Бердібектің белгісіз кейіпкерлері
17.06.2024
1357
0

Мен Бердібек ағамен Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының аппаратында істеп жүрген кезінде танысып едім. Ол кезде С.Киров атындағы Қазақтың мемлекеттік университетінің филология факультетінде оқып жүргенмін. Бұған дейін Б.Соқпақбаевтың шығармаларымен, әсіресе «Он алты жасар чемпион», «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат» атты повесть, әңгімелерімен жақсы таныс болып үлгергенмін. «Балалық шаққа саяхат» повесін оқып отырып, кітаптан өз әкемнің, шешемнің, атам мен ағамның аттарын кездестіріп, қайран қалғаным бар.
Бердібек ағамен жолыққан жерде анығын сұрауға батылым бармай, үндемей қалушы едім, әрі «мына студент бірдеңе дәметіп келіп тұр ма?» деп ойламасын деген жалған намыс та ол кезде ашылып сөйлесуге жібермеп еді. Сөйтіп жүргенде Бердібек ағамыз дүниеден озды. Мен көзі тірісінде сөйлесе алмағаныма өкініп қалдым. Бердібек ағамен туыстығымызды, жақындығымызды маған түсіндіріп айтқан адам болған жоқ. Менің атам Жүніс, әкем Мұқамеди, шешем Қантай (Қант), әкемнің үлкен ұлы Садықтың есімдері «Балалық шаққа саяхат» повесінде аталып, олар туралы повестің өн бойында баяндалған. Жазушы туындысында: «Жаркенттен біздің үйді мият тұтып Мұқамеди, Жүніс дейтіндер келген. Жүніс – шал, Мұқамеди оның баласы. Мұқамедидің мен құралпы бір ер баласы бар, аты – Садық. Екеуміз бірге ойнаймыз.
Садықтың сары резинкадан істелген мүйізатары бар (рогатка). Біз, Қостөбенің балалары, бұрын мұндайды көрмегенбіз. Біздің қару-жарақ қорымызда мұндай аспап бұрын-соңды болмаған. Біздің қаруларымыз – садақ, сақпан.
– Бұнымен атса, адам да өледі, – дейді Садық.
Біз сенеміз. Керемет қаруына бола басқа балалар Садықтан именеді.
Адал еттіден Жүніс, Мұқамедилерде бір кәрілеу торы ат бар. Бізде түк жоқ. Екі үйдің аяқ лау етері сол ғана. Отқа жағатын көк тал тоғайдан сонымен әкелінеді. Ауылдың дәл қасындағы түбекшеге тұсап қойған торы ат бір күні тұсауымен Текеске түсіп, өліп қалыпты. Ішіне су толған, қарнын қампитып бірнеше адам жағаға сүйреп шығарады. Мал иелерінің сондағы боздап жылағанын көрсеңіз. Шал да, Мұқамеди де, әйелдері, тіпті кішкентай Садық та мал емес, ең бір аяулы жақын адамдары өлгендей көздерінің жасы көл болып, еңіреп жүр. Қазаққа малдың қаншалықты жақын екенін мен сонда білдім. Бір үйдің бүкіл үміт-тіршілігі, күнкөрісі торы атпен қоса өлгендей еді», – деп еске алады өткенді (Бердібек Соқпақбаев. Таңдамалы. 2-том, 12- бет).
Бердібек ағаның осы жинағындағы «Шайтан екен деп қалсам» деген әңгімесінде де менің әке-шешем туралы айтылады. Үзінді келтірейін… «Күнде түсте тамақтануға Текестің суынан өтіп, Орта қазанға келетінбіз. Орта қазан – маса аз, дөңес жерге тігілген оқшау киіз үй. Мұқамедидің Қант деген әйелі тамақ жасайды. Таңертең шай, кеште шай. Түсте кейде шай, кейде талқан көже. Оқта-текте өлген малдың еті келіп қалады.
Тартқыласаң, тіс өтпейтін көк жасық шандыр. Бір күні, әдеттегінше түскі үзіліске шықтық. Атты-жаяулы шұбап, Текестің арғы бетіндегі Орта қазанға келе жатырмыз. Мәссаған, безгелдек! Тоғайдың ішін қаптаған су басып кеткен. Көктен түскен су емес, әрине. Шілденің нағыз ыстық кезінде тау басындағы қар ағыл-тегіл ериді де, Текеске құяды. Әншейінде моп-момақан болып жататын Текес өстіп шарасынан асып-тасиды.
…Шөпшілер Орта қазанға бара алмай, каңтарылып тұрмыз. Не істеу керек? Көпір төмен, Қостөбенің тұсында. Көпір айналып баруға тым алыс. Маяшы төрт адам. Шөмеле салушы төрт-бес әйел және бар. Бәріміз он шақтымыз.
– Мен барып, тамақ әкелейін. Судан өте аламын, – дедім.
– Қалай өтесің?
– Жүзіп өтем.
Жұрт жамырап кетті. «Қой! Сумен ойнама! Ағып өлесің», – дейді біреулер. Біреулер: «Өлгің келсе, бара ғой», – дейді. Үшіншілер: «Бұл өлмейді. Текестің суы арық емес пе, Бердібек балық емес пе?» – деп бекер айтылды деймісің. Барсын», – дейді. Мен баратын болдым.
…Бар киімімді шешіп, ердің үстіне байладым. Енді, міне, тыржалаңашпын. Труси менде жоқ-ты. Шалбармен жүзе алмайсың.
…Монтиып жататын Текес көк долы дарияға айналған. Жүрексініп біраз қарап тұрдым да, қойып кеттім. Құлаштап жүзіп келем. Өзіме-өзім сенем. Жаға жақын. Міне, қолым ілінді. Тыр жаланаш болып жағада тұрмын. Ар жағымда жүз метрдей жерде киіз үй, Орта қазан. Судың бұ жақ бетінде істейтін басқа шөпшілер тамақтанып, тарап кеткен. Не істеймін? Тапайдың тал түсінде тыр жалаңаш қалай барам? Бармай және болмайды.
Киіз үйге қарай жүгіріп келем. Кім болса сол болсын, үйге тез кіріп, қолыма іліккен киім, бірдеңемен тәнімді бүркей қалмақпын. Есік түсірулі, тым-тырыс. Үйге жақындап қалдым.
Кенет, киіз үйдің есігі жалбаң етіп ашылды да, қолында тегеші бар Қант шыға келді. Ол үйде жалғыз екен. Тыр жалаңаш жүгіріп келе жатқан мені көріп, шайтан көргендей баж ете қалсын! Қолындағы қамыр салған тегеш құлап қалды. Менің бөгеліп, түсінісіп жатуға уақытым жоқ. Тоқтамастан үйге зып беріп, кірдім де кеттім. Керегенің көгінде Мұқамедидің ұзын шекпені ілулі тұр екен. Үстіме соны жамылып, далаға қайта шықсам, Қант жоқ. Сөйтсем, жаулығының ұшы желбең-желбең етіп, анадайда безіп барады.
– Қант! Қайда зытып барасың? Бұл мен ғой.
Қант сенбегендей таңырқап қарап қалыпты. Ақыры таныды…
– Ой, қу шешек! Тырдай боп жүгіріп келе жатқанға, қайдан білейін, шайтан екен деп қалдым.
Мен күлкіге қарық болып жатырмын. Бірер шыны ыстық шай ішіп, әлденіп алдым. Енді ар жақтағы шөпшілерге тамақ алып қайтуым керек. Қазанға қарып пісірілген үлкен бір жаппа нан берді Қант.
– Бұны қалай әкетесің?
– Бір шүберек бер. Соған орап, арқама байлап алам.
Қанттың үлкен қызыл шыт дастарқаны бар екен.
…Су бойына дейін Мұқамедидің шекпенін жамылып келдім. Қант анадайдан қарап тұр. Нанды арқама келтіріп, дастарқанды мойныма байлап жатырмын. Шекпенді сыпырып тастап, суға қойып кеттім. Жотамдағы нан су болмас үшін кеудемді мүмкін болғанша көтере малтуға тырысам.
Шөпшілер риза болып, қаужаңдасып қалды. Төбемнен төгіліп жатқан мақтау сөздер қаншама!» – деп жастық шақтың қызық күндерін, есінде қалған уақиғаларды сағынышпен еске алып жазады қаламгер (Бердібек Соқпақбаев. Таңдамалы,
1987 ж. 2- т. 146-148 б.б).
Мен ол шақта, әрине, бұл дүниеге әлі келе қоймағанмын. Бердібек ағамыздың жазып отырғаны отызыншы жылдардың басы, елдің ашаршылыққа, күйзеліске ұшыраған қиыншылық кезі.
Өмірге 1941 жылы соғыс басталардан 21 күн бұрын келіппін. Кітапта айтылатын Жүніс атам ертеректе, сол отызыншы жылдардың ортасына қарай қайтыс болыпты, әкем мен бір жасқа толмай соғысқа аттанып, содан қайтқан жоқ. Соңғы хатын Мәскеу қаласында госпитальда жатқанда жазыпты, шешем Қант (Қантай) 1942 жылы аурудан қайтыс болды. Мен ол кезде әлі есімді білмеймін. Осыдан кейін мен және екі әпкем Құрманхан, Әйімхан – үшеуміз әкеміздің қайтыс болған ағасы Алтынбектің бәйбішесі Күлән әжеміздің қолында тәрбиеленіп ержеттік. Бала кезде сол кісінің аузынан «Қарқара», «Сүмбе», «Текес», «Жалаңаш», «Қостөбе» сияқты жер-су аттарын естіп өстік. Алайда бұл өңірлерді көруге әлі күнге дейін жол түспеді.
Бердібек ағаның шағын қоржын үйінде бірге тұрып, өмірлерінің белгілі бір кезеңін бірге өткізген әке-шешем, атам, бауырларым туралы кезінде тартыншақтанбай, жазушы ағамыздан сұрап, біліп алмағаныма өкінемін. Мүмкін сол өлкеде әлі де әке-шешемнің, бауырларымның көзін көрген, оларды білетін қариялар бар шығар. Құдай қаласа, кездесіп сөйлесерміз. Әкемнің қара шекпенін жамылып, шешемнің қолынан шай ішкен, туыстарымды кітабына кейіпкер етіп алған, көзінің тірісінде балалардың классик жазушысы атанған Бердібек ағамыздың туғанына ғасыр толып отырған мерейтойы құтты болсын!
Ол кісі 1924 жылы өмірге келіп, ол тұста әлі де бала болғанына қарамастан «Балалық шаққа саяхат» повесінде 1930 жылғы қиындықты, халықтың басына түскен нәубет – ашаршылықты өз отбасындағы жағдай арқылы айнытпай ашып жазады. Бұл оның алты жасар бала көзімен көріп, басынан өткізген жайт­тар, уақиғалар еді. Бердібек ағайымыз 68 жасқа қараған шағында дүние салды. Көзі тірісінде көптеген көркем шығармаларымен халқының жүрегінен өшпестей орын алды. Драматургиялық туындылары да сахна төрінде қойылды. Сөз зергерінің айшықты көркемсөз шеберлігі талай ұрпаққа үлгі болары хақ.

Дүйсен МҰҚАМЕДИҰЛЫ,
Қазақстан педагогикалық
Ғылымдар Академиясының академигі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір