Үш қойылым: КЕРЕКУ ТЕАТРЫНЫҢ КЕРМЕСІ
13.12.2022
750
0

Ағымдағы жылдың 28 қараша мен 3 желтоқсан аралығында Ертіс – Баян өңірінің қара шаңырағы Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық драма театры премьера апталығын өткізді. Бір мезет­те қатарынан үш бірдей жаңа қойылымның тұсауын кесуі – еліміздің мәдени өміріндегі айтулы оқиға десек артық айтқандық емес. Бұл күндері Н.Птушкинаның «Күзгі махаббаты», М.Қосынның «Мен жоқ жердегі менің өмірім», А.Володиннің «Кездесу мен қоштасу» пьесалары көрсетілді.

Әрбір премьера – театр өміріндегі ғана емес, өнер сүйер қауым үшін үлкен құбылыс. Өйткені көрермендер сахна шеберлерінен ойлы бейнелер, ұтқыр шешім, жанына рухани азық боларлық тереңдікті күтеді. Әрине, бірден үш шығарманың премьерасын өткізу оңай шаруа емес. Мұндай қадамға актерлік құрамы мықты театр ұжымы ғана барады. Арман Темірбек осы театр­ға басшылыққа келгеннен бастап, театрдың жаңа тынысы ашылып, тың ізденістерімен көзге түсіп жүр. Бұл жолы да жас режиссерлерге қолдау көрсетіп, премьера апталығын өткізуді құптағандықтан да бүкіл ұжым аталған іс-шараға үлкен жауапкершілікпен қарап, жұмыла кіріскені бірден байқалды. Соның нәтижесінде бір аптаға созылған өнер мерекесі көрерменге айрықша әсер етіп, көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ең бастысы, театр ұжымы өзінің көркемдік-шығармашылық ізденісін көпшілік алдында сарапқа салып, таразыға тарт­ты. Әр қойылымнан кейін кәсіби театр сыншыларының пікірін тыңдап, ой бөлісті. Театр ұжымының шеберлік шыңдауға деген ұмтылыстары мен бүгінгі театр үдерісінен қалыспауға деген таудай талаптары олардың шығармашылық ізденістерін паш етеді.
Премьера апталығының алғашқы күні Н. Птушкинаның «Ол өліп жатқанда» сатиралық комедиясы «Күзгі махаббат» деген атпен көрерменге жол тарт­ты. Әлемдік театр сахналарында үнемі қойылып жүрген бұл туындыда жасы келген анасы мен тұрмысқа шықпай қалған қызының бірқалыпты өмірі баян­далған. Бірақ жаңа жыл қарсаңында олардың өміріне жаңа адам еніп, оқиға басқа арнаға ауысады.
Спектакль Софья Ивановна – Қ.­Жексембаева мен қызы Татьяна – Б.Құрбанова арасына құрылған. Сахна шебері Қ. Жексембаеваның бейне түзудегі ойлылығы, кейіпкердің жан дүние­сіндегі арпалыстарды дауыс мақамын құбылта отырып жеткізуі – оның актерлік техникасының мықтылығын көрсетеді. Спектакльдің өн бойында төсекте шалқасынан жатып, өзге кейіпкерлермен белсенді қарым-қатынас жасап, оқиғаны уысында ұстаған актрисаның ойыны шынайылығымен баурады.
Татьяна рөліндегі Б.Құрбанова анасына қарайлап, жалғыз қалған кәрі қыздың момындығын, ұяңдығын жақсы ашқан. Бірақ актрисаның ойыны бір сарынды болып кеткен. Айталық, Игорь­мен жолыққан сәт­тен бастап, оның өміріндегі өзгерістер айқындалмай қалды.
Режиссер Ержан Қауланов психологиялық драма аңғарында жүретін қойылым тудыруға талпынғанымен де, көздеген мәресіне жете алмаған. Ол автор материалына, пьесадағы диалогқа, ондағы әрбір сөздің мән-мағынасына ерекше зейін қойып актерлерге сіңірмеген. Әсіресе Игорь рөліндегі Б.Тоқатовтың сахналық мақсат-міндеті режиссер тарапынан анықталмаған. Бір бөлмеде ішкі күйзеліспен күн кешіп жатқан қос мұңлыққа кенет­тен жолыққан жігіт­тің даралығы мүлде ашылған жоқ. Актердің жүріс-тұрысында жинақылық, сөйлеу мәнерінде нақтылық болмады. Әрекет­тің даму логикасына қарай, кейіпкердің мінез ерекшелігі өзінің шарықтау шыңына жетіп, дамымай қалды.
Сахнадағы барлық қимыл-қозғалыс, тарапынан суретші Р.Ұлықпанға нақты бағдар берілмегендіктен де сахна түбінде ұзын жіпке жайылған киімдер мен төсек жапқыштар өз деңгейінде ойнатылған жоқ. Е.Қауланов спектакльдің өзіне ғана тән тынысын көркем жеткізудің тың тәсілдерін іздестірмегендіктен, пьесадағы жеңіл әзіл, жүрек пернесін дөп басатын нәзік лирика актерлер ойы­нында жанданбай қалды.
Премьера апталығының екінші күні М.Қосынның «Мен жоқ жердегі менің өмірім» драмасымен жалғасын тапты. «Жаңа драма» эстетикасында жазылған бұл пьесаның театрлық шарт­тылыққа құрылуы – актерлерден қысқа ғана уақыт­тың ішінде өз бейнелерін толыққанды әрі түсінікті етіп жеткізуді қажет етеді. Жас драматургтің аталмыш пьесасы адам жанының беймәлім кеңістікте өзін іздеуіне негізделген. Бұрын үнемі дәстүрлі шешімдерге жүгінетін режиссер Жангелді Садықов бұл жолы жаңа драманың ерекшелігіне сай, спектакльді басқа пішінге құрған. Ол қоюшы – суретші Р.Ұлықпанмен бірге көз ішінде өтетін тылсым әлемнің атмосферасын беруге ұмтылған. Шымылдық ашылған кезде аппақ қабырғалар арасында тамшымен тілдескен жас қыздың жан арпалысын көреміз. Өзінің қайда екенін білмей аласұрған бойжеткеннің жігітпен кездейсоқ танысуы – оның кеудесіндегі үміт отын лаулата түседі.
Спектакльде қызды ойнаған жас актриса А. Ақанова өзінің пластикалық икемділігімен көзге түсті. Әсіресе Қыз бен Жігіт – Н.Әбіласан екеуінің арасына құрылған би олардың рухани жақындықтарын қимыл арқылы әдемі өрнектеп берді. Балетмейстр Г.Еңкебаева кейіпкерлердің психологиялық жағдайын, қайда тап болғандарын ұқпай, шарасыздықтан дағдарған екеуінің бір-біріне деген махаббат сезімдерін заманауи би тілімен жеткізді. Бірақ қыз сөздерінің бір мақаммен айтылуы көрерменді зеріктіріп жіберді. Алдағы уақыт­та А.Ақанова кейіпкер сөзін құбылтып, әртүрлі нақышта, серпінді әуенмен айтуға дағдыланса нанымдырақ шығар деген үміт­теміз..
Ж.Садықов бұл спектакльде беймәлім кеңістікте өмір сүріп жатқан кейіп­керлердің тылсым әлемін әлі де болса сахналық эффектілермен және жарық арқылы әсерлей түсуіне болушы еді. Сол тәрізді пьесадағы астарлы мағына, философиялық топшылауға ұмтылыс, жан мен тән арасындағы нәзік байланыстар спектакльде тереңдетуді қажет етеді. Дегенмен де театрдың актерлік құрамының тек жастары қатысатын бұл қойылым өз көрерменін табатынына сенімдіміз.
Қазіргі таңда қазақ театрында заман тынысын сезініп, өзекті тақырыптарды көтеретін жас буын дарынды режиссерлердің легі көбейіп келеді. Солардың бірі – Әділет Ақанов. Ол премьера апталығының үшінші күні А.Володиннің «Кездесу мен Қоштасу» («С любимыми не расставайтесь», аударған А.Маемиров) психологиялық драмасы бойынша қойылған спектаклін ұсынды. Режиссер бұған дейін де бірнеше рет қазақ театрларының сахнасына қойылған аталмыш пьесаның өзге театрлардағы шешімдерін қайталамай, өзіндік тұжырыммен келіпті.
Спектакльде бір-бірін жақсы көріп тұрса да, түрлі себептермен ажырасуға дейін баратын адамдардың отбасына деген жауапсыздықтары көрсетілген. Бүгінгі қоғамда ажырасу – тек біздің елімізде ғана емес, басқа мемлекет­терде де алдыңғы кезекте тұрған өзекті мәселенің біріне айналып отырғаны жасырын емес. Статистика бойынша Қазақстан ажырасу жағынан әлемдегі ондыққа кірсе, Павлодар қаласы еліміз бойынша бірінші орында тұр екен. Сондықтан да театр ұжымы өздерінің бұл спектаклі арқылы осы сұрақтың жауабын іздеген.
Шымылдық ашылған кезде көрермендер назары сахна түкпіріндегі әйнек­тей шытынаған қабырғаға түседі. Режиссер суретші Р.Ұлықпанмен бірлесіп, пьесаның көркемдік-идеялық мазмұнын ашатындай декорация жасаған.
Спектакльге театрдың аға, орта және жас буын актерлерінің көбі қатысты. Бұрын талай рөлдерде ойнап, әбден ысылған сахна шеберлері Шумилов –Б.Шәнім, Сот – Г.Омарова, Керилашивили –Д.Әділ, Керилашивили –А.Балтабаева, Ларисаның анасы – Г.Қайырбекова, Никулина – Қ.Мұсанова өз кейіпкерлерінің жан дүниесіне терең бойлап, көрермендер санасына салиқалы ой сала білді. Жас буын актерлер Катя – А.Тасболатова, Митя –Б.Манатбекұлы, Ирина – А.Бодаубек, Беляев – Б.Егінбай, Беляева – А. Ақанова ойынында кейіпкер жанының қыр-сырын, ой-толғамдарын, ішкі сезімдері мен тебіреністерін психологиялық дәлдікпен жеткізу олқы түсіп жат­ты. Алдағы уақыт­та жас актерлер рөлмен жұмыс жасауға жауапкершілікпен қарап, кәсіби тұрғыда шыңдала түссе, көп ұтар еді.
Режиссер әлеумет­тік шындыққа негізделген бұл спектаклінде кейіпкерлер тағдырын терең бейнелеу мақсатында және пьесаның нәзік лиризмін, эмоциялық әдемі әсерін беруде оркестрді пайдаланған. Бірақ ол оркестрдің мол мүмкіндігін орнымен қолдана алмады. Сахнадағы әр жұптың ерекшелігін ашуда актерлерге жанды дауыспен бірнеше әнді орындатуға болар еді, алайда режиссер тек екі-үш жерде ғана оркестрді ойнатып, өз қиялын шектеп қалған. Кейбір олқылықтарына қарамастан, бұл спектакльдің айтар ойы айқын, идеялық-тақырыптық жағынан көрерменнің әр алуан тобына ұсынуға тұрарлық дүние.
Түйіндеп айтқанда, апталық аясында сахна кеңістігіне тың шешім, жаңа леп әкелуге талпынған режиссерлер мен актерлердің шығармашылық мүмкіндігін толық көре алдық. Театр ұжымының осы игі бастамасын қолдай отырып, алдағы жұмыстарына сүбелі табыстар тілейміз!

Бақыт НҰРПЕЙІС,
өнертану докторы, Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлт­тық өнер
академиясының профессоры

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір