Әр адам – өмір театрының кейіпкерлері
13.12.2019
868
0

«Қара кемпір» әңгімеңіздің тұтас желісі белгілі бір оқиғалар мен қақтығыстардың байланысына құрылмай, өмірлік жайды сырттай сипаттай отырып, баяндау арқылы жазылған екен. Мұндай тәсілді таңдауыңыздың себебі неде? Жалпы, шығармаларыңызды жазу барысында оның формасына мән бересіз бе?

 – Қарап тұрсақ, өмірдің өзі күнделікті қақтығыстардан тұрады ғой. Ол ақпараттық сипатта өрбіп немесе қарапайым тіршіліктегі ситуациялар барысында орын алып жатады. Адам өзін сол ортаның ішінде жүргенін білмеуі де мүмкін. Мен көбінесе болған оқиғаларға үшінші адам ретінде қарағанды ұнатамын. Себебі, сырт көз қашанда сыншы келеді емес пе? Бұл әңгімедегі мақсат біреуді сынап-мінеу емес. Керісінше, сырт көз ретінде әрқилы жандардың ішкі әлеміне үңіліп көргім келді. Адамдар арасындағы қарым-қатынас – ол тіл арқылы жүзеге асады. Егер мен ол кісімен әңгіме барысында тілдессем, соны ғана баяндаған болсам, ол қызық болмас еді. Яғни, бір адамның өмірін жалпы адамзаттық құндылықтармен сабақтастырып, оқырман күнделікті оқып жүрген әңгіме, хикаяның желісін өзгеше сипатта жүйелеуге тырыстым.

– Демек, шығарманың өне бойын­дағы баяндаушы бейнесін автор бей­не­сі деп қабылдауымызға болады ғой? Әрбір туындыңызға өз бол­­мысыңызды сіңіре отырып жазасыз ба? Өз көзқарасыңыз бен ойларыңызға мүлде қарама-қайшы ситуацияларды шы­ғармаға арқау етер кезде әлдебір қиын­дықтарға тап болатын сәттеріңіз бола ма?

– Бұл әңгіме өмірде болған оқиға желісімен жазылған. Кейде адамда жанашырлық деген сезімнің күші орасан зор болады. Жанашырлық – аяушылық емес. Бұл – жүрек түбінде қалған бір із. Мұндай оқиғаға кез келген адам тап болуы мүмкін. Біз кейде жанымыздағы адамдар түгіл, туған-туыстарымыздың да жандүниесінде не болып жатқанын аңғармай қаламыз. Сұхбатымыздың өзегі болып отырған әңгімені сондай сезім жетегінде жазып шықтым деуге болады. Әрбір жазылған дүниенің бір құпиясы болады емес пе? Сол құпияны мен өзіме қалдырғанды жөн көріп отырмын. Оқыған адамға да ой елегінен өткізіп, сараптауға орын қалдыру керек секілді.

Белгілі бір қалам ұстаушы, жазушы немесе ақын, не ол журналист болсын, туындыларынан автордың болмысын бөліп алып қарауға болмайтын сияқты. Себебі, ішіңде не болса, ақ қағазға сол өрнек салады ғой. Кейде өз көзқарасыңа қайшы келетін дүниелерді тәжірибе ретінде қарап та көру керек шығар. Тоқырау деген нәрсе бар. Оны барлық адам жақсы біледі. Бірде ойың құсқа ұқсап ұстатпай кетеді де, енді бірде айлап тоқырауға түсесің. Қиын кездерде ой маза бермейтін уақыт та жоқ емес. Дегенмен қандай шығармаға да үлкен батылдықпен келудің өзі үлкен еңбекті талап етеді.

– Әңгімеңіздің негізгі өзегіне айналар ойды пісте төңірегінде өрбіте келіп, кейіпкер болмысын күнбағысқа ұқсата ашқан екенсіз.

– Көзімізге көрінетін үлкен дү­ние­лер­­дің өзі кішкентай бөлшектерден құ­ралады. «Бақыт» ұғымының өзі соншалықты алып, асқар болғанның өзінде, оны иненің жасуындай қуа­ныш­тан да табуға болады. Күн­ба­ғыс өсімдігі формасы жағынан да күнсүйгіштік қасиеті жағынан да маған өте ұнайды. Ал жылылық болмаған жерде салқындық белең алатыны айқын. Мен сол ананың жылулығын сол форма арқылы бергім келді. Сол формада көргім келді. Ауа райында Күн нұрының күн сайын түсіп тұрмайтыны сияқты адам өмірінің де бұлтты сәттерінің аз болмайтыны шындық қой.

– Өкініштісі сол, шығармаңыздың басты кейіпкері «Қара кемпірдің» күйін ке­шіп жүргендер аз емес. Өмірдегі шын­дықты көркем шындықпен қабыстырудың қандай күрделі тұстары бар? Шығармаларыңыздың мазмұны мен кейіпкерлерді қалай екшейсіз?

– Шығарманың бәрі қиял-ғажайып дүниелерден құралуы шарт емес деп ойлаймын. Кейде көздегі «қызыл көзіл­дірікті» шешіп, айналамызға реалды көзқараспен қарағанымыз әлдеқайда пай­далы болмақ. Адамның «мені» материал­дық көрсеткіші өскен сайын төменге қараудан жалтара бастайды. «Бастысы, алдымда асым бар, басым аман, балаларым ел қатарлы өсіп-өнуде» деген ойлармен өзін қоғамнан тысқары ұстайтындар да бар. Дегенмен бес саусақ бірдей емес. Шындыққа көр­кемдік тұрғысынан қараудың күр­делілігі – туындының шынайы жүректен шығуы және оқушы жүрегіне жетуі. Кейде шындықты айтамын деп жараны тырнап алудың қажеті жоқ. Жүрек шымырлатар ақиқатты жұмсартып, жан-жағын жұмыр етіп беру, міне, ең қиыны – сол.

Әр адам – өмір театрының кейіпкері. Мен де, сіз де, жалпы қоғам да – белгілі бір «көріністің» образдарымыз. Тек оны көре білу керек. Осыған дейін де «Қазақ әдебиеті» газетінде «Қыршын», «Мен сенбеуші едім» деген әңгімелерім шыққан болатын. Ол да өмірде болған оқиға желісімен жазылды. Бірін кезінде ауылдағы әжелер айтып берген болса, екіншісі – құрбымның басынан өткен оқиға. Яғни, мен әңгімені ойдан құрас­тырмай, ел арасынан, көз көрген адамдар айтқан дүниелерден немесе өзім өмір сүріп жатқан қоғамнан аламын. Бұндай дүниелер әрқашан да шынайы болады.

– Әңгімеңізге көп рақмет.

                                                        Әңгімелескен

Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір