ТОЛҒАУЫ ТОҚСАН ҚЫЗЫЛ ТІЛ: СҰРАҚ КҮРДЕЛІ – ЖАУАП ҰЗАҚ
10.07.2023
860
0

Ғасырға жуық жанталасып келеміз. Әкімшілік пәрмен берді. Тілді білу қажет­тігі насихат­талды. Мол қаржылық ресурс жұмылдырылды. Бағдарламалар қабылданды, іс жүргізуге көшетін мерзімдер бекітілді. Оқулықтарға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, әлденеше қайта жазылды. Тілді оқытатын сағат­тар саны арт­тырылып отырды. Ғылыми-теориялық, практикалық конферен­цияларда талқыланды. Жоғары инстанцияларға хат­тар, петициялар жөнелтілді. Қорлар құрылып, акциялар өткізді…

Бәрін салдық. Нәтиже жоқ.
Шешуі қиын, бұл қандай жұмбақ?
– Шенеуніктер қазақша сөйлесін!
– Қазақ тілін білмегендер мемлекет­тік жұмысқа қабылданбасын!
– «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін!»
– Аралас тілді мектептер жабылсын!
– ҚР Конституциясының 7-бабының орыс тіліне қатысты екінші тармағы алынып тасталсын!..
Соңғы онжылдықтарда осындай талаптардың жүзі қойылды. Бірі де орындалған жоқ. Орындалмайды да. Неге?
Өйткені, бұлардың бәрі – орындалмайтын талаптар. Кейбіреуін күштеп орындатқанның өзінде, гипотетикалық тұрғыдан, бұлардың тілді дамытуға ешқандай игі ықпалы болмас еді.
Сырт­тай қарағанда, тілге қатысты билік пен қоғам арасында шахмат­тағы пат­тық жағдайға ұқсас ахуал қалыптасқан сияқты: қоғам шулай береді, билік орындамай жүре береді. Өзгеріс болмайды. Қазақ тілінің күні не болады деген сұрақ күн тәртібінде тұра береді.
Солай ма?
Олай емес, әрине. Шешілмейтін түйін болмайды. Қазіргі қазақ тілінің дағдарысын дабыратпай, бұқараны ашуға булықтырмай, ешкімнің бетін тырнамай, жақындағыны дүрліктірмей, алыстағыны алаңдатпай, өз аяғымен индустриялы қоғамға ат­татып жіберуге болмас па еді?
Толық болар еді.
Қалай?
Бұл сұрақтың жауабына памфлет жанрында дайындалған осы жазбалар арналып отыр. Сұрақ күрделі – жауап ұзақ.

Жанрдың классикалық үлгісі

Филология ғылымы саласында «ғажап оқиғалар» болып жатыр. Оларды қазақ зиялылары дендеп кірмеген жаңа формат­та – памфлет жанрында жеткізуді көздеп отырмын.
Соңғы екі жылдың ішінде мен мемлекет­тік тілге қатысы бар республикалық мекемелердің дерліктей бәрінде болдым. Адамдармен кез­дестім. Қазақ тілі мәселелерімен тікелей айналысатын ғылыми орталықтарда семинар өткізіп, баяндама жасадым. Басқосуларда қазіргі қазақ тілінің күйіне дүниежүзілік тенденциялар тұрғысынан сипат­тама бердім. Тіл тағдырына қатысты бұрын айтылмаған, ешкімнің ойына келмеген тұжырымдарды алға тарт­тым, табу санатында жасырылып келген ащы шындықтарды бетке алып шықтым. Алға тартылған ақиқат­тың кейбіреуін отандық филологтар түсінбеген сыңай таныт­ты, кейбір жаңа концепт­тердің мағынасын расында да түсінбейтінін көрсет­ті. Батыс лингвистикаларында зерт­теліп жүрген кейбір ғылыми бағыт­тарды естігенде иықтарын көтеріп, мелшиіп қалды. Қатысушылар мені түсінуге ынта байқата қоймады. Менің тұжырымдарыма үреймен қарады. Құптаудан қорқып, терістігін дәлелдеп, бетпе-бет пікірталасқа тағы шықпады. «Пікірлерін» ғылыми шара өтіп кеткеннен кейін берді. Менің аргумент­теріме қарсы аргумент, айғағыма қарсы айғақ келтірмеді, менің қателіктерімді көрсетіп, өздерінің ұстанымдарының дұрыс екенін дәлелдеп бермеді. Енді осыларды баспасөзге ұсынып отырмын. Жазбалар жиырма жеті памфлет­тен тұрады. Бұл жерде олардың мейілінше қысқартылған бөлігі ұсынылып отыр.

Мәні өзгерген мәслихат­тық жиын

2021 жылы 4 қарашада ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Тіл саясаты комитетінің пәрменімен менің «Заманауи қазақ әдеби тілі (индустриялы қоғамда дамыту үрдістері)» ат­ты кітабымның кол жазбасын талқылаған республикалық онлайн-семинар өт­ті.
Менің тұрғыларымды қолдап шығатын ешкімнің бола қоймайтынын сезетінмін. Солай болса да, айтуға тиістіні алдарына жайып салуды парызым деп санадым. Алайда, осындай тектоникалық қозғалыстардың өзі филологтардың санасын сілкіндіре қоймады. «Естігендерінен есеңгіреп қалмады, өйткені олар ештеңе түсінбеген болатын» (Н. Бор). Талқылауды ұйымдастырушылар өз мақсат­тарын алға шығарды – ғылыми семинарды мәжілісхат­тық жиынға (протокольное собрание) айналдырып жіберу үшін барын салды.
Дегенмен семинарда бірсыпыра былықтың беті ашылды. Сөйлеушілер ғылыммен он екіде бір нұсқасы қосылмайтын «пікірлерімен», өз бет­терін өздері ашып берді. «Зерт­теп» жүргендерін айтам деп, саладағы былықтардың біразын жайып салды. Сөйтіп, жалған ғылыммен айналысып жүргендерін әшкерелеп беріп отырғандарын байқамады.
Бұл жерде мен республикалық семинарға қатысқандардың пікірлері және оларға берген менің жауаптарымның бәрін тізіп жатпаймын. Олардың ішінен «сыни пікірлердің» негізінде қазақ тілінің шешуші мәселелері туралы кереғар ұстанымдардың кейбіреулерін қысқартып келтірейін.

Әдеби тіл деген не?


Анар Салқынбай (филология ғылымдарының докторы, профессор): Жүкешев академик Сыздықоваға бірнеше рет шүйлікті,.. (осы жерде және бұдан кейін де 2021 жылы 4 қарашада өткен республикалық ғылыми семинарда сөйлеген сөзінен алынған).
Қ.Ж.: Иә, Р. Сыздықоваға бірнеше рет шүйліккенім рас. Оның себебі де бірнешеу. Оған қоса, Р.Сыздықовадан басқа да шүйлігетіндерім көп екенін ескертемін.
Қазіргі таңдағы қазақ тілінің алдынан шығып отырған қиындықтар компартияның тілдерді жою саясатын жүзеге асыруға қатысқан кеңес-қазақ филологтарының «зерт­теулерінен» бастау алады. Рабиға Сыздықова: «Қазақ әдеби тiлiнiң тарихы (XV-XIX ғасырлар). А.: 1993.) деген кітап жазды. Онда академик ханым алдымен «қазақ әдеби тiлi», «жалпыхалықтық тiл» деген ұғымдарға тиянақты анықтама берiлмей келедi, олар бiр-бiрiнен ажыратылып, әрқайсысы нақты анықтамаларға ие болған жоқ» деп дұрыс көрсет­ті (қар.: 6-б.). Алайда, осыған қарамастан, аталған еңбегіндегі тұжырымдарымен, өзінен кейінгі зерт­теушілерді адастырып жіберетін бірнеше стратегиялық теріс бағыт­ты нұсқап жіберді.
Р. Сыздықованың аталған кітаптағы бірінші қатесі «әдеби тіл» ұғымының түпкілікті мағынасын түсінбей қолданудан көрініс берді. Кеңес-қазақ филологиясында әдеби тіл туралы әркімнің өз тұрғысын алға тартуы болғанымен, қазақ әдеби тілінің ғылыми тұжырымдамасы жасалмаған болатын. Былайша айтқанда, әдеби тілдің нені білдіретіні, әдебилік критерийлері мен оған қойылатын талаптар қорытылып шығарылған жоқ. Ол кезді қойып, қазір жарық көріп жатқан сөздіктердің, оқулықтардың, өзге академиялық басылымдардың ешқайсысында бұл ұғымның ғылыми дефинициясы ұшыраспайды.
Академик ханымның екінші қатесі – әдеби тілдің нақты айқындамасы болмағанына қарамастан, оның тарихын жазуы. Осы үлгімен, кеңестік «зерт­теушілердің» кейінгі толқыны, әдеби тіл дегеннің не екенін білмесе де, оның тарихы туралы «монографияларды» топырлатып шығарып жат­ты.
Академик ханымның үшінші қатесі әдеби тілдің пайда болып, өмір сүру уақытының қате көрсетілуінен, өзінен кейінгілерді ахрониялық адасуға бағыт­тап жібергенінен болды. XV-XIX ғасырларда әдеби тіл ұғымы да, оны зерт­теуші де болған жоқ.
Кез келген қоғамдық құбылыс өзінен-өзі пайда бола салмайды. Алдымен құбылыстың алғышарт­тары жасалады. Мысалы, жаңбыр жауардың алдында аспанды бұлт торлауы керек. Себеп-салдарлық байланыс әмбебап әдіснама ретінде философияда ғана емес, күллі ғылым атаулыда кең қолданылады. Осындай детерминациялық қатынастардың байыбына бара алмаған отандық филологтар әдеби тілдің пайда болу мүмкіндігі мен тарихи алғышарт­тарын ескермей, пәнаралық филиацияларды шетке ысырып тастап, әдеби тіл бар дегенді іліксіз «дәлелдеумен» әуре болып келеді.
Әдеби нормаланған тілге сұраныс қоғам саяси-құқықтық және экономикалық дамудың белгілі бір басқышына көтерілгенде ғана пайда болады. Нақтылай айтқанда, әдеби тілдің қалыптасуы тауар өндірісі жолға қойы­лып, нарықтық қатынастар орнығып, құқықтық мемлекет пайда болуынан бастау алады. Ресейдің өзінде бұл үдеріс XIX ғасырдың 30 жылдарынан, өнеркәсіп төңкерісінің жүзеге асырылуынан басталды.
Ал бізде тауар өндірісін жолға қою мен құқықтық мемлекет орнату мүмкіндігі ел тәуелсіздігін алғаннан кейін ғана туды. Тиісінше, біз қазақ тілін индустриялы қоғамның нормаланған әдеби тілі ретінде қолдануға дайындау қажет­тігіне 90-жылдары ғана ат басын бұрдық. Өкінішке қарай, индустриялы қоғамда қызмет ететін әдеби тілді дамытудың мәнін түсіне алмағандықтан, іс әлі дұрыс жолға қойылмай отыр.

ЖАЛПЫХАЛЫҚТЫҚ ТІЛ ДЕГЕН НЕ?

Памфлет №5

Академик Р.Сыздықованың төртінші қатесі Рәбиға Сыздықованың «әдеби тіл» ұғымын «жалпыхалықтық тілмен» шатастырып қолдануы, қазақ фило­ло­гия­­сында толып жатқан ғылыми теріс бағыттардың орнығуына жол ашып берді.
Мұны түсіндіруге кірісуден бұрын сарапшылардың жалпыхалықтық тіл ұғымына қатысты пікірлерін еске түсіру қажеттігі туып отыр.
А.Салқынбай: Бүгінгі тәуелсіз Қаза­қ-с­тан халқы әлемге әйгілі, әлемге таны­тып отырған ұлы Абай, Жамбыл, Әуезов, А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабаев сынды асылдарын қазақ әдеби тілінен ешқашан бөліп қарай алмайды.
Е.Тілешов, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ғылыми-практикалық орталығының директоры: Біз Бұқардың, алашордашылардың, Мағжанның тілін әдеби тіл деп санамауымыз керек пе? (2021 жылы 4 қарашада өткен рес­публикалық ғылыми семинарда сөйле­ген сөзінен).
Қ.Қалыбаева, филология ғылым­ы­ның докторы, профессор: Әдеби тілдің нормалануын халық тілінен,.. ауыл тілінен бөліп алуға ешбір келмейді. Аграрлы қоғамның тілі, индустриялы қоғамның әдеби тілі ұғымымен мүлде келісе алмаймыз (осы жерде және бұдан кейін де, аталған семинарда сөйлеген сөзінен).
Қ.Ж: Менің баяндамамда да, кітабымда да Сіздер атаған қайраткер­лердің шығармашылығына қатысты сөз жоқ. Өйткені, мен қозғап отырған индустриялы қоғамның нормаланған тілін жасау мәселесі өткен ғасырларда аграрлы қоғамның жалпыхалықтық тілінде жазылған теңдесі жоқ шығар­маларды қайта қарауды көздемейді.
Осы жерде, «тіл тағдырын шешу­ші­лер» үшін жалпыхалықтық тіл туралы саужой дәрісін ұйымдастыруға тура келеді.
Жалпыхалықтық тіл – тіл лексика­сы­ның толық жиынтығы. Ол тілдегі сөздік қордың абсолютты мөлшерін түгел қам­тиды. Оның құрамына әдеби нормаға түсірілмеген лексиканың барлық түрлері еніп тұрады. Жалпыхалықтық тілдің мейлінше дамитын, жетілетін кезеңі – аграрлы қоғам. Мәдениеттің, соның ішінде көркем әдебиеттің, өнердің ұлт мақтанышына айналған туындыларының дені аграрлы қоғамда дүниеге келген.
Жоғарыда аталған Абай, Әуезов, Жұма­баев, т.б. қайраткерлер аграр­лы қоғамның қаймағы бұзылмаған жалпыхалықтық тілінің нәрі мен сөлін еркінше пайдалана отырып, көркем сөздің толып жатқан тамаша үлгілерін, інжу-маржандарын дүниеге келтірді. Оларға қойылатын ешқандай кінә жоқ.
Өзге халықтарда да солай болған. Аграрлы қоғам тұсында француз классикалық романдары, неміс поэзиясының, ағылшын драматургиясының бірегей үлгілері пайда болды. Ол үлгілер де өте бай, оралымды және құнарлы жалпыхалықтық тілде жазылды. Кезінде көзі ашық адамдар оларды іздеп жүріп оқитын. Академик Р.Сыздықованың XV-XIX ғасырлардағы әдеби тіл деп шатастырып отырғаны осы – жалпыхалықтық тіл болатын.
Әдеби нормаланған тіл – жалпыхалықтық тілдің ядросын құрайтын, ресми аяда қолданылатын, стандартқа келтірілген бөлігі екендігін жоғарыда айттық. Әдеби нормаланған тілдің пайда болуы тауар өндірісі мен құқықтық қоғамның орнауымен шарттандырылып тасталған. Сондықтан ол индустриялы қоғамның тілі болып табылады. Дүниежүзілік тенденцияда осылай қабылданған.
Тілтану ғылымында әдеби тіл мен жалпыхалықтық тіл ұғымдарын шатастырып, әдеби тіл қалыптасуы үшін белгілі бір шарттылықтар қажет екенін түсіне алмаған, алдыңғы әріптестері салып кеткен теріс бағытпен ұрып келе жатқан, қазіргі қазақ филологтары тілді индустриялы қоғамның нормаланған әдеби тілі сапасында дамыту қажеттігін түсіне алмай отыр.
Қазір дамыған индустриялы елдерде нормаланған әдеби тіл үстемдік етеді. Жалпыхалықтық тіл мәдениет, көркемөнер, тұрмыс аяларында еркін қолданылғанымен, технократқа айналып кеткен жастар арасында көптомдық романдарға, ұзақ поэмаларға сұраныс азайған. Бұл – индустриялы елдердің бәріне тән үрдіс. Г.Бельгердің «қазіргі неміс жастары Гетенің тілін түсінбейді» дегені бар. Бізде де солай. Қазір «Абай жолын» оқитын жас таппайсың. Индустриялы қоғам жағдайында нормаланған әдеби нұсқасын жасамасаң – тіліңнің күні қараң, оны ешкім меңгере алмайды. Қазіргі таңда тіл перспективасы, біріншіден – нормамен, екіншіден – репрезентативтік қабілетімен, үшіншіден – замандастың рухани талабын өтей алатын, сапалы контентпен айқындалады.

Памфлет №6

«ЕВРОПА МЕН ОРЫС ФИЛОЛОГИЯСЫ БІЗГЕ ҮЛГІ ЕМЕС»

А.Салқынбай: Қазақ әдеби тілін еуропацентристік бағытта зерттеуге қайта оралуға шақыратын деген авторлық концепцияны қабылдау – қазақ ғылымы мен мәдениетін қазіргі жаһандану заманында өрге сүйрей қоймайтыны анық (стиль сақталған: Қ.Ж.).
Қ.Ж: Қазақ тіліндегі саяси-философиялық мәтіндерде бұл ұғымды ғылыми байыппен түсіндіру жоқ, тек ашумен, қыжылмен эмоция білдіру ғана бар. «Европоцентризм – қазақты тұқырту үшін ойлап шығарылған идеология емес, ол «философская тенденция, в явной или неявной форме провозглашающая превосходство западноевропейской цивилизации над другими цивилизациями в культурной сфере, особая роль европейских народов в мировой истории…». Профессор Филип Хоффман атап өткендей, «1492 жылдан 1914 жылға дейінгі аралықта еуропалықтар жер шарының 84%-ын бағындырды» (https://ru.wikipedia.org/wiki/Европоцентризм). Мойындағың келсе де, келмесе де, тарихи айғақ осы.
Профессор ханым, киіп жүрген киімінен елінің конституциясына дейін Еуропанікі екенін ескермейді. Жазып отырған жазуы, қабылдайын деп отырған әліпбиі де Еуропанікі. Осыдан кейін, ештеңенің байыбына бармай, бұқараны еуроцентризммен, жаһанданумен қорқытпақшы. Бағзы біреулер, өздерінше, соларға қарсы күрескер рөлінде көрінуге тырысып, қолындағы көсеуімен HIMARS-қа қарсы қоқаң көрсетушінің рөлін ойнап жүр.
Қазақтың алдында екі жол тұр. Біріншісі – еуропалық жолмен жаһанданасыз. Бұл – заманауи өркениетке қосылып, өзгелер қатарлы өмір сүру жолы. Екіншісі – еуроцентризм мен жаһандануды құбыжыққа айналдырып алып, жұртты үрейлендіріп, олардан қашуды үгіттесеңіз – дрейфке кетесіз. Дүниежүзілік тілдер картасынан қазақ тілі де сүртіліп тасталады. Профессор ханым, сіз екінші жолды таңдап отырсыз.
Мен республикалық семинарда жасаған баяндамамда Р.Сыздықова «Әдебиет терминiн Европа мен орыс филологиясы қалай таныса, бiздiң де солай тануымыз шарт емес» (Қазақ әдеби тiлiнiң тарихы (XV-XIX ғасырлар. А.: 1993. 11-б.) деген тезисімен отандық филологтарды дүниежүзілік үдерістерден аулақтатып әкетіп, олардың Батыстың дамыған филологияларындағы әмбебап теорияларын меңгеріп, тәжірибелерін үйренуге барар жолын кесіп тастағанын айттым. Ал сіз, профессор ханым, қазіргі қазақ тілін дамытуға қатысты Қ.Ж: Тоқаевтың ұстанымын білмейтініңізді көрсетіп отырсыз. Есіңізге салайын, Президент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мәжілісінде тіл мәселесіне «ғылыми тұрғыдан келу,.. қазақ тіліне реформа жасау,.. тілімізді модернизациялау» қажеттігін айтқан болатын. Кейінірек бұл бағытқа қатысты «еуропа елдерінің тәжірибелеріне көңіл аудару керек, олардың жас ұрпаққа тіл үйретудегі маңызы зор» дегенді тағы ескерткен болатын.
Енді Сіз:
а) «қазақоцентрист» академиктің ұстанымының «дұрыстығын», соның нәтижесінде қазақ тілінің керемет дамып кеткенін, жұрттың бәрі тез үйреніп алып, сайрап жүргенін;
ә) «еуроцентрист» президенттің дегенінің «терістігін», еуропа елдері лингвистерінің тәжірибелерінің іске татымайтынын, соның салдарынан, тілдерін ешкім үйренгісі келмейтінін», ол елдердің «ғылым мен мәдениетті қазіргі жаһандану заманында өрге сүйрей алмай» (бұл – өзіңіздің сөзіңіз-Қ.Ж.) отырғанын,.. өмірлік мысалдарынан алып отырып, дәлелдеп беріңіз.
Дәлелдей алмасаңыз:
а) ана тілімізді дамытудың ел Президенті ұсынып отырған аса маңызды бағытын жүзеге асыртпау үшін астыртын саботаж жариялаушы;
ә) қазақ тілін көктетпеу үшін Кеңес одағының тілдерді жою саясатын жүзеге асырысқан адамдардың теріс бағыттарын қолдаушы, мемлекеттік тілге қарсы әрекет етуші ретінде жауап беруіңізге тура келеді.

 

Қанағат ЖҮКЕШ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір