Жазушының жары
16.03.2023
629
0

«Керемет табысқа жеткен кез келген ер кісінің жетістігінің ар жағында көп көзге түсе бермейтін, аса еленіп-ескеріле бермейтін әйел затының қыруар еңбегі жатады» деген сөз бар. Әрине, ол ерінің жұмысын істеп бермейді, бірақ өз ісімен алаңсыз айналысуына жағдай жасайды, қас-қабағына қарайды, үй ішінде қолайлы ахуал, жағымды көңіл күй қалыптастырып, бабын табады, қуанса, бірге шаттанады, қиналса, сүйеніш болады, жігерлендіреді, алға ұмтылдырады. «Бөртенің демеу-қуаттауы болмаса, Шыңғыс хан да соншама елді жаулап, осынша аты шықпас еді», – деп Дулат Исабековтің өзі айтпақшы, Құдай қосқан қосағының қолдауы талай ер-азаматты ерлікке жетелегені бізге тарихтан мәлім.  

Жазушы, драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Дулат Исабеков те – қандай ситуацияда да әрқашан жанынан табылып, жағдайын жасаған жан жарының сондай қолдауын сезінген, екеуі жарты ғасырдан астам жарастықты ғұмыр кешкен адам. Осыдан бір жыл бұрын Нұрғайша Қажиқызы жеңгеміз осы дүниеден оқыс көшкенде көкеміздің қалай күйзелгенін көрдік. Құданың құдіреті, таңертеңгі сағат 10-ға кардиолог дәрігерге жазылып қойған жеңгеміз соған жетпей, таңғы 5-тің шамасында нашарлап, «Жедел жәрдем» шақыруға тура келген. «Өмірінде қатты ауырып көрмеген, ақ халаттыны көрсе, анадайдан айналып қашатын» кірпияз кісі сол кеткеннен қайтып қара шаңырағына оралмады. Оралды-ау, бірақ тек өз үйінен қайтпас сапарға біржола аттану үшін тәні ғана жетті. «Қараңғыдан қатты қорқатын, жертөлеге түссе де жанына серік ертіп түсетін жеңешең енді тас түнек көрде қалай жатпақ…» – деген Дүкеңнің сөзіне егілмеген адам жоқ.
Нұрғайша Қажиқызы – өзі де қазақ тілі мен әдебиетінің маманы, филолог болатын. Өз ісінің білгірі, жаны жайсаң ұстаз, нағыз педагог еді. Дулат көкеміздің жанын ұғынып, шығармашылық қабілетін танып, оған үнемі қолдау көрсетіп отыруы да сол сөз өнеріне деген махаббатынан шығар. Жазушы шығармаларының тұңғыш оқырманы, алғашқы сыншысы да – өзі еді. Туындыны жазып болғаннан кейін автордың біраз уақыт өзіне-өзі риза болып, рухтанып, көңілі аспандап жүретіні бар. Сондай сәттерде асықпай, байыппен, салқынқанды пікір айтып, сабаңа түсіретін саналы ой адамының салмақты көзқарасы қажет-ақ. Дулат Исабековтің бұл жағынан жолы болды дей аламыз, өйткені осындай адам оның үнемі жанында жүрді, қасында болды. Жақсы шығармаларын бағалай білді, қадіріне жетті, кей сәттерде сын да айтты, «Осы тұсын тағы бір қарашы, меніңше, әлі де ширата түсу керек секілді…» – деп, ақыл қосты. «Әңгімені, хикаятты не пьесаны жазып болғаннан кейін ең әуелі Нұрғайша жеңешеңе оқытушы едім. Бұл өзі жазылмаған заң секілді әбден қалыптасып кеткен әдет болатын. Оқып болған соң ол өз ойын айтады, кей-кейде болмаса пікірлерінің бәрі дерлік орнықты, айқын, дәл шығатын. Соңында екеуіміз пікір таластырып, біраз отырамыз. Қазір ойлап қарасам, мен әр шығармамды Нұрғайша үшін жазған секілдімін, сол оқыса, сол сүйінсе, сол қуанса деп қана қолыма қалам алғандаймын. Енді мен үшін жазудың ешқандай мәні қалмағандай, жеңешең қайтқалы ештеңеге зауқым да жоқ, тек бала-шаға, немере-шөберенің қолдауы, туыстарым мен достарымның демеуі ғана өмірге деген құлшынысты бәсеңдетпей тұр», – дейді Дулат көкеміз.
Мен Нұрғайша жеңгемізді алғаш көргенде-ақ «жазушының жары осындай болуы керек шығар» деп ойладым. Не деген ұқыпты адам десеңізші! Дүкеңнің құжатқа, қағазға, өзі шыққан басылымдарды қадағалап, жинап жүруге құнтсыздығы – бүкіл елге мәлім ғой. Ал жеңгеміз баяғы бұғалтырлардың есеп-қисап жүргізетін қалың кітапшасы секілді сырты қоңырқай жуан дәптерге Дулат көкеміздің бүкіл сұхбаттарын, мақалаларын, әңгімелерін қайсысы қай күні қай газет-журналға шыққанына дейін тізіп жазып, мұқият тізімдеп отырады екен. Осыны көргенде ол кісіге керемет риза болдым. Бұл тарих үшін керек қой! Отбасы тарихы үшін болсын, әдебиет тарихы үшін болсын, нағыз қажет қасиет!
Жеңгейді соңғы көргенім – 2022 жылғы қаңтардың аяғы екен. Жаңа кітабым шығып, соны апарып бермек ниетпен Дулат көкеме қоңырау шалдым. Қаңтар оқиғасының қарбаласы әлі басылмаған шақ еді, «20 мың террористен қорықпасаң – кел», – деді көкем өзіне тән ащы сарказмымен. Бардым. Қасымда Күлайна Оразбекқызы қарындасым бар. Жеңгей төртеуіміз жақсы әңгімелестік. Жас күніндегі талай қызықтар сыр боп шертілді.
– Ол кездерде көкең үйге кейде кештеу келеді, – дейді Нұрғайша жеңешеміз. – Кейде қонақтарын ертіп, топ болып жетеді. Бексұлтан ағаң бар, Төлен ағаң бар, марқұм Ақселеу бар, тағы басқа қаламдас достары бар, дуылдасып ұзақ отырады. Қай күні қай уақытта қанша мейман ертіп келетіні белгісіз, сосын күндіз мол ғып ет асып, тоңазытқышқа салып қоятын болдым. Топырлап келе қалғандай болса, ысыта салам да, лезде қамырын жая қоям. Ол заманда қазіргідей түнімен жұмыс істей беретін дүкендер жоқ. Сағат 12 болды ма – бірден жабады. Ішімдік жағын алдын ала алып қойғанымызбен, кейде ол құрғырдың таусылып қалатыны бар. Көкең екеуіміз алдын ала келісіп қоямыз – арақ-шарап ада бола бастаған сәтте мен оның иығынан түртіп, белгі беремін. Құрғырлар таусыла бастағанда, келісім бойынша, әдейі дастархан қамымен ары-бері жүрген болып, иығынан қағып өтемін. Бірақ көкең қасақана ұқпаған болып: «Әй, саған бірдеңе көрінді ме, нағып менің иығымнан түрте бересің?» – деп күйдіреді ғой…
Ерекше есте қалар басқосу болып еді…
– Кезінде талай еркелігімді көтерді ғой марқұм. Қазір соның бәрі – сағыныш, соның бәрі – естелік… Мен тіпті өз туыстарымның той-томалағына да сирек баратынмын. Алматыдан артынып-тартынып Арысқа жеңешең барады. Бүкіл туыс-туғанға сый-сияпатын үлестіреді. Мен өз бауырларымның балаларының, немерелерінің туған күндері түгілі, аттарын біле бермеймін. Нұрғайша солардың бәрінің аттарын жаңылыстырмайтын, туған күндерін жатқа білетін, «Бүгін әлгі Пәленшенің туған күні ғой, ұмытпай, құттықтап қояйын», – деп телефонға жармасып жататын…
Демек, Нұрғайша Қажиқызы – әулеттің анасы ғой.
Шаңырақтың ұйытқысы!
Көкеміз тау бөктеріндегі тамаша үйге көшіп барғанына көп бола қоймаған еді. «Жоспарымыз бастан асады, – деп еді сонда жеңешеміз. – Мына үйдің алдына гүл егеміз, далада дастархан жасайтын орын сайлаймыз. Шақыратын адамымыз көп. Құдаларымызға бөлек есік көрсетуіміз керек. Одан көкеңнің қаламдас достарын қонақ қыламыз. Ағайын-туыс тағы бар. Өздерің секілді інілері де – бір қауым ел. Құдай қаласа, арнайы келесіңдер. Сол күнге аман жетейік бәріміз де…».
Арада үш ай өткенде бардық. Жеңешеміздің жаназасына…
Өте мейірімді адам еді. Балажан кісі еді. Тындырымды, ұқыпты, жинақы жан еді. Нағыз жазушының жары болатын…

Сәкен СЫБАНБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір