ҚУЫРШАҚ ТЕАТРЫНЫҢ ҚУАНЫШЫ
Канададан қуанышты жаңалық жетті. Оттава қаласында өткен І Халықаралық «Ottawa» қуыршақ театрлар фестивалінің Гран-При жүлдесін Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры иемденді.
Канада астанасында тұңғыш рет өткен фестивальде «Ромео мен Джульетта» спектаклін қазақ тілінде сөйлеткен театр ұжымы көпшіліктің көңілінен шығып, қазылар алқасын өз шеберліктерімен тәнті еткен. Канадалық театр сүйер қауым спектакль билеттерін алдын ала сатып алыпты. Театр ұжымы аталмыш қойылыммен 2021 жылы Қарағанды қаласында өткен республикалық театрлар фестивалінде бірінші орынды, ал 2022 жылы Болгарияның
Варна қаласында өткен халықаралық «Алтын дельфин» қуыршақ фестивальінде бас жүлдені қанжығасына байлаған болатын.
Алматы мемлекеттік қуыршақ театрының Әкімшілік және ақпарат бөлімінің жетекшісі Гүлім Көпбайқызының айтуынша өнер ордасы 89-маусымда Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» шығармасын қуыршақ бейнесінде сахналамақ. Ал жаңа маусымның басты жаңалығы ретінде қазан айының 21-25- күндері аралығында «ALMATY PUPPET FESTIVAL ІІ» атты экспериментальді спектакльдерге негізделген Халықаралық қуыршақ театрлар фестивалін атауға болады.
Балалар бойына ізгілік пен адалдықты сіңіруде өлшеусіз еңбек етіп, мәдениетіміздің дамуына зор үлес қосып келе жатқан Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрының алдағы маусымда жаңа бетбұрыстарға бағытталған қойылымдары мен көңілге қонымды жобаларын көрермендердің асыға күтері сөзсіз.
Тасним ПЕРДЕҚОЖИНА