ОЛАР «ҚАЗАҚСТАН АВТОРЛАРЫ ҚОҒАМЫН» ТАРТЫП АЛМАҚШЫ БОЛДЫ
26.11.2019
1729
3

Газетіміздің өткен аптадағы санында «Қазақстан авторлары қоғамының» айналасында болып жатқан дау-дамай туралы қысқаша жазған болатынбыз. Осы мекеменің Төрағасы, белгілі жазушы Марал Ысқақбай мырза Қазақстан Композиторлар одағының Төрайымы Балнұр Қыдырбек пен актер Байғали Есенәлиев бірігіп, «Қазақстан авторлары қоғамына» таласып жатқанын қысқаша жеткізген еді. Алматы қалалық ауданаралық экономикалық сот
Б.Қыдырбек пен Б.Есенәлиевтің ісін заңсыз деп тауып, арнайы шешім шығарғанын да көрсеткен. Бүгін осы оқиғаның жай-жапсарын түсіндіру үшін жазушымен  өрбіген сұхбатты ұсынып отырмыз.

Марал Ысқақбай

– Марал аға, өткен аптада «Қазақстан авторлары қоғамында» не болып жатыр?» деген шағын мақала берген едік. Сонда уәде еткеніміздей осы оқиғаның мән-жайын оқырмандарға кеңірек түсіндіре кетсек. Білуімізше, 2018 жылдың 7 қарашасында «Қазақстан авторлары қоғамының» жиналысы өтіп, Сіз 5 жылдан кейін қайтадан осы Қоғамның төрағасы болып сайланыпсыз. Бірақ мұнымен келіспейтін тарап та бар көрінеді. Нақтылап айтсақ, Қазақстан Композиторлар одағының Төрайымы Балнұр Қыдырбек пен аталған Қоғамды  осыған дейін 5 жыл бас директор болып басқарған Байғали Есенәлиев 2019 жылдың 27 наурызында «Қа­зақстан авторлары қоғамының» кезектен тыс жиналысын шақырып, Балнұр Қыдырбекті Қоғамның Төрайымы етіп сайлатыпты. Қазір екі ортада түсінбеушілік пайда болып, соңы сотта қаралып, ол жиналыстың  өткізілу тәртібін де, Б.Қыдырбектің төраға сайлануын да заңсыз деп тауыпты. Осы оқиғалар тізбегін егжей-тегжейлі баяндап берсеңіз.

– Ол үшін әңгімені сәл арырақтан бастауға ту­ра келеді. Мен бұл ұйымды 1996 жылы ҚР-ның авторлық құқық туралы жаңа заңы қабылдануына сәйкес құрғанмын.  Кеңес одағы тарағаннан кейін мен осы салада мемлекеттік агенттік құрып, 6 жылдай басқарғам. Ол – министрлік дәрежесіндегі орталық басқару органы еді. Сондықтан  бұл саладан тәжірибем,  хабарым бар. «Балапан басына, тұрымтай тұсына» кеткен кезең еді ғой. Осы ұйымды көршілес елдердің және шетелдердің жұмыс істеу тәжірибесіне сүйене отырып, қайта құрып, жұмысын бір ізге түсірдік. Ұйымға тіркелген авторлар қаламақысын уақтылы әрі заңды түрде алатын деңгейге жеткіздік. Бізге тіркелген авторлар өзінің шығармасының орындалуына қарай тұрақты қаламақы алып тұрды. 2008 жылы Қазақстан авторлары қоғамының кезекті жиналысында төрағалықтан кетуге ұсыныс жасадым. «Жасым 70-ке келді, қоғамның жұмыс тәртібі қалыптасты, енді жеке шығармашылықпен айналысайын», – деп ұйым мүшелеріне өтініш айттым. Бірақ олар қарсы болды. «Бүгінгідей қиын заманда тәжірибелі маман, адал қызмет ететін адам керек, қартайып тұрған жоқсыз, тағы біраз жыл істеңіз», – деді. Ақыры, ұйымды тағы бес жыл басқаруыма тура келді. 70 жылдық тойымда Байғали Есенәлиев деген жігіт асаба болып еді. Өзінің бір-екі әні бар екен. Тілі майда. «Ағалап» тұрады. Соны шақырып, жұмысқа тәрбиеледім. Оған «Бас директор» деген орын ұсындым. Екі жыл бойы қасымда ұстап, бұл жұмыстың барлық ерекшелігін үйретуге тырыстым. 2013 жы­лы кезекті құрылтай өткенде, тағы да «төрағалық қызметті қойсам» деген тілегімді айттым. Авторлар тағы да қарсы болды. Мен Есенәлиевті екі жыл дайындағанымды, бас директор болып қызмет атқарып жатқанын айттым. Авторлар сонда да қоймай, маған «Құрметті төраға» болып, жұмысты бақылап отыруымды тапсырды. Мен келістім де, Байғалиға:  «Ел сенімінен шық» деп Қоғам тізгінін біржола бердім. Ол бес жыл бас директор болды. Бірақ ұқсатып кете алмады. Бұл кезде елімізде біздікі секілді тағы алты ұйым пайда болды. Олар заңымыздың осал тұсын пайдаланып, бізбен шартқа отырып, қаламақы төлеп жүрген көптеген  мекемелерді «арзан бағаға» келістіріп, өздеріне алып кетіп жатты. Мәселен,  28 телеарна мен радио басқа қоғамдардың қарамағына өтіп кетті. Мұндайға жол бермеу  үшін Қоғамның басшысы мықты, іскер, заңға жетік, саланың ұңғыл-шұңғылын білетін адам болуы керек. Есенәлиевтен ондай іскерлік шықпады. Соның кесірінен Қоғамға түсетін қаржы азайған. Ол дегеніңіз – авторлардың қаламақысы қысқарады деген сөз. Мұндайда Қоғамда бедел қала ма?

Есенәлиев енді қайтеді? Ақша азай­ған­дықтан қызметкерлердің жалақысын 20 пайызға қысқартқан. Барлық қызметкерді кесте бойынша бір жыл бойы бір айлық ақы­сыз демалысқа жіберген. Былайша айтқанда, ұйымның ішінде де, сыртын­да да береке кеткен. Бұдан бөлек, Швейцария-дан алған, соңғы он жыл бойы пайдала­нып келген, «Косис» деп аталатын компью­тер­лік бағдарламадан  төлейтін ақша бол­маған­дықтан айырылып қалдық. Қазір бәрін баяғыдай қолмен істеп отырмыз.

Қазақстанның түкпір-түкпірінен ма­ған телефон шалып, қаламақыларының қысқарғанын айтып, арызданатын авторлар көбейді. Ақыры Байғалимен сөйлесіп, мән-жайды түсіндіріп: «Қарағым, мына ұйымды басқару қолыңнан келер емес. Ұйымның беделі түсіп кетті. Бізге тіркелген 3500-ге жуық авторға обал. Олар қаламақысының азайғанына наразы. Сен орныңды Серікке бер, «Ғалам music» баспасына директор бол. Айлығың  қазіргіңнен кем болмайды», – дедім. «Аға, барғым келмейді», – деді. «Ойлан», – дедім де қойдым. Сөйтсем, «Мені орнымнан алып тастағалы жатыр», – деп, өзіне жақтастар іздеп жүріпті ол.

2018 жылдың 7 қарашасында  Қоғамның кезекті жиналысы өтті.  Жиналысты бас директор ретінде Байғали жүргізді. «Құрметті төраға» болған соң, мен баяндама жасадым. «Қазақстан авторлары қоғамының» бұған дейінгі және бүгінгі жағдайынан толық мағлұмат бердім. Жарыс сөз басталғанда,  М.Шаханов сахнаға көтеріліп: «Мен бұрын 4-5 адамның айлығына пара-пар қаламақы алушы едім. Қазір мардымсыз тиын-тебен аламын. Мұнда бір шикілік бар», – дей келіп, маған қарата: «Естуімше, сен Есенәлиевті орнынан алып тастағалы жүр екенсің. Мұның дұрыс емес. Ол шындық үшін күресіп жүрген адам», – деп сөйледі. Мәселенің мәнісінен мүлдем хабарсыз. Оған Б.Есенәлиевтің тікелей қатысы ба­рын ескеріп тұрған жоқ. Жиналысқа жиналғандар екіге жарылғандай болып, аздап айғай-шу орын алды. Авторлар кеңесін, төрағаны сайладық. Көпшіліктің ұйғаруымен мені қайтадан бірауыздан төраға етіп сайлады.

Жиналыстан кейін Авторлар кеңесін өткізгенде, былай дедім: «Маған 1 жыл уа­қыт жетеді. Авторлар қоғамын бүгінгі қиындықтан шыққанша басқарайын, жағдай түзелген соң шешімімді өздеріңе айтатын болам». Осы сөзім – сөз. Қазір әлгі 28 телеарна мен радионы өз қарамағымызға  қайтарып алдық. Қазір олардан мол ақша түсіп жатыр. Тек банктегі есеп-шотымызды бұғаттап тастағандықтан, авторларға қаламақысын төлей алмай отырмыз.

– Ал мына дау қайдан шықты?

– Жиналыс өткен күннің ертесі Бай­ғали­ға келіп, «Қарағым, мен саған әкесі тек баласына ғана қиятын шаруа жасап едім. Бірақ сен соны түсінбепсің. Мен өз намысым үшін ғана емес, авторлардың қамы үшін де таңертеңгі сағат 9-дан кешкі 6-ға дейін тиянақты жұмыс істейтін болам. Кабинетім мен машинамды қайтарып бер, мен жаяу жүріп жұмыс жасамаймын», – деп  ескерттім. Осы кезде ол «Ғалам music» баспасына директор болуға келісетінін айтты. Оны жұмыссыз қалдырайын деген ниетім жоқ қой әуелден,  бердім. Онда барған соң, бұл қызметті атқару қиын екенін ұқса керек. Кіріп-шыққандарға:  «Қарашадағы  жиналыс заңсыз өтті, жиналысты қайта өткізу керек» деумен болыпты. Оны авторлар маған келіп айта бастады. Ақыры, тыныш жүрмей, Композиторлар одағының Төрайымы Балнұр Қыдырбекті іздеп тауып: «Сізді композиторлар қолдайтын шығар, жиналыс өткізейік, сіз бастық болыңыз. Бәрін өзім жасап берем, ешқандай қиындық түсірмеймін», – деп сендірген. Екеуі ке­лісе отырып, «27 ақпанда Авторлар кеңесінің отырысы болды. Сол отырыста «авторлардың жиналысы 27 наурызда қайтадан өтсін» деген шешім қабылданды» деп жалған хаттама жасаған. Авторлар кеңесінің мүшелеріне әртүрлі сылтау, уәж айтып, он бес шақтысына қол қойдырып алған. Хаттаманы он күн бұрын өздері дайындап қойған. Айталық, Дулат Исабекке: «Министрлік 7 қарашада өткен жиынды жарамсыз деп отыр. Енді қайтадан жиын өтуі керек. Соған Сіздің қол қоюыңыз маңызды», –  деген сөздер айтып, алдаған. Бізге де 27 наурыз күні жиын өтетіні туралы ескерту хат келді. Мен олардың хаттамасына қол қойған кеңес мүшелерін шақырып, сөйлесіп едім, олар мән-жайдан мүлдем бейхабар болып шықты. Олардың хаттамаға қалай қол қойып бергендерін жаздырып алдым. Менде сақтаулы тұр.

Балнұр Қыдырбек

– Олар жиынның болатынын өзіңізге арнайы ескертті ме?

– 22 наурыз күні жұмысқа Балнұр Қыдырбек, Байғали Есенәлиев, композитор Марат Ілиясов бар, бір тобы келіп, маған доқ көрсете: «Біз 27 наурыз күні жиналыс өткіземіз. Соған келіп, өз еркіңізбен жұмысты маған тапсырыңыз. Сонда ары қарай мазаламаймыз. Ал олай болмаса, 20 жылғы қояңызды қазамын», – деді. Мен күлдім де, «Қаза бер», – дедім.

Менің ештеңеден қорқарым жоқ. Арым таза. Осыған дейін біздің Қоғамды 14 рет тексерді. Екі рет бас прокуратура, екі рет Әділет министрлігі, антимонополиялық  комитет, қаржы полициясы тексеріп, қала­лық прокуратура бір-бір реттен бүкіл құжатымызды сапырып шықты. Ешуақытта бетімізге шіркеу түскен емес.

26 наурыз күні Балнұр мен Марат Ілиясов қол қойған жиынға шақыр­ған  хабарлама әкеп тапсырды. Мен бармадым. Мұндай жиынның заңсыз екенін түсіндіріп жазып, арнайы өкілдерден беріп жібердім. Олар менің хатымды оқыған да, кетіп қалған. Жиынға бар-жоғы 70-80 адам қатысыпты. Кворум атымен жоқ деген сөз. Олар өздері бұл жиынды «кезектен тыс» деп отыр ғой. «Кезектен тыс» болуы үшін Авторлар кеңесі бекітуі тиіс. Егер олай етпеген жағдайда, Қоғамға мүше авторлардың тең жартысы талап етіп, қол қойған болуы керек. Ал жиналысқа, ең кемі, мүшелердің 25 пайызы қатысуы қажет. Оның бірі болған жоқ. Демек, заңсыз. Біздің жарғыға мүлдем сай емес. Олар мұнымен қоймай, жарғыны да өзгертіпті. Жарғы өзгерту үшін де Авторлар кеңесінің арнайы талқысы керек. Заң білмегендіктің кесірі, бәрі.

– Жиын өткен соң…

– Жиын өткен соң көп ұзамай Балнұр Қыдырбек нөкерлерімен тағы келді. «Осылай да осылай, мен «Қазақстан авторлары қоғамының» төрайымы Балнұр Қыдырбекпін. Сіз дереу, 3 күннің ішінде қоғамның бүкіл құжаттарын, қаржылық құжаттарын, мүліктің есебін, шоттың есебін, сейфтер мен офистің кілтін тапсырасыз», – деп қағаз беріп кетті. Мен заңгерімді шақырып, қағазға анализ жасаттым. Ол «Қылмыстық кодекстің» 3 бабы бойынша қарастыруға болатынын айтты.  Біріншіден, бұл рейдерлік әрекетке жататын сияқты. Сосын «өз білермендігін жасау» (орысшасы «самоуправство») дейтін бапқа жататын көрінеді. Үшіншісі, алғашқы екеуі іске аспай қалған кезде, сондай бұзық ниетің болғаны үшін де бап бар екен. Мен полиция шақырып, оған анализді ұстаттым. Менің көзімше Балнұрға телефон соғып еді, ол шетелде жүргенін, келген соң хабарласу қажеттігін айтты. Кейін хабарласты ма, хабарласпады ма, білмеймін…

Байғали Есенәлиев

Онымен қоймай, Балнұр дереу өздері толтырған хаттаманы алып, Әділет минист­рлігінің Тіркеу департаментіне апарып, «М.Ысқақбайдың орнына мен төрайым болдым» деп тіркетіп алған. Соны пайдаланып, Қазақстан авторлары қоғамының банктегі есеп-шоттарын, телефон нөмірлерін, сайтын жаптырып тастады, көлігін ЖПҚ (жол патрульдік қызметі) арқылы тартып алдыртты. Онысымен қоймай «Казахстанская правда» газетіне «Қазақстан авторлары қоғамының Авторлар кеңесінің 28 наурыздағы отырысының шешімі бойынша ҚазАҚ-тың ескі мөрі жойылғанын хабарлаймыз» деп хабар жариялатқан. Бұл да өтірік. Ондай отырыс болған жоқ, ондай мәселе қаралған жоқ. Өйткені олар «сайлаған авторлар кеңесінің мүшесімін, менен басқа тағы 11 адам біздің қоғамның авторлар кеңесінің мүшесі қатарында. Олардың бірі де оған қатысқан жоқ. Бұл өзі тура детективтік шығармада болатын оқиға секілді бірдеме.

 Міне, неше айдан бері соттасып жүр­міз. Алматы қалалық ауданаралық экономикалық сот олардың әрекетінің заңсыз екенін дәлелдеп шықты. Енді Балнұрдың тобы апеляциялық сотқа жүгініп жатқан көрінеді. Тіпті бүкіл авторларға телефон шалып, «бізге келіп шартқа отырың­дар, шығармаларыңды тіркетіңдер, желтоқсаннан бастап сыйақыларыңды бере бастаймыз» деп, жаппай мазалап жатқанынан хабардармыз. Бір айта кетер жәйт, қазір біз олардың да есеп-шотқа кіруіне тыйым салып қойдық. Банк басшылары ауданаралық соттың шешімін көрген соң, дау біржола аяқталғанша ешкімді де біздің есеп-шотқа жолатпайтын болды. «Аққа Құдай жақ» демей ме? Көп ұзамай, «Қазақстан авторлары қоғамы» қалыпты жұмысын бастайды деп отырмыз.

Ең алдымен авторларымыздың қалама­қы­сын төлегіміз келеді. Авторларымызға тек төзімділік қана танытып қоймай, әртүрлі жырынды қылықтардан сақ болыңыздар дер едік. Ешқандай да мәліметтеріңізді бермеңіздер. Авторлар қоғамына керек мәлімет біздің Қоғамда әуелден тіркеулі тұрғанын өздеріңіз білесіздер. Олар ешқайда жоғалмайды.

Әңгімелескен

Т. ӨСКЕНБАЙ

 

«Қазақ әдебиетінің» өткен 45-ші санында (15 қараша, 2019 жыл) «Қазақстан авторлары қоғамында» не болып жатыр?» деген шағын мақала жарық көрген еді. «Ілік-шалысты» іздеп оқитын осы күнгі оқырман ортасын елең еткізген әлгі мақала газетіміздің электронды нұсқасында жарияланып, ғаламторға көз тігіп отырған әлеуметті тағы да «қызыққа» кенелткен-ді. Біз сол кезде-ақ қарсы тараптың сөз сұрайтынын білгенбіз. Дегендей-ақ міне, «Қазақстан авторлары қоғамынан» Марал Ысқақбай ақсақалға жауап, редакцияға ескерту хат мәлімдеме түрінде келіп жетті. Редакция ұжымы  тағы бір «Қазақстан авторлары қоғамының» жауабын қаз-қалпында беруді жөн деп тапты.

Оқи отырыңыз!

«Қазақстан авторлары қоғамында» не болып жатыр?

«Қазақ әдебиеті» газетінің сайтында жарияланған ақпаратты теріске шығару туралы мәлімдеме

 2019 жылы 15 қарашада «Қазақ әдебиеті» газетінің сайтында Қоғамның бұрынғы төрағасы М.Ы.Ысқақбай ұсын­ған «Қазақстан авторлары қоғамы» қоғамдық бірлестігінің (бұдан әрі — Қоғам) қызметі туралы ақпаратты орналастырды.

Бұл адам қазіргі уақытта қоғамның бірінші басшысы болмай тұра, шын­дық­қа жанаспайтын ақпаратты таратқан.

Сонымен, мақалада «Қазақстан авторлар қоғамы» қоғамдық ұйымының бірінші басшысының ауысқандығы туралы тіркелуінің заңсыздығы көрсе­тіл­ген.

Тіркеу толығымен Заң талаптарына сәйкес құжаттар пакетін ұсыну арқылы жасалады, сол талаптарға сай құжаттама болғандықтан, Әділет Министрлігі өтінішті қарап, 04.06.2019 ж. Б.Б.Қыдырбек Қоғамның төрағасы болып тіркелді.

Сонымен қатар, мақалада іс жүзінде өткізілмеген жиналыстың заңсыздығы көрсетілген, бірақ М.Ы.Ысқақбай авторлық Кеңес 27.02.2019 ж. қабыл­даған құжаттар туралы білмейді, нақтырақ айтсақ, Авторлық құқық жөніндегі Кеңестің 17 мүшесінің жеке қолтаңбаларымен қол қойылды, олар күн тәртібін бекіте отырып, 27.03.2019 ж. жиналысқа шақыруға шешім қабылдады. Бұл құжаттарды Қоғам сот процесіне ұсынды.

Сот отырысына қатысты, Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінің 240-бабы 1-тармағына сәйкес Алматы қаласының мамандырылған ауданаралық экономикалық сотының 09.10.2019 ж. шығарылған №7527-19-00-216827 шешімі бойынша шағым жасалмаса, апелляциялық шағым беру мерзімі аяқталғаннан кейін күшіне енеді.

Бұл жағдайда заңды күшіне енбеген сот шешіміне (актісіне) сілтеме беру негізсіз болып есептеледі.

Қазақстан Республикасының «Бұқа­р­лық ақпарат құралдары тура­лы» Заңның 2-1 бабына сәйкес бұқарлық ақпарат құралдарының негізгі принциптері: объективлік, заңдылық; жеке өмірге, ар-намысқа нұқсан келтірмеу, адамның және азаматтың қадір-қасиетін құрметтеу. Сондай-ақ, Заңның 25 бабы 1, 2 тармақтарына сәйкес, азаматтың немесе ұйымның (мемлекеттік орган, қоғамдық, шығармашылық, ғылыми, діни немесе басқа бірлестіктер мен азаматтардың және заңды тұлғалардың) ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін жалған ақпарат тарату, ақпарат құралдарының сот алдындағы жауапкершілігі Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жауапкершілікке алып келіп соғады. Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңнаманы бұзғаны үшін бұған кінәлі мемлекеттік органдардың және басқа ұйымдардың лауазымды тұлғалары, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының иесі, таратушысы, бас редакторы, таратылған хабарламалар мен материалдардың авторлары жауап береді.

Сонымен бірге, қазіргі уақытта М.Ы.Ысқақбай және басқа қоғамның бұрынғы қызметкерлеріне қатысты ұсынылған өтініштердің негізінде полицияның экономикалық қылмыстар туралы сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде.

Осы ретте біз сіздерге Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 130 бабына сәйкес жала жабу, яғни басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн немесе оның беделiн түсiретiн жалған мәлiметтер тарату тиісті жауапкершілікке тартылатынын ескертеміз.

Сенімді өтініш, Қоғамның қыз­мет­керлері болып табылмайтын тұлғалардың арандатуына көңбеңіз.

Егер Сізге қандай да  түсініктеме не­­месе сұхбат қажет болса, Сізді ҚазАҚ басқарма Төрағасы Қ.Б.­Бал­ға­бек­қызына хабарласуыңызды сұраймыз. Сіз пошта арқылы хат-хабар жібере алатындығыңызды және барлық қызықтыратын сұрақтар бойынша біздің нақты мекен-жайымызға келіп білуіңізге болады: Алматы қаласы, Мұқанов көшесі, 241 үй.

Жоғарыда айтылғандарға сүйе­не отырып, бұқаралық ақпарат құрал­дарының қызметін реттейтін заңнама талаптарына сәйкес, сізден осы ескерту мәтінін мүмкіндігінше тезірек жариялауыңызды сұраймыз.

Қосымша: мемлекеттік қайта тіркеу туралы куәлік және заңды тұлғаның барлық тіркеу әрекеттері, тіркелген заңды тұлғаның, филиалдың немесе Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілдігінен алынған куәлігі.

 Құрметпен,

РҚБ «Қазақстан авторлары қоғамы»

 

ПІКІРЛЕР3
Аноним 27.11.2019 | 20:05

Балнұр Қыдырбек Қазақстан композиторлар Одағын 13 жыл бойы басқарып келеді. Осы уақытта ол Басқарма, одақ мүшелері алдында есеп берген, немесе пленум, сьезд сияқты шаралар өткізген емес. Бұл Одақтың бүкіл Кеңестер Одағына белгілі де беделді «Таутүрген» шығармашылық Үйі, оның 15 коттеджі, асханасы, кино-концерттік залы, буфет-бары, кітапханасы, үлкен автогаражы, автокөліктері, шетелдік 20 роялі, ауқымды жер көлемі бар еді. Оның жанында Жазушылар шығармашылық Үйі баланың ойыншығындай көрінетін. Бұл ардақты ағамыз Еркеғали Рахмадиевтің өзінің жас әріптестеріне тастап кеткен қасиетті мұрасы еді. Міне, ондағы бар мүлік сатылды. Қасиетті қара шаңырақ — Қазақстан Композиторлар Одағын құртып, орына «Қазақстан авторлар қоғамдастығын» құрып, алтыннан да қымбат Таутүрген жерін соның меншігіне өткізді (демек, өз меншігіне дей беріңіз)… Қазақ музыкасына абырой-даңқ әкелген Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский, Латиф Хамиди, Ахмет, Ғазиза Жұбановтар, Бақытжан Байқадамов, Нұрғиса Тілендиев, Кенжебек Күмісбеков, Мансұр Сағатов, Тілес Қажығалиев сынды тұлғалардың бір де бір еске алу кештері, концерттері өткізілмеді. Бірде бір композитор бұл жылдары атаққа ұсынылып, мемлекеттік марапатарға ие болған жоқ. Себебі Балғабекқызының оған пейілі де беделі де болмады. Ал оның бүгінгі тірлігін алатын болсақ, ол нағыз қылмысты іс деп бағалауға болады. Бұған дейін жүйелі де берекетті жұмыс істеп тұрған Қазақстан автолар қоғамының логотипін, мөрін, шотын ұрлап, пайдалану дегеніміз — нағыз рейдерлік қылмыс! Осы қоғамда жинақталған қаржыны өзіне, маңайындағы топқа таратуын — нағыз ұрлықтың көкесі деп танимыз. Осыны сезген Балғабекқызы сасқанынан артымен жүзіп, бүгінгі күні жалған Авторлар қоғамының мүшелігіне көше кезіп жүрген ақын-жазушы-композиторсымақтарды тіркеп жатқан көрінеді. Осының алдында ол Композиторлар Одағының мүшелігіне «до» мен «ре»-нің арасына такси жалдайтын, (Әблахат Еспаевтің сөзі), айтқанын шықпай сөзін сөйлейтін үлкен бір тобырды алған болатын. Ендігі кезек, «Алтын балық» ертегісіндегідей, бүкіл қазақ шығармашылық зиялыларын бір шыбықпен айдайтын бастық болу. Бастық емес-ау оны қызықтыратын, ҚазАҚ-тың миллиондаған ақшасын қойын-қонышына басу!.. Біздің азаматтық борышымыз, ар-ұяты, адамгершілік ұстамы тіптен төмен осынау қылмысты адамды дегеніне барғызбау!

Аноним 28.11.2019 | 16:57

Сумдык ай, мына бабуля сумдык кой..

Аноним 24.12.2019 | 20:51

сұмдық емес, нағыз таажалдың өзі ғой!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір