«ӨНЕГЕЛІ ӨМІРДІҢ» ЖАҢА КІТАБЫ
11.05.2023
3014
0

Белгілі ақын, прозаик, кинодраматург, баспагер, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бақытжан Қанапияновтың 70 жылдық мерейтойына және шығармашылық қызметінің 50 жылдығына орай «Аkadem kitap» баспасынан «Өнегелі өмір» сериясының кезекті кітабы жарық көрді. Бұл басылым – еліміздің айтулы тұлғалары, белгілі қоғам қайраткерлері, көрнекті ғалымдар, ақын-жазушылардың қызметі мен өмір жолына арналған осы серияның 225-ші шығарылымы.

Кітап беташары ретінде «Өнегелі өмір» сериясының Бас редакторы, академик Ғалымқайыр Мұтановтың алғысөзі, ақын, қоғам және мемлекет қайраткері Кәкімбек Салықов пен Қазақстанның халық жазушысы Дмитрий Снегиннің Б.Қанапиянов шығармашылығы туралы мақалалары берілген.
Кітапқа қаламгердің бірқатар төл шығармалары, соның ішінде «За хлебом», «Жалғыз ағаш», «Бақшасарай» әңгімелері, «Тіршіліктің түріктік сарындары» циклындағы Абай, Шәкәрім, Махамбет, Назым Хикмет, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Мұқағали Мақатаев поэзиясының, «Ер Тарғын» жырының ізімен жазылған, солардың жаңғырығы іспетті өлеңдері, Абай, Шоқан, І.Жансүгіров, О.Сүлейменов туралы әдеби және көсемсөздік мақалалары, топонимика мен халық ауыз әдебиеті хақындағы «Отан танудың кілті» атты зерттеу мақаласы, «Қыз Жібек» лиро-эпосы аудармасының үзіндісі, қазақ тіліне тәржімаланған өлеңдері енген. Сондай-ақ оқырмандар жинақтан автордың «Литературная газетада» жарық көрген Абай, Шәкәрім, Махамбет, М. Жұмабаев, Ш.Айтматов, Ә.Тәжібаев, Ә.Нұрпейісов, Ә.Кекілбаев, К.Тоқаев, Д.Исабеков, М. Әуезов, Н.Оразалин, Ұ. Есдәулетов, т.б. ақын-жазушылардың шығармашылығына арналған мақалаларымен таныса алады.
Кітаптың ең бір маңызды тұсы – Шота Уәлиханов, Гүлнар Дулатова, Евней Бөкетов, Камал Смайылов, Герольд Бельгер, Олжас Сүлейменов, Мұрат Әуезов, М. Симашко, Сәбетқазы Ақтаев, т.б. қоғам және қалам қайраткерлерінің, моңғол қаламгерлері Гүн Аюурзана мен Батуэнгэл Лхагвасурэнгийннің Бақытжан творчествосы жайындағы мақалалары топтастырылған бөлім. Осындағы: «…Ол өлеңді орысша жазғанымен, қазақы бейнелер жасады. Оларды түсті кілем түгіндей сан түрлі бояулармен безендіріп, тың теңеулер тапты. Белгілі бір сөздің өзін ойнатып, жаңаша түрлендіріп, мың құлпыртып жіберетіні және бар» (Шота Уәлиханов); «Бақытжанның тілі шұрайлы, сонымен қатар әр сөйлемінде, өлең жолдарында ұлттық сезім, ұлттық рух мен мұндалап тұрады» (Камал Смайылов); «Бақытжан ағаның өлеңдері – көшпенділер әлемінде жаңа тосын түрде қалыптасқан, тұрмыстық бейне мен ұлттардың ерекшелігінен, тілдердің есту қуатының деңгей шеңберінен шығып, ғаламданған дүниежүзілік поэзияның айқын мысалы» (Гүн Аюурзана) тәріздес пікірлер – ақын поэзиясына берілген лайықты баға екені даусыз.
Б. Қанапиянов – бүгінде дүниежүзіне танылған санаулы қазақ ақындарының бірі. Оның поэтикалық шығармалары әлемнің көптеген тілдеріне аударылған, алыс және жақын шетелдердің әдеби антологияларына енген. Ол Қазақстан, Ресей, Украина, Әзірбайжан, Армения, Түркия, АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Қытай, Оңтүстік Корея, Малайзия, Моңғолия, Польша, Франция, Сербия, Босния мен Герцеговина, Хорватия елдерінің баспаларынан шыққан отыздан астам поэзия және прозалық кітаптардың авторы. Мәдениет пен әдебиет саласына қосқан үлесі үшін 2021 жылы Еуропалық одақ Ғылым және өнер академиясының (Зальцбург, Австрия) құрмет медалімен марапатталып, академик атағына ие болды. Сондай-ақ ол Қырым әдебиет академиясының (Симферополь қаласы, Қырым Республикасы) академигі (2012 ж.) және Қазақстан журналистикасы академиясының академигі.
Ресейлік А.Межиров, Е.Винокуров, Л.Озеров, С.Лесневский, Ю.Богданов, В.Архипов, Н.Келейникова, ұлыбританиялық И.Фетисова-Мюллерсон, А.Шоу, П.Кан, франциялық К.Сапгир мен Т.Мариньяк, америкалық П.Оресик сынды ақын-жазушылар мен сыншы-әдебиеттанушылар кітапқа енген мақалаларында Б.Қанапиянов шығармашылығы жайлы жылы лебіз білдіріп, ақын талантының сан қырлылығына тәнті екендерін жазады. Оның француз тілінде жарық көрген «Perspective inversee» («Кері перспектива») атты өлеңдер мен поэмалар жинағының (тұсаукесері 2017 жылы ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде өтіп, оған ЮНЕСКО-ның Бас директоры Ирина Бокова қатысқан болатын) аудармашысы, ақын және прозаик Т.Мариньяк: «Бақытжан – көп қырлы ақын, ол ақын әрі инженер, фольклоршы әрі футурист. Шығармашыл тұлға ретінде поэзиядағы көне қасиетті ырғақтарды мүлтіксіз сақтай отырып, сөздің барлық күш-қуатын, реңк-бояуын жетік меңгерген қаламгер.
…Бақытжанның өлеңдерінде көнелілік пен заманауилық астасып кеткен, жауынгерлік асқақ жыр мен күні жарқырап, қылышы жарқ-жұрқ еткен Шығыстың көмейден ыңырана шыққан үні алма-кезек ауысып жатыр», – деп кәсіби пікір айтады. Бұл – шын мәнінде Б.Қанапиянов шығармашылығына берілген әділ баға.
Жинақта ақынның өмірі мен шығармашылығы жайлы сыр шертетін архивтік материалдар мен фотосуреттер де орын алған. Б.Қанапияновтың творчестволық қызметін бар қырынан қамтитын бұл кітаптың тәлім- тағылымы мол «Өнегелі өмір» сериясын лайықты тұрғыда байыта түскені сөзсіз.

Балжан ХАБДИНА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір