Сыр өңірінен жауап келді
02.02.2023
203
0

«Қазақ әдебиеті» газетінің биылғы жылдың 13 қаңтар күнгі алғашқы санында менің «Сыр өңірі: әдебиет және өнер» атты көлемді мақалам жарияланған еді. Мақаланы жазу барысында «Сыр өңіріндегі әдебиет пен өнерді дамыту мәселелері» деген тақырыппен көлемді ұсыным дайындап, оны Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевқа жолдаған болатынмын. Міне, осы жазғандарыма Қызылорда облыстық Мәдениет және спорт басқармасының басшысы Руслан Рүстемов қол қойған жауап хат келді. Хатта жоғарыда аталған мақаладағы көтерілген мәселелердің бәріне жан-жақты әрі нақты жауап берілген. Сондықтан оны газет оқырмандарына толық таныстырса да болар еді. Бірақ жауап тым көлемді болғандықтан әдебиетке қатысты бөлімін ғана ықшамдап ұсынып отырмыз.

Яғни, Қызылорда облыстық Мәдениет және спорт басқармасы Жазушылар одағының филиалымен (төрайымы Қаршыға Есімсейітова) бірлесіп, қаламгерлердің шығармашылығын насихаттау­да бірқатар шаралар ұйымдастырып келеді. Бұл ретте, Арал ауданында Әбдіжәміл Нұрпейісовтің музей үйі ашылғанын ерекше атап айтқан жөн. Жаңақорған аудандық кітапханасына ақын Адырбек Сопыбековтың есімі берілген. Ақын Әскербек Рахымбекұлын еске алу шарасы да өткізілген.
Алдағы уақытта Оразбек Сәрсенбаев, Дүкенбай Досжан, Шөмішбай Са­риев, Айжарық Сәдібекұлы және басқа да қаламгерлердің есімдерін ұлықтау, шығармашылығын насихаттау шаралары өткізіледі.
Ақын-жазушылардың шығармашы­лы­ғын насихаттау мақсатында облыс кітапханаларында «Елге сәлем» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында Сыр өңірінен шыққан белгілі жазушылар Қуаныш Жиенбайдың, Бақыт Сарбалаұлының, Мырзан Кенжебайдың шығармашылық кездесулері ұйымдастырылған. Қызылорда қаласында ақын-драматург, Мемлекеттің сыйлықтың иегері Иран-Ғайыптың 75 жасқа толуына орай «Топырағыңды басқаным – тау асқаным…», ақын Дүйсенбек Аяшұлының 60 жасқа толуына орай «Өлең-жырдың жүйрігі», ақын Толыбай Абылаев пен халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қатира Жәленованың 70 жасқа толу мерейтойына орай шығармашылық кештер ұйымдастырылған. «Жазушылар алаңы» кездесу жобасы бойынша Ділдахан Торғаева, Сәнімкүл Желдербаева, Несібелі Рахмет, Ғазиза Әбілдаева, Рахат Наурызбаева, Қуат Адис, Ержеңіс Тастыбай, Оразбай Қосановтармен кездесу өткізілді. Белгілі айтыскер ақын Мұхтар Ниязовтың «Тектілік пен тереңдіктің қайнары» атты екі томдық кітабы жарық көріп, тұсаукесер рәсімі ұйымдастырылды.
Сыр өңірінде 2017 жылдан бастап екі жылда бір рет «Парасатты поэзия» фестивалі өткізіліп келеді. Алдағы уақытта қазақ әдебиеті мен өнерін дамыту мен насихат­тауға өзге ұлт өкілдерін тарту бағытындағы шаралар «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы аясында жүргізілетін болады.
Өзге аймақтардың тәжірибесіне сүйеніп, қаламгерлерге стипендия тағайындау да зерделенеді. Әдебиет музейін ашу да жоспарда бар.
Жауап хатта бұл айтылғандармен қатар, өңірдегі театр және сурет өнері, жыр­аулық өнер мен тарихи мәдени ескерткіштерді қорғау туралы да осындай ауқымды мәселелер қамтылған. Осыған орай, жазылған хатымыз бен газетке шыққан мақаламызға ерекше көңіл бөлген Қызылорда облысы басшылығына ризашылығымызды білдіргіміз келеді.
Басқарма басшы ретінде хатқа қол қойған Руслан Рүстемов қайраткерлік қызметі жоғарылап, Қазақстан Республикасы Парламент Сенатына депутат болып сайланды. Ал облыстық Мәдениет және спорт басқармасының басшылығына Сыр өңірінің және бір жас әрі іскер қайраткері Мира Қазбекова тағайындалды. Бұл екі жақсы жаңалық та Сыр өңірінің мәдени-рухани дамуына оң ықпалын тигізеді деп есептейміз.
Демек, бізге келген жауапта көрсетіл­ген мәселелер алдағы уақытта толық шеші­мін табуға тиіс. Әсіресе қаламгерлер­ге стипендия беру мәселесі шешіледі деген уәде ерекше ұнады. Бұл жаңалық туған жерден алысқа ұзамай, Сыр бойында тұрақты тұрып, шығармашылықпен айналысып жүрген жергілікті қаламгерлерге үлкен қолдау болары анық.
Жауап хатта Жазушылар одағының облыстық бөлімшесін қаржыландыруда қиындықтар бар екендігі де айтылады. Бірақ бұл мәселені облыстық Қоғамдық даму басқармасы арқылы шешуге болады. Басқарманың құрамында үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс істейтін бөлім бар. Жазушылар одағының облыстық бөлімшесі осы бөліммен тығыз байланыс орнатып, алдын-ала арнайы жоба ұсынып, мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысып, қаржы табудың жолдарын қарастырғаны абзал.

Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір