СУРЕТКЕР ЖАЗУШЫНЫҢ МЕКТЕБІ
«Таң-Шолпан» журналының проза бөліміне жарты жүктемемен қабылданған кезім. Алғашқы дайындаған дүнием М. атты жазушының әңгімесі еді. Прозаны Әбдіжәміл ағайдың өзі қадағалайды. Сол себепті әңгімеге онша қол батырмай Әбеңе жеткізгем, ертеңіне редакцияға өзі келіп тұр. Қолында әлгі мен дайындаған әңгіме.
– Сен өзі халтурщик екенсің ғой, – деп салған жерден қатулана тап берсін. Шошып кеттім. – Көркем әдебиет немен жасалатынын білесің бе өзің? – дейді тағы шүйлігіп. Не дерімді білмей, тілімді тістеп үнсіз қалдым. – Айналайын, көркем әдебиет көркем тілмен жасалады. Ал мынада түк тіл жоқ. Дым тартпайды. Осыны да көркем әдебиет деп ұсындың ба маған?
Мұндай қатқал сұрақты ақсақал жазушыдан күтпеген едім. Бұрын жүзбе-жүз әңгімелесіп көрмеген адамым, оның мінезін де, талабын да білмеймін. Ол мені тығырыққа осылай тіреп алды да, сәл басылайын деді.
– Мен сені түсінем, «Ана тілінде» де істейсің, жұмысың көп. Ренжіме, айналайын, мен проза бөліміне басқа адам іздеп жатырмын, – деп бір төндіріп қойды. – Жүр, осы шығарманың тілін талдайық, – деді сосын жұмсарыңқырап. – Анау Мырзанды да шақыр.
Әңгіменің алғашқы бетін быт-шыт қып сызған. Ашық жер тола сықысқан жазу. Әуелі әңгіменің автор жазған алғашқы бөлігін ежіктеп оқыды да, алдында отырған екеумізге кезек-кезек қарап қойды.
– Осындай да сөйлем бола ма? Мұның орнына былай болса қайтеды? – деп өзі түзеген сөйлемді оқыды. Расында автордың ойы екіұшты, мағынасы бұлдыр шұбалаңқы сөйлемі жұтынып шыға келіпті. Екінші сөйлемді де жайлап оқи бастады. Ол сөйлем де түрленіп сала берген. Осылайша асықпай, әр сөйлемге мән бере оқып, жарты беттен асып барып тоқтады. Осы жарты бетті оқуға бір сағаттай уақыт кеткен шығар.
– Бізге тым болмаса ортаң қол шығарма қажет. Шедеврді қайдан табамыз? Мына әңгімеде дән бар сияқты. Бірақ тіл жоқ. Әгәр тілді білмесең проза бөлімінде қалай жұмыс істейсің? – деп қайтадан кәріне мініп, маған өшіге қарасын.
– Тілі жоқ екенін біліп тұрмын, – дедім мен ызам кеп. – Бұл мақала емес, көркем әдебиет қой. Біреудің әңгімесін қалай түзеймін? Егер дәл мынадай етіп редакциялау қажет болса, онда мен де редакциялай алам.
Әбекең менен көзін алмай бір сәт тесіле қарап отырып, қолындағы қағазды алдыма қарай ысырып жіберді де:
– Редакциялағыш болсаң, редакцияламайсың ба? – деп орнынан тұрып жүре берді. Үйге келген соң әлгіні қолыма алып, әрі түзеймін, бері түзеймін, болмайды. Еркін көсілуге жазушы жазған сөйлемдер кедергі. Біреудің жазу мәнері ілгіш сияқты, іліп алып еркіме жібермейді. Болмаған соң қолжазбаны былай қоя салып, өзімше көсілдім. Қайта жазылған осы нұсқаны ертеңіне Әбеңнің үйіне бара жатқан хатшы қыздан беріп жіберейін. Келесі күні Мырзекең екеуміз түскі астан соң бас редактордың қабылдау бөлмесіне бас сұқсақ, Әбдіжәміл ағамыз сонда отыр.
– Ассалаумағаликум, – дестік жарыса сәлем беріп.
– Слушай, – деді ол ассалауға әліксаламын айтпастан, – сен өзі жалқау екенсің ғой.
Не дерімді білмей, тосылып қалыппын.
– Тоқта! Бері кел! – деді ол білегімнен тас қып қармап ұстай алып. – Сен жалқаусың. Әйтпесе редакциялау қолыңнан келеді екен. Мына әңгімені редакциялауың маған ұнады. Просто, молодцы.
Әбең жүзі жылып, өзіне тән сүйкімді күлкісімен жымиып қарап қалыпты. Жанары мейірімге толып тұр.
– Мен үнемі проза бөліміне адам іздеумен болып едім. Енді іздемеймін, – деді. Абдырап мен тұрмын. Әбеңнен мұндайды күтпегенмін.
– Кәні, маған Мерекені қосшы, – деді хатшы қыз Раушанға. Раушан дереу Мәкеңнің қалта телефонына соғып, байланыстыра қойды. – Болды. Проза бөліміне адам іздеуді тоқтат. Мына бала прозаны біледі екен, – деді Мәкеңе.
Әбеңе осылайша өзімді дәлелдеп барып қол жеткен проза бөлімі маған оңай тимеді. Ол мен дайындап ұсынған әңгіме, повестердің барлығына өзі шұқшияды. Сәтті шыққан жері болса, мәз боп мақтайды. Олқы жері көзіне шалынса, «бұндай шала-жансар дүниені маған қалай ұсынып тұрсың» деп кейіп тастайды. Осылайша Әбеңнің талғамын тани түстім. Прозаның тылсымын да сол арқылы түйсіне бастадым. Өңдемей әңгіме жібермеймін, тіпті кейбірін тұтастай қайта жазған кездерім болды. Әбең журналдан кетер-кеткенше прозалық шығармаларға қатаң қарады. Суреткер жазушының мектебі деген осы болар.
Нұрлыбек САМАТҰЛЫ