Қимылдың бәрі би емес, ыңылдың бәрі ән емес
Соңғы жылдардағы телеарналардан көрсетіліп, әлеуметтік желілердегі видеожазбалардан шырқалып жүрген әндердің ортақол, тіпті одан да төмен сапада екенін айтып-ақ келеміз.
Ыңырсыған әуен, түсініксіз мәтін, сақау әнші – бәрі қосыла келіп, өнердің киелі сахнасында қастерлі ән өнерін қойыртпаққа айналдырып бітті. Сөздерім дәлелді болу үшін нақты мысалдар келтіре кетейін:
«Құдай-ау, не деген көзің дәу!
Дәулерді көреміз, көзіміз – сау.
Өтсеңіз біздің көшеден,
Құмар қанар еді-ау»…
Бұл – атышулы «Азия» тобының «Дәу» атты жаңа әнінен үзінді. Ән өнерінің сал-серілері ынтық болған аруларының жанарын қарақатқа, мойылға, лағыл моншаққа, жарқыраған жұлдызға теңеп, тіпті «ботагөзім, қаракөзім, айнакөзім», – деп жатушы еді. «Азиялықтар» ата-баба дәстүрін айналып өтіп, бойжеткен көзінің өлшемін музаға айналдырған. Онда да сөз таппай, қыз жанарын неге теңерін білмей қиналса керек, әннің біссмілләсін «дәу, дәу» сөздерімен бастап, жарты минут бойы мойындарын оңға, солға ырғап, әлекке түскендері… Тыңдарман да, өздері де жалықса керек, ішіндегі бір жігіт көзілдірігін жұлып алып, көздерін бақырайтып, ән әсерін еселей түскісі келген сыңай байқатқасын барып, ән мәтіні ағыла жөнеледі. Әнде де, сөзде де, тыңдарманда да жан жоқ, сезім жоқ.
«Көзің дәу, дәу, дәу,
Сөзің дәу, дәу, дәу.
О, май гад, дәу, дәу, дәу,
Есімде қалды-ау»
Бұл – сол әннің қайырмасы. Үш минутқа жуық айтылар әннің екі минуты түгелімен «дәу» сөзін қайталауға кетеді. Арудың сұлу жанарына ынтық болу ма, әлде «Шыли дәу көзді» мазақ қылу ма, кімге де болсын осы арасы түсініксіз.
Кезінде әдемі әндерімен жүрек жаулаған топтың шығармашылық дағдарысқа түсуінің куәгері бола тұра, «бұл топ мүшелері неге мұншалықты сапасыз әндерді құлықсыз көңілмен тыңдарманға ұсынуға асықты екен? Онсыз да азан-қазан әуен толып жатқан жоқ па еді?» деген ойға тірелдік. Әні де, мәні де жоқ шалажансар дүниені жарыққа шығаруға не себеп? Топ мүшелері неге ізденбейді?
«Самая богатая элита,
Она любит пиццу «Маргарита».
Салоннан шықпайтын синьорита,
У мастера всегда забита»
Бұл – жас орындаушы Динара Әлжанның «Элита» атты жаңа әні. Әнде бір шумақ екі рет қайталанады. Ән иесінің пайымдауынша, сұлулық салонынан шықпай, қымбат көлік мініп жүрген «қуыршақ» адам элита (зиялы) болып саналады екен. Орындаушының пайымы қандай деңгейде болса, ән де сол шамада. Өкінішті-ақ.
«Инстасында – синий галочкасы,
Қолында – сушидың палочкасы.
Өзінің жүргізетін тачкасы,
Сол жүргенде біреудің русалочкасы»
«Әннің» қайырмасы осылай ыңырсиды. Алғашқы шумақтар 3-4 шумақта тағы да қайталанады. «Туындының» таныстырылымы 2 жыл бұрын өтіпті. Енді бұл «кереметке» клип түсіргелі жатыр екен. Қайран қаржы…
Жарайды, әнді де, орындаушыны да қоя тұрайық. Оны музыкалық өңдеуден өткізген Қуаныш Назаров мырзаны қандай мұқтаждық қысты екен? Ең құрығанда, «бұл ән не қазақша, не орыс тілінде жазылсын» деп өтініш айта алмағаны қалай? Қимылдың бәрі би емес, ыңылдың бәрі ән бола бермейді. Кірпияз талғампаздық қасиеттері болмаса, ән айту, оны студияда жаздыру – бекер. Бір ғана әдемі ән, талантты туындымен халыққа танымал болуды неге ұмытамыз?
Соңғы жылдары қазақ эстрадасына Ерден Жақсыбеков Ұлықпан Жолдасовтың «Жұмбақ бағым» әнімен резонанс тудырса, іле-шала оның ізін Бауыржан Ретбаев басты. Бүгінгі күні эстрада сахнасы Калифарния, Қанай (лақап аттар) секілді жаңа әншілермен толықты. Оларды әжептәуір әншілер деп айтуға болады. Десек те, ізденбесе, өнерін баптамаса, кімнің де болса орта жолда шаң қауып қалары анық.
«Менімен биле, денеңді бос ұста.
Бұл – дискотека из девяноста.
Магнитофонды барына қос та,
Ойнасын әндер из девяноста.
Алып шықтым мафон романтик,
Басымда – кепка, үстімде – адик.
Қолда – гитара, сидим на лавке,
Сегодня вечером болады пати»
Бүгінгі күннің «хитмендері» – Райым мен Артур осылай әндетіп жүр. Әндеткендері былай тұрсын, отырғаны мен тұрғаны, жүгіргені мен маңдай терін сүрткені – бәрі түгелімен хит. Әлеуметтік желіні жаулап алған батырлардың әр қимылын бейнекөрініске түсіріп, әлемжелінің арналарына салып, жасанды жұлдыздардың жарығына масайған жастар дүрліге билеп әлек. Қазір «жұлдыз» жасаудан оңай ештеңе жоқ. Сағат сайын әндерін, минут сайын өздерін әлеуметтік желіге салып, бейнекөріністерін үздіксіз айналдыра бер. Тоқтамастан ән айтсаң, камера алдында үздіксіз көлбеңдесең, сенен асқан танымал жан жоқ.
Әннің мәні мен мағынасына үңіліп жатқан кім бар? Егер Ақан Отыншиевтің әндері қазақшадан өзге тілдерге тәржімаланса, не шыққан болар еді? Ботқадан ботқа шығады. «Сенің мойныңда – менің іздерім» мәтінінің мағынасын таба алмай, кімнің де болса, басы ауырары анық.
Сұлулардың көркіне теңеу табуды қиынсынған әншілер енді оңай жол тапқан сыңайлы. Олар аруларды былай ысырып қойып, нәзікжандылардың көйлегін әнге қоса бастапты. «Қызыл көйлек», «Жылтыр көйлек», «Жасыл көйлек», «Ақ көйлек», «Аппақ көйлек», тағы да басқа көйлек түрлері эстрада әлемін шарлай бастағаны көпшілікке аян. Көйлек ауыстырудан жігіттердің де қыздардан қалыспайтынын дәлелдегісі келді ме, «Денар» тобы «Қара көйлек» кисе де, бойжеткендердің көзіне түсіп, жүректерін жаулай алатындығын аспандата шырқаған еді. Бірақ бозбалалық әрекет алысқа бармады. «Көн тартса, қалыбын табадыны» түсінген ерлер қауымы гардеробтық тақырыпқа кері айналып, қайта оралды. Әнге қосылмаған көйлек түсін табу да қиынға соқпаған секілді. «Күлгін көйлекті» әндеткен Әділет Жауғашар бұл орайда «тиімді әдіс» тауып кетіпті.
Күні-түні сахнадан түспейтін, Youtube арнасынан шықпайтын Ұланғасыр Қамидың мына бір әнін тыңдап көрейік:
«Ямахау, ямасау – мәнді еді-ау,
Біз билеген әндер-ау, керім.
Вечірдан қалмайтын, талмайтын,
таңды таңға жалғайтын,
кездер-ай дедім»…
Бір кездегі «Modern Talking» тобының атышулы «You,re My Heart» және «You,re My Soul» әндеріне әншінің жас көңілмен еліктегені болар дедік. Солай қабылдадық. Әйтсе де, «Етектен кесіп жең болмас», өзге тілді жұлып әкеліп, қазақ әніне қосу қаншалықты дұрыс болар екен? Оның үстіне, бұл сөз тіркестері өз тілінде Ю әрпінен басталады. Сөз басын Я әрпімен қазақшалау қисынсыз. Сондай-ақ түбіт иекті жас әншінің өткенді сағынып, (мәтін мағынасы солай) аҺ ұруы да сенім тудырмайды. Егер жасы келіп, өткен шағын еске алар қартамыс орындаушы болса, кім білсін, әуеніне иландыра алар ма еді? Жалпы, қазақ әндерін бойға сіңіріп алмай тұрып, шетел әндерінен демеу іздеу – дәрменсіздік. Ән шынайылықтан тууға тиіс. Жақсы ән тыңайтады, күш береді. Нашар ән тыңдасаң, көңілің налиды.
Осы шағын мақалада қазіргі эстрада әлеміндегі алабажақ келеңсіздіктерді сөз еттік. Мақсатымыз – орындаушылар мен әншілерге ой салу. Ешкімнің жолына кедергі қою, біреуге қиянат жасау ойымызда жоқ. Түсінген адам нәтиже шығарады. Ең бастысы, тыңдар құлаққа жақсы ән тусын!
Шәмшия ЖҰБАТОВА