Өмірдің аты – алданыш
Дәурен Берікқажы
* * *
Жүз құбылған бұлттардай бесіндегі,
Алаңдатып қойдыңыз несін мені?
Ойларымның бәріне тұзақ құрып,
Ұзап кеткен қиялым көш ілгері.
Жатып ап ойласын деп әрдеңені
Қинағыңыз келді ме әлде мені?
Әйтпесе дір ететін мынау жүрек
Тас болып, қатып әбден қалған еді.
Ұмытқан өлең барын, өмір барын,
Тұманда адасқандай көңіл қалың.
Қиялға мұншалықты батпап едім
Қияли болғаныммен өзім мәлім.
Алла деп бұл таңды да атырғанмен,
Бойымды өлең буып жатыр әлден.
Боялып тұрмаса да қала нұрға,
Оянып, ұйқысынан ақын өлген.
* * *
Күні-түні көпіріп,
Шаршатты мені өтірік.
Қызық қалмады өмірде
Кітаптай қойған оқылып.
Ойын-күлкіге қанбаған
Ел-жұртқа қарап таңғалам.
Билігім анау өз-өзін
Мемлекетпін деп алдаған.
Жаралы жанға жар іздеп,
Шаршады жүрек тәрізді ет.
Албасты басты еңсені,
Бұрындар адам тәрізді ек.
Айласын тапқан, пайдасын,
Білесің көптің тоймасын.
Болмайды екен бұ тірлік
Бәрін де көріп қойғасын.
Бәлду-бәлду…
Бәлду-бәлду…
* * *
Жүретін бір саусағын бүгіп алып,
Бүгін көрдім ажалдың түрін анық.
Өмір менен өлімнің не екенін
Көрсетті ол жүрегімді жұлып алып.
Орнынан тұрмағасын керек құшақ,
Тұрдым мен серейген бір терек құсап.
Жанымды жұлма-жұлма турай берді
Аямай өксік дейтін ерек пышақ.
Ах ұрған олай емес, былай деген,
Осыншалық қатал ма еді Құдай деген.
Басым мең-зең сол беті ұқпай кеттім
Бұл жыл түгіл, бітерін бұл ай немен.
Жүретін бір саусағын бүгіп алып,
Бүгін көрдім ажалдың түрін анық.
Жалмаң-жалмаң ететін жақсы көрсе,
Бірдеңеден кетердей құры қалып.
Десек те адамзатқа мұны ұлы сын
Күрсінген қорғансыздың күні құрсын.
Күбірлеп, оңашада дей беретін
«Қадірін тірілердің тірі білсін…».
* * *
«Жан-дүниені кететұғын ақтарып,
Суреттерің жап-жарық.
Бір суретің жарқ еткізсе көз отын,
Бір суретің сүйгізуге шақ қалып…
Неше түрлі кештіреді күй сұмдық,
(О, біз қанша үнсіз-түнсіз сүйсіндік!)
Ерін түгіл, саусағыңнан сүюге
Келмей қойса қиын екен қисын түк.
Маңдайыңа әнтек қана тиіп бет,
Ғұмыр кештім қиялымда сүйіп тек».
…деп түнімен күбірлейді бір ғұмыр,
Іштей ғана жанып өткен күйіп көп.
* * *
Өкпе-бауырымды жұлып алғаны,
Жүрегімнің күлі қалғаны аздай,
Өмір сүр дейді бұ билік.
Бір жақтан ұлы қорғаны түтіп,
Бір жақтан ұлы орманы жұтып
Қойғаны мені есте жоқ.
Өз-өзін алдап елмін дегендерді де,
Соқырларды да, кереңдерді де,
Ая, құдай!
* * *
Секебай дәл өзімдей қасіретті,
Екеуміз шеркешкелі ғасыр өтті.
Біреулерді бақытты еткен өмір
Екеумізді тасбауыр, тасыр етті.
Қырықта дәл өзімдей қажыған дүр,
Мен дерттен қалай ғана жазылам бұл?
Менің де көңіл дейтін бұл өмірге
Өзіңдей толмай кетті қазынам бір.
Кеткендей болсам тегі жиі жүдеп,
Айта алмай жүрген саған күйігім ед.
Түсіме осы күні өмір емес,
Өлілер неге менің жиі кіред?
Мыстандай пақырлардан аса зәрлі
Елуге жетпей шаш пен қас ағарды.
Екеуміз жиі алданған бұл жалғаннан
Біреулер әдемі өмір жасап алды.
Қулардай адалдарды мың алдаған,
Өмірді қиын екен сүре алмаған.
Екеуміз отыратын орындарда
Өңшең бір жылтыр көтен жүр оңбаған.
Айтам деп айтпайсың ғой осыларды,
Кіл надан жоғарылап, өсіп алды.
Екеуміз өліп-өшіп қимайтындай
Өмірдің айтшы енді несі қалды?
* * *
Сіз жақтан соққандай бір жаздың лебі
Білмеймін… бірдеңе әйтеу жазғым келді.
Жайдары жүзіңізден арай көрдім,
Алдарқатып қоятын аз күн мені.
Сезімге тұрғандай бір дертіп әрең,
Ернімде тұра бердім ерітіп өлең.
От дейтін отыз да емес, қырық та емес,
Өрт сынды қиын екен елу деген.
Жанымды бұл жалғаннан жеріп кеткен
Тұрғандай болды бір сәт көміп көктем.
От көрсе, сезім осы, сөзім осы –
Балауыз шамдай болып еріп кеткен.
Жып-жылы соққандай бір жаздың лебі,
Сізге арнап…
бірдеңе әйтеу жазғым келді.
Шашырап түсе қалған шұғыладай
Көңіл хошы осынау аз күндері.
* * *
Болмашы тегі қызыл өңеш:
Саған менің тағдырым,
Мемлекетке халықтың тағдыры
қызық емес.
Мінезі бар қырғилық –
Мені қалай қор көрсең,
Халықты солай сор көреді бұл билік.
Аспандаған баға жайлы да,
Аңыраған бала жайлы да
жақ ашқым жоқ сол үшін.
«Ерлерім-ай еңіреп туған ел үшін»…
* * *
Айта қоймасам тәттілеп
Жазғырма мені қатты деп.
Өмірдің тілі ащылау,
Өңімнен түсім тәттірек.
Сүймеген ешбір шұғыла,
Болмыс та, шіркін, қыңыр, ә…
Безірейген сайын сұм жалған
Елжіреп әлек құбыла.
Тас болып қатып қалған іш,
Тірліктен қалған ол да алыс.
Өлімнің аты – өмір де,
Өмірдің аты – алданыш.
* * *
Жүре-жүре мінез тапсам дөй, төтен,
Адамды адам жейді екен ғой, жейді екен.
Майдан көрген, ойран көрген, от көрген
Соны неге түсінбейді кей көкем.
Көп ішінен жақын тартқан тәуір деп,
Соны неге түсінбейді бауыр көп.
Соны ойлап, бір-ақ уыс болса да
Кеудемдегі қайта-қайта ауырды ет.
Күнде-күнде өлетіндей буынып,
Өз-өзіңді отырасың қуырып.
Адамды адам жейді екен ғой, жейді екен,
Әзірейілдей қу жаныңды суырып.
Жүре-жүре мінез тапсам дөй, төтен,
Атып кеткен мені жынды дейді екен.
Жас шығатын көз орнына тас тығып,
Бас орнына сөйлеп жүрген кей көтен.
* * *
Жанымызды сұп-суық темір етіп,
Өмір өтіп кетіпті, өмір өтіп.
Өмір бақи сор болып маңдайыңа,
Көлі де құт отаның, жері де құт.
Алға басқан аяғың кері кетіп,
Өмір өтіп кетіпті, өмір өтіп.
Елді ойлайтын біреуді еңіретіп,
Біреулерді тоймайтын жемір етіп.
Жалғыздықты жаныңа серік етіп,
Өмір өтіп кетіпті, өмір өтіп.
Даланы ұлан ғайыр кебір етіп,
Халықты қарабайыр тобыр етіп.
Көзімізді қоятын мөлдіретіп,
Бір жарыққа мәңгілік жерік етіп,
Өмір алда деп жүрсек, өмір алда,
Өмір өтіп кетіпті, өмір өтіп.
* * *
Сөйлегенмен барлығы өзгерген боп
Ештеңе өзгерген жоқ:
Бет болды да баяғы қалың көтен,
Көт болды бар болғаны сөз берген бет.
Биыл басқа боп па еді, былтыр бөтен
Сол баяғы жылтыр бет, жылтыр көтен.
Ду-ду еткен «жап-жаңа» Қазақстан,
Зу-зу еткен баяғы сылдыр көкем.
Жылда-жылда жап-жаңа бола берген,
Шүкір деймін көктемге жаңа келген.
Жылда-жылда бірақта алдағанға
Біртүрлі екен ақымақ бола берген.
Кейде мен осы өмірге, сияқтымын
Ақымақ болу үшін ғана келген.