Жазушының атындағы конференц-зал ашылды
Алматы облысы, Жамбыл ауданының №4 Қарғалы орта мектебінде қазақтың белгілі жазушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нағашыбек Қапалбекұлы атындағы конференц-залдың ашылуына арналған салтанатты жиын өтті.

Іс-шараға жазушы Нағашыбек Қапалбекұлының өзі және республиканың түкпір-түкпірінен келген қалмагерлер, ғалымдар, қоғам қайраткерлері қатысты.
Қарғалы ауылының тұрғындары жазушының достары мен әріптестерін жылы қарсы алды. Олардың ішінде көрнекті мемлекет қайраткері, генерал-полковник Сәт Тоқпақбаев, драматург Серік Асылбеков, ақын Дүкен Мәсімхан, прозашы Сәуле Досжанова, «Ана тілі» газетінің бас редакторы, ақын Ерлан Жүніс, ҚР ҰҒА академиктері Ханкелді Әбжанов пен Берекет Кәрібаев, профессорлар Қансейіт Әбдезұлы, Тахир Балықбаев, Алмасбек Мәуленов, Алматы облыстық мәслихатының депутаттары Ләззат Тұрлашев, Дәулет Жарасбаев және Меруерт Молдашева және т.б. болды.
Акт залында жазушы және қоғам қайраткерінің әдеби кеші өтті, кештің ашылуында Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасының бірінші орынбасары, жазушы Нұржан Қуантайұлы, белгілі публицист Күмісжан Байжан және Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Ақниет Тұматаев сөз сөйледі. Сондай-ақ жазушының «Миллионер» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті.
Нағашыбек Қапалбекұлының мектеп оқушыларымен ашық диалогі қонақтарға зор әсер қалдырды. Жазушы өзінің балалық шағы, жасөспірім кезі туралы, ата-анасы жайында айтып, оқушылардың сұрақтарына жауап берді.
Прозашы өзінің кітаптарының бірнеше жүз данасын мектеп кітапханасына сыйға тартты, сонымен бірге мемлекеттік наградаларын мектепке сақтауға тапсырды.
Өз тілшімізден