Асылбек Ихсан. Дүңгіршек
28.02.2020
1694
2

Асылбек Ихсан

(Әңгіме)

Навои көшесі мен Қайрат Рысқұлбеков атындағы шолақ көшенің қиылысына жа­қын­дап қалғанымда алдымда тұрған итті көр­дім. Тамыз айы орталап, ыстық әлі қайт­паса да күздің демі сезіле бастаған шақ болатын. Көңіл-күй де менің келісімімді сұрамай-ақ пернелерін қоңыр мұңға қарай  сырғытып, табиғаттың ауанына жығылып, күз әуеніне бейімделе бастаған. Көктем мен  Жаз есімді екі ісмер тоқыған қызылды-жасылды  өрмектің жүзі ауған кез. Кең дала мен тау-тасқа дейін керіп тастаған келе-келе жіптерінің арасынан арқауды жып-жып өткізіп, ағаш қылыш, қалақтарын кезек сермеген екі шебер, бірі – езуінен  ана сүті кеп­пеген балауса сұлудың толықсыған мі­незін айшықтаса, шапшаң мінез, қаны ыстық енді бірі – төсекте  керілген сұлуды таң ата самал болып өбіп, күн шыға аптап демімен шыжғырып, аңызақ болып өр­теп, ай айырлап, күн күректеп жүріп балғын буынын бекітіп, бойжеткізген еді. Сол шеберлердің бірде көл, бірде шөл мі­нез­деріне шыдап, әбден пісіп, қысқа ғұмырларында дауылды да көріп, төпелеген нөсерге де төтеп беріп; тынысты қапқан түтінге де  үйреніп, қарайған жердің бәрін жайлап алған қала шөптерінің  шырыны қоюланып, бояуы оңуға айналғаны – дәурені өтіп бара жатқанын сезген сұлудың, беттің әрі, жібектей жұмсақ тәннің көркінен айырылғысы келмей, алқымына қырық тарам торын тоқи келген кәрілікпен міндетті түрде жеңіліспен аяқталатын үмітсіз арпалысы сияқты күрес үстінде екені сезіледі. Осы аяусыз жекпе-жектің немен тынатынын ойлап, мына тоты құстың қанатындай құлпырған дүниенің ертең-ақ сары түске малынып, мұң арқаларын біліп еңсемді көтере алмай келе жаттым ба, Алатаудың ар жағында тығылып жатқан күздің талып жеткен  қоңыр үніне  ұйып  төмен қарап келе жаттым ба, әлде ол өзі аяқ астынан шыға келді ме, қалай байқамағанымды білмеймін, төрт-бес қадам жерде тұр.

Қалада ит таңсық па, көп қабатты үй­лер­дің балконында тұрған иттерді, жер үй­лер­дің шарбағынан қуыс тауып, көшедегі еркіндіктің иісін жұтып тұрған талай тұм­сық­ты көресің. Өзі қамаулы тұрған соң еркін жүргеннің бәріне ызалы, тәрбиелі ілуде біреуі болмаса, себепсізден-себепсіз ырылдайды, үріп қалады. Көше-көшеде қыдырымпазы бар, бұралқысы бар, үлкенді-кішілі болып, саяқ та, үйірімен де шұбырып жүреді. Өзім де аулада ит асырағандықтан ит көрсем, мінез-құлқын анадайдан тани­тын ит психологиясының білгірі болып ал­дым. Иттердің иесінің қандай адам екені де осындайда білінеді – текті, тәрбиелі ит­тер сенің тіл қатқаныңа  жауап беретін тілі­нің жоқтығына қиналғандай қипақтап, жәудіреп қарап қалатын. Көшенің бұралқы иттері мен тек бөтенге сес көрсету үшін ғана аулаға шынжырлап қоятын иттер әрине, бар иттігін көрсетіп бағады.

Кенет, мына иттің мен білетін иттерден бір өзгешелігі барын түйсіндім де, кідіріп қал­дым. Табаны күйіп қалғандай аяғын еппен басып, үбектейді. Тұрып-тұрып, тың тыңдағандай әлсін-әлсін мойнын ақырын ғана оң-солына кезек бұрады. Алдында адам барын сезіп тұрғаны анық, бірақ та не қашпайды, не жақындамайды, әлденені күткендей екі ұдай күйде тұр.

Тар көшеден есіріп өтетін машиналар қа­ғып кетіп есеңгіреп тұрған жоқ па екен деп те қарадым, оған ұқсамайды – жерге аунамаған, қан болмаған, үсті-басы тап-таза. Күтімдегі үй итіндей үсті-басы мұнтаздай – көмірдей қап-қара жүні жаңа ғана жуып, тарап қойғандай жылтырап тұр. Әрине, тегі дүбәра мұндай иттер кілем төсеніп жата алмайды. «Иесі жоқ» дейін десең, адам көрсе бір ырылдап қалатын, немесе анадайдан орағытып өтетін бұралқы иттердің мінезін көрсетпейді, момақан.

Жұмбақ иттің сырын біле алмаған күйде жанынан өте бердім де, «ту сырттан жасырынып келіп, үндемей тірсектен қабатын әдеті жоқ па екен» деп сескеніп қалт тоқтадым. Арықтың асфальтқа тірелген жеріне, жол астына темір құбыр тасталған еді. Жаңбыр жауған күндері тау жақтан құлаған лай су бұрқ-сарқ етіп аққан кездері ғана арыққа жан бітетін де, күн ашықта құп-құрғақ, ортан белінен келіп ұсақ тас толып, қаңсып жататын.  

Қара ит менің қозғалғанымды сезіп, бар денесімен ошарыла бұрылды, мойнын созып,  тұмсығы жиі жиырылып иіс тартып жақын келді. Сонда байқадым – ит көр соқыр екен! Шел екі көзін бірдей басыпты, жансыз сұрғылт жанарына ұзақ қарай алмай көзімді тайдырдым. Жіпсіз байланғандай сәл тұрып қалдым. Пакетімді ашып, үйге әкеле жатқан нанымнан әуелі өзім ауыз тидім де, қол басындай үзіп алып алдына тастадым. Ит тұрған орнынан шоқ басқандай шоршып түсіп, жан-жағына жалақтап, көздерін ақшаңдатып жанталас бір күйге түсті. Мұ­рынын жарып бара жатқан тамақ иісі тараған ауаны иіскелеп, бір орында шыр айналды. Ілгері ұмтылады да, алдында құрулы қақпан бардай, аяқтарын жандәрменмен тез тартып ала қояды. Құрдымның жиегінде тұрғандай денесі дір-дір етеді. Әлде аспаннан түскендей болған ырыздығына сенбей қуаныштан қалшылдай ма екен. Тандырға піскен ыстық нанның иісіне басы айналып тұрып, бір кез­де, мен жаққа қарап тың тыңдағандай, жалынышты күйде қатып қалды. Мен наннан тағы бір үзіп лақтырдым. Нанның аяғына барып соғылғанын көрдім де, ары қарай тұруға дәтім жетпей бұрыла бергенімде, сақ еткізіп қауып алғанын естідім. Анадай жерге барып артыма қарасам, қара ит шұбалаңдай басып жол астындағы темір құбырға кіріп бара жатыр екен.

Түнімен шатырды сатырлатып жаңбыр төпеді. Таңертең жұмысқа бара жатып кө­зім­мен соқыр итті іздедім. Арықтың жолға тірелген тамағына қоқыр-соқыр, бос бө­телкелер кептеліп қалыпты, лай су жол үстіне жайылып ағып жатыр екен.

Көп кешікпей біздің үйден, қазакеңнің таяқ тастам дейтін қашықтығында дүңгіршек пайда болды. Бұл, Алматыда дүңгіршек саудасының екпіні басылып, әлемді жаулауға шыққан  әлдебір әміршінің ұзақ жорықтан тыныстаған шағында асығыс тіккен шатырларындай самсаған бәкене темір үйшіктердің қонақжай қаланың төріне шығып, құдайы қонақтай еркін кіріп, жантайып жатып алған жылы орнынан қуыла бастаған кезі. Бұрыш-бұрышына атақты ойшылдар мен батыр-бағыландардың аты-жөндері жазылған даңғылдардың екі жағына жыпырлап, маңдайларындағы қызылды-жасылды айдарлары күні-түні жарқылдап, шіреніп тұрушы еді. Орталықтан қашып, қаланың шет аудандарының иір-иір көшелерінің қалтарыс тұстарына ұрлана келіп орналаса бастаған көп дүңгіршектің бірі біздің үйге қоңсы қоныпты. Аттап басқаны санаулы  қала баласының мінезімен балаларым қуанып кетті. Енді арғы көшедегі маркеттерді қойып, қалайыдағы сүт, шәй-пәйді содан әкеліп жүрді. Бір күні қырынатын ұстара іздеп таңмен мен де бардым. Науаи көшесін қуалай соққан жел көңіл сергітеді. Тауға көз салсам, көкке найзаша ұмсынып, тіпті асқақтай түсіпті. Тауар беретін терезесі аш­ық тұр екен. Қабырғаға бекітілген кетік айна­ның алдында шашын тарап тұрған жас келіншек жалт қарады да, қымсынып қалды. Аясы үлкен көздері жаңбырлы күз күніндей тұнжыр екен.

Төбеге дейін тірелген сөрелерде оралған, қорапталған арзан бағалы азық-түлік самсап тұр. Бір қызығы арақ-шарап, ең болмаса, сыра атаулы көре алмадым. Сөренің ар жағынан шеті көрінген төсектен башайлары жыбырлап құйтақандай табан жылт етіп жоқ болды да, сәбидің қыңқылы естілді. Бір жағынан шымылдықтың рөлін атқарып тұрған сөрелердің тасасынан ақ мәйкелі жігіт шығып қырын қараған күйі ескілеу тоңазытқышты ашып сүт алып, тасаға қайта кірді. Әлденеге алданған сәби тыныштанды. Кіре берісте тұрған су толы бөтелкені алды да, ақ мәйкелі жігіт жүзін төмен ұстап дүңгіршектің сыртына шығып кетті.    

Бір аптадай уақыт өткенде, таңертең нанға кеткен қызым дүңгіршекті орнынан таба алмай келді.

Тамыздың биылғы ыстығынан, қол созым жерде тұрғандай көрінетін таудың да мазасы кеткендей. Алатаудың өзі ыстықтап, төбесі мен төсін бүркеген ақ жамылғысын сыпырып тастаған соң, өркениеті жоғары қала халқы қайтіп шыдасын – әсіресе әйел баласы бір-бір жапырақ шүберекпен қалыпты.

Түстікті үйден ішетін әдетім бойынша асығып келе жатып дүңгіршектің орнына қайтып қонғанын көріп ішім жылып қалды. Күн ыстықта қара кәстөм киіп, галстук тағып алған  жігіт кранның шопырына ақша беріп жатыр екен. Қолдарында бір-бір ала сөмкелері бар ерлі-зайыптылар балаларын ертіп, дүңгіршекке кіріп бара жатты. 

Түсқайта көшеге шықсам, ақ мәйкелі жігіт темір дүңгіршектің көлеңкесін сағалап қағаз жәшіктің қақпағымен балаларын желпіп отыр екен. Тауар беретін терезелері ашық, қай кезде үлгергендерін – сөрелерді самсатып қойыпты. Ауа салқындатқыштың арқасында қоңырсалқын болып тұрған үйден шығып, қайнаған күнге үйрене алмағандыкі ме, оларға көп көңіл бөле қоймадым. Тек бір жастан жаңа асқан сәбидің мазасызданып, қыңқылдай бергені жол бойы құлағымда жаңғыра берді.   

Күндер өтіп жатты. Тамыз таусылып, ыстық қайтып, қыркүйек те жетті. Дүңгір­шек­тегі көршілерім кеш түсе бала-шағасымен сыртта жиі отыратынды шығарды. Бір күні қарасам, тіпті әр жерге қада қағып, есік жағына сым темірден шарбақ жасап алыпты. Бес-алтылардағы ер бала қарындасын үлкен ойыншық тракторға отырғызып алып аядай ауласында қыдырта бастады.

Біз дастарханға керекті солардан алатын болдық. Бір жағынан жақын, өзімізге ыңғайлы, бір жағынан саудалары жүрсін дегеніміз. Кейде сүттері ашып кеткен, шәйлері сабан татыған болып шығады, әйелімнің кең мінезі осы жерде пайдаға асты – тырс етпейді, қайта, өзі жұмыстан келе жатып,  дастарханға қоярын жолай ала келсе де, дүңгіршекке соқпай кетпейді.

Бір күні үйге қонақ келетін болды да, әйе­лім екеуіміз дастарханға керектіні базардан  толтырып алып, сөмке-сөмке тағамдарды таксиден түсіріп жатыр едік, дүңгіршектің терезесінен келіншектің біз жаққа қарап тұрғанын көріп өз-өзімнен қысылдым. Еңсемізді әлдене басып, тезірек ішке кіріп, шарбағымыздың есігін жауып алдық.

Күздің ақ жауыны басталды. Күн жексен­бі болатын. Түнімен шатырды сабалап нөсер құйып, жақын маңдағы Үлкен Алматы өзенінің гүрілдеп тасығаны естіліп тұрды. Ауладағы ит қыңсылап шықты. Таң ата терезеден көз салсам, арықтың суы ернеуінен асып ауланы көл қылыпты. Киініп сыртқа шықтым. Гәу бас Құттыаяғым шынжырын салбыратып, суға қарық болған үйшігінің үстіне отыр. Сүйегі ірі, аяқ-қолы көстиген, тайыншадай түркімен иті­нің жаңбырға малшынған түрі қызық – бүйтіп ит асырағаныңа болайын дегендей, шұнақ құлақтарының тұқылы едірейіп, көзі­нің асты қалталанып, қабағы салбырап түнере қарайды. Арықтың өте беріс жеріне тасталған жалпақ темірге ағаштың бұтағы кесе-көлденең тұрыпты да, бүкіл шөп-шалам жиналып құндыздың салған құрылысындай бөгет пайда болыпты. Ұзын темір шыбықпен су жүретін жолды тазалап жатып, құлағыма баланың шаттанған дауысы келді – жаңбырға шомылып, санын шапаттап, тізеден су кешіп дүңгіршекті айнала жүгірген баланың артынан қуа шыққан әкесі, ұлын көтеріп алып ішке кіріп кетті. Асфальттың бойымен жал-жал болып еңіске құлаған жаңбыр онсыз да ойпаттау жерде тұрған дүңгіршектің бауырын жалай ағып жатыр. Төрт бұрышына қалаған қызыл кірпіштерді су алып, үстіңгісінің жартысы ғана қылтияды. Жаңбыр суын сүңгілей жарған мәшинелер теңізде дауылға ұрынған жалғыз балықшының қайығындай қалқайған дүңгіршектің қалайы қабырғасын тасырлатып,  әлсін-әлсін мол сумен көміп кетеді. 

Бір күні дүңгіршек аяқ астынан тағы жоқ боп кетті. Бұл жағдай үш-төрт рет қай­­таланды. Астына қойған кірпіштері төрт жерде шошайып, орыны қалады да, жоқ болады. Келіп тұратын электр желісі қасын­дағы бағананың басына шумақталып байланып қалады.

Кейде бір күн өткен соң, кейде бір аптадан соң кері орнатып жатады. Сол баяғы кран. Сол баяғы қара кәстөм, галстукті жігіт. Бұл көрініске біз де үйреніп алдық. Олар кетсе, жақын бір туысымыз көшіп кеткендей көңіліміз қоңылтақсып қалады да, көшіп келсе, қуанып қаламыз. Үйде сол күнгі әңгіме солар туралы болады. Әйелім бауырсағын, жеті шелпегін, кәмпит-сәмпиттерін алып жүгіріп барып келеді.     

Еркегі жалданып жұмыс істейтін болуы керек, кей күндері көнетоздау сөмкесін көтеріп кешқұрым келе жатады. Көп көзге түсе бермейді, іште жата ма, жоқ, бір жақтан нәпахасын тауып жүре ме, белгісіз.  

Бірде жұмыстан қайтып келе жатып дүңгіршекке арқасын сүйеп, ұзынша орын­дықта отырған әжені көрдім. Басында – аппақ  қардай орамал. Үстінде – алтын  түстес гүлдері бар әсем көйлек. Камзолының қапсырмалары анадайдан жалтырайды. Әжелердің қыдырып шыққанда, қонаққа барғанда киетін сыйлы киімі.  Қасында екі немересі. Іштен келіні шығып, иіліп әжеге кесе ұсынды. Қария әуелі кесені кезек-кезек немерелерінің ауызына тосты.

Түсте үлкен қызым жылап келді. Нан алып тұрса, бір ит дүңгіршектің астынан шыға келіп тірсектен алыпты. Қыз балалардың шалбар кигенінің бір пайдасы, джин­сиінен тісі өтпепті. Алайда етіне аяусыз батқан  екі азу тістің ізі көрініп тұр. Итке таланған адам біледі, күні ертең-ақ, тіс тиген жер талаурап, көгала, сарала кейіпке еніп, күп болып ісіп кетеді. Ол итпен «бір жақсылап сөйлесейін» деп үйден шықтым. Ашу қысқандікі шығар, Навои көшесі бойы­мен анадайдан сүрен салып келе жатқан су шашатын мәшинені әбден тақап қалғанда бір байқадым. Қатты қысыммен атқылаған су жол бойындағы қоқыр-соқыр­ды сыпырып-сиырып апарып бордюрге соғып, шашып келеді.  Жалт бұрылып көшенің арғы бетіне өтіп үлгердім. Менің соңымнан Рысқұлбеков көшесіне бұрылған мәшинеден атылған су дүңгіршектің іргесін сатыр-сұтыр соғып жуып өтті. Кенет ит қаңқ етіп, оның арты күшіктердің қыңсылына ұласты. Дүңгіршектің астынан тәлтіректеп соқыр ит шықты. Бір көрініп, кейін жоқ болып кеткен сол қара ит. Бауыры тола ем­шектерін күшіктері әбден сорып тастап­ты – үрпі қызарып, салбырап тұр. Әжептәуір күшпен ұрған су күшіктерін жатқан жерлерінен жұлып алып, әр жерге шашып кетіпті. Есін жиып алған ірілеу біреуі кеудесін керіп, талтайып тұрып алып, «бар бәле сенен келді-ау» дегендей маған қарап айбаттана шәңкілдейді. Дүр сілкініп үстіндегі лас су­ды жан-жаққа шашқан соқыр ит тімтініп, иіскеленіп жүріп күшіктерін желкелерінен тістеп бір жерге жинай бастады. Көзі көріп тұрғандай-ақ еркін қимылдап безілдеп, жүгіріп жүр. Көмектесейін деп оқталдым да, қаншық иттердің қызғаншақ келетінін біліп, орнымнан қозғалмадым. Көзіммен жеті күшікті санап шықтым. Бауырларын енді көтерген екен. Бір кезде соқыр ит қат­ты мазасызданып үріп-үріп жіберді. Үйме-жүйме күшіктерін тағы бір иіскелеп шықты да дүңгіршекті айналып кетіп сегізіншісін әкеліп қосты. Ең шынжауы да сол екен – маған үрген күшіктің жартысындай ғана. Қатты екпінмен барып тасқа соғылған болуы керек, былқ-сылқ етіп қимылсыз жатыр. Күшігін үнсіз иіскелеген соқыр ит кенет шоқиып отыра қалып ұли бастады. Дүңгіршектен шыққан ерлі-зайыптылар үнсіз қарап тұрды. Келіншек анадай жерге ұшып кеткен итаяқты алып келіп күшіктердің жанына қойды. Қаншық ит мойнын көкке созып-созып ұлиды. Ұлудың аяғы қыңсылауға ұласады. Демі үзілердей болып шиқылдап-қиқылдап алады да, өксіп-өксіп тағы созады. Қыстығып шер төгеді. Итшіл тіршіліктің запыранын жұтып көрмеген күшіктер енелерінің көк шандыр емшегін созғылайды. Өлген күшігін жоқтай ма, «тірілерін қалай асыраймын» дей ме, қол ұшын берер иесінің жоқтығына нали ма, тіршіліктен күдер үзе сарнаған дауысынан адамның тұла бойы тітіркенеді. Тәңірі бар бөрі болып туып, «берсе қолынан, бермесе жолынан» деп кездескенді қан-жоса қылып, бұл қу дүниеде қанжардай азуына жалынып өтпегеніне іші аши ма, «ең болмаса, көзім бар болса зыр қағып жүріп, мына қарындары қызылшақа немелерге тамақ табар едім» ғой дей ме… Соқыр ит басын шайқап, ішін тарта ышқынып-ышқынып ұлыған сәтте сұп-сұр болып ақшиған жансыз жанарына көзім түсіп кетті. Шел басқан көздерде адам тілі жетпес қабат-қабат қасірет шөгіп жатыр!..  Бір сұмдығы, соқыр ит қанша ұлыса да үнінен маңайымда адам бар екен деп, көмек дәмету, жалбарыныш сезілмейді – тасбауыр үнмен өжеленеді. Айдалада аранға жығылған хаюанның үмітсіздігі, бар тіршілікке талақ айтып, өмірден баз кешу бар. Жігіт күшіктерге қарап бедірейіп қалыпты. Шүңіректеу көздері одан әрі кіріп кеткендей. Әйелінің көзінен жылт етіп жас көрінді. Ыңғайсызданған мен қолымдағы таяғымды қолтығыма жасырдым да, жайлап, жылыстап үйіме қайттым. Иттердің бір-бірінің қайғы-мұңын қыңсылауынан танитын әдетімен соқыр итке маңайдағы аулалардың иттері үн қосты. Төңірек азан-қазан. Сыртқа шығып, «басыңа көрінгір» деп иттеріне зекіп жүрген кейбір көршілер дүңгіршек түбінде ұлып отырған соқыр итке қарап үнсіз қалысты. Аулаға кірсем, менің итім де дүрмекке ілесіп отыр екен, қолымдағы таяқты көргенде әләуләйінан жаңылып, үйшігіне зып берді.

Сол түні соқыр ит күшіктерін алып жоқ болыпты. Бір күшігін ұлымыз ерекше жақсы көріп, иемденіп жүретін, «оны қай жерімізге бағамыз» деп ішке кіргізбеуші едік деп дүңгіршектегі отағасы өкінеді екен.

Қазан айы суық ала келді. Әсіресе түн ызғарлы болып тұр. Мұздай темір құрсанған үйшіктегі көршілерім сол күйі тұрып жатыр. Әкесі қос-қостан жылы киімдерін киген екі баласымен шуақтап күнұзаққа ұзынша орындықта отыратын болды.

Сол күні дүңгіршек жақта қарбалас бай­қалды. Отағасы сыртқа қайта-қайта шығып әлдебір дорбаларды қоқыс салатын жәшікке тастап келеді. Соңғы кездері бар-жоғы белгісіз болып кеткен екі бала сыртта ойнап жүрді. Жылы киініп алған келіншек, қолына шелегін алып орындықтың үстіне шығып, киоскінің әйнектерін сабындап жуды.

Құтпан намазының азанымен таласа ән естілді. Домбыраға қосылып, әйелі бар, еркегі бар, бір топ адам жастық, достық туралы ән шырқайды. Аулаға шықсам, маңайдан сексеуілдің түтіні мен кәуәптің иісі келді. Танауын жарып бара жатқан кәуәптан дәмелі ме, әлде, «мазамды алмаңдар» дей ме шынжырын үзіп жіберердей ұмтылып итім арпылдайды. Ән дүңгіршек жақтан естіліп тұр. Әуестікпен есік алдына шықтым. Дүңгіршектің жанындағы электр бағанының басындағы шам жарығымен екі-үш шетелдік мәшине көрінеді – тұмсықтарын темір үйшікке тірей тоқтапты. Киоскінің есігі шалқасынан ашылыпты – қараңғыны жарып төгілген жарықта бір бүйірде тұрған тағы бір жеңіл көлік көрінеді. Бір-екі жігіт шығып, қаланған тастардың үстіндегі кәуап­ты аударып-төңкеріп кері кіріп кетті.  Ән мен күй, әзіл-қалжың айтып дуылдасқан үн таңға дейін естіліп тұрды. 

Кейбір шаруаларды үйде істедім де, жұмысқа түске таман шықтым. Дүңгіршек орынында жоқ! Енді оралмастарын ішім сезді ме, жақындап жұртына келдім. Төрт жерде кірпіштер құлап жатыр. Ойыншық мәшиненің бір-екі дөңгелегі қалыпты. Ұзынша орындық бір жақ аяғы сынып, төңкерілген күйде. Кеудемді бір нәрсе тырнап өтті. Жақыным емес, туысым емес, аралас-құраласымыз да жоқ қаймана қазақ… Алайда тап бір қимасымды жоғалтқандай, бауырымнан айырылғандай болып есеңгіреп тұрып қалдым. Тереңнен бұлқынған бір сезім көмейге кептелді… Жігіттің, әйелінің, балаларының, әжелерінің алдында кінәлі сияқтымын…

Дүңгіршектің орынынан қол созым жерде, бері қарай жылжып келе жатқан құрылысты қоршаған бетон қабырға тұр. Қабырғаға түрлі-түсті бормен сәбидің қолымен төрт бөлмелі үйдің суреті салыныпты. Бір үлкен бөлмеде  диванда әже жатыр. Кішкентай қыз бала мысығымен кең балконда жүр. Әкесі мен ұлы үстел басында шахмат ойнап отыр. Шешелері ас үйде тамақ пісіріп тұр. Барлық бөлменің қабырғаларына гүл салған ыдыстар ілініпті, үстел, шкаф, шифонерлердің  үсті де толған гүл, гүл, гүл…

 

ПІКІРЛЕР2
Аноним 29.02.2020 | 10:35

КӨРГЕН-БІЛГЕНІН ТІЗЕ БЕРІПТІ.

Аноним 29.02.2020 | 10:36

Көрген білгенін тізе беріпті.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір