрат Сабырбаев – қаламы төселген журналист, қолтаңбасы бар ақын. Өлеңдері өмір сырларын дәл суреттейді. 1990–2000 жылдар аралығында айтыс сахнасында өнер көрсеткен ол соңғы ширек ғасырдың басым көпшілігін Бұқаралық ақпарат құралдары саласына арнады. Семей қаласындағы жергілікті телеарналар мен газеттерде тілшіліктен бас редакторлыққа дейін қызмет атқарған ол, көшбасшылық қырымен де таныла білді. Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасы (2004) және ШҚО журналистер байқауының 2006 жылғы жүлдесін иеленді. Қайраттың редакторлық кезеңінде «Ертіс өңірі» газеті 2009 жылы «Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық байқауының «Үздік басылым» номинациясын жеңіп алды.
2018 жылдан бері Семейдің облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры, ҚР мәдениет саласының үздігі. «Нартолқын» (2006), «Көз талдырған көкжиек»(2014), «Дүлділдер дүбірі» (2017) жыр жинақтары мен «Аймағының абызы» (2009) хикаят кітаптарының авторы. Топтама өлеңдері «Жыр маржаны» қазақ поэзиясының антологиясына енген. «Дүлділдер дүбірі» кітабы 5000 тираждық мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген.

Қайрат Сабырбаев
Болмыс
Құбылғанмен күйкі тірлік күндегі,
Өзгермейді уақыттың мінбері.
Осып айтпай, тосып айту дегенің,
Менің, осы, миыма бір кірмеді.
Дүр сілкінтіп заманымның дүрмегі,
Қайран жүрек қаймығуды білмеді.
Құлай сеніп, құрақ ұшып жүрсем де
Парақтары көңілімнің кірледі.
Өмір солай, қызықты да күрделі,
Аз ғұмырда аңсайды екен кім, нені?
Тілеулестің анықталар аз-көбі,
Бағың жанып бола қалсаң жүлделі.
Тамып түспей сөз түйіні тілдегі,
Беймәлім күш түртпектейді бір мені.
Шындық жайлы сөз болғанда, көбіне
Шыдамымның ұстамайды ілгегі…
Салдаурен
Разы қып жолдасты, жораны да,
Жорттым тәуір жастықтың сонарында.
Еріксем де, ентелеп, желіксем де,
Ешкімнің қалған жоқпын обалына.
Қайтып келмес кешегім оралымға,
От жүректің сеземін тоңарын да.
Сауықты кеш,
сыйлаған мауықты таң,
Салдәуренім, сағымға орандың ба?
Қызық болып бір күнім бір күнімнен,
Ілеспекке соңыңнан ұмтылып ем.
Жаңа жұрттың жандары жатырқады,
Қала бердім біртіндеп, іркілумен.
Қимастықты жасырып қас-қабаққа,
Жолың болсын деп тұрмын жас талапқа.
Салдәуреннің сап түзеп шалқар көші,
Бізді тастап барады басқа жаққа.
Арман – асу, қаншасын межеледің?
(Ерік болса келеді кезе бергің).
Желігіңе жел бермей,
Дер кезінде,
Тізгініңді жөн екен тежегенің.
Дүбір мен күбір
Көздеген жерге мезгілмен,
Жеткізем десең көшіңді,
Ада бол шалыс сезімнен,
Асықпай шығар шешімді.
Тегіс жол тегі тайғанақ,
Бұралаң жолдар ұзақтау.
Ер болсаң кәміл, иыққа
Мүмкін де емес жүк артпау.
Соқпақтан бастау алмай ма,
Түсетін жолың түпкілік.
Арман-құс, сірә, шалғайда
Қояды ұзақ күттіріп.
Кездессе жайлар кеселді,
Емдерсің өзің жараңды.
Жібермес үшін есеңді,
Болуың керек табанды.
Жараса бермес бар қылық,
Бірақ та керек ұмтылу.
Бәлкім, бір бөлек заңдылық –
Бір жығылып, бір тұру.
Қыр-сырын ептеп біле жүр,
Алдыңда толы бел-белес,
Дүбірге толы бұл өмір,
Күбірге де кенде емес…
Анықтау қиын
адамды
Арық па әлде алып па,
Бәрі де бала халыққа.
Айырғың келсе адамды,
Кісілігін парықта.
Адамның сырты – алдамшы,
Сол жағын, қалқам, толғаншы.
Жүргендер қанша дүрлігіп,
Дүниеге бола болмашы.
Желігі жүрсе жүгенсіз,
Жетесіз деп білерсіз.
Бетінде тұрмас білгені,
Сөзіне құлақ түрерсіз.
Пайымсыз аз ба пақырлар,
Таңдайы шебер тақылдар.
Бұйығы мінез бір ер бар,
Намысты жерде лапылдар.
Ұстамды, бірі – ұшқалақ,
Мақтанға көбі құштар-ақ.
Бойында болса жігері,
Кім өзін төмен ұстамақ?
Көрдік қой мәртті, сараңды,
Азамат аз ба табанды?
Бермесе сынап бұл өмір,
Анықтау қиын адамды!
…Арық па әлде алып па,
Нар болсын, тіпті нарықта.
Айналып келіп бір күні,
Сыяды бәрібір табытқа…
Қыр қазағы
Шаңын қосып бір дөң мен бір қыраттың
Мен де біраз кезінде жылқы бақтым.
Жайлаудағы жағалай қонған елден,
Көруші едім үлгісін ынтымақтың.
Өнегесі өмірлік жол ұстанған,
Ретімен әр ауыл қоныстанған.
Бар білгенін бүкпесіз жайып салар
Бір-біріне өрісте тоғысқан жан.
Табылардай сол жерден бір керегі,
Бір-біріне көршілер күнде енеді.
Шалғайдағы шаңырақ – жақынындай,
Өз үйіндей босаға іргедегі.
Дастарқаннан дәм-тұзы арылмайды,
Жасандылық пердесін жамылмайды.
Жатырқауды білмейді қыр қазағы,
Жолаушыны қонақтай қабылдайды.
Кімдер оның болмады төрінде кең,
Ет асудан ешқашан ерінбеген.
Балалары бірге ұйықтап, бір тұрады,
Егіздердей еншісі бөлінбеген.
Қонақ десе қазақтың көңілі ерен,
Жарасады, ойнайды теңіменен.
Сыйлы адамы айналып бір келгенше,
Сыбағасы тұрады желінбеген.
Бұлдамайды еңбегін, көп істесе,
Екі қайта көнбейді, келіспесе.
Сірә, тағы көңілі көншімейді,
Өзгелермен олжасын бөліспесе.
Әлдеқандай кездессе ауыр кәсіп,
Тындырады бірлесіп, қауымдасып.
Енді ғана танысқан бөтен жандар
Тез арада кетеді бауыр басып.
Малдарында өріс бір, қора бөлек,
Алаңдау жоқ мал қолды бола ма деп.
Ауызекі ақпарат қажет кезде,
Алдамайды бір-бірін, о да көмек.
Ерекше бір мереке – ерулігі,
Сонда жатыр елімнің елу жылы.
Кенелесің кіршіксіз көңілдерге,
Бір ғанибет, шынында, көру мұны.
Жарасымға қандай жан сын тағады,
Құйқылжиды қуаныш қырқадағы.
Әңгіменің төресі ақтарылып,
Әннің-дағы әсемі шырқалады.
Өткен-кеткен мұндайда түгенделіп,
Артық-ауыс жай болса шідерленіп,
Егделері ерлікті үлгі тұтып,
Отырады жастарға жігер беріп.
Барлық жағдай жалғасып жөніменен,
Шапағатта шалқиды көңіл-кемең.
Үлкендердің ұстамды ойларынан
Тұратынын байқайсың өмір неден.
Ас қайырар абызы арадағы,
Уәлі сөз – жұрттың тек қалағаны.
Бұл отырыс біткенмен, келесі бір
Отырыстың негізі қаланады.
Кезек тиіп қыз қуу, көкпарға да,
Дүбірлейді тып-тыныш жатқан дала.
Сынға түскен жүйрік ат, берен жігіт
Алмай, сірә, тұра ма топтан баға!
Ең қажеті – қимылдау қапы қалмай,
Баптап мінген ерлердің аты қандай!
Екі жақ та жан сала ентелейді,
Екпіндері көп жауды жапырардай.
Бұл ойыннан бар болса мол хабары,
Жойқын күштен әдісқой жол табады.
Мәрт жігіттің тартуы көкпар үшін –
Жуан серке тасталған ортадағы.
Жуан серке жүк болмай ақырында,
Бір жүреді әркімнің тақымында.
Қалың қауым қадалған бәсекеде
Көзге түспек жасығың, батылың да.
Ел мақтаған жігітте қыз жанары,
Көңілінде беймәлім із қалады.
Көкпаршының тілеуін тілегеннің
Өзі үйде болғанмен, түзде жаны.
…Жастайынан доданың дәмін татып
Шыңдалады осылай қыр қазағы!
Табандылық
Бұл жалғанды кедергісіз демегін,
Ешкім ашып бере алмайды себебін.
Ұғынарсың осыдан-ақ шынымен,
Қолға оңай қонбайтынын керегің.
Өмір жолы, өнер жолы – талпыныс,
Болмақ емес есті адамда жан тыныш.
Алқынуың, шарқұруың, бәрі де, –
Арманыңа деген дәйім тартылыс.
Өз жауабын табу үшін сан сұрау,
Қабілетті керек шындап қамшылау.
Жарқырамай жатса жылдам жұлдызың,
Тағдырыңа айтпа бірақ қарсы дау.
Еңбектенбей жатып кейде онша көп,
Асығамыз бәрі жылдам болса деп.
Қаншалықты бағалармыз біз оны,
Бақыт құсы аяқасты қонса кеп.
Қай қырыңмен керек болсаң қоғамға,
Жетелейді сені тура сол алға.
Жеткеніңше мақсат қойған межеге
Көңілдегі көлігіңді доғарма.
Жолы болмай қалған жандар қапалы,
Жолы болған бөркін көкке атады.
Мойындату үшін елді,
Әманда,
Табандылық сәл-пәл жетпей жатады.
Көктем көрінісі
Көрінісі көктемнің көз талдырған,
Тың құбылыс байқайсың тозған қырдан.
Табиғатқа тәнті боп таң-тамаша,
Қаншама ақын соңына сөз қалдырған.
Келбетінде талдардың тебіндеп бүр,
Бүршік болып өмірге өмір кеп тұр.
Айналаның ажары артқан сайын,
Керегесі көңілдің керілмек бір.
Бар қуатын жер төсі иіп беріп,
Бұлақ, өзен, жылғаға тиіпті ерік.
Түлегенде төңірек тоты құстай,
Қиялыңды жіберер биіктетіп.
Пейілденіп бұл шақта тас терлеген,
Тас терлеткен қуатты қастерлегем.
Найзағайға жеткізбей күн күркірі,
Өте шықты жүйріктей бас бермеген.
Құлпыратын сәт осы маңай тіптен,
Өз орнына әр өрнек қалай біткен!
Елік-көңіл елеңдеп екінтіде,
Арманына асықты талай күткен.
Гүлзарлардың көз баурап көрінісі,
Ән-жырлардың айтылар көңілдісі.
Ғашықтығын жеткізіп жанарымен,
Ұмтылады ерінге ерін ұшы…
ПІКІРЛЕР1