Жүсіпбек Қорғасбек: Менің табиғатым — жазушының табиғаты
29.11.2019
4144
1

Белгілі жазушы Жүсіпбек Қорғасбек шығармашылығының арқауы – көп қаламгердің «жолы түспеген» тақырыптар деуге болады.  «Жансебіл», «Үлпілдек», «Көкжалдар» секілді туындыларының әрқайсысы кішкентай адамдардың, қорғансыз пенделердің тарихи мезеттердегі жан дірілі, уаз кеше жүріп, өмір сүруге талпынысы, біз «бақытсыздық» деп ойлайтын тағдыр талқысында бақытқа ұмтылыс ерліктері жайында өрбиді. Біз жазушымен әдеби майдандағы орта, «алдыңғы толқыннан» үйренген жауапкершілік, қоғам алдындағы қаламгерлік міндет туралы әңгімелестік.

«…Құрақтар шалғымен шапқандай жапырылып түседі», – деп еді

– Қандай әкенің, қандай ортаның тәр­биесін көріп өстіңіз?

– Қартайып тұрған ештеңеміз жоқ, әлі жап-жаспыз деуге болады. Қазіргі жас өлшеміне салып айтсаңыз, біздің нағыз қылшылдаған кезіміз. Турасын айтқанда, қылышты суырып салатын шағымыз. Осындай кезде біздің қауқарымызды көріп, біліп, «осы жігіт осы жұмысты еңсеріп кетеді-ау» дейтін адам болса, ол мына халықтың, елдің бүгінгі айтып жүрген пікірлеріне үйлесер еді. Құдайға шүкір, мен біреуден қызмет сұрап отырған жоқпын. Газет мені жеді. Кәдімгі тышқан құсап кемірді. Қазір ойлап отырсам, өзіме-өзім жаным ашиды. Кейде қараптан-қарап отырып, «осыншама қара жұмысқа неге сонша жегілдім?» деп өзіме жаным ашитын сәттер көп. Жастайымнан газеттің жұмысына кірдім ғой. Бала кезімде арманым басқа болатын. Мен «миым ашып кетті» дегенді талай естідім, оны сендер де естідіңдер. Бірақ соны көз алдыңа елестете алмайсың, соншалықты сезіне де алмайсың. Ол бір образды айтылған сөз сияқты. Ал мен адамның миы қалай ашитынын 4-5 сынып оқып жүргенде өз басымнан өткердім. Сол кезде мен күндіз-түні өлең жаза беретінмін, жаза беретінмін.

Оқыған кітаптарымдағы өлеңдерді жаттайтынмын, соған ұқсатып қайтадан өлең шығаратынмын. Сонда қой бағып жүріп, өлең шығарғанымда кәдімгідей миым ашитын. Бастың дәл тас төбе дейтін жері, ғарышпен байланыс ұстайтын тұсы ашиды. Сол кезде мен бала болып ойнап көрмеппін. Есепшілік білімі бар әкем өмір бойы қарапайым жұмыс істеп өтсе де, бірнеше ордені болса да, сонау Мәскеудегі көрмеге дейін барып келсе де, Сібірде 1-2 жыл өмірін өткізсе де, өзі жасырып жазып жүретін дүниелері бар болса да, бізге керемет ашылып әңгіме айта қоймаса да, маған қатты сенетін. Кішкентай кезімде бір күні әкем «13-айлық беріп жатыр екен, кеңсеге барып, сен соны алып кел», – деді. Қыс кезі болатын. 6-7 сыныпта оқитын балаға сеніп, «кеңседен ақша алып кел» деп жұмсап отыр. Біздің үй мен кеңсенің арасы кәдімгідей алшақ, 20-30 минуттай жүріп баратын жер. Мен кеңсеге бардым. Кассаның алдында қарақұрым болып жиналған халық. Олар мені көріп, бір-біріне: «Әй, Нұрақынның баласы келді», – десіп, қақ жарылып, маған дәл ортадан жол берді. Мен олардың берген жолымен өтіп, кассаға бардым. Ауылымыздағы Қапас деген кассир алдын-ала санап, буып-түйіп қойған 6 мың сомды алдыма тастай салды. Ол кезде зауыттан жаңа шыққан бір «Жигулидің» құны сондай ақша болатын. Суықтан әрең икемге келген қолыммен иректетіп қалай қол қойғаным әлі есімде. Ақшаны алдым да, қойны-қонышыма бөліп салып, жолда келе жатсам, балалар хоккей ойнап жатыр екен. Сырт киімімді шеше салып, бір имек таяқты алдым да ойынға кірісіп кеттім. Ымыртта үйге келсем, шешем лағман пісіріп қойыпты. Үйде сегіз баламыз, шешем лағман жасамаған күні табағымызды тарсылдатып, ішпей қоятынбыз. «Күнде-күнде лағман созатындай менің он қолым бар ма?» – деп шешем жылайтұғын сонда. Содан мен терлеп-тепшіп, лағман жеп отырмын. Менен: «Ақша қайда?» – деп сұраған жан баласы жоқ. Әкем қарнын тойдырып алсын деп, миығынан күліп қарап отыр. Тамағымды жау қуып келе жатқандай апыл-ғұпыл ішіп болып, тыңқиған қарнымды сипағанда барып: «Ақшаны әкелдің бе, балам?» – деді. Сондағы менің естиярлығым, әкемнің маған сенгендігі, сол кездегі халықтың психологиясы, бәрі осы көрініске сыйып тұрса керек. Мен осындай әкенің қас-қабағының тәрбиесімен өстім. Айқайлап, жекіп-ұрсып ақыл айтпаса да, мені қабағымен тәрбиеледі. Содан кейінгі өмірдің мағынасын түсіндірген адам – Зейнел Кіндікбаев деген ақсақал болды. Ол кісі бастауыш сыныптың мұғалімі. Өзі ұзын бойлы, еңсесі сәл еңкіш тартқан салиқалы кісі. Ешкіммен шаруасы жоқ, өзімен-өзі жүреді. Түске дейін бастауыш сыныптарға сабақ оқытады. Түстен кейін екеуміз бірге қой бағуға шығамыз. Ол кісінің он-он бес қойы, біздің он-он бес қойымыз бар. Өзеннің жағасына айдап әкеліп бағамыз. Сонда айтқан бір сөзі есімде қалып қойыпты. Мұз қатып, мұздың бетінде құрақтар шығып тұрған. «Бір жақтарда мұз бір күнде қатқан кезде, құрақтар шалғымен шапқандай жапырылып түседі», – деді. Бұл сөзді неге айтқанын, қай жақты айтып тұрғанын ол кезде білген жоқпын. Кейін мектеп бітірдік, оқуға түстік, Желтоқсан оқиғасы бастан өтті, ақтаңдақтар ашыла бастады. Әне, сол кезде барып мен өзіммен бірге қой баққан, бастауыш сыныпта сабақ берген Зейнел Кіндікбаев деген ақсақалдың 1937 жылы аудандық оқу бөлімін басқарып тұрып, аудандық газеттің бас редакторы болып тұрып, «Халық жауы» деп ұсталып, Сібір жақта, Тайшет деген жерде айдауда болғанын білдім. «Жапонның шпионы екеніңді мойында» деп, отыз екі тісін түгел қағып алған ғой. Содан соғыс басталған соң өзі майданға сұранып, айып батальонында болып, қан кешіп, артынан ақталып келіп, өмір бойы тек бастауыш сыныптарға сабақ беріп өткен. Міне, мен сол кісінің әңгімелерін естіп өстім. Мүмкін, түсінген шығармын, мүмкін, түсінбеген шығармын. Ол кісінің де қас-қабағы, емеуріні маған біраз болса да әсер етті деп ойлаймын. Менің көбіне осындай ақтаңдақтар тақырыбына баратыным, шығармаларымның басым бөлігінің сондай тақырыпта жазылғандығы соның әсерінен болса керек. Сталиндік қуғын-сүргін құлағыма ертерек жетті. Бала кезімде біраз нәрселерді көрдім, естідім, білдім, сездім дегім келіп отыр.

– 9 сыныпта мақала жазып, кеңшар директорын сынапсыз, ол оқиға қалай орын алған еді?

– Сол кезеңде менің айтқым келген дүниелер өлеңге сыймайтынын сездім. Ауылда үлкен өрік бағы бар еді. Онда өріктің түр-түрі өсетін. Бүкіл ауыл сол жерден өрік жинап алатын. Олар қаншама жылдық тарихқа ие бақ-тұғын. Сонымен бірге өзеннің жағасында 6 гектар жерде ағаштарын бала кезімізде өз қолымызбен еккен саябақ болатын. Міне, соның бәрін жаңа кеңшар басшысы келген кезде: «Мына паркті бұл жерге неге салған? МТМ жасауға ыңғайлы жер екен ғой. Айналайындар-ау, ағаш керек болса, айналаның бәрі ағаш емес пе? Қап, бекер істеген екенсіңдер!», – депті. Паркті қопартып тастауға шамасы жеткен жоқ, бірақ жер жетпегендей ауылдың бас жағындағы әлгі өрік бағын бульдезермен сүргізіп тастады. Үлкен-үлкен өрік ағаштары біздің көз алдымызда тамырларымен үйдей-үйдей болып қопарылып жатты. Соның орнына үй салған еді. Міне, сол жағдай маған қатты әсер етті. Ол көрініс мен жазатын өлеңге сыймады. Бұл кезде мен 9-сыныпта оқимын, содан қолыма қалам алып, «Топырақ таудың етегінде ауылым» деген мақала жазып, аудандық газетке жібердім. Біздің ауылда үлкен топырақ тау бар болатұғын, мына Шарын шатқалы сияқты, бірақ ол жердің астында болса, біздің топырақ тау – жердің үстінде. Етегінде тұрып, басына қарасаң, тақияң жерге түсетіндей кәдімгідей биік тау. Міне, сол топырақ таудың етегіндегі ауылда мынадай оқиғалар болды. Бұл не сұмдық? Бұның бәрін неге қопарады? Үй салуға жер жетпеді ме? Аудандық газетке мақалам шыққан соң, мектеп директоры арқылы савхоз директоры мені шақырды. «Ұрсады-ау», – деп ойлап ем, керісінше: «Сен бір болайын деп тұрған бала екенсің», – деп басымнан сипады. Онымен қоймай, мен мектеп бітірген жылы өз қасына, кеңсеге жұмысқа шақырды. Көрдің бе? Қандай мәрт адамдар. Өзін сынаған адамға жұмыс бергісі келді. Бірақ мен оқуға кетіп қалдым. Бәлкім, ол кісінің кінәсі де жоқ шығар. Олардан ауыл адамдары теріп жейтін өрік сұраған жоқ, жоспар сұрады. Бір жағынан, біздің ауылда ағаш көп екені де рас болатын. Жуандығына жеті-сегіз адамның құлашы әрең жететін атақты алып ағаш біздің ауылда. Орбұлақ шайқасы болған жерге белгі қоюға бара жатқанда, Шота-Аман Уәлиханов ағаларымыз құлаштап өлшеп көріп таңғалған. Міне, менің ауылым, міне, сондай, бір жағында топырақ тау тұрса, екінші жағында алып ағаштар өседі.

…Рамазан Тоқтаровтың тырнағын жұлып алдым

– Ақын-жазушылары аңызға айналған Алматы болашақ қаламгерді қалай қарсы алып еді?

– Алматыға келгеннен кейін өлең жазғанды қойдым. Себебі, келе салып, «Лениншіл жас» газетіне өлең алып бардым. Сайлаубек Жұмабек деген сыншы ағамыз жазғандарымды бетіме лақтырып жіберуге шақ қалды. «Өлең бұлай жазылмайды, өлеңде сезім, махаббат болуы керек, ал сен мұнда қара аспанды төндіріпсің. Бұдан кейін өлең жазба, проза жаз», – деді. Содан шықтым да, «жазбасам, жазбай-ақ қояйын» деген шешімге келдім. Солайша прозадағы жолым басталды. ІІ курста оқып жүргенде құлақ түріп байқасам, бәрі редакцияларға, баспаларға барып жүр екен. «Мен де барып көрейін» дедім де, жазғандарымды алып, Жазушылар одағына қарай тарттым. Сыртынан ары төңіректеп, бері төңіректеп біраз жүріп қалдым. Бір кезде батылым жетіп, емен есікті ашып кеп қалғаным сол еді (ашқанда жұлқып ашсам керек), ар жағынан баж еткен дауыс естілді. Қарасам, марқұм Рамазан Тоқтаров ағамыз шығып келе жатыр екен. Сөйтсем, мен есікті сыртынан тартқанда, ол кісі ішіндегі тұтқаны ұстай беріпті. Есік ашылып кеп кеткенде, бір саусағының тырнағы сынып кетіпті. Ойбайлап, қолын ұстап тұрды да: «Осы жерге кім көрінген келетін болды, не бар сендерге?» – деп жерден алып, жерге салды. Содан қайтып мен Жазушылар одағына беттей алмай қалдым. І курсты бітіргенде Мұқағали ағамыздың ауылына, Қарасазға студенттердің құрылыс отрядымен жұмысқа барғанбыз. Сол кезде бір тасты қозғай бергенімде жылан шағып алып, көзім көрмей қалып, бір ай ауруханада жатқанмын. Соған қатысты етіп мистикалық үлгідегі «Жылантөбе хикаясы» деген ұзақ әңгіме жаздым. Әңгімемді қайда апарарымды білмей дағдардым. «Жазушылар одағының сиқы анау, «Лениншіл Жастың» түрі анау, енді баспаға барып көрейін», – дедім де, «Жалын» альманағына барып, шығармамды бердім, олар «біз оқып көрелік» деп алып қалды. Оншақты күннен кейін қайта барсам, баспадағылардың бәрі орындарынан тұрып қарсы алды. Мені әдебиеттің ауылында жылы қарсы алған жер сол «Жалын» альманағы болды. Кәдірбек Сегізбаев, Досан Жанботаев және бірнеше жазушы бар, бәрі мені қолқалап, ортаға алып: «Сен жақсы жазушы екенсің, жазуың жатық екен, мынау оқылымды әңгіме екен, біз бұны осы санға саламыз», – деп мақтап-мақтап қайтарып жіберді. Айтқан уәделерінде тұрып, сол нөмірде менің «Жылантөбе хикаясы» деген әңгімем жарқ ете қалды.

– Тырнақалды әңгімеңіз шыққан соң, әдеби орта қалай қабылдады?

– Әдеби ортамен араласпаймын ол кезде. Көп қаламақы алған соң, «жуайын» деп достарымды жатақханаға жинадым. Бөлмеге кең етіп дастархан жайдым. Қонақтар келе бастаған кезде шөлдеп кетіп бір кесе шырынды сіміріп салғам. Сол аллергия беріп, бір жақ бетім күмпиіп ісіп шыға келді. Дастарханды Шәмшілерге тапсырып, жүгіріп ауруханаға бардым. Олар бір укол салып еді, одан сайын ісініп, төсектің үстінде допша секірдім. Оншақты күннен соң сабаққа келсем, қаріп түрінен дәріс беретін ұстазымыз Әбілфайыз Ыдырысов сабақ сұрайды. «Оқыған жоқпын», – дедім кеудемді тік ұстап. «Неге оқымайсың?» – дегенде, студенттер: «Ол кітап жазып жатыр. «Жалын» журналына әңгімесі шықты», – деп шу ете қалды. Ұстазымыз: «Ендеше, бар, кітабыңды жаз», – деп аудиториядан қуып шықты да, қайтып сабаққа кіргізбей қойды. Содан сессия аяқталғанда, менің зачеткамды сұратып алған екен, «екі» қоятын шығар деп ойлап ем, «бес» қойып беріпті. Міне, мәрт мінезді адамның тағы бірі. Өз әкем де, Зейнел Кіндікбаев та, кеңшар директоры да, бертін келе ұстазымыз да, бәрі маған мәрттік көрсетіп келді. Бұл мәрттік мұнымен біткен жоқ. Оқу бітірген жылы «Лениншіл жасқа» жұмысқа сұранып бардым. Қабылдау бөлмесінде хатшы қыз жоқ екен, түпкі кабинеттің есігін ашып қарасам, Сейдахмет Бердіқұлов отыр екен, «Ассалаумағалайкүм, аға!» – деп алқын-жұлқын кіріп бардым. «Уағалейкүмассалам, қай баласың?» – деді ол кісі. «Осындай баламын, журналистика факультетін бітірдім, осы жерге жұмысқа тұрғым келеді», – деп едім, «Денсаулығың дұрыс па?» – деді бірден. Баса-көктеп кіргенімді таңсық көріп, «денің дұрыс па?» дегені ғой. «Дұрыс», – дедім. «Е, дұрыс болса, бір айналып келерсің, аты-жөніңді жазып алайын», – деп шығарып салды. Шын мәнінде мені жұмысқа қабылдамай қоюға толық құқы бар адам. Баса-көктеп кірдім де, арсың-гүрсің кеттім. Содан ауылға барып, біраз жаттым да, қарындасымды оқуға алып келдім. Ол емтиханға кіріп кеткен соң, жуынып алайын деп, орталық моншаға барғанмын. Ыстық будан бұрқырап шыға келсем, алдымда «Лениншіл жастың» сол кездегі әдебиет бөлімінің меңгерушісі Қамбар Керейқұлов тұр. Күтпеген кездесуден ол да сасып қалды, мен де сасып қалдым. Сәл ес жиған соң, ол кісінің көзіне жылт етіп ұшқын жүгірді. «Ой, сен қайда жүрсің? Сені Сейдахмет Бердіқұлов іздеп жатыр. Жұмысқа алатын сияқты»,– деп маңғаздана қалды. Шала-пұла шайына салып, Сейдахмет Бердіқұловтың алдына барсам: «Әй, бала, таптырмай кеткенің не? Әнеу бір газетке бір-екі әңгімең шығыпты, оқыдық. Сені жұмысқа алайық десек, жоқсың», – деп бетіме сынай қарады. «Ауылға кетіп қалып едім», – дедім. «Сендер осы жасқа келгенше, емшек емесіңдер ме? Ауылда не бар? Бұл жерге ел сұранып жұмысқа кіре алмайды. Енді бір күн кешіккеніңде орныңа адам алып қоятын едім», – деді де, мені бірден әдебиет бөліміне қызметке қабылдады. Сөйтіп жүргенде «Қазақ әдебиеті» газетінде қасына бір әңгімем қосылып, «Тарғыл төбеттің иесі» деген әңгімем жарияланды. Соны «Жазушы» баспасының бас редакторы Мұхтар Мағауин оқыпты да, жазушы Таласбек Әсемқұлов пен аудармашы Әлібек Малаевты маған жіберген екен. Олар құр қол келмепті, «Тарғыл төбеттің иесін» орысшаға аударып ала келіпті. Олар келді де: «Мұхтар Мағауин саған сәлем айтты, егер біздің маңайымызда боламын десең, қамқорлық жасауға әзір, міне, мына әңгімеңді аудардық, саған көмектесу керек деп айтты, біздің көмек осы», – деді Таласбек Әсемқұлов. Сол сәттен бастап Таласбек екеуміз дос болып кеттік, бірақ мен ұялшақтап, именшектеп, Мұхтар Мағауиннің алдына бара алған жоқпын. Бұл да ол кісінің мәрттігі ғой. Соның алдында ғана осы екі әңгімемді оқи салып, «Лениншіл жаста» жүрген жерімнен Шерхан Мұртаза «Қазақ әдебиетіне» шақыртып алған болатын. Сол жерде жүріп, «Жансебіл» деген әңгімені жаздым. Бұл туындым өзім қайда жүрсем де, менің есіміммен бірге жүретін шығармам болды деп именбей айтайын. Осы әңгімемді сол жердегілердің бәрі оқыды. Оралхан Бөкейден басқа, бас редактордың тағы бір орынбасары оқыды да, газетке жібергісі келмеді. Әлі Кеңес өкіметінің кезі. Ақтаңдақтар тақырыбы жаңа-жаңа ашылып жатқан уақыт еді. Лездеме өтіп жатқанда Шерхан Мұртаза: «Нені жаза алмай қалдық? Қандай тақырыпты жаза алмай, бізді қара басып қалды? Ал, қане, айтыңдар», –деді. Содан мен: «Отыз жетінші жылы ұсталып кетіп, қол-аяғынан айырылып, бір орыс әйелдің қолында қалған қазақ туралы әңгіме жазып едім, нөмірге салмай жатыр», – дедім. Шерағаң ести сала: «Неге салмайсыңдар?» – дегенде мұрты тікірейіп кетті. Ана орынбасар: «Ана жері анандай екен, мына жері мынандай екен», – деп ақталды. Шерхан Мұртаза «Жансебіл, Жансебіл» деп бет терісі дірілдей күбір етті де: «Салыңдар осы нөмірге!» – деп зірк етті. Мұны енді Шерағаңның мәрттігі дейік. Осы әңгімені оқып, Аяған Шашымбай келіп: «Мына әңгімеңе кино түсірейік», – деп ұсыныс жасады. Ақырында «Жансебіл» деген кино түсірілді. Осы әңгімем жарияланған соң, әнші, прозашы Жәнібек Кәрменов ағамыз Жазушылар одағында маған кездесіп қалды да: «Әй, Жүсіпбек, сенің анау «Жансебілің» мен Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейнесін» оқып, осы шығармалар кино түсіруге сұранып тұр екен, осыған неге кино түсірмеске деп ойладым», – деп жылы лебізін білдірді. Ақ адал адамдар ғой, шынайы сөзін айтты.

ШЫҒАРМАЛАРЫМНЫҢ ЖЕЛІСІМЕН ҮШ ФИЛЬМ ТҮСІРІЛДІ

– Кілең марқасқа тұлғалардың мектебінен өттіңіз ғой, ол кісілерден не үйрене алдыңыз?

– Менің маңдайыма керемет мінезі бар, мықты бас редакторларды жазды. Олар – Сейдахмет Бердіқұлов, Шерхан Мұртаза, Оралхан Бөкей секілді марқасқалар. Оралхан Бөкей мені 30 жасымда қасына орынбасар етіп алып, күндіз-түні өзімен бірге ертіп жүрді. Жұрттар «Оралхан сараң, тәкәппар екен», – деп әртүрлі әңгіме айтады. Ондай дымы да жоқ. Орағаң менің бір жылдық пәтерақымды төлеп берді, қамқорлық жасады, «жаяу жүрме, машинамен жүр», – деп ақ «Волгамен» жүргізді. Бас редактордың орынбасары деген қызметті ол кезде Жазушылар одағының басқармасы тағайындап, Орталық комитетпен келісетін. Солардың бәрінен Орағаң өзі алып шығып, осы қызметке таласқан талай адамды сырып тастап, өз қасына алды. Осындай адамдарды көргеннен кейін, менің көкірегімдегі жас күнімдегі отымды ешкім өшірген жоқ деп айтуға болады. Еркін, батыл, батыр бас редакторлардың қолына түстім де, солардың тәрбиесінен өттім. Сондықтан бала кезімде табиғатым қалай болса, әкем қас-қабағымен қалай тәрбиелесе, өмірде де осы уақытқа дейін сондай болып келе жатырмын. Кішкентай бір жақсы іс істесем, бір жақсы газет шығарсам, солардың арқасы деп есептеймін. Бірақ бір жаман жерім бар, біреудің арамдығын көріп қалсам, өзімді-өзім қинасам да өмірі кешіре алмаймын.

– Сіз «Қазақ әдебиеті», «Жас Алаш» газеттерін басқарып тұрған кезеңде бұл газеттер аңыз болды деп естіп едік…

– Жұрт солай деп бағалап жатады. Өтірік айтса, өздеріне. Бірақ мен сол лапылдаған ерік-жігеріммен, жалыныммен, сол ағаларым баспаған кеудеммен, сол еркіндігіммен сондай газеттер шығардым. Әлі күнге дейін сол екпінмен жұмыс істеуге дайынмын. Бірақ айтатын бір нәрсе бар. Менің табиғатым – жазушының табиғаты. Оны өзім білемін. Бірақ алған мамандығыма байланысты, өмірдің әкеп салған жолына байланысты, мына қара тіршіліктің мойынға ілген қамытына қарай, осы газет-журналдың жұмысына жегілдім. Көптеген көркем шығармаларым жазылмай қалып жатса, осы газет-журналдарға кеткен уақытымнан көремін.

Жақында тағы бір газетке ауысып келдіңіз ғой

– Иә, солай. Бұл жұмысымды жаман дей алмаймын. Бұрынғы қызметімнен айырылып қалдым-ау деп те ойламаймын. Себебі, адам жұмысын жаңартып оты­руы керек. Бұл – ешқандай ренішсіз айты­лып отырған әңгіме. Бірақ кезінде өзім жеке газеттер шығарсам, осындай басылымдарға жұмыс істемей, өзімнің газетіме жұмыс істесем, осы шығып жатқан газеттердің кейбірін он орап алатын газет шығара алатын едім. Десе де мен өзімнің ішкі сенімімнен айныған жоқпын. Қызметіме адал болдым. Бір ғана өкінетінім, осы кеткен күшімді Әбді-Жәмил Нұрпейісов ағамыз секілді тек әдебиетке жұмсағанымда, онда мен әлдеқайда көп шығармалар жазатын едім. Осы газет-журналдардың шаруасын істей жүріп жазған шығармаларыммен жұрттың бетіне тура қарай аламын. Бүгінге дейін шығармаларымның желісімен үш кино түсіріліп бітті. Біреуі – «Жансебіл», одан кейін «Қасқыр адам» дейтін повесімнің негізінде «Талан» деген фильм дүниеге келді, енді «Мұқағали» деген киноның да түсірілім жұмыстары аяқталуға жақын. Өзіндік көзқарастары бар жас жігіттер «Желтоқсан» деген әңгімемнің негізінде кино түсірмекші болып, қазір сценарийін жазып жатыр. Мұны мақтану үшін емес,  өзімді де, өзгені де қайрау үшін айтып отырмын.

«Үлпілдекте» ұлттың басындағы трагедияны жаздым

– Жазушы Жүсіпбек Қорғасбек өз шығармаларында кімдерді жазды, қандай тақырыпта қалам тербеді? Кейіпкер етіп кімдерді таңдады?

– Менің кейіпкерлерім екіге бөлінеді: бірі – күрескер, қайраткер адамдар, екіншісі – өмірден, заманнан қалып бара жатқандар. Біреуімен рухтанғың келеді, ал енді біреуінің заманынан неге қалып бара жатқанын түсінгің келеді. Басыма келген идеялардың негізінде қалам тербедім. Көбінесе ақтаңдақтар жайында, көпшілікке белгісіздеу тақырыптар төңірегінде жазып жүрмін. Жақында бір кітабым жарыққа шықты, «Мехнат пен хикмет» деп аталады. Осы тақырыпқа бәрі сыйып тұр деп айтуға болады. Кеңес өкіметі кезінде «Өлі көл» деген повесім жарық көрген. Сол хикаятты қалай оқығанын, бағалағанын білмеймін, кейін кітабымды тауып алып оқыған адамдар «жақсы екен» деп айтып жүрді. Оның оқиғасы мынандай. Батыс өңіріне кен игерушілер келеді, олар басқа ұлттың адамдары. Сол кезде ауылдың азаматы сол кен игерушілермен қақтығысады да, сол жерде жанжал шығып, арада кісі өлімі орын алып, оны өлім жазасына кеседі. Бірақ өлтірмей, уран қазуға жұмысқа әкетеді. «1937 жылы өлім жазасына кесілген арыстарымызды Сібірге апарып, өзеннен алтын шаю жұмыстарына салған екен, олар кейінгі кезге дейін тірі болыпты» деген әңгімелердің жаны бар болуы мүмкін. Логикаға салып қарасаң да, шындыққа жанасымды. Себебі, Кеңес өкіметі адам нанғысыз қитұрқылықтар жасады ғой. Соның бір мысалы менің «Өлі көл» деген хикаятымда бар. Сонда жаңағы өлім жазасына кесілгендерді тереңдігі 300 метрдей жерден уран қазуға түсіреді, қанша азап көрсе де, олар өлмеген соң, сондағы әскери қалашықта тұрып қалуға рұқсат береді. Сол аймақта жұмыста болған әлгі қазақ жігіті мен сол жердегі ұлты басқа әйел екеуінің арасында сүйіспеншілік орнайды да, өмірлерінің соңғы кезеңін сол қалашықта өткізеді. Бұл да дайын кино, біздің киногерлер бұндай тақырыпқа әлі күнге дейін бара алмай жүр. Өзің білесің, менің соңғы жазған «Үлпілдек» деген романымды сан-саққа жүгіртті. Бұлай дейтінім, «мына романды түсінбедік» деген де, «терең ойға шомдыратын кітап екен» деген де пікірлер болды. Тіпті, бұл роман сол кезде «Қазақ әдебиеті» газетінде арнайы тапсырыспен сыналды да. Сынағанда «Үлпілдектің» астары» деп шықты, астарын түсіне алмай, лағып кетті. Менің романымда бір-біріне қатыссыз, бірақ иірімі бір оқиғалар суреттеледі. Мысалы, жердегі оқиғалар мен аспандағы Жетіқарақшының оқиғасы бейнеленеді. Сынағандар Орхан Памукты оқымақ тұрмақ, Орхан Памуктың атын да білмейтін. Сол Орхан Памук: «Қазіргі заманның ауруы – бір-біріне қатысы жоқ нәрселерді бір-біріне байланыстыру» деп, әлі аяқталмаған сөйлеміне үтір қояды. Бұны сын мақаласының ішінде жазбайды, көркем шығарманың басында, көркем шығармаға кіріктіріп жазады. Одан әрі: «Мен де сол әдіске салып, осы романымды жазып отырмын», – дейді. Оны «ауру» ретінде көрсетіп отырған жоқ, кәдімгі модернистік көзқараспен озық үлгі ретінде айшықтап  отыр. Ал шетел әдебиеті, модернизм тұрмақ, өзіміздің қазақ әдебиетін оқымайтын жігіттер оны қайдан біледі? Үтірге дейінгі ой аяқталмаған шолақ жерін алды да, тура солай «Үлпілдектің» астары» деген мақалаларының маңдайына таңба салғандай баттитып басты да жіберді. Бір күні Тұрсынжан Шапай екеуміз әңгімелесіп түр едік, әлгі жігіттер келе жатыр екен, оларға: «Әй, жігіттер, міне, әдебиетті білетін Тұрсынжан тұр, сендердікі ұят емес пе, Орхан Памук ол сөзін жақсы мағынасында қолданған, ал сендер оны ортасынан бөліп аласыңдар да, теріс мағынасында қолданасыңдар, бұл қалай болғаны?» –  деп едім, соның өзіне де олар дұрыстап жауап бере алмады. Кейін газеттің бетінде «Үлпілдекті» мақтаған болып, өздерінің де сөзінен қайтқысы келмей, бір мақала жариялады, онда да шығарманың сырын қаншалықты ашқанын білмеймін, бірақ Бағашар Тұрсынбайұлы шығармаға тереңдеп бойлады ғой деп ойлаймын. Мұндағы айтып отырғаным, көтеріп отырған тақырыбымды олар түсінген жоқ. Менің тақырыптарым жай күнделікті немесе тұрмыстық тақырыптар емес еді. «Үлпілдекте» халықтың басындағы трагедияны жаздым. Бұл романның астары – ұлтымыздың басына түскен арғы түбі белгісіз, айтқанда жаның қасым болатын бір қысым жағдай. «Ұлтымыздың, болашақ ұрпақтарымыздың тамырына балта шабылмасын» деген идеямен шыққан туынды. Бұның түсінбейтін ештеңесі жоқ, тіпті, осы роман төте жазумен Қытайда да басылып шықты. Олар түсінбесе, шығармай да қоятын еді. Ұлттың басындағы трагедияны біз жазбасақ, кім жазады? Бәріміз той-томалақ, ойын-сауық туралы жаза бермек, келесі ұрпақ біздің заманды жақсы заман болған екен деп ойлайды ғой.

(Жалғасы келесі санда)

Сұхбаттасқан

Дүйсенәлі Әлімақын

 

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 15.01.2020 | 18:15

Аллаға мыңда бір шүкір! Аман болыңыз

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір