«Сәкенге» ОПЕРА ТЕАТРЫНЫҢ САХНАСЫ ЖЕТІСПЕДІ
«Театрлар, соның ішінде опера және балет саласы – консервативті өнер» деген ұғым бұрыннан бар. Бүгінгі таңда бұл біздің еліміздегі опера театрлары жайлы айтылғандай оқылады.
Жаңалыққа сақтықпен қарайтын, бұрын сахналық нұсқасы болмаған жаңа дүниені қоюдан қашатын, жаңа шығармашылық жоба жасауды кейінге шегере беретін, отандық авторларды маңына жолатпайтын, атынан ат үркетін театрлардың репертуарлық азығы не? Сонда қазақ ұлттық операсын кім жазады, кім сахнаға қоймақ? Қай елдің композиторы қазақ тарихына, қазақ тарихи тұлғасына арнап опера жазып, дайындап әкеліп алдымызға тартар екен? Осы және өзге де мәселелер мен ұлттық операның жазылуы һәм сахнаға қойылуы жайлы түйткілдерді біразадан бері айтып та, жазып та келеміз. Еліміздің үш бірдей опера театры бола тұрып бұл сала әбден қожырағанын, тәуелсіздіктің 30 жылында бар-жоғы үш-ақ ұлттық операның тұсауы кесілгенін екі жыл бұрын арнайы мақала етіп түйіндедік. «Баяғы жартас – сол жартас» күйінде қалып, театрға жыл сайын бөлінетін қаражат сол баяғы еуропалық классика мен ұлттық операның 30-40 жылдарының хрестоматияға айналған санаулы 3-4 атауының айналасынан аспай келеді. Жуырда ғана арнайы сүйіншілеп тұрып хабарланған жаңа операның тұсаукесері болды, өкініштісі, тұсаукесер – операның өз үйінде емес, консерваторияның концерттік залында өтті.
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 80 жылдық және Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдық мерейтойы қарсаңында «Вокал өнері» кафедрасының студенттері мен П.И.Чайковский атындағы Алматы музыка колледжінің «Ән салу» бөлімі оқушыларының күшімен замандас композитор Әліби Әбдінұровтың «Сәкен» операсының тұсауы 26 ақпан күні кесілді. Либретто авторы – ақын-драматург Қанат Жүнісов.
Бұл опера ілгеріде жазылып, осыдан бір жыл бұрын астаналық Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері мен оқытушыларының күшімен концерттік нұсқада орындалған болатын. Опера ірі саяси-шығармашыл тұлға С.Сейфуллиннің өмірі мен күресіне арналған. Еліміздің үш опера театрының бірі болмаса, екіншісі назар аударар, сахнаға қоюға ниеттенер деп үміттенгенбіз. Ол үмітіміз ақталмады. Отандық опера театрларының репертуарына жауапты министрлік өкілдері, отандық опера театрларының кәсіби мамандары: Көркемдік жетекші, Бас дирижер, Көркемдік кеңес мүшелері тарапынан титтей де қызығушылық болмады. Кәсіби театрларымыз ешқандай емеурін танытпаған соң «Сәкен» операсы студенттердің бастамасымен көрерменге жол тартты. Әрине, кәсіби театрда болатын спектакль компоненттері толық күйінде сақталмаса да, бұл спектакль өзіндік сахналық нұсқасымен тарихқа енді.
Либретто авторы Қ.Жүнісов пен композитор Ә.Әбдінұров Сәкеннің саяси қайраткерлік қырын, тарихтың толқымалы кезеңінде тағдыр тәлкегіне түскен шақтағы азаматтық келбетін ашуға, елі мен жерінің болашағы үшін күрескен қайраткердің қуғын-сүргін құрбанына айналу жолына назар аударған. Операның мәтіні өлең жолдарымен жазылған. Авторлар туындыда тарихи деректердің ретін қатаң сақтамай, еркіндікке барған. Сәкеннің өмірдерегіндегі кейбір оқиғалар желісінде сәйкессіздіктер кездеседі. Оқиға төңкеріске дейінгі қазақ ауылына, шілдехана рәсіміне келген жас Сәкеннен бастау алып, 1938 жылы ату жазасына кесілген мерзімге дейінгі 20 жылдан астам уақыт аралығын қамтиды. Бас кейіпкердің Гүлбаһраммен алғаш кездесетін кезі (1926) немесе оның НКВД қызметкерінің басынан бір қойып, баласын алып қашып кетуі, т.б. кезеңдерден сәйкессіздікті көреміз. Бірінші бөлім Сәкеннің төңкеріске дейінгі кезеңін қамтыса, екінші бөлімде ашаршылық жылдар, Мәскеудегі мәдениет пен өнер мерекесі және репрессия құрбанына айналу сәті бейнеленген. Операда Сәкеннің ақындық, композиторлық, жазушылық қыры ашық айтылмаса да, оның көпке әйгілі «Көкшетау», «Тау ішінде» секілді әндерін жеке әрі хормен орындау арқылы тұлғаның шығармашылық келбеті де нәзік түрде қылаң берген. Мемлекет және қоғам қайраткері – Сәкеннің жеке өмірі де, сүйікті жары Гүлбаһраммен отбасылық шағы мен қоштасу барысы да әсерлі сахналанған. Шығармада кейіпкердің күрескерлік болмысын танытатын бірнеше монолог пен ария бар. Соңғы монологінде: «Қызыл тудың қып-қызыл қан екенін, Кеш ұғыппын бірақ та», – деуі қайраткердің арманда кеткен адами болмысын ашады.
Операда қазақ қоғамындағы сол дәуірдің белгілі тұлғалары, Қазақстан басшысы болған – Голощекин, НКВД бастығы – Ежов, халық ішінде Мырзажан атанған – Мирзоян, Үкімет мүшелері, Сәкеннің өзі тәрбиелеген шәкірті – Назар, Қаскей, Қали сынды кейіпкерлердің әрқайсысы өзіне тән музыкалық келбетімен көрінеді. Олардың тарихи жауапкершілік артылар сәттегі боямасыз кейіптері өткір речитативпен, дуэт, триолармен берілген. Голощекин мен Ежовтың речетативке құрылған дуэттері, Мырзажанға жағымпазданған халықтың хормен келтірілген сахналары қай-қайсысының да ішкі болмысын айшықтауға көмектесіп тұр. Операда қосалқы кейіпкерлер қатарында қазақ өнері мен мәдениетінің алыптары (Жамбыл, Дина, Мұхтар, Күләш, Шара) да бар.
Дауыл болыстың, нәрестенің дүниеге келуін сүйіншілейтін Назардың алғашқы сахналарында орындаушылар өз партияларын толық игермегендей әсер қалдырды. Әншілер дирижердің қолының икемдеуінен ауытқып кетпесек болды дегендей, арияны қан-сөлсіз орындап шықты. Тек студенттік партадағы студенттердің өнерін, үлкен сахнаға, ел алдына тұңғыш шыққан жастардың талпынысын танытқан тұсаукесер қойылым болғандықтан операны орындаушыларға жеке тоқталып баға бермедік.
Опера спектаклінде экран арқылы Сәкен өмірінен тарихи деректерді құжат ретінде ұсына отырып, Сәкенді атар алдындағы сахнада Алаш қайраткерлерінің репрессияға ұшыраған өкілдерінің портреттерін видеопроектормен қарсы қабырғаға шығарады. Бұл көрініс операның тек жалғыз Сәкеннің тағдырымен шектелмейтінін, шығарма жалпы қазақ халқының басынан өткен ауыр тарихы – зұлматты жылдары құрбандыққа шалынған барша Алаш ардақтыларына қойылған ескерткіштей көрінеді.
Консерваторияның А.Жұбанов атындағы кіші концерттік залының сахнасы – мұндай опера спектаклін көрсетуге мүлде лайық емес кеңістік. Соған қарамастан, режиссер Диана Әкімбаева спектакльдің толық нұсқасын сахнаға алып шыққан. Опера спектаклін барынша сахналық әрекетке лайықтап құра алған. Арнайы мүмкіндіктері жоқ сахнада толыққанды спектакль көрсетудің қиын екенін бажайлай отырып, бүкіл шығармашылық ұжымға (қоюшы-дирижер Қуаныш Исмайлов, пластикалық шешімін жасаған Қаршыға Дандағариев, хормейстерлер Алмагүл Тұбажанова мен Сергей Милов) жанкештілігі үшін рахмет айтуымыз керек.
Операның музыкалық драматургиясындағы, композитордың опера жазу стиліндегі кейбір олқы соққан тұстарына қарамастан қазақ опера өнерін ілгері бастыратын ізденісті көрдік. Кәсіби театрдың сахнасына шығарманы орындау барысында байқалған артық-кем тұстарын редакциялап қояр болса, жаңа шығарма – опера репертуарына мол азық болатын дүние. Тыңдарман сахнада өнер көрсеткен жас орындаушыларды ерекше қарсы алып, қошеметін, ризалығын білдірді. Қоюшы құрам, шын мәнінде, үлкен жұмыс істеген. Күрделі шығарманы қысқа уақытта дайындап сахнаға шығару – үлкен ерлікке пара-пар жұмыс. Осындай маңызды спектакльді жүзеге асыруға мүмкіндік берген консерватория басшылығына, ұйымдастыру жұмысын істеген азаматтарға алғысымыз шексіз.
Аманкелді МҰҚАН,
театртанушы