Жазушының кейіпкеріне ескерткіш орнатылды
11.11.2022
243
0

Кез келген мемлекеттің тарихын әр заманда, әр кезеңде ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен, өз саласында тыңнан түрен салып, танымал болған тарихи жеке тұлғалар жасайды. Елінің абыройын асқақтатқан батыр да батыл ұлы, халқының ұшақты игеру тарихына жаңа бір жарқын парақ қосқан тұңғыш әскери ұшқыш Жақыпбек Малдыбаев ағамыз – сондай тарихи тұлғалардың бірі.
Ол – 1933 жылы 9-әскери ұшқыштар мектебін (қазір Харьков әскери авиация институты) бітірген. Небәрі 31 жыл ғұмыр кешіп, 1938 жылы Ташкент аспанында опат болған Жақыпбек ағамыздың өмірі мен еңбек жолын зерт­теп, Мәскеудегі Совет Армиясының Орталық мемлекеттік архивінен тауып, неше ондаған хаттар арқылы өзге де архив, музейлерден тиісті құнды материалдарды іздестіріп, өзінің халқының игілігіне айналдырған Шығыс қазақ­стандық журналист-жазушы Айтмұхамбет Қасымов болды. Зерттеушінің, ұшқыш ұрпақтарының табанды еңбегі мен қажыр-қайратының арқасында Жақыпбек Малдыбаевтың есімі Зайсанда, Күршімде, кейінірек Өскеменде көшелерге, Марқакөл (қазіргі Күршім) ауданындағы ағамыздың кіндік қаны тамған Шеңгелді ауылындағы мектепке берілген.
Биыл ұшқыштың туғанына 115 жыл толуы құрметіне орай журналист-жазушының бұрынырақта шыққан «Қазақ халқының тұңғыш әскери ұшқышы Жақыпбек Малдыбаев» атты деректі кітабы толықтырылып, екінші рет жарық көрді. Ең бір қуанарлық жәйт сол, Өскемен қаласындағы ұшқыш атындағы көшенің басталар тұсында Жақыпбек Малдыбаевтың еңселі ескерткішінің ашылуы болды.
Ескерткіштің ашылу салтанатына жиналған жұртшылық, бес ағайынды Малдыбаевтардан тараған ұшқыштың ұрпақтары бұл ескерткіштің Өскеменнің көркі мен келбетін айшықтай түсетін сәулет өнерінің тамаша бір туындысы ғана емес, кейінгі ұрпақтың ағалар ерлігіне деген құрметі мен парызы екенін айта келіп, осынау үлкен де сауапты іске мұрындық болған қала әкімі Жақсылық Омарға, ескерткіштің авторы, семейлік мүсінші Нұрбол Қалиевқа, шаруаның басы-қасында жүрген Айтмұхамбет Қасымовқа алғыстарын айтып, жылы лебіздерін білдірді.

Өз тілшіміз
Өскемен қаласы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір