Алма Құрманбаева. Қара кемпір
13.12.2019
1465
9

Алма Құрманбаева

Қаланың тынымсыз тіршілігі тоқтар ма дерсіз. Күйбең ғұмыр қалалықтарды қарбалас күйге еріксіз байлайды. Әр күніңдегі есебің, уақытың, одан қалса, жоспарың дұрыс болмаса, сең соққан балықша барлық жаңалықтан құр қаласың. Әйтеуір өзгермейтін бір іс – күнделікті шуы көп көшемен кеш бата аяңдап үйге қайту. Таң елеңімен кетіп, кеш қарайып қайтып оралғанымша бұрышты мекен еткен пісте сатушы әже күнімнің қалай басталып, қалай аяқталғанына куәгер болып отыратын. Ал мен оның бір орыннан тапжылмастан қара кешке дейін отыра беретініне таң қалатын едім. Қай кез болмасын, әйтеуір алдында ермегіне айналған пістесі. Маған өңменіңнен өтер көздерімен сынай қараған сайын ақадал көңіліммен апалап қалын сұраймын. Сұсты жанарының қарашығына жасырынған мейірімін менен өзгелер байқады ма, әлде назар да салмады ма, ол жайлы ой қозғап көрмеппін. Күйбең тірлікке оңайлықпен мойынсұна қоймаған осындай асқақ та паң мінезді кісімен күніне, тым құрыса, бір рет тіл қатысып әңгімелесу менің дағдыма айналған. Осылай көп күндерім келмеске кетеді. Тек менің жұмысқа барып-келу бағытым да, сұсты жанарына бар жылылықты жиған ол кісінің мекені де бір өзгермеді. Пісте сатушы апам менің жұмыс күндерімнің қарауылы сияқты. Ертеңгісін күтіп алады, кешқұрымда өзін тағдыр сынауға ынтықтық танытқан назарымен шығарып салады. Осылайша таң атып, кеш батып жүргенде өзінің сиқырлы сәулесін уысынан жұмыр жерге таратып, айналасын нұрға бөлеуге әуес көктем келді. Көшелердің көз жасына шыт берер ешкім болмағаннан соң сол қалпы жылғалар жылап ағып жатыр. Ерсілі-қарсылы жол тапқан қар суы адам тағдырының ағысын еске салады. Жер бетіндегі саналы тіршілік иелері де осылай өз жолын, өз тағдырын іздеумен қанша сенделеді. Біреудің ағысы қатты, біреуінің арнасы тар. Тек ішінде күресіні мен бөгесініне дес бермегендері ғана өз жолын таппақ. Осылайша ойға шомып келе жатқанымда ішкі дауысым «осы жолы әдепкі бір ісің істелмей қалды» деп дауыстағандай болды. Кенет орнымда қаттым да қалдым. Өзімше бәрін бітірген сыңайлы едім… Болмысым сұсқа оранған мейірім жанарына жұтағандай болды. – Аааа, Есіме түсті! – дедім өзімше дауыстап. – Пісте сатып алу! Бұл іс менің құдды бір мемлекет алдындағы борышымдай болатын. Апамнан пісте сатып аламын да, осылай көше бойлап үйге келе жатып ой аралына тап боламын. Адам өмірі біздің ойлағанымыздан да қысқа екенін шынымен түйсінген болса, бәлкім, жұмыр басты пенде шынымен де адамдық жолынан таймай жүретін бе еді? Егер шынымен жер бетінен қиындық атаулы жойылатын болса, ғұмырда қызық қалар ма еді? Егер осы ерекше қарқынмен дамып бара жатқан дүние бір күні сол екпінмен кері құласа не болмақ? Онда қазір біз шырылдап жүрген жалпы ұлттық мәдениет, өркениет атаулының халі не болмақ? Қазіргі күнде болып жатқан жағдайлардың көптігінен ұстарға жаға да қалмағандай көрінеді кейде. Мүмкін біздің уақытқа соншама сараңдық танытып, бос нәрсеге көңіл аударуға деген құлшынысымыз артып кетсе, пәнидегі барлық бақытсыздық атаулы жойылып тек бақытты ғұмыр қалар. Бірақ біз одан да жалығатын болармыз. Балды қасықтап жұтсаң – жүрегіңді айнытатынындай бақытқа да жек көре қарайтын болармыз. Өйткені лықа тойғаннан там-тұмдап жеген балдың дәмі әлдеқайда тәтті емес пе? Жоқ жерден келген титтей қуаныштың құны барлық жамандықтың атын жойып жіберуге қауқарлы. Ат басындай алтыннан бармақтай бақтың артықтығы осында болар. Кейде күнімен жұмыста емен-жарқын жүрсем де, кеш бата соншама көңілсіз күйге түсетінмін. Тап бір төбемнен қабағын тарс түйген нөсер бұлты шырмап, сес көрсететіндей болатын да тұратын. Бірақ пісте сатушы апаны көре сала, жеңілдеп қалатынмын. Бізді қойшы, жұмысбастымыз деп күнімен кеңсеге қамаламыз. Aл ол кісі қарттығына қарамай пістеcін сатады. Бірақ түрінен бір шаршау сыңайын байқамайсыз. Әлі тың. Ол кісінің қасында ерте қартайған – біз. Еті жоқ арық денелі, орташа бойлы апаның отырысының өзі де біртүрлі сүйкімді көрініске сұранып тұрады.

– Қызым. «Өмірдің қызығы, бақыты» деген ұғым уақыт аралығына бағынбайды, – деді ол бір күні. – Осы күнге дейін біздің көз не көрмеді? Қазір ойлап отырсам, сол күндердің де бір бақыты болған екен ғой. Қайғысыз қара суға қарын тойдырған кездердің де орыны осыншама ойсырап қалады деп кім ойлаған. «Көз жетті бір орында тұрмасына» деуші ме еді Абай атам? Еріксіз езу тартып жымиған болды. Бірақ ішіндегі оттың лебі мені де күйдіріп кеткендей.

– Ой, апа! Сіз қайта мықтысыз ғой. Біз ғой заманға бейімделіп нашар болып қалғанбыз. Қазіргі әңгімеміздің өзі бір бақыт емес пе онда?

– Иә, иә бақыт қой, бақыт!

Ой жетегінде әжеме қайтып оралып пікірлестім де, күнде өзіммен ала кететін пістемді сөмкеме басып үйге қайттым. «Сөз – қару» деген шын нәрсе ғой. Көкірегіңді ойып түсіреді.

 Негізі, бұл пісте деген жақсы нәрсе екен. Зеріккенде уақыт өткізбекке, үйге келген жүгірмектерді алдамаққа көмегі зор, одан қалса, келген қонағыңа әңгіме арасында беріп қойсаң да өтімді. Тіпті біздің үйдің тентектерінің пісте біткен күні «тауып бер» деп қиғылық салатыны да бар еді. Ал біздің апа жаңбырға, қарға қарамай жақын жердегі дүкеннің дүңгіршегіне кіріп алып жауынның өзін алдап кететін. Негізі, өзі тегінен аққұба адам. Өйткені кей кездері жаулығын маңдайына көтеріп байлаған күні жасырған қазынасындай ақ маңдайы бөлектеніп тұратын. Жүзін соққан желдің лебі кептіріп, оған қоса күн жеген. Өңі бір қарағанда қара-қоңыр болып тұратын. Соған қарап танитындардың бәрі «Қара кемпір» атап кеткен. Өзім сондай қара кемпірдің қолында өскендіктен «кемпір» дегеннен гөрі, «апа» дегенді көбірек қалайтынмын. Көзімше «қара кемпір» дегендеріне: «Өзімнің де апам қара болды, ападан апаның несі артық?» – деп бұлданып қоятыным бар еді. Кейде кітаби өмірде ғұмыр кешу соншама оңай сияқты. Себебі, ондағы барлық бейне өз айшығымен бір ғазал күйді сезінуіңе ықпал етеді. Менің ауыр ойлардан арылуыма көмек беретін апамның сиқыры да осында. Ол кісіде бір әлем бар. Көкірегіндегі әлемді көру үшін үлкен күш керек емес. Тек жанын түсінсең жеткілікті. Апам оқыған кітаптарымыздағы кимешекті әжелеріміз секілді бекзат және аппақ қардай кіршіксіз көңіл иесі екендігі тағы бар. Сөйлескен адамына оның аузындағы дұғалы сөзі, ұрпаққа деген мейірім – махаббаты бірден сезіліп тұратын. Болмысында нағыз ана бейнесі бар еді. Тап сол биіктік қара кемпірде де бар. Себебі, ол кісінің әкесі де текті адам. Әкесінің ишан болғанын, дұғаның қуатымен ағын судың бағытын өзгертіп, теріс ағызғанын маған талай әңгімелеп берген. Сол қасиет кейін әкесінен өзіне қоныпты. Басы бүтін айналыспаса да, кей кездері «қара кемпір» құмалақ ашатын. – «Адам тағдыры, мекені, дүниеде бақытты болуы не шектен тыс баз кешуі – болжауға келмейтін құбылыс. Себебі, он сегіз мың ғаламдағы саналы тіршілік иесіне Жаратқаннан таңылған өлшем бар. Өлшемдегі ең басты талап біздегі мейірім, бауырмалдылық, бір-бірімізге деген жанашырлық, қарағым», – дейтін қою қара құмалақтарын араластырып жатып. Рас, мейірім, махаббат жайлы апам көп айта бермейтін. Айтпаса да, жанарынан, жүзінен бір жылылық маған ерекше сезіліп тұратын. Енді махаббат дегеніміз жар салып, оны айдай әлемге айқара көрсету емес қой! Ол – жүректен жүрекке берілетін пәк сезім. Тек қалтқысыз сенген адамнан өзіңе сол сезімнің қайтқанын сезбесең махаббат та жетімек күйге айналады. Мүмкін өмірдегі ана сезімі де осындай қайтымсыз сезім шығар. Басқасын қойғанда, перзентіңе төккен шапағатты ол сезінбесе қайыр күтіп не тәйір. Осы жерде ең ауыры не екенін білесіз бе? Сол қара апамның балалары жоқ емес, бар. Қыздары да бар, ұлы да бар. Бірақ адам Алладан «перзентті адалынан бер» деп сұрамаса, бекершілік екен. Әйтпесе, жасы жеткенде осылай көшеде отыру кімге жақсы дерсіз?.. Міне, бұл ана жүрегінің кеңдігі. Мүмкін бала санасының төмендігі болар. «Шыққан қыз шиден әрі» дейтін елміз ғой. «Жалғызым» деп сенген ұлының күні араққа малданумен өтіп, тіпті кәрі шешені қойып өз отбасын асырауға шамасы жетпеген күйін көріп, балапаны үшін шырылдаған ана жүрегі тыныш та жай қалды деп ойлайсыз ба? Жаратқаннан жалғызына жақсылық тілеумен өткен түндері болмады деп айта аласыз ба? Бұған кінәлі күнкөріс дейтін тізбектің жұмыссыздықпен шектесуі. Сол шектесулер жасы келген ананы осылай көше жағалатқан. Мүмкін, бұл – сылтау немесе тағдыр болар. Басқа салса – баспақшылсың. Дегенмен кейде ішке сыймаған сырын ашынып жанындағыларға айтатыны бар еді. Тап сол кезде кәрілік дейтін тұсауға түсіп отырғаны жанына батып, жаулығының шетін жасқа малып та алатын. Жас дәурен дейтін өтер, кетер. Шыр еткен шегірткеше, кеше жаз еді, енді күзге тап болған ғұмырына ашынатын. Тай жалында еркін ойнап өскен қыз ғұмырында жанарынан жалын шашқан бұрымдының бұлай отыруына себеп болған мына бес күндік шынымен де жалған, шынымен де өткінші дейсің еріксіз… Бір сәт ойланыңызшы, ертеңгі күні бәрінің мысын басатын кәрілікті сіз қалай елестетесіз? Қалай күтесіз? «Ертең» деген күннің салмағын сезінесіз бе? Ал ол кісінің жанары адамның мысын басарлықтай өткір еді. Анау-мынау жыртақайларды көз тастап орнына қоятын мұншама саф мінезді берген дала кейде қара апамды сағындыратын болуы керек, күрсінісі айналасына тым зілді естілетін. Мұндай күйін тек ашынғанда аңғармасақ, жәй күндері аузынан артық сөз шығару арман. Сөзге сараң. Бабымен, сазбен сөйлегенді ұнататын. Ұлынан қайыр болмай, қыздары аналарына пәтер алып беріпті. Қазақта «қайын ененің күйеу балаға қарағаны намыс» деген сөзі бар. Содан асып бара алмай, осылайша өзі жалғыз күн кешіп жүріпті. Содан бары да, нары да, қызы да, ұлы да осы пісте болып кетіпті. Ал көпшілігіміз одан бейхабар бола тұра, «үйінде жатпай ма?» – деп күңкілдейміз келіп…

Адамның көзі жетпейтін жерді жағалайтын ұзын да зілді тілімізді аяймын. Соған менің де кіріп кететініме ұяламын. Адам біткен өзі елге, төңірегіне ақылман болуға шебер келеді емес пе? Дегенмен құс екеш құс та балапандары үшін шыр-пыр болады ғой. Азаннан кешке дейін көше бойында отыру кейуанаға мақтан болды деп ешкім де айтпас. Себебі, қазақ аналарының өр болмысы бәз біреуге міндетсініп отыруға жаралмаған. Жас күнгі арыннан айырылуды сезініп, масыл болудың өзі үлкен ұятты іс сияқты көрінетін қара апама. Дайын асқа тік қасық болатын заманды көрмегеннен де шығар осылай еңбекқор болғандығы. Бойындағы төре ханымдарына тән өрлігі өмірінің соңына дейін басын төмен идірмеді. Міне, нағыз ұрпаққа деген адал махаббат. Не ішсе де, кешегі бір самаурын шайға тойып мәз болып жүрген заманның қасында қазіргі өмір ханның тағы екенін апам жақсы түсінді. Бірақ ондай өмірдің парқын таразылар біз емес едік. Біздің қолдан келері сондай ғажап адамдардың қилы тағдырын түсінуге, ұғынуға ұмтылу емес пе? Кейде сондай сынға қалсақ не болар екенмін деймін… Тәуекелдің жел қайығын мініп, жүзіп өтемін бе, кім білсін…

Осылай күн артынан күндер өтті. Қысқы демалысты тұтастай қала сыртындағы саяжайда өткіздім. Ғылыми кітаптарымды аяқтармын деген мақсаттың ретімен қаладағы қызметіме ақпанның ортасында бір-ақ кірістім. Келсем, айтарлықтай ештеңе өзгермеген. Сол дағды, сол Алматы, сол өзен. Күміс жапырақтарынан айрылып, ауа сүзген теректер, кезінде сырғасынан күн көзі сығалаған ақ қайыңдар, инесінің өзі жанға жұмсақ көрінетін қарағайлар самсап тұрған, жазғы сұлу кейпінен айрылып, кеудесін қар көмкерген саябақ өзіне шақырады. Саябақтағы тар тротуардың бойымен аяңдап келіп, апаммен пікірлесуге бардым. Барсам, бос… Сенесіздер ме? Айнала біткен жұтап қалған, мен ғана емес, осы жерге табаны тиген барша адамдардың мейірімге шөлдеп жүргені байқалды. Қаңсырап тұрған апаның орны көзіме оғаш көрінді. Көптен бері бос тұрған орынға мен ғана емес, басқалары да жетімсірей қарайды. Артынан естідім, өткен айда мұзда тайып, жамбасын сындырып алыпты. Кәрілікке сынықтың өзі үлкен әңгіме ғой. Балалары жиналып жамбасына ота жасатып, үйлеріне апарып бағыпты. Содан апа шыдамай, ешкімге масыл болмастан, «жаман болса да, өз үйім – өлең төсегім» деп үйіне қайтса керек. Қос балдақпен сонау бес қабатты үйден төмен түсе алмай, ары-бері өткендерге терезе арқылы телміре қараған күндері өте бастапты. Құрғыр лифтісі болмайтын үйлердің жоғарғы қабатынан түсудің өзі азап емес пе? Бір күні қыздары анасына тамақ әзірлеп, зеріккенде жанында болсын деп үй күтуші жалдаған көрінеді. Бірақ түз тағысы бөтенді ұнатушы ма еді? Ол кісіге анау-мынау кісі жаға бермейді. Ескіліктің адамы болғасын, көңілінен шығатындары тек мыңнан біреу ғана. Күн сайынғы тамағын ұнатпай, әр жүрісіне сынай қарап, әр ісін сынай сөйлегеннен соң үй күтушісі жұмыстан шығып кетіпті. «Адам қартайғанда бір – бала» дейді ғой. Бабын тапқандар болмаса, қазір бағатындар аз. Осылай біз де отбасылық өмірімізді шаттыққа бөлейтін пістенің дәмін ұмыта бастадық. Кейіннен қара апамыз үйден шықпай біраз заттарды шатастырып алатын болған. Жалғыздан жалғыз төрт қабырғаға қамалудың өзі еркіндікті сүйетін адамға тозақ сынды емес пе? Ешкімге көндікпестен таяқпен жүріп, тысқа шығып, қайыр тілеп кеткен күндері де болыпты. Бірақ балаларына тіс жармаған, бұл жайттан балалары көп уақыт бойы бейхабар жүріпті. Бір әке қырық ұлды асырай алады, қырық бала бір әкені асырай алмайдының кебін киген апамызды тағдыр осындай күйге түсірген. Кейіннен қайыр тілеу әдетіне айнала бастағаны балаларының құлағына жетіп, апамызды қызы үйіне көшіріп алады. Ақыры ауру дендеп, кәрілік жеңгенде, соңғы демі күрсініспен үзілген. Қара апам қызының үйінде жантәсілім етті. Қыздары анасының жансыз денесін ұлының үйіне әкеліп, «атағы сенікі болсын» деп бақилық жолына сол үйде шығарып салыпты. Мүмкін ол кісі қара шаңырақтан шыққанын қалаған да шығар. Бірақ қуат, қайыр кетсе, не шара? Осылайша мәңгілікке аттанып кеткен. Адам біткеннің арманы таусылған ба? Сәйкесінше, кейде Қара апамыздың күйеу баласының қолында тұрғысы келмегені оны ұнатпағаннан, не жек көргенінен деп ойлайтындар да табылар. Бірақ ол әрекетінің астарындағы қызы мен баласының арасына сызат түсіріп алудан қорыққанын кім түсінді, қайсысы шамалады дейсіз… Жалғыз отырып пісте сатуының өзі ұлы мен келінінің күйін көре отырып, масыл болмайын деген ойдан пайда болғанын бірі түсінсе, кеудесіндегі ана жүрегінің қанжылап тұрып айтқанын көшеде арлы-берлі өтіп жүрген біз сияқтылар ұғына алмай кетті-ау… Бұндай сезімді түсіну үшін соншама бір ұлы ойшыл болудың керегі жоқ. Тек ана жүрекпен үңілсең –жеткілік ті… Сол жетпеді ғой. Біздің көз тек көргісі келгенді көреді. Бірақ көзге ілінгенді жүрекпен сезіну оның қасында байқампаздықтан да ұлырақ.

Бүгін күнделікті қара апам отыратын дүкеннің жанында тұрып бір күрсіндім. Дүкеннен сатып алған пістем қолымда. «Қара апа! Біз сіздің пістеңізді сағындық», – дедім іштей дұға етіп. Жанарыммен де, жүрегіммен де дұға еттім… Солайша, «қара апамсыз» көктем өтіп, жаз келді.

Жаздың аяғы. Сұр баскиімі, өзіне жарасымды сары жейдесі бар, қызметіне адал, көпшіл пошташы апайдың құлқын сәріде әкеліп берген газетін оқып отырғанмын. Жерден жеті қоян тапқандай қуаныш арқалап балам үйге жүгіре кірді:

–       Апа, апа! Қара апа отыратын бұрыш бар еді ғой. Сол жерде әдемі болып бір тал күнбағыс өсіпті. Көше бойындағы гүлдердің арасынан ерекше ұзын болып тұр екен, – деді ентіге сөйлеп. Жазулары біркелкі, тақырып әріптері аса ірі, суретті газетке бар зейінін аударған санам елең ете қалды. Жүрегім салқын тартып, ой сағынышым жанарыма төнгендей болды.

– Балам, ол күнбағыс емес, біздің қара апамыз ғой. Менің, сендердің өзін қатты сағынғанымызды, жанарына жасырынған мейірім ұшқынын аңсағанымызды сезіп қайта бүр жарып оралған ғой. Өзің қандай байқампаз едің, ботам, – деп «қара апамнан» үйренген жылы шырайлы кейіппен баламның басынан сипадым.

– Апа, сонда енді қара апамыз бізді күнбағыстың көзімен көрі тұра ма? – деді құлыншағым аңтарылып.

– Иә, құлыным! Апамыз ғұмырында мейірім көзімен бақыласа, ендігі бізге күнбағыс көзімен назар салатын болады. Ол кісі біздің арамызда, – дедім маңдайынан сүйіп. Күн ыстығы қайтқан кешкі уақытта баламмен қара апамыз отыратын орынға бардық. Сабағы тарамыс, гүл күлтелері жалпақ, себеті орта, пістелері ірі түйінді осынау бір сүйкімді өсімдікке қарап біраз аяңдадым. Күн жер-дүниені қимай өзінің алтын шапағын барынша төгуге тырысса да, айналаны қараңғылық тұмшалай бастады. Көше жиегіндегі түймедақ, раушан, қызғалдақтар бастарын қараңғылықтан бүркеніп, күртелерін жаба бастады. Күнбағыс сол қалпы. Қара кемпірдің тағдырға қасқайып қарсы тұрған қайсар мінезіндей мекенге көрік беріп әлі тұр. Шіркін-ай, топырақтан нәр алып, адам мінезін бойына сіңірген күнбағыс жаңбырлы маусымның қанша тамшыларына мойынсұнбады, буып ұрған қанша суық желге иілмеді. Апамның тал бойындағы мықтылық, қайсарлық өсімдікке де дарығаны ма? Иә, кейде болмашыға түңіліп, ұсақ-түйекке шытынағанда осы күнбағысты еске алуымыз керек. Тілдеспесе де, бойында қара кемпірдің тілеуі бар, ақ көңілі бар. Сол ақ көңіл пейілден үйіне бүгінгі күннің сарқытын мол тасып алсам деген аралар кезек-кезек күнбағысқа қонады. Апамның көзі тірісінде төңірегі де осындай болған емес пе еді?.. Болған. Әр күнінен ғұмырыма сарқыт жинасам деп ниеттенген адам-араның бірі мен емес пе едім?…

ПІКІРЛЕР9
Аноним 05.01.2020 | 01:38

Ойлы əңгіме. Өмірдің шындығы.
Қарілік — дауасыз дерт ем қонбайтын. Қара апаның тағдыры екінің бірінің басына төнер жағдай. Баладан қайыр, бойдан қуат кеткесін қара апаның кебін кимей қайтерсің.

Аноним 05.01.2020 | 10:23

Жаны жәннатта болсын!Керемет жазылған!

Аноним 05.01.2020 | 12:42

Өте әсерлі жазылған әңгіме, тіпті көзіме жас келді. Қара кемпір арқылы талай аналардың өмірін түсінуге болады.

Аноним 05.01.2020 | 16:47

Рақмет, Алма! Қаламың ұштала берсін! Керемет әсерлі әңгіме екен 👍👍😘😘🙏🙏

Аноним 05.01.2020 | 18:54

Оки отырыныздар

Аноним 05.01.2020 | 22:49

Әңгіме өте әсерлі әрі әдемі. Қаламыңыз қарымды болғай! Мәні зор еңбегіңіз көп болсын! Асыға күтеміз!

Аноним 15.01.2020 | 16:50

Менің қазақ тілінде оқыған бірінші әңгімем. Орыс мектебін бітірген соң, қазақ әдебиеті маған, өкінішке орай, өте қиын беріледі. Шыны керек сөздікпен оқыдым. Кейбір сөздерді сөздіктен таба алмадым. Әңгіменің мәтіні қысқа болса да үш күн бойы оқыдым. Барлық сөзді ұғып оқығым келген соң. Күнбағыс метафорасы керемет табылған. Авторға үлкен алғыс.

Аноним 10.02.2020 | 21:18

Әңгімеңіз өте керемпт апай🥰 Қаламыңыз ұштала берсін💫

Аноним 24.02.2020 | 01:10

Өте әсерлі әңгіме екен! Қаламыңыз ұштала берсін!👏🏻👏🏻

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір