БҮГІНГІ ҚАЗАҚ ТЕАТРЫНЫҢ ЖАЙ-КҮЙІ
12.11.2024
294
0

Сөз басы

Бүгінгі таңда Қазақ­стан театр өнерінің тыныс-тіршілігі, жұмыс қарқыны, алған белестері туралы сөз қозғасақ, бұл саланың ауыз толтырып айтарлықтай жетістігі мол. Театрлар жер-жерде толыққанды жұмыс істеуде, жаңа қойылымдардың тұсаукесерлері өтуде, ел ішіне, шетелге гастрольдік сапарлар жасалуда, түрлі деңгейдегі театр фестивалі өткізілуде. Ірі республикалық деңгейдегі қалаларымыз бен облыс орталығындағы әр театрдың өз республикалық және халықаралық фестивалі бар десек, қателеспейміз. Бұл – мәселенің бергі, көзге түсетін жағымды көрінісі.
Десек те, отандық театр картасында көрініс берген проблемалар бұрыннан шешімін таппаған мәселер де жеткілікті. Олар: отандық театрдың сапалы жұмысын рет­тейтін негізгі құқықтық құжат – театр туралы заң қабылдау, авторлардың құқықтарын рет­теу,
театр менеджментіне жаңаша көзқарас қалыптастыру, театрларымыздың ұлт­тық репертуарымен айналысу, жасақтау, драматург авторлардың туындыларын шетелге насихат­тау, опера композиторларына тапсырыспен опера жаздыруды жолға қою, авторлардың құнсызданып кеткен шығармашылық жұмысын қолдау және дамыту т.б. Қазақ театрының төңірегінде қордаланған түйінді мәселелерді шешу жолдарына байланысты әртүрлі кеңістікте айтылып, жазылып келеді. Бірақ нәтиже жоқ. Біз қалыптасқан жайды өз биігімізден қарастырып өзекті деген мәселелерге және бір мәрте назар аудартуды жөн көрдік. Құлақ асар, еліміздің сахна өнерін дамытуға мүдделі мекеме басшылары табылса, пайдасына жаратар, қажет болмаса, бәріне үйренген көңіліміз сол қалпы, ренішіміз жоқ. Сонымен, әңгімеміздің әлқиссасы…

 

Театрдың құқық негізін бекіту керек

Алдымен, театрды белгілі бір құқықтық құжат­тармен қамтамасыз ету мәселесінен бастасақ. Отандық театрды заманауи нормативті-құқықтық құжат­тармен қамтамасыз ету керегі өткір сезіледі. Театрдың ішкі және сыртқы жұмыс тәртібін заман талабына сай рет­тейтін, тұрмыс пен жұмыс үрдісіне дендеп еніп, күн сайын өзгеріп жатқан соны өзгерістерді ескеретін, бүгінгі тыныс-тіршілікке бейімдейтін, ескірген айналымда бар нормативті-құқықтық актілерді толықтай қайта қарап, жетілдіріп, жаңа тараулар мен баптарды толықтыру қажет. ҚР Мәдениет туралы Заңның театр өнеріне арналған баптары еліміздің театр картасындағы соңғы кез­де енген біраз жаңалықтар мен қажет­тілікті өтей алмайтындай кезге келді. Тәуелсіз еліміздің театрларына заманға сай арнайы заң қабылдау қажет­тігі күн тәртібінен түспей тұр. Дұрысы, ҚР-да шығармашылықпен айналысатын әралуан бағыт­тағы, статустағы, түрлі деңгейдегі 70-тен астам театрдың еркін шығармашылық бәсекелестікпен жұмыс істеуіне, көркемдік сапасы жоғары қойлымдарды дүниеге алып келуіне, ұлт
театрын әлемдік кеңістікте бәсекелестікке төтеп беретіндей отандық креативті өнімдердің туындауына жол ашып, соны серпін беретін аранайы «Театр туралы заң» қабылдауды қолға алу керек. Ол үшін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі жанынан арнайы жұмыс тобы құрылып, отандық театрдың болашақ дамуына кең өріс беретін қажет­ті құқықтық құжат­ты дайындап қолданысқа енгізу жөн деп білеміз. Театрдың проблемасын шешуді отандық театр өнеріне реформа жасау жолында театр шаруа­шылығын ішінен жақсы білетін, жаны ашитын, өзекті мәселелерін шешу үшін барын салатын театр саласындағы жетекші мамандардың басын құрап, жұмыс тобын құру қажет.

Авторлық құқық орындалуға тиіс

Отандық драматургтердің, композиторлардың, сценографтардың, костюм суретшілерінің еңбегі тиісті бағасын алуы, олардың авторлық құқықтары мен шығармашылық ізденістері оң бағалануы, авторлық сыйақылары уақытында төленуі т.б. кәсіби-интеллектуалдық еңбегін құқықтық тұрғыда қорғауды қамтамасыз ету жолдарын қарастыруды ылғи назарда ұстау, қолданыста бар құқықтық-нормативтік құжат­тарды жетілдіруге арнайы дөңгелек үстелдер ұйымдастырып, ресми мекемелерге ұсыныстар жолдау жолдары назарда болғаны күн тәртібінде тұр.

Театр директоры мен көркемдік жетекшінің рөлі

Еліміздің театр шаруа­шылығын басқару ісінде сыр беріп келе жатқан тоқырау бар. Ол – әртүрлі деңгейдегі шығармашылық ұжымды басқаруға таға­йындалып жатқан директорлар корпусы мен көркемдік жетекшілікке таға­йындаудағы ала-құлалық, кәсіби білікті басшыларға деген тапшылық. Сол лауазымға сай келетіні бар, келмейтіні бар, жетекші басшылар деңге­йіне қойылар талап жоғары болуы керек. Басқару ісін сол ортадан шыққан, театр шаруа­­шылығын жақсы білетін маман қолға алуы – заңдылық. Десек те, «жақсы артист жақсы басшы бола алады» деген ұғым қате. Бұл – арнайы оқытылатын, экономика мен шаруа­шылықты жүргізу, кадрларды іріктеу, есеп-қисапты, құқықтық құжат­тарды жетік білетін, ұжымдағы моральдық-психологиялық тепе-теңдікті ұстай білетін басқарушы маман-менеджер болуы керек. Арнайы дайындалған кадрлардың мүлде болмауынан барымен базар болып, әр басшы өзінің деңге­йінде білімі мен тәжірибесіне сүйеніп басқаруда.
Сондықтан қазіргі қазақ театрын директор басқарады. Бұл – біздің құлаққа үйреншікті жайт. Директор басқармаса, кім басқаруы керек? Әрине, директор. Дегенмен театр секілді шығармашылық ұжымда директордан да салмақ деңгейі, атқарар жұмысы бір бас жоғары көркемдік жетекші бар. Біз сол шығармашыл тұлғаның рөлін түсіріп алдық. Жұмыс беруші министрлік, әкімшілік бұйрығымен театрға директор таға­йындайды да, ол барлық жағына жауапты тұлға болып шыға келеді. Шаруа­шылық, қаржылық, шығармашылық т.б. мәселелердің бәріне араласады, бәріне ықпал етеді. Егер директор білікті маман, сауат­ты менеджер болса – театрға құт, біліксіз басшы болса – жұт. Бар проблема осы мәселе төңірегінде болғандықтан театрдағы іркілістер, кері кетуі көп күт­тірмейді. Оны күнделікті тәжірибе көрсетуде. Еліміздің ірілі-ұсақ театрларындағы басшы мен шығармашылық ұжым арасындағы келіспеушіліктер, театрдың заманға сай репертуар жасақтай алмауы, уақыт пен көрерменнің талабына сай сапалы өнім бере алмауы, жаңа қойылымдарымен фестиваль кестесіне іліге алмауы осы және өзге де кемшін тұстарды жалаңаштап көрсетеді.
Керісінше, театрдың көркемдік шығармашылық мәселелерін шешуге, заман талабына сай репертуарлық саясат­ты ұстануға тікелей жауапты тұлға – көркемдік жетекшінің міндеті мен жауапкершілігі әбден әлсіреген. Театр бар, театр тынысы, бюджет­тен бөлінген қаржыны толық игеру бар десек те, шығармашылық ұжымның жетістіктерін айқындар көркемдік деңгейі биік қойылымдар, ізденісті көрсететін сапалы тәжірибе, жетістікті айқындайтын
кадрлар саясатындағы тиімді тетіктердің толық еместігін көреміз. Мұндай театр­дың шығармашылығы екінші немесе үшінші планға кеткен.
Бұл күнге де­йінгі тәжірибе мен бүгінгі күн талабы, керісінше, театрдың Көркемдік жетекшісі шығармашылық тұрғыда басқарып қалған шаруа­шылық-ұйымдастыру жұмыстарын директор толықтыруы керек. Бүгінгі таңдағы театрды басқаруда бізге жақын көрші ТМД елдерінің ішінде театрын оңтайлы басқару ісін жолға қойған, креативті индустрия ретінде дамытып, туризмге жол ашқан Грузиядағы озық тәжірибені пайдалану біздің театрға да жаңа серпін береді деген ойдамыз. Олардың бүгінгі жұмыс нәтижесі грузин театрының дамуын еуропалық үлгіде алға бастырып, шығармашылық еркіндік пен ұлт­тық авторлардың спектакльдерін қоюға жол ашып, отандық спектакль өнімдерін дүниежүзінің театр кеңістігіне насихат­тау ісін оңтайландырып отыр.
Ол үшін: ҚР Мәдениет министрі театрдың көркемдік жетекшілігі вакант­ты орынға конкурс жариялап, тәуелсіз эксперт­тердің сараптамасына салып кандидат­тардың болашақ төрт жылға жұмыс жоспарымен танысып, жан-жақты салыстырмалы талқылаудан ке­йін үздік деп тапқан жекетұлғамен келісімшартқа отырады. Барлық жауапкершілік толығымен Көркемдік жетекшіде, ол командасын жинап (директорды, орынбасарларын, труппаны жасақтауды, репертуа­рын жаңалауды, режиссерлер шақыруды толықтай мойнына алады) театрдың шығармашылық болашағына толығымен жауапты. Сұраныс көркемдік жетекшіден. Сонда еңбек бөлісі жүйеленіп, әр басшы өзінің қызмет­тік міндет­терін дұрыс, толық орындайтын болады.

Қазақ­стандық авторларды сахналаудың оңтайлы жолы

Театрларда отандық авторлардың туындыларына сұраныстың аздығын жас авторлардың шығармасының көркемдік сапасының кемшін болуымен байланыстырады. Көркемдік сапа автормен қоян-қолтық араласып жұмыс істеген ортада пайда болмақ. Жаңа автор өздігінен өсіп шықпағасын онымен тыңғылықты жұмыс жасау ерекше назарда болуы керек. Олай болмаса, нәтижесі белгілі, қазақ­стандық театрлардың репертуарының басым бөлігі шетелдік авторлардың аударма пьесаларымен, инсценировкаларымен, шала жазылған сапасыз пьесаларымен толыққан.
Театр мен автордың арасын жақындатуға кедергілерді жою мәселесінде драма театрлардың репертуарын жетілдіру,
театр спектакльдерінің көркемдік сапасын әлемдік деңгейге көтеру жолында жұмыстар жасалынуы керек. Ол үшін, алдымен, бүгінгі заманның өзгеріске түскен, даму үдерісіндегі сахна өнерінің бағыт-бағдарына назар аударғанымыз жөн.
«Театр өнері – тірі, жанды өнер» деген тәмсіл бар. Олай болса, тірі өнердің заманға сай драмалық шығармалармен қамтамасыз етілуі – күнделікті қажет­тілік. Дәстүрлі үлгімен пьеса жазатын қаламгерлер жолайырықта тұр. Жазған пьесаларын театр қабылдамайды, қабылдаған пьесалары тұтастай өзгеріске түсіп, өңделіп сахнадан күтпеген трактовкада көрінеді. Уақыт талабына сай заманауи режиссурамен қойылатын пьесаларға, дәстүрді сақтап қойылатын драматургтер туындыларына деген сұраныс қанағат­тандырылмай келеді. Театр мен автор арасындағы тартыс, түсініспеушілік, бірі екіншісін жоққа шығару секілді түрлі бағыт­та жарияланған материалдар театрдың қасиетін кемітумен бірге жаңаша қабылдаудың да бастау көзі десек, қателеспейміз. Автордың құқығы тапталмайтындай, автор өзінің интеллектуалдық еңбегіне сай қаламақы алатындай ізденістерге жол ашылуы керек. Ол – театр мен автордың арасындағы кедергіні жоюға, еркін байланыс орнатуға және бірі екіншісіне тартылатындай, бірі екіншісінсіз күн көре алмайтындай жұмыс кестесін жасау.
Театр мен драматургтің шығармашылық байланысуы қиын шаруа­ға айналды. Қазіргі таңда пьесаға арналған конкурстар жиі жарияланады, демек, байқауда жеңімпаз атанған пьесаларды сахналау үрдісі де қолға алынуға тиіс.
Поэзия мен проза секілді кітап болып басылып шығумен аяқталмайтын драматургияның ұзақ жолы сахнаға арналған көркем шығарма ретінде театрмен қарым-қатынаста жалғасады. Режиссер, актерлер тарапынан арнайы оқылып, дайындалып сахнаға қойылғаннан ке­йін соңғы нүктесі қойылады. Дайындалып сахнаға шығуына біраз уақыт кететін арнайы даталарға немесе белгілі тұлғаларға арналған тақырыптық драматургия бәйгесін жариялап, өткізуді алдын ала жоспарласа, көздеген мақсатына жетіп бәйге алған шығармаларға театрлар тарапынан сұраныс болады. Қалған бәйгелердің басым бөлігі босқа өткізілген, қаражат мақсатсыз жұмсалған шара болып қала береді. «Тәуелсіздік толғауы», «Дала дауысы», «Дарабоз», «Ұмай» т.б. секілді республикалық, ұлт­тық статустағы өзге де арнайы бәйгелер жоспарлауды қажет етеді. Өткізу тақырыбы мен мезгілі алда болатын мемлекет­тік, халықаралық деңгейдегі маңызды даталармен сәйкестендіріп, кәсіби сараптап, кем дегенде, 1-2 жыл алдын ала жариялану мәселесін тәжірибеге енгізу керек.
Жыл сайын әртүрлі деңгейде бірнеше үздік пьесаға жарияланатын бәйге тұрақты өтіп тұру қалыптасқан дәстүрге айналды. Осы бәйгені ұйымдастырушы құрылтайшыларға үздік пьеса жеңімпаздарын анықтап, марапат­тап қана қоймай, жүлделі 2-3 шығарманың сахнаға қойылуына да қаражат бөлінуін назарда ұстау жайын мәселе қылып ұсыныс тастағалы біраз болды. Сонда бәйге ұйымдастырушылардың мақсаты толық жүзеге асып, нақты нәтижеге қол жеткізіледі, жеңімпаз авторлардың шығармасы сахнаға қойылады. Ол үшін драмалық шығармаға бәйгені ұйымдастырушылар мен республикалық, облыстық, қалалық театрлардың арасында байланыс орнап, жеңімпаз атанған пьесаларды қоятын театрлармен келісім жасалып, олардың көрерменге жетуіне де­йінгі дайындық жұмыстары, спектакльдің дүниеге келу жолы жеңілдейді, автор мен театр арасы жақындап, пьесаның көрерменге жету жолы анағұрлым қысқарады.

Драматургтер еңбегі насихат­талмай келеді

Қазақ авторлары пьесаларының елімізде және шетел театрлары сахнасына қойылуын рет­теудің қажет­тігін көреміз. Елімізде орыс тілді 20-ға жуық және өзге де диаспоралар тілінде сөйлейтін төрт театр жұмыс істейді. Ұлт­тық драматургияны дамыту ісіндегі жағдай басқаша десек те, шешімі табылмаған мәселелер оларда да бар. Орыс театр­ының реперетуары әлемдік орыс тілді авторлар мен сол тілге аударылған солтүстік көршілеріміздің мол пьесалар қорынан алынып сахналанып келеді. Ол дегеніміз, бұл театрлардың арнайы пьеса жазатын заманауи авторы жоғын, авторы болса да оны қоятын театрда ықылас жоғын көрсетеді. Өзге диаспоралар театрларындағы жағдай одан да қиындау, олар да аударма пьесалармен жұмыс істеп келеді. Бірақ басымдық қазақ авторларының туындыларында емес. Сол себептен еліміздің диаспоралар театрлары сахнасына отандық авторлардың сапалы аудармаларын жасауды жолға қою керек. Алдымен, отандық ұлт авторларының үздік драматургиясын орыс және өзге де диаспоралар тіліне аударуды орталықтан кәсіби деңгейде қолға алатын кәсіби сараптамалық топ құрып, аударылатын авторлар тізімін жасап, арнайы аудармашылар тобымен жұмыс жасайтын кез келді.
Екіншіден, ұлт­тық авторлар пьесаларының ағылшын, испан, неміс т.б. тілдерге аударылуы жаңаша тиімді, сапалы жолға қойылу қажет­тігі басты мәселелердің бірі болып тұрғандықтан, арнайы пьеса аударатын орталық құру немесе орталықтандырылған аударма бюросын ашу қажет екенін баса көрсетеміз. Онсыз қазақ авторларының туындылары тек қазақ театры мен көреременінің шеңберінен шыға алмай қалады. Бұл – бұрыннан бар өткір мәселе, оны шешудің жолын министрлікке тікелей бағынатын немесе ҚЖО жанынан аударма бюросын ашып қарастырса, дұрыс болар еді.

Ұлт­тық опера өнерінің хал-жайы Мәжіліс назарында…

Опера мен балет – әлемдік руханият­та төрт ғасыр бойы қалыптасқан бекзат өнер. Оның өзіндік жолы, қалыптасқан дәстүрі, ұлт­тық композиторлық мектебі, заманауи үдеріспен даму жолы бар. Осыдан 90 жыл бұрын ұлт топырағынан бой көтерген отандық опера өнерінің репертуары қазақ композиторлары жазған шығармалармен тұрақты толығып келді. Негізгі даму жолын кеңестік кезеңде қалаған бұл сала Республика көлемінде жалғыз театр жұмыс жасаған кез­де, қарқынды даму үдерісін көрсет­ті. Біраз ұлт­тық операның жау­һарлары дүниеге келді. Еліміздің тәуелсіздік алуымен бірге келген еркін шығармашылық саясат жүргізудің нәтижесінде, елімізде 2 опера театры жаңадан ашылды. Репертуардағы отандық авторлардың салмақ үлесі де осылай прогрессиялық жолмен өсуі керек еді. Өзге ұлт­тың әлемдік классикаға айналған операларын сахнаға қоя отырып, ұлт­тық опера репертуарын жасақтау да сол қатардан көрінуге тиіс болатын. Қазақ­стан Республикасының Опера және балет театры өзінің төл репертуары мен ұлт­тық бояуы мол отандық авторлардың туындыларынан тұруы керек. Жылда жаңа бір опера мен балет туындысы жазылып сахнаға қойылуын міндет­теу, талап ету – уақыт талабы. Онсыз қазақ операсы мен балетінің болашағы жоқ.
Қазіргі қазақ операсы мен балет өнерінің аты қазақтікі болғанымен, заты –шетелдік репертуармен күн көретін театр. Еліміздің шығармашылық ұжымдарын Ұлт опера театры деп атау үшін оның тоқырауға түскен репертуарлық саясатына түбегейлі өзгерістер енгізу керек. Ұлт­тық композиторлық мектептің жетістігі сол өткен ғасырдың бұған де­йінгі деңге­йінде қалды, алға басу, жаңа есімдер мен соны туындылар жоққа тән. Ахмет және Ғазиза Жұбановтар, Қ.Қожамияров, С.Мұхамеджанов, Е.Рахмадиев т.б. секілді корифейлердің ізін басатын композитор жоқ емес, бар, сол мықтылардың ізбасар шәкірт­тері ортамызда жүр. Тек, театрлар тарапынан олардың еңбегіне қызығушылық, отандық опера мен балет өнерін жасауға, дамытуға деген жанашырлық, сұраныс жоқ. Оны жүріп өткен 33 жылдық тәуел­сіздік алғаннан ке­йінгі тарихымыз дәлелдеп берді. Сол бағыт­та тоқырау әлі де жалғасуда.
ҚР Алматы, Астана, Шымкент қалаларында 3 опера және балет театры ресми жұмыс істейді. Олар:
1) Биыл 90 жылдық тарихы бар Абай атындағы Ұлт­тық опера және балет театры (1934);
2) Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлт­тық опера және балет театры (2000–2013 жж. жабылып қалды);
3) «Астана Опера» опера және балет театры (2013);
4) Шымкент қалалық Опера және балет театры (2008).
Осы аталған әр театрға жыл сайын мемлекет­тік бюджет­тен 4 жаңа қойы­лымға деп арнайы қаражат бөлінеді. Сол қаражат 33 жылдан бері ұлт­тық репертуар жасауға, отандық опера өнерін дамытуға тиімді жұмсалған жоқ. Осы аралықта санаулы ғана қазақ­стандық авторлардың жаңа опералары сахнаға қойылды. Нақтырақ айтсақ, олар – Е.Рахмадиевтің «Абылай хан» (2004), А.Серкебаевтың «Томирис» (2008), Т.Жармұхамедтің «Домалақ ана» (2019) опералары. Қалған сахнаға қойылған, әлі күнге де­йін қойылып келе жатқан опералар – өткен ХХ ғасырдың 30–40 немесе 60–80 жылдарының жоғарыда ат­тары аталған корифейлерінің туындылары. «Келер ұрпаққа бүгінгі ХХІ ғасырдан, оның алғашқы 25 жылынан не қалды?» деген сұрақ туындаса, бар-жоғы бір қолдың саусағын бүккенге толмайтын санаулы спектакльді ғана атай аламыз. Ол жайлы осыдан 3 жыл бұрын (Мұқан А. «Опера театрлары – қазақ ұлт операсының өз үйі болуы керек», «Мәдениет» порталы) жазғанбыз. Ал қалғаны – әлемнің кез келген опера және балет театры қойып жатқан репертуарлық дүниелер. Оларды сахналағаннан қазақ опера және балет өнерінің асқақтап кеткені шамалы. Ал ұлт­тық композиторлар мектебінің алға баспауы, репертуарға жаңа туындының қосылмауы, опера және балет сахнасында жаңа тарихи тұлғалар мен тарихымыздың жарқын бет­терінің айшықталмауы, тек қазақ музыкалық театрының көші кері кеткенінен хабар береді.
Қалыптасқан түйінді шешу жолы қандай болмақ? Еліміздің опера және балет театрларына және барлық драма, музыкалық драма, комедия театрларына өкілет­тігі жүретін ресми мекеме – министрлік тарапынан ұлт­тық опера және балет репертуарына талапты күшейту, көркемдік деңге­йін көтеру, жасақтау мәселесіне назар аудартатын арнайы құжат қабылдануы керек. Тәуелсіз репертуарлық саясат қалыптастыратын жұмыс тобын құрып, театрдың шығармашылық бағытында жұмыс жасайтын Көркемдік кеңеспен тығыз қарым-қатынаста болатындай пәрмен беру керек. Репертуарды, отандық драматургия мен опера өнерін дамыту тұжырымдамасы алдын ала 4–5 жыл бұрын жоспарланып, сол бағыт­та жұмыс тұрақты жүргізілуі қажет.
Театрдың (көркемдік жетекшінің, директордың) отандық авторларға деген жанашыр көзқарасы мен қамқорлығы болу үшін репертуарға жылына бір немесе екі отандық автордың туындысы дайындалып қойылуын міндет­тейтін арнайы талап театрдағы шығармашылық жұмыстың арнайы бабы ретінде жазылуы тиіс. Театрға жаңа қойылымға деп бөлінетін қаражат­тың (постановочный) біреуін отандық опера шығармасын жазуға және сахнаға қоюға арнайы автор(лар) құрамына (композитор, либрет­то авторы, суретшісі т.б.) көркемдік кеңестің ұсынысы бойынша тапсырыс берілуі керек. Автормен келісімшарт жасау, оның орындалу барысы, нәтижелі болып спектакль көрерменге жеткенше театр тарапынан тұрақты бақылауда болады.

Сөз соңы

Әлемдік деңгейдегі дамыған елдер қатарына қосылу тек экономика, қаржы, құқықтық т.б. саладағы жетістіктермен өлшенбек емес. Жаһандық мәдениет­тің үздік үлгісі мен деңге­йіне шамаласатын төл туындыларды жазып, оны сахнаға қою арқылы да ұлт­тың рухына азық болатын мол жетістікке қол жеткізе аламыз. Ондай шығармаларда ұлт тарихы мен тұлғалары, ел бастаған билері мен қол бастаған батырлары, елдіктің ұйытқысы болған абзал аналары мен ерлікке жол сілтеген арулары, туған жерге, елге деген отаншылдық сезімді, достық пен махаббат­ты дәріптейтін қазақтың өткен және бүгінгі тарихына негізделген тақырыптар арқау болады. Ұлт­тық опера мен драма театрларында отандық авторлардың драматургиясын тұрақты әрі көркемдік деңгейі жоғары дәрежеде қою – уақыт күт­тірмейтін міндет. Драма, опера, балет репертуарының бүгінгідей біржақты жай-күйін де осылай нақтылы тапсырыспен рет­теп отыру арқылы алға жылжытуға мүмкіндік мол. Ұлт­тық тақырыпты көтеретін спектакль, жаңа талант­ты қоюшы авторлар тобы, шебер орындаушылар есімі, ұлт­тық опера мен балет спектакльдері өздігінен пайда болмайды, кенет­тен өзі келмейді, ешкім де бізге дайындап бермейді. Ол үшін отандық авторлардың жеке-дара, саяқ жүруден арылып, театрдың төңірегіне топтасуына жағдай жасайтын, жаңа ұстанымдарды қалыптастыратын белсенді әрі жүйелі ұйымдастыру шаралары қажет.

Аманкелді МҰҚАН,
М.О.Әуезов атындағы
Әдебиет және өнер институты
Театр және кино бөлімінің меңгерушісі,
өнертану кандидаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір