«Қырық бірінші ҚАЛПАҚ» туралы әфсана
21.10.2022
571
0

1961 жылы адамзат тұңғыш рет ғарышқа шықты. Оқиға тұтастай сегізінші өркениет тарихындағы ең ұлы жаңа­лық­тардың бірі болатын. Біз сөз еткелі отырған тақырып­тың маңызы да осы оқиғадан әсте кем емес деуге толық негіз бар.

Жалпы, танымдық сана өркениет тарихындағы сенсациялық оқиғаларды «ғасыр жаңалығы», «мыңжылдық, дәуір жаңалығы» деп бөледі. Олардың санатында дөңгелектің, жебенің табылуы, ежелгі дөңгелек бітімді үйлердің орнына аумағы кеңейтілген төрт бұрышты тұрақтардың салынуы, т.б. ұлы жаңалықтар айтылады.
Осы тақылеттес, тұтас адамзат өркениетінің дамуына бетбұрыс болған тарихы прогресстің бірінің бастауы қазақ даласына қатысты екені ғылыми тұрғыда дәлелденді.
Ол – жабайы жылқының тұңғыш рет қолға үйретілуі, ұшқыр көлік есебінде пайдаланылуы еді.
Бүгінде жылқыға тұңғыш ер салған өңірдің тарихи Көкшенің Айыртауындағы ежелгі Ботай қонысы екенін әлемдік ғылым мойындап отыр. Әлбетте, ол – әлемдік техникалық прогресстің бастауы, алғы шарты еді.
Мұндай мәртебені бізге оңайлықпен қиғысы келмейтіндер де бар.
Жаңалық, жетістік атаулыға қызығу, шамасы жетсе, өзіне меншіктеуге тырысу пендешілігі Адам ата ұрпағына әсте таңсық емес. Біздің түсінікте ол – «зәрулік синдромы». Яғни, өзіңде жоққа қызығу, оған ашкөз қызғанышпен қарау.
Мәселен, бойы аласа, қамытаяқ қара жігітті алайық. Әлбетте, оған хас сұлу қызықпайды, қарамайды. Сұлудың қалауы – көркем жігіт. Сонда әлгі бейбақтың арманы не? Қайтсе ұзын бойлы, сымбатты жігіт болу ғой…
Міне, біз айтып отырған «зәрулік синдромы» осы жерден туындайды. Адамзат өркениетінде орны ерекше энолиттік Ботайға қатысты да осындай ұнамсыз тенденцияның көрініс беріп қалатын кездері баршылық.
Ботай қонысын 1980 жылы Виктор Зайберт деген ешкім танымайтын жас тарихшы ашты. Зайберт өз жаңалығын жарияласымен, Көкшетауға Би-Би-Сидің журналистері келіп, бәрінен бұрын Айыртау алқабында қар теуіп жүрген жылқыны түсіре бастағаны есте.
Көп ұзамай, Ботай қонысын зерт­теуге атақты Карнеги университетінің ғалымдары кірісті. Ботай адамзат тарихындағы ұлы бетбұрыстың өмірге келген жері деп танылды. Бұл концепцияны тұтас әлемдік ғылым ресми мойындады.
Дегенмен соңғы кезде осы ұлы жаңалыққа байланысты біз айтып отырған «зәрулік синдромының» көрініс бере бастаған жайы бар. Әлдебір тараптардан «жоқ, жылқыны алғаш қолға үйреткен ботайлықтар емес, біздің бабаларымыз…» деген, «зәрулік синдромынан» шыққан пендешілік әрекеттер де байқала бастады.
Алайда Ботай концепциясы – бұлжымас тарихи постулат. Ғаламдық ғылыми тұжырым.
Шынтуайтына келгенде, осыдан 55 ғасыр бұрынғы ботайлықтарға тән жылқы түлігінің культі өлкеде күні бүгінге дейін сақталған. Айыртаулықтар әлі күнге дейін аттың құлағында ойнайды. Соғымға тек қана жылқы сояды. Қысқы соғымға сиыр союды қорлық санайды. «Манас» жырында айтылатындай, «күндіз – қымыз, түнде – қыз…» қымызға мас болып төбелесуге дейінгінің бәрі бүгінгі Айыртау қазағына тән, күнделікті тұрмысқа кіріккен қылық.
Рас, қазір ботайлықтардың этникалық тегіне байланысты талас көп. Кейбіреулер оларды үндіеуропалық генофонд өкілдеріне жатқызады. Алайда сонау энолит дәуіріндегі жылқы культінің жергілікті халық арасында күні бүгінгі дейін сақталуы – мәртебеге талас тұрғысындағы біздің қолдағы нақты айғақ десе болады.
Ботай мәдениеті – энолит дәуірінің, яғни ерте қола дәуірінің жетістігі. Ит пен жылқының қолға үйретілуі де сол кезеңге тән. Ресми дерек бойынша, Ботай қонысынан 133 мың жылқы сүйегі табылды делінеді. Әр жерде пирамида түрінде үйілген жылқы топайы, яғни асығы тағы бар. Ондағы топайлар саны – 29-30.
Әлбетте, біз археолог та, уақыт пен кеңістікті зерттеу маманы да емеспіз. Бірақ археологиядағы «Локер тәсілі» дегенді естуіміз бар. Сол тәсілге сәйкес, ғылым археологиялық қонысты мерзімдеу үшін көміртекті анықтаумен қоса, алдымен қоныстағы космологиялық, обсерваториялық нысандарды іздейді. Сол арқылы қоныстың нақты жасын тура анықтайды.
Ботай қонысынан табылған 29-30 пирамида түрінде үйілген жылқы топайы (асығы) бір айдағы күндерді білдірмей ме екен, деген де ой келеді кейде…
Әлбетте, оны зерттеу – тиісті мамандардың шаруасы. Біздің гипотезаны әуесқойлық болжам деп қана қарастыру ләзім.
Тарихи қонысқа қатысты трасологиялық жұмыстар барысында анықталған жүздеген мың жәдігер бар деп есептеледі. Сәл ертерек 120 мыңдай жәдігері Батысқа кетіп қалды, деген сыбыстар да болған.
Әлбетте, оның анық-қанығын ашу – болашақтың шаруасы. Дегенмен дәлелсіз болса да бұл әсте жақсылық емес, енді.
Ғылым Ботай өркениеті б.д.д. 3700-3100 жылдар аралығында өмір сүрді деп болжайды. Алайда өркениет б.д.д. екі мыңыншы жылдықтың басында жоғалған. Оның себебі – сол дәуірде тұтастай Еуразияны жаулаған құрғақшылық. Соның әсерінен негізгі күнкөріс көзі жылқының азығы азайған. Соған сәйкес аштық болған.
Ең басты сенсация – өркениет тарихындағы ұлы жаңалықтың қазақ жерінде ашылуы. Бұл орайдағы құрмет пен мәртебе, әлбетте, Виктор Зайбертке тиесілі. Зайберт – Ботайды, Ботай – Зайбертті ашты.
Ол кезде Виктор Зайберт Петропавл педагогикалық институтының қарапа­йым оқытушысы болатын. Жазғы демалыста өз бастамасымен бірнеше жыл студенттерін ертіп, жазда Ботайда қазба жұмыстарын жүргізген. Сенсациялы Ботайды сөйтіп жүріп ашқан.
Виктор Зайберт – археологияға қатысты жүзден астам кітап жазған ғалым. Әлбетте, оның ішіндегі ең маң­ыз­­­­­­­­­­­­­­­­­­ды­­­сы – Ботайға қатысты зерттеулері.
Бұл тұрғыда Зайбертті бағы жанған ғалым деуге толық негіз бар. Ботайдан соң қарапайым тарихшының атағы әлемге тарады. Берлин Ғылым Академиясының мүше-корреспонденті болды.
Ақиқатында, Зайбертке дейін де ежелгі қоныстың маңызын түсініп, зерттеу жүргізген Зданович сияқты археолог ғалымдар болған. Бірақ тарихи Ботай өз тылсымын басқаға емес, Виктор Зайбертке қана ашты.
Бір сөзбен айтқанда, Виктор Феодорович Зайберт есімі әлемдік археология тарихына жазылды.
Өзіне тартпағанның қары сынсын демекші, отандық рухани брендке айналған Ботай өркениетіне қатысты тұста көкейде жатқан бір іркілісті де бүгіп қалғымыз келмейді.
Ботай қонысының нақты мекені Айыртау – ұлттық руханиятқа, ғылымға небір марқасқаны берген өңір. Іргелес Қоскөл деген ауыл бар. Қоскөлді жергілікті ел ежелден «Қырық қалпақтың ауылы» деп атаған. Бұл жердегі мәселе өз заманында оқымыстылықтың, зиялылықтың белгісі саналған шетен қалпақта емес. Мәселе – сол қалпақтың астындағы ми мен ақылға, білімге қатысты.
«Қырық қалпақтың ауылында» не көп, оқыған азамат көп. Бірнеше ғылым кандидаты, докторы шыққан. Іргеде ұлы Шоқанның ауылы Сырымбет те тиіп тұр. Алайда адамзат тарихындағы ең ұлы жаңалықты ашу мәртебесі сол жергілікті марқасқалардың біріне емес, қиырдан келген Зайбертке бұйырғаны ойландырады.
Тіпті, Ботайға қатысты дерек сол топырақтың төл перзенті Шоқан шығармаларында да кездеспейді.
Ол да ойландыратын, көңілді күпті ететін жайттың бірі.
Ежелгі Ботай қонысының бүгінгі қазақ этносында сақталған ерекшелігі де баршылық. Бұл орайда, қазақ қоғамындағы жылқы түлігінің культтік маңызы бір басқа да, этнографиялық тұрғыдағы ұқсастықтар бір басқа.
Сан алуан археологиялық деректер мен жәдігерлер негізінде ежелгі қоныстың сол өзі өмір сүрген энолит дәуіріндегі макеті, көшірмесі жасалған. Бірінші дәлел – тұрақжайға қатысты.
Көкше қазақтары ет, тамақ сақтайтын, ортасында ас пісіретін ошағы бар қосалқы құрылысты «шошала» деп атайды. Әрі оны басқа материалдан емес, жас қарағайдан бұрап салады. Бұл жердегі «бұрап салу» тәсілінің де өзгеде жоқ ерекшелігі көп.
Кейбір ғалымдар ежелгі Ботай қонысының тұрақжайларын қазіргі сол «шошаламен» салыстырады. Олардың конструкциялық бітімінен ұқсастық көреді. Яғни, өлкедегі «қарағайдан бұралған шошала» – бүгінгі ұрпаққа энолит дәуірінен ілесіп келе жатқан тәсіл.
Сөзіміз дәлелді болуы үшін, ғалым А.М.Кисленконың «ботайлықтар дөңгелек бітім арқылы үйді шегесіз салудың жолын тапты» деген тұжырымын да айта кету керек.
Ежелгі дәуір өркениетінің сырын ашқан Виктор Зайберт үстіміздегі жылы қайтыс болды. Алайда артында адамзат тарихындағы ұлы жаңалығы қалды. Сол арқылы қазақ мемлекетінің әлемдік қауымдастық алдында мақтанышпен айта жүрер ежелгі Ботай өркениеті түріндегі бренді қалыптасты.
Ұлы ғалымның топырағы торқа болсын!
Алдыңғы жылы Ботай іргесіндегі оқымыстылары көп «қырық қалпақ ауылының» тумасы, Көкшетау педколледжінің директоры, ғылым кандидаты, белгілі әдебиетші Нұртас Ахатұлына ойынды-шынды: «әлемдік сенсация Ботайды «қырық қалпақтың бірі емес, Зайберт ашты-ау, ә?..» дегеніміз бар.
Сонда зерек Нұртас та күліп тұрып: «қазақ елінің мәртебесіне мәртебе қосқан ғалым Зайбертті «қырық бірінші қалпақ» деп әспеттесек несі айып?!» деген.
Сегізінші өркениет тарихындағы ұлы жаңалықтардың бірінің қазақ еліне тиесілі екенін ашып, дәлелдеген Виктор Зайберт есімі шынында да осы мәртебеге лайықты-ау, өзі…
Алайда әзірге оған көңіл аударып жатқан ешкім жоқ.

Өмірзақ Мұқай

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір