Қыз – өмірдің шамшырағы
Қыз баланың тәрбиесі ата-анаға ғана емес бір ұлтқа сын. Ұлы бір әулеттің қамқоры болса, қыз баласы бүкіл ұлттың шырақшысы екенін әу бастан-ақ біздің бабаларымыз дәлелдеп кеткен. Сондықтан қыз баланың тәрбиесіне салғырт қарамай, басқа шаңырақтың болашақ анасы болатындықтан, бар ыждаһатпен назар аудара білуіміз қажет. Міне, осындай үлкен мақсатты ұстанған семинар-тренинг «Алматы технологиялық-қаржы және инновациялық-техникалық колледжінде» өтті.
20 жылдан астам уақыт бойы техникалық және кәсіптік білім беру саласында жас мамандарды даярлап келе жатқан оқу орны тәрбие бағытына да назардан тыс қалдырған емес.
Колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Балауса Тоқтарқызы келгелі бұл мақсаттағы іс-шарала жиілей түскені рас. «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің Алматы филиалымен меморандумға отырып, осы құжат негізінде семинар-тренингтер өткізу үстінде. Өткенде ғана жұмысқа келген жас мамандарға психологиялық қолдау көрсету мақсатында іс-шара өткізілсе, жуырда тек қыздар қауымына арналған семинар-тренинг ұйымдастырылды. Бірлестіктің Алматы филиалының басшысы Меруерт Мәулетқызы ұйымның мақсатымен таныстыра отырып жұмысты ілгерілету үшін құрылған бағыттарға, жобаларға тоқталып өтті.
Ал негізгі тақырып бойынша спикер болған психолог, коуч-тренер, филиал эксперті Айгүл Исламбекқызы қыз баласына тән бұрынғы бабалар ұстанған тәрбиенің бүгінгі жолына, бағытына тоқталды. Бүгінгі бойжеткен ертең бір ұлттың ұрпағын жалғастыратын ана болатындықтан қыз бала өзін-өзі ұстауына, болмысына баса мән беру керектігін жеткізді. Ару, қылық деген сөздерге талдау жасай отырып, алшақтап бара жатқан тәрбие негізін жіктеп берді. Ауылдан кеше ғана келген бойжеткендердің үлкен қалада қалай өзін алып жүруі керектігіне қатысты психологиялық кеңестерімен бөлісті. Қыздар тарапынан туындаған сұрақтарға тұщымды, түсінікті жауап қайтарды. Еркін форматта өткен кездесуді қорытындылаған Балауса Тоқтарқызы қонақтарға алғысын айтып, өзге ұлттар таңдай қағып қарайтындай қазақ қызы сыртқы ғана емес ішкі жан-дүниесінің сұлулығымен, мәдениеттілігімен, әдептілігімен, ибалығымен өсе берсін деген ниетін білдірді.
– Өз тәуелсіздігімізді алсақ та, заманның құбылып тұрған шағында батыстың бейәдеп әдет-ғұрпы жастарымыздың бойына сіңіп жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Егер өнегелі тәрбиенің өзегі бүгін жасалмаса, ертең ұрпағымызды тәрбиелейтін қыз балаларымыз өз ошағынан алшақтап қалмасына кім кепіл?! Сондықтан ұлттық әдет-ғұрып, салт-сана құндылықтарын сіңіре отырып, қыз балаға болашақ ана, шаңырақтың ырысы мен берекесі екенін ұғындыру аса маңызды деген оймен қйымдастырылған іс-шара еді, өз мақсатына жетті деп ойлаймын. Мұны алдағйы уақытта дәстүрге айналдырып отыру керекпіз, — деген Балауса Тоқтарқызының пікіріне біз де, қыздар да келісіп тарқастық.
ОРАЛСЕЙТ Аяулым Әзімханқызы
Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар жане
әлем тілдері университеті
Журналистика мамандығының 2-курс студенті