Менің табиғатым – жазушының табиғаты
16.12.2019
1294
0

Жазушы Жүсіпбек Қорғасбекпен газетімізідің өткен нөмірінде жарияланған сұхбатымыздың жалғасын ұсынып отырмыз. 1999-2002 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы болған қаламгер сол тұстағы әдеби апталық көтерген мәселелер мен газет шығару барысында орын алған әртүрлі қызық оқиғалар турасында әңгімелейді.

(Соңы. Басы өткен санда)

Ж. ҚОРҒАСБЕК

«Көшпенділер» фильмін «Терминатор» сияқты етіп түсірейік» дегендер де болды

– Қазір көптің талқысына түсіп жүрген «әдебиеттегі журнализм» деген тақырып бар. Осы туралы да айта кетсеңіз…

– Бұл тақырып бекер қозғалып жатқан жоқ. Әдебиетшілер мен ақын-жазушылардың барлығы газет-журналда қызмет етті де, журналистика әдебиетке, әдебиет журналистикаға араласты. Содан енді біздің әдебиет сыншыларымыз: «Әдебиетке журнализм араласып кетті», – дейді. Онысы рас. Әлем әдебиетін қарасаңыз да осы мәселеге кездесесіз. Мына заманда журналистер де оңды дүниелер жазып, оқырманға ұсынып, әлем әдебиетінің ұшпаққа жетіп жатқаны өтірік емес. Кешегі Светлана Алексиевичке дейін Нобель сыйлығын алды. Нобель сыйлығының иегері Кнут Гамсунның «Аштық» романында бас кейіпкер жазғандарын газетке ала жүгіреді. Джек Лондон да солай күн көрген болуы керек, «Мартин Иден» романының кейіпкері жазбаларын газетке өткізе алмай әлек болады. Габриэль Гарсия Маркесті алып қарасаңыз, ол да тілшілік қызмет істеген. Нобель сыйлығының иегері Орхан Памук та «Қар» деген романының кейіпкеріне осы кәсіптің «құлағын» ұстатады. Осы романында публицистикаға сұранып тұрған мәселелерді сөз етеді. Валентин Распутин де журналист болды. Тақырыптары публицистикаға жақын. Мен журналистермен кездесу өткізгенде, оларға: «Сендер Кнут Гамсунның «Аштық» деген романын оқыңдар, соны оқысаңдар журналистер өмірді қалай бастағанын түсінесіңдер», – деймін. Ал Габриэль Гарсия Маркес «Жүз жылдық жалғыздығын» «әжемнің әңгімелерінің желісімен жаздым», – дейді. Көрдіңіз бе, оның әжесінің әңгімелері өмірлік материал болып отыр. Ол өмірлік материалдар – журналистің өмірден көрген материалдары ғой. Қала берді, күні кешегі Нобель сыйлығының иегері Мо Ян да: «Мен шығармаларымды әжемнің әңгімелерінің негізінде жаздым», – дейді. Шығармаларын оқысаңыз, ондағы әр деталь өмірден алынған. Сондықтан да біз өмірдің материалдарынан неге қашамыз? Мұхтар Мағауиннің «Жармағын» әркім әр саққа жүгіртіп жүр ғой. Бірақ ол романды бүгінгі заманға лайықталып жазылған деуге әбден болады. Ол жерде журнализм де бар, көркемдік те бар. Біз неге шекара қоямыз? Маған кейде теория туралы сұрақ қояды, мен оларға «Теория деген не? Мен оған сенбеймін» деп жауап берем. Кім теорияға қарап отырып шығарма жазады екен? Бәрі өз жүрегіндегі, миындағы нәрселерді жазады емес пе? Оған теорияның не қажеті бар? Мысалы, мен «Үлпілдекті» шығыстық үлгіде жаздым, ал біздің сыншылар оны батыстық үлгімен сынағысы келеді. Қазір қатып қалған теория жоқ. Егер 20 мықты жазушы бар десек, солардың әрбірінің өзіне тән 20 теориясы бар деп айтар едім.

Оқи отырыңыз!

Жүсіпбек Қорғасбек: Менің табиғатым — жазушының табиғаты

– «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет етіп жүрген шағы- ң­ыз­дан есіңізде қалған жақсы естеліктерді айта отырсаңыз.

– Бұл газетте жүргенде не істей алғанымды осы газеттің оқырмандары ұмыта қойған жоқ деп ойлаймын. Көптеген үлкен жұмыстар істей алғанымды мақтанышпен айта аламын. Ол істерді жалғыз емес, өзіме серік болған мықты жігіттермен бірге істедім. Тұрсынжан Шапай кеңесші болып жүрді. Әмірхан Меңдеке, Думан Рамазан, Қасым Аманжол, Сәуле Әбединоваларды қасыма алып келдім. Үйреншікті адамдарды жұмысқа алғым келмеді. Бір күні маған үсті-басы жинақы бір қыз келіп, жұмыс сұрады. Өзі өнертанудан оқу тауысқан екен, ары-бері сөйлесіп көріп ем, ойларымыз бір жерден шықты. Содан оны жұмысқа алып, «Сәуле, саған газеттен «Сәуле Әбединованың сұхбаты» деген айдар ашып беремін, бұл газетті қазақтың бәрі оқиды, жауапкершілігі жоғары», – дедім, «жарайды», – деп жұмысын бастап кетті. Елдің бәрі «бұл қайдан шыққан қыз?» деп таңғалды. Кейін ол «Қазақстан» телеарнасынан «Ақжүніс» деген хабар жүргізді, мықты журналист болды. Бүгінде беделі бар, ел, билік санасатын журналиске айналды.

«Көшпенділер» фильмі түсірілмей тұрып, соның сцена­рийі талқыланып жатқанда, «Абылай хан жат планета­лықтармен қалай соғысты?» деген көлемді мақала бердік. Осы фильмді түсіргелі жатқанда небір қызықтар болған ғой. Соның материалдарын астыртын алдық. «Абылай ханды кешегі ақ қиізге ораған, атқа мінген қалпында түсірсек, онда бүгінгілер көрмейді, біз одан да «Терминатор» сияқты етіп түсірейік», – деп бір ықпалды адамдар айтқан көрінеді. Соны негіз етіп, нөмірден нөмірге созылған мақалалар ұсындық. Бір күні айдаладағы біреу «сендер мені жазып отырсыңдар» деп шат-шәлекейімізді шығарды. Сөйтсек, бір жиында ол да сондай сөз айтыпты. Шығармашылық адамдары эмоцияның адамдары, сондықтан ондай сөздер айтыла береді.

Шаханов Бішкектен «түс­тікке» келді

– «Қазақ әдебиеті», «Жас Алаш» газеттеріне Бас редактор болған кезіңізде түрлі даулы мәселелерді ұйымдастырдыңыз. Осы кезде таяқтың бір ұшы бір ағаларымызға тиіп кетіп жатты. Сонда сіз нақты біреуді көздедіңіз бе?

– Нақты біреуді көздеген жоқпын. Жалпы, осындай пікір­таластар арқылы «ішінде­гілерін айтсын, шындықты ашсын, сонда ақиқатқа көз жеткізетін шығармыз, оның өзі жарнама болып, ел әдебиетке мойын бұратын шығар» деген оймен әдеби талас-тартыстарды ұйымдастырдым. Мысалы, мен кезінде «Жас Алаш» газетіне «Мұндай Жазушылар одағы керек емес» деген мақала шығартқыздым. Кейін осы мақалада айтылған жайларды бұрмалап, «Жазушылар одағы керек емес болса, онда о дүниелік болған ақсақалдарымызды қайдан шығарамыз?» – деп барлығы маған тиісе бастады. Анығында, мен «Жазушылар одағы керек емес», – деп айтқан жоқпын, «Мұндай Жазушылар одағы керек емес, бізге нағыз Жазушылар одағы керек», – деп айттым. Міне, осы тектес сөзіңді әдейі бұрмалайтындар көп. Әдейі өш алғысы келеді. Осы дауларды, сындарды мен әдебиет үшін әдейі жасадым. Ол даулар тіпті бүкіл қазақтың ортасын жаңғыртып, жыл бойы жүрді. «Үйреншікті тізім бұзылса екен, оның орнына әдебиеттің жаңа тізімі жасалса екен» деп ойладым.

 Біздің жазғандарымыздан біреулер өздерін тауып алатын. «Қазақ әдебиетінің» бетінде бір жыл бойы «Ғасыр халтурщигі кім?» деген талқы жүрді. Хат деген үйіліп келіп жатады. Біз бұны қозғау арқылы біреуді көзге шұқиық деген жоқпыз, қазақ әдебиетіндегі халтура туралы айтқымыз, соны судың бетіне алып шыққымыз келді. Сол талқыны аяқтағалы жатсақ, анау да біреудің атын айтып келеді, мынау да біреудің атын айтады. Мен сосын келген адамға: «Бұл – сенің өз халтурщигің, біздің халтурщигіміз ол адам емес, біздің халтурщиктеріміз – өте көп, оларды санап біте алмайсыздар», – деймін. Ал, шын мәнінде, біз ешбір жеке адамды қаралағымыз келген жоқ. Газет бетінде ашық пікірлер айтылып жүрген соң, біреуге біреу қарсы келіп қалады. Біреуі бір пікір айтады, екіншісі оған қарсы пікір айтады. Екеуінің де жазғанын жариялаймын. Сөйтсем, оны жұрт «мынау биліктің тапсырмасын орындап, зиялыларды бір-біріне қарсы қойды» деп түсініпті. Мысалы, Шыңғыс хан туралы дау қалай басталды? Бір жазушы-ғалым ағамыздың кітабын оқып отырсам, Шыңғысханның түп-тұқиянынан түк қоймапты. Шыңғыс ханды жақтап пікір айтып жүрген бір ағамызға хабарласып: «Мынандай кітапты оқыдыңыз ба?» – десем, «оқыған жоқпын», – дейді. «Қалай оқымайсыз, бұл кітапта Шыңғыс ханды Шахановтан арман жер қылыпты, сіз осыған қалай шыдайсыз?» – дедім бастырламата. Ол оқып, пікірін айтты. Сонымен екеуі айтысты да кетті, таяқтың бір ұшы сонау Қырғызстанда елші болып жүрген Мұхтар Шахановқа барып тиді. Газетке екі мақала келсе, соның бірінде міндетті түрде Шахановқа тиіседі. Бір күні жұмыста отырсам, телефоным шырылдасын, көтерсем – Мұхтар Шаханов. «Әй, Жүсіпбек, сен бүгін жұмыстасың ба? Ешқайда бармай, сонда отырасың ба?» – деді. «Иә, жұмыстамын, осында боламын», – дедім. «Онда мен саған хабарласам, сол кезде сен далаға шық», – деп бұйырды. Ұрысатын шығар деп ойладым. Жарты сағат өтті, жоқ, бір сағат өтті, жоқ. Тура екі сағаттан аса бере келді. «Жаңа саған телефон шалғанда Бішкекте елшілікте отыр едім, содан келдім», – деді. Содан екеуміз түскі асқа бардық. Ол жердегі даяшылардың бәрі Шахановпен суретке түсіп, қолтаңба алып жатты. Мұхтар аға оларға: «Әй, сендер менен қолтаңба алғанша, мына жігіттен алыңдар, бұл жігіт менен де мықты», – деп еді, жиналғандар маған жабылды. Олар мені Мұхтар Шахановтан мықты деп ойламаған шығар, бірақ Шахановтың тапсырмасын орындады. Сонымен тамақ ішіп отырғанда Мұхтар аға маған: «Әй, Жүсіпбек, сен маған тапсырмамен қатты тиісіп жатырсың»,– деді. Мен олай емес екенін айттым. Бірақ ағам сенген жоқ. «Бұдан кейін менің фамилиямды газетіңе жолатпа», –деп ағам тапсырма берді сол кезде. Сол күннен бастап, ол кісімен жақсы дос болып кеттім.

 «Жас Алаш» газетінде бас редактор болған кезімде Мұхтар Шахановтың жазғандарын жиі жариялайтынмын. Бір күні орыстілді бір жігіттер: «Жүсіпбек Шахановты бергенін қойсын, ондай қазақбайшылыққа уақыт кетірудің керегі жоқ, әйтпесе өзі жұмыстан кетсін», – депті. Кейін сол жігіттер қадірлері кете бастағанда маған телефон шалып: «Алаңға барып, тәуелсіздік монументіне гүл шоғын қоймақшы едік. Мұхтар Шаханов бізбен бірге барсын, сен айтшы», – деп тұр. «Өздерің неге бара бермейсіңдер», – десем, «Біз барсақ, халық жиналмайды», – дейді…

Менің қазіргі досым – кітап

– Соңғы жазған «Көкжалдар» деген романыңызда қандай деректерге сүйендіңіз?

– Бұны бір сөзбен айтайын. Бұл – өмірде болған оқиға. Бір ауланың балалары ойнап жүргенде, орталарына анаша тарататын адамдар келіп кіреді, әдейі ақшасы, жағдайы бар азаматтардың балаларына береді. Біздің атақты адамдарымыздың балаларының не үшін нақұрыс болып кеткенін мен сонда түсіндім. Кеңес өкіметі кезінде ұлттың кейбір бетке ұстар адамдарының балаларын әдейі құртқанын естіген едім. Ал енді тәуелсіздік алғаннан кейін де дәл солай болды деп айта алмаймын. Бірақ өздерінің әлгі «өнімін» тарататын орындарды кеңейту үшін белгілі бір аудандарды таңдап алып, әлгіндей әрекеттер жүргізгенін білемін. Сол әрекеттің тұзағына түскен балалармен әңгімелескенімде, олар: «Бізді бір жерге жинап алып, сондай нәрсе тарататын, тегін болған соң аламыз, шегеміз, жейміз, содан рахаттанамыз», – дейді. Бұл сұмдық нәрсе. Мен «Көкжалдар» деген романыма осы жағдайды арқау еттім. Осы шығарманың мықты кейіпкерінің жалғыз баласы сондай жолға түседі. Сәуле Әбединова: «Осы романның желісімен кино түсірсеңіздерші», – деп жан дауысын жеткізді. Бірақ әзірге ұсыныс болған жоқ.

 

– Сізде дос бар ма?

– Соны өзім де білмеймін. Бұны бір шерленіп, ерекше көрінгім келген соң айтып отырған жоқпын. Бірақ сырласатын адамдарым бар. Олар Тараздағы Несіпбек Дәутайұлынан басталады. Тұрсынжан Шапай, Бекен Ыбырайымов, Асқар Алтай, Амангелді Кеңшілікұлымен екі күннің бірінде телефонмен сөйлесеміз. Роза Мұқанованың орны ерекше. Несіпбек ағаммен сөйлескенде, көбіне ол кісіні тыңдаймын, ал Тұрсынжанмен сөйлескенде, екеуміз бірдей сөйлейміз, бірақ көбіне оның пікіріне жығыламын. Амангелді сөйлегенде оны тыңдаймын, өйткені ол қаланың баласы ғой, оқығаны менен де көбірек. Біз ауыл кітапханасынан қолға түсе қалған Миклухо  Маклайды оқып жүргенде, ол Алматыда керек кітаптарды жүйелеп оқып үйренді. Асқар Алтаймен де пікірлесемін, анда-санда Роза Мұқановамен, Дәурен Қуатпен хат жазысып тұрамын. Етінен ет кесіп беретін дос Бексұлтан ағам бар. Ол кісі – жылқы мінездес адам. Бексұлтан ағамның достарының бәрі мені жақсы көреді. Оралхан Бөкей қасына ерткен. Ақселеу ағамыз арнайы шақырып сөйлесетін. Дулат, Кәдірбек, Қуанышбай, тағы да басқа ағаларымызбен достан да жақсы араласамыз. Ол кісілердің өздері де – байлық, түсінген адамға. «Анау менің досым еді» деп асырып айтудың керегі жоқ-ау. Шығармашылықпен айналысқан соң, біреумен дос болып, қуаныш пен жұбанышыңды тең бөлу мүмкін емес сияқты. Бірақ досты сақтау керек. «Көштен қалсаң да, достан қалма» дейді. Сен өйтіп жүрсең, онда өзіңді-өзің алдап жүргенің. Жасандылау болса да айтайын, менің қазіргі досым – кітап. Кітап жазасың, кітап оқисың. Мені ендігі жалғыздықтан бала-шағам ғана құтқаратын сияқты.

Сұхбаттасқан Дүйсенәлі Әлімақын

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір