Қарағанды театрының қоржынында не бар?..
23.10.2022
3652
0

Арқадан арнайы ат басын бұрып келген С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры сыншыл Алматы көрерменіне «Ұлтқа қызмет», «Айналайын», «Рахымжанның Қасымы», «Текебұрқақ» және балаларға арналған «Ойыншықтар оянғанда» қойылымын ұсынды. Тарихы тереңде жатқан бұл өнер ұжымының гастрольдік көрсетілімге таңдап алынған спектакльдері театрдың бүгінгі шығармашылық бейнесін танытады.

Алғашқы қойылым Алаш арыстарына арналған Қ. Жүнісовтің «Ұлтқа қызмет» деректі көркем драмасы болды. Алаш тақырыбы бүгінгі театр репертуарында бірлі жарым көтерілгенімен, жалпы әлі игерілмей жатқан тың аймақ. Бұл спектакль ел мен жер тұтастығын сақтау жолында құрбан болған зиялы қауым өкілдері Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш арыстары өмірінің бір парасынан сыр шертеді. Ұлт ретінде жойылмаудың басты амалы – кең байтақ жерімізді сақтап қалу екендігін жақсы ұққан Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбаев, Міржақып Дулатұлы, Жаһанша Досмағамбетов, Хәлел Ғаббасов сынды азаматтардың сахна төріне көтерілуі – өткен тарихымыздың ақтаңдақ тұстарын толықтырып, қайта қарауымыздың нәтижесі болып отыр.
Кеңестік кезеңді бедерлейтін бұ­ған дейінгі пьесаларда қазақтарды мал соңында жүрген жабайы халық деп менсінбейтін билік өкілдерін көріп келдік. Ал Қ. Жүнісовтің пьесасында Сталин мен Лениннің аузында «бұратана» деп жүрген қазақтардың оқыған, көзі ашық сауатты өкілдері бар, мықты халық екенін мойындап және содан бойларын билеген қорқыныштың бар екенін көрсетті. Сахнадан айтылып жатқан әрбір сөз патриоттық сезіміңді оятып, арқаландырып жіберуге бағытталған. Пьеса сөз әрекетіне құрылып, үндеу сарында жазылған. Сахнадағы әрекеттің өте аз болуы актерлердің бейне сомдауына үлкен қиындықтар тудырған. Дегенмен режиссер сценографиялық безендіру мен көпшілік сахналар арқылы өзіндік ой-тұжырымын жеткізуге ден қойған. Өлім жазасына кесілген Алаш арыстарын ату сахнасы үйлесімді, көркем шешім тапқан. Орға өзіміз жығып берген қазақтың ұлы азаматтарын бүгінде тарих қойнауынан шығарып, ұлықтап жатқанымызды да, тізерлеп отырған жерлерінен ән ұранның шырқалуымен тұрғызу арқылы режиссер орынды жеткізе білген. Сонымен қатар бір беті кітап сөрелері, екіншісі құжаттар картотекасы секілді жасалған сахналық құрылғы Алаш үкіметі мен Кеңестік идеологияның арасындағы астарлы арпалысты эстетикалық тұрғыда әдемі жеткізіп тұр. А.Салбанов пьесада жоқ әрекетті осындай детальдік шешімдер арқылы толтырып, спектакльдің көркемдік тұстарын нығайта алған. Дегенмен қойылымда мұндай сәтті шешімдер болғанымен, тұтастай алғанда плакаттық мәтінді жарыса айтудан ары аса алмаған. Сахнада толып жүрген Алаш арыстарының бірде біреуінің болмысы, табиғаты толық ашылмаған. Әрбірінің жалынға толы айтып жүрген сөздері құрғақ әрі қасаң естіледі. Бұған себеп сөздің жалаң деректер негізіне құрылуында. Әлихан Бөкейхановтың рөліндегі Айдос Нұрмағамбетов үнінің жағымдылығы ғана назарымызды өзіне аударды. Сөз айтудан ары аса алмаған актердің шығармашылық мүмкіндігін жеткізуге драматургия негіз бермегені өкінішті. Мұндай пікірді барлық актерге қатысты айтуға болады.
Екінші күні Б. Абдуразақовтың «Айналайын» драмасын Айдын Салбановтың режиссерлік нұсқасында көрдік. Мұнда да барлық ой мен іс-әрекет сөзге құрылған. Бас-аяғы екі кейіпкерден тұратын шағын пьеса бізге ана мен бала арасындағы нәзік әрі көзге көрінбейтін берік байланысты көрсетеді. Ананың мейірімі мен махаббатын ешкім орнын толтырып бере алмайды. Арман қуып үлкен қалаға кеткен баласы үшін анасының жағдайы туралы баяндайтын қойылым көрерменді жалықтырып жіберді. Ырғақ-екпіні төмен қойылымға сахнаның екі жағынан шығып, 1-2 минуттық өз мәтіндерін айтатын актерлердің сахнасы спектакльдің көркемдік тұстастығына кері әсерін тигізді. Ана рөліндегі М.Әнуардың үні мейірім мен махаббатқа толы болудың орнына құлақ етімізді жеп, кері итеріп тастап отырды. Актрисаның аналық мейірімге құрылған мәтінді құрғақ әрі жалаң айтуы қойылымның көркемдік деңгейін құлдыратып жіберген.
Бала рөліндегі Ахай Жұмамұратовтың кімді ойнап жүргені түсініксіз. Актер қауырт шаруалармен жүрген қызметкер болып бастаған кейіпкерінің соңында өзіне мылтық кезенуге дейін баруына не себеп болғанын спектакль барысында көрмейміз. Орындаушы бос айқайға бой алдырып, жалаң ойын көрсетті. Сол сияқты сахнаның екі жағынан өз оқиғаларын айтқан алты орындаушы да қойы­лымда қандай жүк арқалап тұрғандарын түсінбеген. Анасынан жырақ кеткен әрбір бала қойылымнан кейін анасына телефон шалып, жақсы көретінін айтатындай болу керек еді. Өкінішке орай, көрермен спектакльдің біткеніне қуанып, театрдан кетіп бара жатты.
Қасым Аманжоловтың 110 жылдығына орай К. Жұмабековтің қаламынан туған «Рахымжанның Қасымы» атты поэтикалық драмасы Б. Ұзақов режиссурасымен сахналаныпты. Бұл спектакль ақынның өмірі мен шығармашылығынан сыр шертеді. Қойылымнан ақынның өлеңдері мен әндеріне сусындап қайттық. Сахнада Қасым Аманжоловты үш актер кейіптейді. Қ. Жағыпаровтың Қасымы өз өмірін көз алдынан өткізіп жүрген ақын. Өмірге келгендегі ақындық, адамдық міндетін қаншалықты орындағанын өзінше қорытындылап жүргендей. Актер жалыны басылған, барлығына көнген ақын жанының жалғыздығын көрсетеді. Сонымен қатар ерекше айта кететіні Қ. Жағыпаровтың сыртқы келбетінің Қ. Аманжоловқа ұқсауы да актерге көмек болып тұр. Сахнада жалынды өлең оқып, әуезді ән орындап жүргенмен, актер ересек Қасым Аманжоловтың психологиялық тебіреністерін жеткізе алмады. Актер ақынның поэтикалық асыл мұрасын насихаттаумен ғана шектелген екен.
Ал Қасымның бозбала жастық шағын ойнаған С. Серікұлы ақынға тән аласұрған сезім мен қызуқандылықты көрсетпейді. Актердің үні өте бәсең болғандықтан кей тұстарда дауысы мүлдем естілмей қалып жатты. Екі Қасымды ойнап жүрген актерлерге берген микрофон С. Серікұлында мүлдем жоқ. Сөздің дұрыс естілмеуі қойы­лымның тұтастығына кері әсерін тигізді.
Ата-анасынан айырылып, жетім қалған бала Қасымның білім іздеп Семейге баруы мен өмір соқпағымен Оралда өткен күндері қызығы мен шыжығы қатар өрілген көріністермен әсерлі бедерлеу тапқан. Оралда газетте жұмыс істей жүріп, жергілікті жастардың рухани көшбасшысы болуын өлең мен әнмен астасып жатқанын жастар сахнасында әдемі жеткізді. Келесі кезекте тағдырдың қалауымен майдан даласына аттанады. Соғыстан кейін бірден Алматыға оралады. Ақын Қасымның бақытты шақтары мен шығармашылық буырқанысы спектакльде әуезді әнмен көрініс тапты.
А. Нұрмағамбетовтің Қасымы өз музасын тауып, шығармашылық толқыны буырқанған тұсын бедерлейді. Алабұртқан сезімнің қойнауында жүрген ақынның қуатты өлеңдері спектакльдің осы орта жастағы Қасымның сахналарында көптеп оқылады. Дегенмен Қасымды ойнап жүрген және басқа да актерлердің ойынында өсу мен эволюция жоқ. Поэтикалық драма жанрында болғандықтан ән айтып, өлең оқудан ары аспаған.
С. Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының жоғарыда тілге тиек еткен қойылымдарын тетр басшылығы қандай мақсатпен Алматыға әкелгендерін түсіне алмадық. Еліміздің мәдени астанасының сыншыл көрерменіне ұсынатын қойылымдар мұндай болмауы керек еді. Театр әкімшілігі күніне 3-4 спектакльден ойнатып, мектеп пен колледж студенттерімен зал толтырғандарына қарап, бұл шығармашылық есеп беру емес, ақша табу гастролі болды деп топшыладық. Аталмыш театрдың бұдан алдыңғы Алматыға сапары да тура осындай болып еді.
Гастрольдің соңғы күні көрген спектакль алдыңғы күндердің қарымын қайтарғандай болды. Ш. Мұртазаның «Текебұрқақ» драмасы А. Салбанов режиссурасымен пластикалық морфоза жанрында сахналанған. Жалпы текебұрқақ деп – ауа райындағы құбылыс айтылады. Таутекелердің шағылысу кезінде жел, боран, жауын-шашынды болатын қолайсыз кезең. Спектакльде адамнан бастап барлық тіршілік иесінің өмірлеріндегі арпалыс пен аласұру кезеңі көрсетілді. Жер бетіндегі жаратылыс атаулының ең қатыгезі – саналы жаралған адам болып отыр. Ісінің дұрыс емес екенін біле тұра, әлсізге күш көрсетуге құмар. Тіршілік атаулының арасындағы тепе-теңдікті ұстап тұру заңдылық. Заман талабы өзгергенімен бұл заң сақталу керек. Олай болмаған тұста қоғамға төнер қауіпте жоғары болмақ. Режиссер адамның жаратылыс иесі емес, тек бір бөлшегі ғана екенін ұмытпау керек деген ойды алға тартады. Қоршаған ортаның өмір заңдылығымен тікелей байланысты тіршіліктің өзгеруін пластикалық шешіммен өрнектеген А. Салбанов пен сахна сайысын қойған Ж. Ахан және балетмейстр П.Әбдірахманның жемісті еңбегінің нәтижесі деп білеміз. Классикалық театр өнерінде пластикалық морфоза деген жанр жоқ. Морфоза тұқым қуалаушылықпен емес экстремалды факторлардың әсерімен өсімдіктер мен жануар­лардың органикалық өзгеріске ұшырауы. Спектакльде біз тіршілік атаулының заман талабына сай өзгеріп жатқанына куә боламыз. Осы тұрғыдан алып қарағанда пластикалық морфоза жанрына толық жауап беріп тұр.
Спектакльдегі адамдар, қасқырлар, текелер мен шибөрілердің тобы өз тіршілігін жасап жүр. Солардың ішінде өзінің алғашқы өмірге келу мақсатынан ауытқып кеткен тек – адамдар. Тіршілік атаулының ең қатыгезі – адам. Тек қасқырлар ғана табиғат анаға зиянын тигізбей, аялап келеді.
С. Сейфулин атындағы академиялық қазақ драма театрының актерлік құрамының оң жамбасына келген қойы­лым осы «Текебұрқақ» болды. Актерлік құрамның музыкалық, пластикалық мүмкіндігін толық көре алдық. Текелер тобы жалпы спектакльдің ырғақ-екпінін беріп отырды. Олардың тіршілік заңдары мен салттары пластикалық шешіммен көрініс тапқан.
Қарағандылық өнер ұжымының бүгінгі шығармашылық келбетін осы төрт қойылыммен анықтап беру қиын болар. Дегенмен театрдың қандай бағытта жұмыс жасап жатқанына куә болдық деп ойлаймыз. Алдағы уақытта шығармашылық құрамға тек қана шалқар шабыт тілейміз!

Айжан АХМЕТ,
театртанушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір