«Ағаларымның» қырық өтірігіне жауап
19.12.2019
1143
1

Құрметті шығармашылық жолындағы әріптестерім!

Соңғы 10 жыл ішінде «Ит үреді, керуен көшеді» сөзін өзіме ұстаным етіп, жүйкемді тоздырмай, кейбіреулердің шымшымасын елемей жүруші едім. Бұл жолы да тыныш отыра береріме жанымдағы достарым, құрбы-құрдастарым қарсылық білдіріп, осы мақаланы жазуға мәжбүрледі.

Балнұр Қыдырбек

Балнұр ҚЫДЫРБЕК, композитор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

Марал Ысқақбай ағамыз «Қазақ әдебиетінің» өткен са­ны­ның бірінде (№49) «Олар қоғам­ды тартып алмақ болды», – деп жариялапты. Оған қоса, А.Қоразбаевпен бірігіп ви­део­мәлімдеме жасаған. Ештеңенің мән-жайына жетпей Дулат Исабеков ағамыз бен шешем Дариға Тілендиева да арнайы мәлімдеме жасапты. Ал шындыққа келсек…

Менің Қоғамға Төраға болып келуіме себеп болған Марал ағаның өзі. «Қазақстан Авторлар қоғамында түсініксіз жағдай болып жатыр» дегенді естіп жүрсем де, мән беріп, елемеген едім. Наурыз айының ішінде қоғамның төрағасы Марал Ысқақбай өзі телефон соғып: «Авторлар қоғамына кел, төраға бол», – деп ұсынысты өзі айтты. «Ойланайын», – дедім. Ертеңінде Композиторлар одағының басқармасын шақырдым. Себе­бі, Композиторлар одағына тір­келген 130 адамның, кем дегенде, 110-ы – Қазақстан Авторлар қоғамының мүшесі. Әріптестеріммен ақылдасып едім, олар бірауыздан «бар» деді. Марал ағаға хабарласып: «барамын», – деп жауабымды айттым. Осы жерде ағам шарт кетті. «Келсең, жиналыссыз, өзің кел. Айлығыңды ал, барам дейтін жеріңе бара бер, жо­лыңды көтереміз, ал мен Байғали Есенәлиевтің бүлдірген ісін бір-екі жылдай отырып өзім жөндеуім керек», – деді. «Бір-екі жыл бойы жөндейтіндей соншама не бүлдіріп едің?» деп Байғалиден сұрадым. Дегенмен жалған ақша алып, негізсіз (жиналыссыз)Төраға болар мен емес. Сол күндері шешем дүниеден озды, еліміздің батыс өңірінде дайындалған авторлық кештерімнің біреуі менсіз өтіп, біреуі кейінге қалдырылды. Бұрыннан белгілеп қойған Әке­м­нің 90-жылдығы да кейінге қалды. Дегенмен Марал ағаның кедергі жасағанына қарамастан Жиналыс өтті. Сонау Ақтөбеден, Оралдан, Өскеменнен, жалпы жан-жақта жүрген ком­пози­тордың бәрі келді. Түрлі былықтың болатынын алдын-ала ескеріп Еуразиялық авторлар қоғамының Конфедерациясынан да адамдар шақырылды. Әзірбайжан авторлар қоғамының басшысы, Ресей авторлар қоғамының өкілі, Қырғыз Республикасының, Алматы қаласы Әділет департа­мен­тінің, Медеу ауданы әкімдігінің, басқа да авторлық қоғамның өкілдері қатысты. Бәрі де жиында болып, мән-жайға өз көз­­дерімен куә болды. Алайда Марал ағаның өзі келмеді. Бұған алыстан ат арытып келген автор­лар да, қоғам өкілдері де ашуланып, «неге жағдайды өзі келіп түсіндірмейді?» – деп реніштерін білдірді. Жиналысқа БАҚ өкілдері де келіп, «Төраға ауысты» Деген мәндегі ақпарат таратты. Қызық осыдан кейін басталды.

Оқи отырыңыз!

ОЛАР «ҚАЗАҚСТАН АВТОРЛАРЫ ҚОҒАМЫН» ТАРТЫП АЛМАҚШЫ БОЛДЫ

Арада екі ай өтті, Төраға төр­ді де, мөрді де, құжаттарды да бермеді, үстімнен түрлі арыз­ды боратып, «Ана тілі» газетіне көлемді сұхбат беріп, мені «рейдерлік жасады» деп айыптады. 5 маусым күні ҚР Әділет министрлігі мені ресми түрде Төраға ретінде тіркеп, Мемлекеттік базаға енгізген. Ертесіне банктегі Қоғам шоттарын атыма аударып, 2018-19 жылдың кіріс-шығысының анықтамасын алдым. Төбе шашым тік тұрды. Бір жарым жыл ішінде жасалған заңсыз әрекеттер жарты миллиардқа жуық екен, бұл тек қана ресми банк арқылы жүргізілгені, оның сыртында не жатқанын кім білер. Марал ағаға қайта бардым, наурызда маған жасаған ұсынысын өзіне айттым. «Аға, жұмыс жү­ре берсін, үш қызыңызға да, ешкімге де тиіспеймін, Өзіңіз Құрметті төраға ретінде алатын ақшаңызды алып жүре беріңіз», – дегенімде, «Жоқ, сотта кездесеміз» деп отырып алды. Қызметкерлері де қозғала қоймады. Жаңа офис ашып, жұмысты нөлден емес минустан бастауға мәжбүр болдым. Жұмыс барысында білгенім: Байғали Есенәлиевтің бүлдірген ештеңесі жоқ; бәлкім Ысқақбайлар жасап жатқан заңсыз әрекеттерді сезе бастаған болу керек, сондықтан Байғалидан құтылуды көз­де­ген. Соңғы үш жылда М.Ыс­қақ­бай шет елдермен жасалған келісім-шарт бойынша бір тиын төлемеген, СИЗАК халы­қа­ралық ұйымына мүшелік жарнасын төлемеген, ҚазАҚ мүшелігіндегі өзі мақтанып айтқан 3500 автордың 20 пайызына ақша берілсе құба-құп. Мәселен, мен соңғы үш жылда жеті авторлық концерт өткіздім, бүкіл республика бойынша оркестрлер бағдарламасында менің шығармаларым орындалып жатады. Сонда маған жазып қойғаны – 68 мың теңге, ол туралы да тек сот отырысында естідім.

Марал аға «Б.Қыдырбекті сайлаған жиналыста кворум болған жоқ» деп сотқа берді. Марал ағаның өзі өткізген жиналыстардың біреуінде де кворум болмағанын бірінші инстанция соты ескермеді. Мейлі. Олқылық шешімге қуанған Марал аға, баяғы әдетін үдете түсіп, жанына сыбайластарын (менің оппоненттерімді) ертіп алып байбалам салып жүр. А.Қоразбаев жағдайы белгілі. Оның 2011 жылы мен туралы «Композиторлар одағының дүние-мүлкін сатып жіберді» деген өтірігіне сол кезде мынадай жауап бергенмін: «Шыны керек, «Алтекеңнің бастан-аяқ өзі шығарған әні бар ма екен?» деген күмән бар. «Қызым, саған айтамын» – Мұратхан Егінбаевтың «Аңсағаным ауылым», «Сарыарқа» – Марат Ілиясовтың «Сарыарқа сазы» әні екенін барлығы біледі. «Сағындым Алматымды» әнін ақын Қажытай Ілиясовтың «Ынтызарым» әнінен көшіріп алған. «Үшқоңыр» әнінің әуені – 70% Шәкәрім Құдайбердіұлының «Еңлік-Кебек» әнімен бірдей. «Шашбаулым» әнін «Жеңешем» атауымен 1978 жылы өзінің жерлестері Тоқтас Төлендиев пен Әмзе Қалмырзаұлы шығарған. «Қара пиманы» шығарған – Жамбыл облысы Мерке ауданы Тілеміс ауылының түлегі Түймебай Өмірзақов. Ал «Қара кемпір» нотаға түсіріліп, «Ана зары» атауымен 1960 жылдан бері Құрманғазы атындағы Ұлт­тық консерваторияның Фольклор кабинетінің қорында жатыр». Бұл көлемді материалды бірнеше газет бір-бірінен кө­шіріп жариялаған, қазір де толық түрінде Интернеттен оқи аласыздар. Сегіз жыл өте А.Қоразбаев менің сол қаржыны қалай игергенім туралы айтып жүр, мен Түркияда вилла, Алматыда 6-7 коттедж сатып алыппын, өкінішті жері, ад­ресін айтпапты, барып-кө­ріп қайтар едік. Енді «жаңа ақпаратқа» мен де жаңа жауап берейін. Қоразбаевтың «Менің-дағы бір аққуым бар шығар» әнін Мұхамеджан Рүстемов «Қи­май­мын» деп сол қалпында өткен ғасырдың 70-ші жылдары шығарып қойған.

Үстінен тамшы тама берсе, тас жарылады. Менің де Марал ағаның жөнсіз айыптауларынан шыдамым таусылды. ҚазАҚ-на байланысты тоқ етерін айтайын. 24 қарашада М.Ысқақбай, қызы А.Ысқақбай, бас дирек­торы С.Исаев үстінен ҚР Қылмыстық Кодексінің 190 бабы (алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Негізі: заңсыз «Ғалам-muzik» ЖШС ашылғаны, авторлар ақшасын депозитке салып өз қалтасын толтырғаны, о дүниелік болған маманның атынан ақша аудар­ғаны, ж.т.б. Бәрін ашып айта алмаймын, тергеу жүріп жатыр. Тек айтарым, талан-таражға са­лынған қаржы көлемі жарты миллиардқа жетіп қалады, бұл тек қана дәлелденгені.

Француздар «ақымақ өзі қателесіп жүріп үйренеді, ал ақылды басқалардың қатесін көріп үйренер» дейді. Достарыма айтарым, мына ағайлар-апайлар сияқты болмай, беделімізді жоғалтпай, абыройымызды төкпей дұрыс қартая білейік! Ильф-Петров «Алтын бұзауда» О.Бендер атынан Корейкоға «сен миллионнан айрылдың, ал менің шығыным санауға келмейді: мен адамзатқа деген сенімнен айрылдым» деген. Марал Ысқақбай авторлардан ұрлап жинаған миллиондарынан айрылды, ал менің моральды зардабым шексіз: туғанымнан «Аға» деп сыйлап, шығармаларын қалдырмай оқитын кісінің соншама ұсақ­талып, соншама жалған айтып, жала жапқаны көңілімді қалдырды деп айтқаным аз бо­лар, дүниеден өткенше жаныма ұрған қазық болып батып тұрады.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 15.04.2021 | 12:54

Жүйелі сөз, жүйесн табады, жүйесіз сөз иесін табадының кері ғой, таза брлсаңыз несіне уайымдайсыз, аққа құдай жақ демейме, Алла сізге сабыр берсін!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір