ДЕПУТАТ СҰРАҚ ҚОЙДЫ, МИНИСТР ЖАУАП БЕРДІ
16.10.2023
175
0

Жарты триллион теңге қайда кеткен?

Көші-қон бет түзеді деп жүрген өңіріміз – Солтүстік Қазақстан облысында елге ел қосылмақ түгіл керісінше, 31 мың адамға азайып кетіпті. Бұл деректі ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» фракциясының мүшесі Қазыбек Иса үкіметке өткір сауал қоя отырып жария етті.

– Менің сұрағым Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Қабыкенқызына! – деді депутат.
– Ұлттық қауіпсіздік туралы заңда ел демографиясына ерекше назар аударылған. Ал халық санын көбейтуде көші-қонның рөлі зор! Көші-қон мәселесі бойынша біз бұрын бірнеше рет депутаттық сауал жасағанбыз.
Сыртқы көші-қонымыз бойынша қандастарды елге шақыру квотасы 30 жылда 100 мыңнан 1 мыңға дейін, яғни 100 есе азайған антирекордқа жеткені туралы дабыл да қаққанбыз.
Бірақ шешілмей жатқан шаруа шаш-етектен.
Ішкі көші-қон да оңып тұрған жоқ.
Біздің мәліметімізше, 2017 жылдан бері Солтүстік өңірлер бойынша қоныстандыру бағдарламасына шамамен 450 миллиард теңге жұмсалған. Бірақ нәтижесі шамалы. Керісінше, СҚО халқы жылдан-жылға азаюда. 2017 жылы облыста 563 мың халық болса, қазір 532 мың. Көріп отырсыз, тұрғындар саны 31 мың адамға азайып кеткен.
7 жылда СҚО-ға бар болғаны 8 мыңдай адам ғана көшіп барған. Сонда жылына 1 мыңдай ғана адам қоныстанған. Ал, бөлінген ақша 450 млрд! Қайда кеткен сонда бұл қаржы?! Жарты триллион ел қаржысы ғой бұл?! 8 мың адамның басына шақсаң, 60 миллиондай ақша ғой бұл?!
Көшіп келген 8 мыңның жартысы, 4 мыңы ғана жұмысқа жарамды десек те, өңірде жұмыс жоқ.
Тіпті, мыңдаған адам, ішінде қандастарымыз да бар, оңтүстік пен өзге өңірлерге қайта көшіп кеткен.
Себеп неде?
1) Суығына төтеп беретін дұрыс баспана, жылы үйі жоқ;
2) Табысты жұмыс жоқ болғасын, пұлы жоқ;
3) Сөйлесуге Мемлекеттік тілі жоқ ;
Солтүстікке көшіп барғандардың жағдайы қандай қиын болғанын біз сол жаққа барып та, көріп те білгенбіз.
Сұрақ:
1. Оңтүстіктен солтүстікке көшіру бағдарламасына осы күнге дейін қанша қаржы жұмсалды және ол қаржыны игеру қаншалықты тиімді болды?
2. Бүгінде солтүстік және шекаралық аймақтарда қанша отбасы тұрақтап қалды? Олардың әлеуметтік, тұрмыстық жағдайлары қандай?
3.Осы бағдарлама өзін ақтады ма?
Оның тиімділігі елдің стратегиялық және тактикалық мақсаттарына сай ма? Есеп алып, аудит жүргізу ойларыңызда бар ма?
4.Бұдан әрі бұл бағдарлама тиімді болуы үшін не істеу керек?

Бұл сұрақтарға салаға жуырда та­ғайын­далған Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрі Светлана Жақы­пова қысқаша былай деп жауап берді:
– Құрметті, Қазыбек Жарылқасын­ұлы! Негізі сіз көтеріп отырған мәселе министрліктің назарында.
Келіп, осы зерттеуді жасағанда біз де таңғалдық.
Сіз айтып отырған СҚО-да 48 мың жанұя тұрып жатыр. 7900 отбасы кері көшіп кеткен. Сонымен жаңа бизнес процестерін сараптап, жаңа бағыт жасап отырмыз.
Біріншіден, қоныс аударушы әр отбасына келгенге дейін оларға жәрдемші, жеке көмекші беруіміз керек. Жеке көмекші ол отбасының негізгі әлеуметтік жағдайын біліп отырады. Неше баласы бар, жағдайы қандай? Ол осы жайттарды біліп қана қоймайды, көшіп келген әулетті күтіп алады. Жәрдемшілер, қоныс аударып келген адамдарды мобильдік деректер базасына енгізіп, электрондық қолтаңбасын алып беріп, оларды элек­трон­ды қызмет түрлерін пайдалануға бейім­деп, күнделікті өмірде көмектесуі керек. Жәрдемшілер балаларды тіркеп, балабақша мен мектепке орналасуға және емханалардың қызметін пайдаланудың жолдарын көрсетіп, көмектеседі.
Сондай-ақ біз жаңа заң жобасын әзірлеп қойдық. Мәжіліске ендігі келгені­міз­де біз сіздерге сол заң жобасымен келеміз.
Өкінішке қарай, бұл бағдарламаға осы уақытқа дейін қанша қаражат жұмсалды, қанша қаражат игерілді, қазіргі уақытта нақты айта алмаймын.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір