Қырық жыл қапасқа қамалған қаламгер
Биыл қазақ әдебиетінің классигі Қажығұмар Шабданұлының туғанына 100 жыл толды. Бүкіл саналы ғұмырының тең жартысына жуығын Қытай түрмесінде өткізген қайсар жазушыға туған жері Аягөз-Таңсық даласынан топырақ бұйырмады. Ғұмыры қасіретті жазушыны азат Отанындағы көзі тірі ақын-жазушы інілері мен қалың оқырманы еске алып, марқұмның рухына бағыштап дұға оқу парыз болмақ. Қажығұмар қазақ еліндегі оқырман қауымға алты томнан тұратын «Қылмыс» эпопеясы мен «Пана» романы арқылы жақсы таныс.
Қажығұмар Шабданұлы – күллі Шығыс Түркістан жұртына есімі мәшһүр ақын әрі жазушы. Өткен ғасырдың 1958–1978 жылдар аралығында Қажығұмар Шабданұлы Қытайдағы әйгілі Тарым лагерінде тұтқында болды. Біз ес біліп, етек жапқалы «Қажығұмар Шабданұлы» деген осы бір әйгілі есімді естіп өстік. Қажекеңнің шығармаларын оқу, өзін көру сол дәуірдің жастары үшін арман болатын. 1980-жылдардың басында «Қажығұмар Тарым лагерінен босап шығып, өз ауылына, Шәуешек шаһарына келіп, қолына қаламын қайта алыпты» дегенді де еститінбіз. Ол кезде біз институт табалдырығын енді аттаған студент-жастар едік. Қажығұмар Шабданұлы бостандықта жүрген сол санаулы жылдардың бірінде, нақтырақ айтсам, 1984 жылы Қытайдағы Іле қазақ автономиялы облысы бойынша айтыс ақындарының кезекті бір басқосуы Күнес ауданының Шапқы жайлауында өтетін болды. «Тарбағатай аймағынан айтысқа қатысатын ақындар тобын Қажығұмар Шабданұлы бастап келеді екен» дегенді естіп қалдық. Аламан айтыстан қайтар жолда ақындар облыс орталығы Құлжа қаласына келіп, бірер күн ерулегені бар. Қажығұмар «Іле» қонақүйіне түсіпті. Бұрыннан бір көруге құмар болып жүретін әйгілі жазушыға сәлем беруге асықтық. Біз барсақ, Құлжа қаласындағы әдебиет пен өнердің төңірегінде жүретін шығармашылық топтың бетке ұстар белгілі өкілдерінің барлығы дерлік Қажекеңнің төңірегіне жиналып қалған екен. Сол кездесуде үш аймақтан жиналған ақындар болсын, орталық қалада тұратын ақын-жазушылар мен өнер адамдары болсын, барлығының да Қажекеңнің алдынан кесе-көлденең өтпейтін құрмет-ілтипатын байқадық. Тарым лагерінде бірге болған ақын-жазушы інілерінің Қажекеңе деген құрметі тіптен ерекше екен.
Қажығұмар Шабданұлы ортадан сәл ғана жоғары бойы бар, денесінде қырып алар артық ет жоқ, бар иманы бетіне шыққан, ақ сұр өңді, ақ қағаздай таза, келісті қазақ екен. Шымқай аппақ болып ағарған шашын артына қарай жатқызып тарайды екен, кең маңдайы келісті жүзіне жарасып-ақ тұр. Сөздерінде екіұштылық жоқ, мірдің оғындай, қадап айтады. Кәдімгі сигареттің өзін ұстарамен ортасынан екіге бөліп, мундштукке кигізіп тартатын әдеті бар екенін де сол отырыста байқадық. Бір сағаттай отырып, Тарымда өткен күндерінен айтқан әңгімелерін тыңдап, мол әсер алып, қанаттанып қайттық.
Осы кездесуімізден сәл ғана бұрын, жазушының «Көркем шығармадағы адам образы туралы» деген көлемді зерттеу мақаласы баспасөз бетінде жарық көрген болатын. Жоғары оқу орындарына арналған қазақ тіліндегі әдебиеттің теориялық оқу құралдары жоқ, сол тұстағы студент жастар үшін Қажекеңнің осы мақаласының өзі тұтас бір әдебиет оқулығындай нәр бергені әлі есімізде.
Қажығұмардың есімін естіген кезде ойыңа бірден атақты Тарым лагері, Қытай түрмелерінде жатқан қазақтың азаткер рухтағы асыл азаматтары түседі. Жазушының аңызбен астасып жатқан өмір жолын да қоса естисіз. Сонда еститінің не дейсіз ғой? Ол Қытай билігіне қарсы «Қажығұмар тобы» дейтін топ ұйымдастырған, «оңшыл» болған, «ұлтшыл» болған, «Кеңес одағының тыңшысы болған екен» дегенді естисіз. Қытайдың оңды-солды тоқтаусыз соғып тұратын саяси борандары кезінде жалалы болып, түрмеге түскен табаны тайғанақ жұрттың көбі жаны қиналғанда бірге жүрген жора-жолдастарын өкіметке ұстап беріп, жан сауғалап жатқанда, қырық жылдай әртүрлі қапаста отырса да, бірде-бір жолдас-жорасына опасыздық жасап, империяға сатпағаны, ұстап бермегені, түрмеде отырып, шылымның қағазына шығармалар жазғаны, қойшы әйтеуір, айта берсек, ол туралы аңыз таусылмайды. Осының бәрін ести жүріп, «Қажығұмар Шабданұлы деген өмірде шынымен болған адам ба, жоқ әлде жұрттың ойдан құрастырған аңыз-ертегісі ме» деп те ойлап қалушы едік. Алайда оның тағдырын, шығармаларын көргеннен кейін, шынымен өмірде болған адам екенін, тіптен бір емес, екі бірдей империяның (Кеңес одағы мен Қытай) тепкісін көрген, қазақ деген «мың өліп, мың тірілген» халықтың типтік өкілі екеніне көзің жетеді екен. Оған, міне, қолымыздағы алтытомдық «Қылмыс» эпопеясы мен «Пана» атты романы куә.
Алтытомдық эпопея қазақ әдебиеті тарихында бұрын болмаған. Мұны тұңғыш рет Қажығұмар жазды. Бұл шығарманың кіндігі түрмеде кесілген десек те болады. Шығарманың алғашқы екі томы жарыққа шыққаннан кейін, ол жақтағы қытайшыл белсенділер өкіметке арызды қарша боратқан көрінеді. Оны Қытайдың арнаулы мекемесі ұйымдастырып, әлгі белсенділерді айдап салған сыңайлы. Содан кейін Қытай өкіметі Қажығұмар «Кеңес одағының шпионы» екен деген жаламен жазушыны он бес жылға соттап жіберді де, романның үшінші томы баспадан шығайын деп жатқанда жойылып, алдыңғы томдарын жинап алып өртеп жібереді. Сондықтан бұл шығарманың Қытайда қайталай жарық көруі мүмкін емес болатын. Жетпістен асқанда түрмеден шыққан жазушы Қазақстандағы ауылдас, қаламгер інісі Қабдеш Жұмаділге: «Қылмысты» жазып болдым. Мұны Қытай елі енді жарыққа шығармайды, мұның жарық көруіне өзіңнен басқа үміт жоқ» деген мазмұнда хат жазған екен. Қабдеш Жұмаділ: «Басқа шығарма жазса, жаза жатар, бірақ «Қылмыстың» алты томдығының түзейтінін түзеп, күзейтінін күзеп, сол алты томды қайткен күнде де біздің қолға тигізсін» деп хат жазып жіберген екен. «…Мен шығарудың бір мүмкіндігі болар деп жинап отырдым. Өздеріңіз де білесіздер, бізде алты том басып шығару оңай шаруа емес… кітапты шығарудың сәті енді ғана түсті. Мұхтар Құл-Мұхаммед қайтадан Мәдениет министрі болып келген соң, сол азамат арнайы ақша бөліп, қолдау көрсетті…» – деп жазыпты Қабдеш ағамыз. Сонымен алтытомдық «Қылмыс» романы қазақ елінде сәтті жарық көріп, оқырмандарға жол тартқан болатын. Бұл игілікті істен Қажекеңнің өзі де хабардар болыпты. «Жас Алаш» газетінің бір өжет тілшісі Алматыда жарық көрген «Қылмыстың» бір данасын Қытайға алып өтіп, Шәуешек шаһарындағы Қажекеңе апарып берген екен. Азаматқа Алланың нұры жаусын! Мың машақатпен жазған еңбегінің далада қалмай, қалың қазақ оқырманының қолына тигенін көріп, бір арманы орындалды ғой деймін жарықтықтың.
Көрнекті жазушымыз Қабдеш Жұмаділ «Қылмыс» эпопеясының алғы сөзінде: «Жазушы және түрме. Қалам мен қапас. Әдетте, сыйыспайтын-ақ ұғымдар. Екінші жағынан қарасаң, таңданатын да ештеңе жоқ сияқты. Империяға күні қараған кіріптар, бодан елдің өз ұлтын сүйген, азаткер зиялысы абақтыда отырмағанда қайтушы еді. Ағыспен жүретін ептілер мен жансауға жағымпаздар болмаса, қуғын-сүргін, айдау, абақты дегендерің – қайраткер азаматтың маңдайына жазылған сыбағасы емес пе?!» – деп жазыпты. Қажығұмардың өмірі мен болмысына берілген дәл анықтама.
Қажығұмар Шабданұлы қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданы мен Үржар аудандарының шегінде, Таңсық даласында 1925 жылы дүниеге келген. Ежелгі Барқытбелдің баурайын мекендеген найман тайпасының Қаракерей, оның ішінде, Семіз найман бұтағынан тарайды. Арғы аталары би де, бай да болған адамдар екен. Қажығұмардың ұлы атасы Құрманның тұсына келгенде ата дәулеті шайқалып, өз әкесі Шабданның заманында бұл әулет қарақасқа кедейдің қатарына қосылыпты. Құрман қырық жасқа жетер-жетпесте ерте қайтыс болады да, одан үш ұл жастай жетім қалады. Бұл тұс – Кеңес одағының қанды қырғынмен өз билігін орнатып, жиырма-отыз бас малы бар қазақты «бай-құлақсың» деп жауша талап, жанын алып жатқан кезі…
Ауылдың атқа мінген ақкөз белсенділері «арғы атаң бай болған, би болған, сен де Кеңес өкіметінің жауысың, итжеккенге айдатамыз» деп Шабданды қырына алып, күн көрсетпейді. Өздерінің Қытайға ауып, қалай босқын болып кеткенін Қажығұмар романда былайша жеткізеді: «…Бұл қыстауда бізбен бірге отырған Санатбай, Ақтай атты ағайынды екі жігіт болды. Сол кезде Санатбай қырық жастан асқан еді, Ақтай отызда. Екеуі де әліге дейін үйленбеген бойдақ… Екеуі де белсеніп, білек сыбанып шыға келді. Тіпті Ақтай ауданды жағалап жүріп, партия қатарына өтіп алыпты. Содан кейін оның бүкіл өңірге «Ақтай коммунист» деген атағы шықты…». Шабданды орыстың жендеттеріне көрсетіп, атамекен, қара қыстауынан Қытайға кетуіне мәжбүрлеген, қаңғытып жіберген осы «Ақтай коммунист». Шабдан әулетінің Қытайға өтуі олардың шынжыр балақ, шұбар төс болған байлығынан да, Кеңес өкіметіне қарсы шыққан жаулығынан да емес. Қалт-құлт етіп әрең жан бағып отырған қарақасқа кедей Шабданды «Ақтай коммунист» итжеккенге айдатып жіберетін болған соң, оны заң орындарында елеусіз жұмыс істейтін жақын бір туысы жасырын келіп айтып кетеді, қара қосын жұртында қалдырып, түн жамылып, бала-шағасын жетектеп, жалаңаш-жалпы Қытайға қашып өтеді. Ол кезде Биғабыл (Қажығұмар) жеті жаста.
Осындай жайттарды оқып отырып, өзінше тарихшы болғысы келетін бәзбіреулердің: «Сол кезде Қытайға Кеңес өкіметіне қарсы болғандар, байлар, билер, бандылар қашып кеткен болатын…» деп ештеңенің байыбына бармай, сөз айтатынына таңғаласың. Жаңағы Жаппарда Кеңес өкіметіне қарсы келетін не күй бар еді?! Сол тұстағы ақ орыс пен қызыл орыстың кезектесіп шапқан қырғынынан, ел ішіндегі өзіміздің әумесер-есірік белсенділердің қорлығынан жан сауғалап, шекараға жақын отырған шамасы бар қаймана қазақтың барлығы «пәледен машайық қашып құтылыпты» деп шетелдерге босып кеткені тарихи шындық болатын.
Босқын болып кеткен ел Кеңес өкіметіне де, орысқа да, қазақтың қолбала өкіметіне де қарсы болғанынан босып кеткен жоқ. Большевиктердің төрт түлік малдың сүмесіне қарап отырған қазақтың қолындағы бар малын тартып алып, қазақты жаппай ашаршылыққа ұшыратқандықтан, жергілікті халықтың қаратабан, кедей-кепшіктерінің қолтығына су бүркіп, алдыңғы қатарлы озық ойлы адамдарын қырып-жойғандықтан кетті. Олардың ішінде кімдер жоқ дейсіз? Байы да, кедейі де, Алаштың небір асыл азаматтары да бар еді. Зият Шәкерім, Райымжан Мәрсек, Тұрсын Мұстафин, Ыбырайым Жайнақов, Жәкула қатарлы, тағы басқа Алаштың аяулы азаткер азаматтары болды. Қазақ өзінің ел болып, ұлан-байтақ далада өмір сүргелі бері дәл осындай берекесіздікті, бір-біріне мейірімі кетіп, бауыры суыған, қастандықты бұрын-соңды көрмеген-ді. Алаш жұртының тектісін көрге тығып, тексізін төрге шығарған кер заманға тап келгені анық еді. Қазақ қауымынан аяушылықтың, адамгершілік, бауырмалдықтың жылуы кетіп, азғындауы да осы Кеңес өкіметінің орнауынан бастау алғаны белгілі. Күні бүгінге дейінгі бойымызға сіңісті болған ұрлықтың, екіжүзділік пен жағымпаздықтың, опасыздық пен әлдіге шыбындап, әлсізге қырындайтын рухани азғындықтың микробы жанымызға осы кезден бастап жұққан-ды (тәуелсіздіктің отыз жылында биліктің халықты тонауы, жемқорлық пен параға белшесінен батуы, өз ана тілінен безінуі соның дәлелі).
«Арқада қыс жақсы болса, арқар ауып несі бар». Бұлар қытай құдасы немесе нағашысы болғандықтан емес, шекараның арғы бетінде жағалай отырған қалың қазақты пана тұтып барды. Ол да қазақтың ежелгі өз жері, атақоныс, қара қыстауы болатын. Қазір қытай «Іле қазақ автономиялы облысы» деп мәртебе беріп отырған, 280 мың шаршы шақырым аумақты алып жатқан ұлан-байтақ өлке. Алаштың жат қолында қапыда кеткен, қазақтың қанымен суарылған қасіретті өлкесі. Бұл өлкеге ешқандай халықтың, ешқандай ұлттың таласы, жер дауы жүрмейтін, қазақтың жеті әкесінің басы қалған ежелгі құт мекені, ұйықты жұрты болатын. Жаңағы босқын ел қытайдың немесе ұйғырдың жеріне емес, өзінің ата-бабасының басы жатқан, ежелгі атажұртына барды. Әрине, аталмыш кезде бұл өлкені шүршіт пен орыс өзара келісіп, байтақ өлкені шүршітке басы бүтін бере салған болатын.
Шабданның отбасы Тарбағатай аймағының Шәуешек шаһарынан 50 шақырымдай қашықтықтағы Дөрбілжін деген жерге 1934 жылы барып, тұрақтап тұрып қалады. Қажығұмар осы аудандағы тұңғыш ашылған қазақша орталау мектепте оқыған. Оны тамамдағаннан кейін Үрімші қаласындағы мұғалімдер даярлайтын педагогикалық колледжге оқуға түседі. Бұл сол тұста Шығыс Түркістандағы ең жоғары оқу орындарының бірі болатын. Қажығұмар осы оқу орнында оқып жүрген кезде «Шығыс Түркістан республикасының» Үрімшідегі жасырын ұйымдары қатарында «Үш аймақтың» қарулы күресіне қатысу үшін ұйымдасқан топ болып, қаладан қашып шығады. Бірақ әлдекімдердің сатқындығынан Гоминдаң өкіметінің қолына түсіп, түрмеге қамалады. Ұлттық армияның қарулы қосыны Үрімші қаласына таяп қалғанын ескерсе керек, гоминдаңдықтар бұларға «кеңшілік» жасап, абақтыдан босатады. Көп өтпей жасырын ұйымның мүшелері Үрімші қаласынан тағы да қашып шығып, Манас өзенінің бойында жатқан «Үш аймақтың» (Шығыс Түркістан республикасының) ұлттық армиясына келіп қосылады. Ол ұлттық армия қосынында штабтың әскери хатшысы, саяси нұсқаушысы болып қызмет атқарады. Бұл Шығыс Түркістан ұлттық армиясының Манас өзенінің бойында, Үрімші қаласын алуға дайындық жасап, жоғарғы қолбасшылардан бұйрық күтіп жатқан кезі еді. Қажығұмар осы аралықта, егер соғыс қайта бастала қалса, дереу қосынға қайтып келетін болып, бас штабтың жолдамасымен Дөрбілжіндегі үйіне қайтып кетеді. Ауылына келгеннен кейін көп кешікпей, мұндағы үш аймақта қызмет істеп жүрген бұрынғы гоминдаңшылдар Қажығұмарды «Гоминдаң өкіметінің шпионы» деп жаламен тұтқынға алғызып, Құлжа қаласына айдатып жібереді. Тағы да бір қыс түрмеде жатып, көрмеген қорлықты көріп, одан әрең ақталып шығады. Ауылына қайтып келгеннен кейін, басқа лауазымды жұмыстардың барлығынан бас тартып, мектепке барып мұғалім болады. Қажығұмардың әдеби шығармашылықпен шұғылданатын тұсы да осы кез. Кейін өлкелік оқу-ағарту назараты жұмысқа шақырып, Үрімші қаласына барып қоныстанады. Осы мекемеде Шыңжаңдағы алғашқы қазақ тіліндегі орта, бастауыш мектептерге арналған оқулықтарды құрастыруға қатысады. Бұдан кейін өлкелік әдебиет-көркемөнер бірлестігіне жұмысқа ауысып, бірыңғай әдеби шығармашылықпен шұғылданады. Сонымен бірге «Шұғыла» атты қазақ тіліндегі алғашқы әдеби-көркем журналды шығаруға атсалысып, басылымның жауапты редакторларының бірі болып қызмет атқарады.
Шыңжаңдағы билікті қолына алып, теңдікке жеткіземіз деп келген Қытай коммунистік партиясын қарапайым халық пен көзі ашық зиялы қауым шын ниетпен, қалтқысыз көңілмен қарсы алған еді. Алайда бұл үміттің ақталмайтынына ұзамай-ақ көп адамның көзі жетті. Қытайдың ішкі өлкелерінен құр сүлдерін сүйретіп зорға жеткен қызыл өкімет қарны тойып, ес жиғаннан кейін, жергілікті жердегі аз санды халықтың көзі ашық азаматтарын «жергілікті ұлтшыл», «оңшыл» деп жаппай тұтқындап, атақты Тарым лагеріне топ-тобымен сүргінге айдап жіберді. Атқа мініп, атан жетектейтін азаматтардың алдыңғы буынын атып, асып, көздерін құртты. Империялардың билігі ауысқанымен, олардың өз босағасында бодан болып отырған бұратана халыққа ұстанатын саясаты өзгермейді екен ғой. 1958 жылы Қажығұмарды «өкіметке қарсы ұлтшылдық тобы бар» деген жаламен Тарым лагеріне, еңбекпен өзгертуге айдап жіберген еді. Қажекең сол сүргінде 1958 жылдан 1978 жылға дейін, жиырма жылдай жүріп, тек Мао өлгеннен кейін босап шықты.
Қажығұмар Шабданұлы – Шыңжаң қазақтарының жаңа әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі. Алғашқы бір буын Ақыт Үлімжіұлы, Таңжарық Жолдыұлы, Дубек Шалғынбайлардан кейін, 1950 жылдардың шамасында қолына қалам алған, бір топ ақын, жазушы әдебиетке келді. Қажығұмар Шабданұлы, Қаусылхан Қозыбаев, Бұхара Тышқанбаев, Асқар Татанай, Нұрсапа Аманжолов, Қызырбек Оралов, Рахметолла Әпшеұлы, Омарғазы Айтанұлы, Мағаз Разданұлы, Серік Қапшықбай, тағы да басқалар. Міне, осылар Шыңжаңдағы жаңа қазақ әдебиетінің көш бастаушылары болды. Қытайдың қызыл тулы өкіметін құшақ жая қарсы алып, алғыс жырларын арнаған осы ақын-жазушылардың кейінгі саяси науқандар кезінде қуғынға ұшырамаған, сотталмаған, Тарымға айдалмаған бірде-біреуі жоқ, алды атылып кетті.
Шабданұлының сол елуінші жылдардың ішінде «Өлеңдер мен дастандары» жеке жинақ болып жарыққа шыққан болатын. Кейіннен өз сөзімен айтқанда, «Қазақтың қара өлеңі шүкір, біраз жерге жетті ғой. Сіңірімізді қанша созғанымызбен, бәрібір, Абайдан артық жаза алмаймыз. Ал проза жөніндегі сөз басқа. Әлі қағаз бетіне түспеген қазақтың қасіретін тек прозамен жеткізуге болады» деген ұстаныммен біржолата прозаға ауысқан еді. Оның «Бақыт жолында» атты повесі, «Біздің үй» және тағы басқа жыр-дастандары, әлеуметтік өмірдің алуан тақырыбында жазған шығармалары Қытай қазақтарының жазба әдебиетінің негізін қалаған шығармалар болатын. Қажығұмар – өлкенің орталығы Үрімші қаласында оқу-ағарту, әдебиет, мәдениет саласында қызмет істей жүріп, саяси-әлеуметтік мәселелердің барлығына белсене араласқан, батыл да өжет ұлттық ұстанымдарымен ерте танымал болған қаламгер.
Қажекең 1970 жылдардың соңында Шәуешек қаласында бостандықта жүрген аз ғана жылдарының бағдарында «Қылмыс» деп аталатын әйгілі романдар желісін жазып, жариялай бастаған болатын. Романының алғашқы екі томы әрқайсысы 15 000 данамен жарыққа шықты. Іркес-тіркес баспадан шыққан романды жұрт қолма-қол талап, сатып алды. Оқырман қауым кезекті үшінші томды тағатсыздана күтіп жүргенде, аяқ астынан «Қажығұмар Шабданұлы Кеңес одағының тыңшысы екен, ақпар беріп жатқанда қолға түсіпті» деген суық хабар дүңк ете қалды. Бұл Қытайдағы бүкіл қазақ қауымына төбесінен жай түскендей әсер етті. Қажығұмармен аралас-құраластығы бар ақын-жазушылар, былайғы сыйлас адамдар бір-бірімен кездесуге бата алмай, «бізді қашан ұстап әкетер екен» деп, есік-терезеге жалтақтап отыратын күйге түсті.
Қытай үкіметі жазушыны Үрімшінің әйгілі №1 тас түрмесіне қамап тастады. Сот жабық жағдайда жүргізілді. Оған айырым мекемелердің сенімді, қырыпсал белсенділерінен шағын ғана топты қатыстырды дегенді естідік. Бұл жолы Қажекеңді 15 жылға соттап, үкім шығарыпты. Бұл 1986 жыл болатын. Өзі 20 жыл Тарым легерінің тозағында болып, сүргіннен келген, 60-тан асқан қарт жазушының мына қараңғы қапастағы ендігі 15 жылдық азапты күні не болмақ? Тіпті ойлаудың өзі қорқынышты. Бірақ текті атадан жаралған, талай сыннан сүрінбей өткен, сүйегі асыл Қажығұмар Шабданұлы 80-ге жетеқабыл жасында, 2000 жылы бұл реткі қапастан да аман-есен босап шықты. Бұдан былай да емін-еркін жүріп-тұруына шек қойылған, алысқа ұзап шығуға болмайтын, бақылау астында болатын, бес жылдық үй қамағы тағы бар екен. 2005 жылға дейін оны да өтеп шықты. Міне, осылардың барлығын қоса есептегенде, Қажығұмар Шабданұлының Шығыс Түркістан, гоминдаң өкіметінің түрмелерінде екі қайтара отырғаны, Тарым лагеріне қамалғаны бар, жалпы қапас-қамақта өткізген өмірі 40 жылға жуықтайды екен. Бұл, енді әлемдік рекорд. Сонда деймін-ау, өкімет пен билік қанша ауысқанымен, бодан ұлттың ой-пікірін ашық айтып, жаза алатын ұлт қайраткерінің қоғамда еркін жүріп-тұруына мүмкіндік бермей, қапаста ұстап отыру керек болғаны ғой…
Қажекең өмірінің соңғы кезінде Шәуешек қаласында тұрды. Не айлық жалақысы, не зейнетақысы жоқ. Зайыбының алатыны – 8000 теңге (Қазақ валютасымен). Бір үйлі жан осы азғантай қаражатпен өлместің күнін көріп, өмір сүрді. Даңқты жазушының осындай кіріптар, жүдеу күйін көрген, Үрімші мен Шәуешек қаласында тұратын, Қажекеңді сыйлайтын бір топ азамат жасырын түрде қаржы-қаражат жинап беріп тұрған екен. Сәлем беруге келіп-кететін ағайын-туыстар да, біреуі соғымын, біреуі сойысын дегендей әкеліп беріп тұрыпты. Ел-жұрт, қарапайым халық аман болсын дейтініміз сол енді. Білетіндердің айтуларына қарағанда, Қажекеңнің түрмеде отырған соңғы он бес жылында, жазушының «Қылмыстың» соңғы томдары мен «Пана» сияқты романдарының жазылуына жағдай жасап, қағаз, қалам, керекті кітаптарын әкеліп беріп, жеке өміріне қамқорлық жасап, соңғы тиын-тебеніне дейін беріп отырған азаматтар болған екен. Ол сол №1 түрменің қызметкері, қазақ азаматы көрінеді. Қазақтың сондай мыңболғыр, Құдайға қараған қайырымды азаматтарына Құдай қуат берсін! Істеген ерлік ісі ұрпаққа өнеге болсын! Қайтыс болған кезде, жазушыны жерлеуге билік басында жүрген атқамінерлердің бір де біреуі төбе көрсетпеген екен. Жүректері шайлығып қалған ақын-жазушы атаулы бір ауыз қоштасу сөзін айта алмай, бұғып қалғанда, қазақтың аса көрнекті ақыны, ер тұлғалы Қыдырхан Мұқатайұлы деген азамат қана жаназада Қажекеңмен қоштасып, бір ауыз басалқы сөзін айта алған екен. Азаматқа Жаратушы жар болсын! «Атқамінерлер төбе көрсетпесе де, жиналған қарапайым халықта есеп болмады» дейді басы-қасында болғандар. Марқұмды шамаларынша қадірлеп, жүректері жылап тұрып, арулап аттандырыпты. Қажығұмар Шабданұлының өмір сапарының біз білетін ұзын-ырғасы осындай.
Қысқаша қайырған осы өмірбаяннан нені көруге болады? Егемен елі болмаған, біреудің босағасында отырған бодан ұлттың қандай қасірет шегетінін көруге болады. Қай ұлт болсын, отарланған халықтың алдыңғы қатарлы, озық ойлы адамдарының тәуелсіздікті бәрінен жоғары қойып, азаттық жолында басын бәйгеге тігетіні сондықтан болса керек-ті. Бұл жағынан қазақ ешкімге есесін жібере қойған жоқ. Алаштың азаттық аңсаған аяулы азаматтары түгелдей осы жолда жандарын қиды, Қытайдағы қазақтардың ұлт-азаттық көтерілістерінің батырлары мен зиялы қауым өкілдері де, Шәріпхан Көгедай бастап, Оспан батыр, Зият Шәкерім, Райымжан Мерсекев, Тұрсын Мұстафин, Ыбырайым Жайнақов, Еменақын, Қызырбек Оралов, Пәтіхан Сүгірбаев, Мәннан Дәлелхан, Нұргене, Тәуфиқ қатарлылар осы жолда жандарын қиды. Бұл тізімді бұдан әрі де соза беруге болады.
«Қылмыс» романы – жанры жағынан ғұмырнамалық роман. Шығармадағы оқиғалар басты кейіпкер Биғабыл арқылы өрбиді. Биғабыл – Қажығұмардың прототипі. Шығарма жеке адамның тағдырын қилы заман, қиын күндерді өткерген бүкіл ұлттың тағдырымен астастыра отырып, көрсетіп берген. Осы алтытомдық эпопеяны оқып шықсаңыз, Қажығұмардың өмірімен де танысасыз, оның шығармашылық әлеміне де кіріп, отарлаушы темір ноқта орыс пен қайыс ноқта қытайдың қазаққа жасаған қорлығы мен қиянатын толық көре аласыз.
Роман айыпкердің тергеушіге берген, ес біліп, етек жапқаннан тартып, тұтқынға түскенге дейінгі бастан кешкендері түрінде баяндалады. Оның дүниеге келуі, адам болып жаратылуы, жер басып жүруі, оқып, білім алуы, ақын, жазушы болып қалыптасуы, ұлтының сөзін сөйлеуі, адамша өмір сүруі отаршылдар үшін түгелдей «қылмыс» болып бағаланады екен. Олар бұратана халықтың әр басқан қадамынан «қылмыстың» ізін көріп отырады екен. Осы ретте романда Қажығұмардың күреске толы бүкіл өмір жолымен қатар, қазақтардың азаттық жолындағы арпалысы, Шығыс Түркістан республикасының құрылуы, әр кезекті саяси науқандар, яғни Шыңжаңдағы бүкіл саяси-әлеуметтік өмірдің жартығасырлық шежіресі баяндалады.
Қажығұмар өмірінің соңғы кезінде сенімді, сыйлас інілеріне естеріңде жүрсін деп мынадай сырын айтқан екен: «Мен өмірімде ешқандай ұйымға мүше болған емеспін, ешқандай ұйым да құрған емеспін. Қажығұмардың «оңшылдық», «ұлтшылдық» ұйымы болған дегендерінің барлығы қолдан жасалған жалған жала болатын. «Кеңес одағының тыңшысы» болды деп тұтқынға алды, ол да шылғи өтірік, мен ешқандай уақытта, ешкімге тыңшы болған емеспін. Мұның барлығы маған қасақана, мақсатты түрде жабылған жала, қауіпсіздік комитетінің аса шеберлікпен ұйымдастырған, қастандық шарасы еді. Бұл жалған жалалардың барлығы маған неге жабылды дейсіңдер ғой? Менің бұрын-соңғы жазған шығармаларымның, әсіресе «Қылмыс» романының халық арасындағы ықпалын жою үшін, менің бүкіл абырой-атағымды төгу үшін жасаған қастандық болатын. «Қылмыс» бүкіл бір халықтың басқан ізінен «қылмыс» іздеген, империяның аз санды ұлттарға жасаған қиянат-қылмысын әшкерелеген шығарма болды. Империя ондай шығарманы халықтың қолына ұстатып қойып, қарап отыруы мүмкін емес еді. Сол үшін олар, ең алдымен, қазақтың қызылкөз белсенділеріне «Қылмыс» партия мен өкіметке қарсы шығарма, сондықтан оның көзін құрту керек» деген мазмұнда арыз жаздырып алып, ары қарай «Қылмыстың» көзін құртуға, оның авторын «сатқын» етіп масқаралауға тиісті болды. Басқадай саяси жала жабуына болатын еді, бірақ онда Қажығұмардың ұлт қаһарманы болып шыға келетінін олар жақсы біледі. Халыққа жексұрын етіп көрсету үшін «тыңшы», «шпион» деген «қылмысты» ойлап табуларының сыры сонда. «Сатқын», «тыңшы», «жансыз» дегенді кім жақсы көруші еді? Қазақтың жансыздардан шеккен зияны аз болды ма?! Маған жасаған бұл тұзақтарын олар менің өзіме ашық айтқан болатын. Сондықтан Қажығұмар ұйым құрды, тыңшылық істепті дегенге сенбеңдер. «Тау айналмаса, тас айналады» деген бар ғой, қара жер мен халық аман болса, қытайдың қолдан жасаған қиянатының сыры да ашылатын күндер келер, соны күтіңдер…» Мұны Қажығұмардың өз аузынан естіп, жазып алған адамдар қазірде көздері тірі, арамызда жүріп жатыр. Оларға Құдай қуат берсін!
Қажығұмардың алтытомдық «Қылмыс» романының басты идеясы неде? Біздіңше, оның басты идеясы дүниеде бодандықтан өткен қорлық жоқ. Отаршылдар үшін сенің бүкіл тірлігің – «қылмыс». Тіпті сенің жер басып, аман-есен, адам болып жүргеніңнің өзі – «қылмыс». Сондықтан да ел болам десең, ең алдымен, бодандықтан, отансыздықтан, тәуелділіктен құтыл! Сол үшін күрес, сол жолда жаныңды қиюға дайын бол, яғни «Қылмыс» романының басты идеясы – Тәуелсіздік! Ал империя бодан халықтың тәуелсіз ел болуына ешқашан жол берген емес, бермейді де. Азаттықты аңсаған адамның бәрін «тыңшы», «жансыз», «шпион» етіп көрсетіп, көздерін құрта берудің сыры сонда. Кешегі Алаш азаматтарын да «жапон тыңшысы» деп көздерін жойғаны сондықтан.
Эпопея кенен ойлы, кесек бітімді жүздеген көркем бейнелерді кескіндеп, Алаш жұртының азаттық жолындағы күрестері мен азапты кезеңдерін алдыңызға жайып салады. Шығарма аса қуатты әлеуметтік сарында жазылған. Романның сюжеті, оқиға желісі табиғи даму эволюциясы бойынша өрістеп отырады. Ызалы күлкі, мысқылмен тұздықтала келіп, отаршылдарды кекесін күлкімен көзге шұқып кететін тұстары да аз емес. Шығарманың тіліне кіреуке түсіретін түйткілдер, сөз сұрқайы мұнда атымен жоқ.
Желілес алты томнан тұратын, тұтастай бір ғасырға жуық уақыттың суретін салған бұл жойқын шығарма – көркемдік бітімі жөнінен қазақ әдебиетіне жаңа өрнек, тың сарын әкелген туынды. Бұл романды қазақ әдебиетіне бір ғасырда бір-ақ қосылатын үлкен қазына деп түсінуіміз керек. Мұндай шығарманы елеусіз қалдыру – біздің елдігімізге сын. Сондықтан кезінде бұл шығарманы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына бірден-бір лайық туынды деп ұсынған едік. Бұны империялардың қастандығынан жазықсыз қорлық көріп, мерт болған қазақтың бүкіл зиялы қауымының, Алаштың азаткер ұлдарының аруағы алдында өтеуге тиісті борышымыз, бағыштаған дұғамыз деп білгеніміз жөн болар еді! Туған өлкенің тұман басқан мұнарлы кезеңдерін, мұңлы жырын тыңдағыңыз келсе, «Қылмыс» романын қолға алыңыз, көзіңіз көп нәрсеге жететін болады.
Қажекеңнің өмірі де, көзімен көргендері де «Қылмыс» романында жан-жақты бейнеленгендіктен, сөзіміз осы роман төңірегінде ғана болды. Марқұм өмірінің соңғы кезінде көрнекті ақын Сәли Сәдуақасұлына өзіннің жалпы жазған шығармаларының тізімін берген екен. Сол тізім бойынша қарағанда, жазушының шығармалары толық он екі том болады. Өмірінің көбі қасіретпен өткен, классик жазушының шығармаларының толық жинағын мемлекет қолдау көрсетіп, осы даталы жүз жылдығына орай баспадан шығарып берер деген үміттеміз.
Әрмиябек САҒЫНДЫҚҰЛЫ,
сыншы, Халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының лауреаты