Арман Әділбек. Ұйқыға кеткен алып
06.11.2019
2153
0

Арман ӘДІЛБЕК, ақын

Таным қашанда дүниенің алдында әлжуаз, өйткені ақылдың қай-қашанда өзінің қыр желкесінен төніп тұрған тарих дейтін Көлтаусарға күмәнмен қарамайтын сәті жоқ. Бейне, Ницше айтқандай: «Тарих тұрмысқа қызмет еткен жерде, ол өзіне қарсы қуатқа қызметкер болғаны, демек, осынау сипатына қарай отырып біз оның математика секілді ғылымның құлан-таза үлгісіне ешқашан айнала алмайтынын межелейміз, себебі жады мен ұмыту – тұтастай алғанда тарих іздеушілердің арылмас қарғыс құрсауы секілді». Ендеше, жады мен ұмыту аралығындағы қайшылық – адамзаттың өз шындығына жету жолындағы түпсіз шыңырау мен қылкөпір рәуішті дүниелер болғаны. Сөзімізге өзек болар романды оқысаңыз, бұл пайымның растығына тіпті де көз жеткізе түсетініңіз анық.


Казуо Ишигуро – 28 жасында жазған «Шалғайдағы шаңқан таулар сұлбасы» романымен шығармашылық өмірінің алтын кезеңін бастап, «Өткен күндер өтеуі» романымен «алтын Букер сыйлығын» қанжығасына байлап, ағылшынтілді оқырман әлеміне, әсіресе, Батысқа 40 жастың ары-берісінде-ақ танымал болған жапон текті Англия жазушысы. 2017 жылғы Нобель әдебиет сыйлығының иегері екенін айту артық болса да, жазу борыш болып тұр. Ол – жалпы жеті роман, бір әңгіме жинақ, төрт киносценарий, жүзден астам ән сөзінің ақы иесі. Ол жайлы айтушылар оны «аз жазған» деп қиыстау бағалап жатады, дегенмен Ишигуроның тек өнерге, шығармашылыққа жан-тәнімен берілген тұлға екенін білетін ағайын оған ерекше сүйініш білдіреді. Шындығында, ол көп қаламгерлер секілді шығармасынан тыс саяси-әлеуметтік тақы­рыптарға ашық ойын білдіріп көрмеген екен, сондай-ақ жазушылықтан өзге тәсілдермен даңқ төрінен көрініп қалуға тырысқан кісі емес. Сол үшін де Ишигуро өнер майданынан өзге алаңдарға ат ізін сала қоймаған аздың бірі есептеледі. Бұл жәйт оны таза әдебиеттен тысқары кеңістікте бейтаныс есімдер қатарына қосып, ол Нобельді еншілегенде, әсіресе, Шығыс­тың оқырмандары «бұл кім?» дегендей сыңай танытуына да себеп болған. Қазір Иши­гуро – шығармашылығы талғампаз оқырманның назарында тұрған ең танымал қаламгерлердің бірі.

Бүгін біз мақалаға арқау ететін шығарма – осы ұлық жазушының «Ұйқыға кеткен алып» романы. Авторды он жыл бойына жазу үстеліне байлаған бұл еңбек – оның Нобель сыйлығын алғанға дейінгі соңғы шығармасы. Роман фэнтези жанрында жазылған. Шығарма желісінде айдаһар, адам жегіш тажал, сиқырлы мұнар, сиқыршы сияқты мифтік кейіптер кездеседі және бұлар өте табиғи қалыпқа сидырылып, реал өмірмен біте қайнасқандай кәдуілгі болмыстар әлпетінде оқиғаға арала­сады, ешкім де олардың өмірде бар қарапайым болмыс екеніне шек келтіре алмайды. Оқыр болсаңыз, Сіз де сөйтер едіңіз. Автордың өзі де бір сұхбатында: «Мифтік кейіпкерлер деп оларды бөлудің реті бар-жоғын білмеймін, мәселе біздің қабылдауымызда шығар», – деп айтқан екен. Бәлкім, қабылдатуда да мәселе бар шығар, сөзсіз бар, бар екенін Ишигуроның өзі дәлелдейді.

Романда заманымыздың VІ ғасырында Англия жазығында болған оқиғалар сөз болады, Британ тайпалары мен Саксон тайпаларының арасындағы соғыс, араздық, талас, өшпенділік романда бейнеленген оқиғалардың негізгі көрінісі есептеледі. Бас кейіпкер Эксо мен Батриса – кәрілік меңдей бастаған қарт жұбайлар, тау шатқалындағы шағын ауылда тіршілік ететін, Британ нәсілді отбасы. Екеуі де жадын жоғалтқан, екеуі ғана емес, бүкіл өңір халқы осындай күйде. Олар үшін өткен дәуреннің қалай болғаны, ескі күннің не беріп, не алғаны көбінесе жұмбақ. Бұл жағдайға себепкер бүкіл аумақты көмкеріп алған тылсым мұнар, мұнар тек аумақты ғана жауып тұрмайды, адамдардың санасына да бұлыңғыр бір қою тұман бүркіп қойған. Айдаһар болса – осы мұнарды қоюлатып, олардың жадын тартып алып, өткен шақтарын еске алуға мүмкіндік бермей отырған дүлей күш. Дегенмен Эксо мен Батриса естерінде қалған бұлыңғыр елеске сүйеніп, ұлын іздеу сапарына шығады, осылайша оқиға басталады да, ары қарай кейіпкерлер біртіндеп толығып, шығарма өзіндік ғажайып кеңістігімен қауыш­тыра бастайды. Кейіпкерлер тізбегі: бала, баланы құтқарған жас сарбаз – Уэстон, Артур патшаның сонау замандағы бұйрығын атқару қамында жүріп қартайған кәрі сарбаз – Гавейн.

Сапар басталып, көп өтпей-ақ, қарт жұбайлар өздерінің жадын кім өшіріп жатқанын біледі, зобалаңның басында айдаһардың лебі тұрғанын ұғынып, сол айдаһарды өлтіруге қамданған жас сарбазға тілеулес болады. Бірақ осы арадан Артур патшаның тапсыруымен айдаһарды өлтіру міндетіне жегілген Гавейн оларға кедер­гі жасауға ұмтылады, сөйтіп жүріп Гавейннің шынайы міндеті айқындалады. Ол айдаһардың қорғаушысы екенін мойындап, Уэстонмен жекпе-жекте ажал құ­ша­­ды. Айдаһарды өлтірмек болып нәһан үңгір­дің ішіне көз салған олар енді таңда­ныстан айран-асыр күйге енеді. Өйткені ол жерден аңыздарда айтылатындай қаһарлы, алып, аузынан от бүркетін алып айдаһарды емес, әбден қартайған, тіпті қозғалуға әлі жоқ, тек қана тірлік нышаны бар өлім аузында жатқан міскін айдаһарды көреді. Сөйтіп, жас сарбаз оны оп-оңай жаһаннамға аттандырады да, жер дүниені қаптаған тұман сейіле бастайды, адамдардың өткен-кеткені де есіне орала бастайды. Дәл осы арада Гавейннің айдаһарды неліктен қорғап жүргені мәлім болады. Кезінде кескілескен ұрыс жүргізген Британдар мен Саксондар айдаһар олардың жадын жойып жібергелі тыныш та бейбіт өмірге көшкен. Мұны ұққан Артур патша дәл осы жағдайдың қалай болмасын жалғаса түсуін көздеп, өзінің сенімді князы, жиені Гавейнге айдаһарды қорғау бұйрығын жасырын берген екен. Енді бұл мамыражай шақ аяқталып, алда жұртшылық байырғы кектерін қумақ, Гавейн қауіптенген үлкен соғыс өршімек. Бір жағынан Эксо мен Батриса да өздерінің жұбайлық өмірінің өткен-кеткенін есіне алады, жүрек түбіне шым батып, шерге айналған ескі жылдардың жан ауыртар естеліктері көңіл мизамын шабақтай бастайды. Ұлдарының да әлдеқашан қайтыс болғанын, өздерінің тек қабір іздеп жүргенін ұғынады. Осылайша «ұйқыға кеткен алып» оянады, оның оянуы әділет тұрғысынан дұрыс көрінгенімен, ойрандау күші де – көз жұмуға болмастай зор-тын.

«Ұйқыға кеткен алып» арқылы Ишигуро бізге екі сұрақ қоймақ сыңайлы: бірі – «Өткенді еске алу дұрыс па? Қандай кезде еске алған жөн? Қалай еске алған дұрыс?» деген мәнде болса, енді бірі – «Махаббаттың күші қаншалықты қуатты?» деген сауал арқылы ойға қалдырады. Бұл сұрақтарға романды оқыған әр оқырман өзінше жауап іздей бастайды. Романда ешқандай бір шешім, нұсқау жоқ, бар болғаны ойлануға меңзеу, өзімен сұхбаттасуға шақыру ғана. Дейтұрғанмен, романның өзінен Ишигуроның жауапнамасын табуға ұмтылудың онсыз да реті жоқ, өнер жауап беруге қол созған жерде оған өзге топандар қосыла бастайтын болар. Ол, мейлінше, оқиғаның ішіне сіңіп жазған, сауалына үңіле-үңіле өзі сауалға айналып кеткендей сезіледі. Бір қараған адамға соншалықты шебер бейтараптықты ұстанғандай көрінер, бірақ айырмашылық жеткілікті. Ишигуро шығармашылығын қаузаушылар оның меншікті тақырыптарының осы төңіректе екенін жиі айтады, яғни оның туындылары көбіне уақыт, жад, еске алу, ұмыту ұғымдарының төңірегінде өрбиді. Ендеше, автордың өз сауалына сіңіп кетуі, сол арқылы романның өзіне сіңіп кетуі кездейсоқтық та емес болса керек. Мұны автордың ерен шеберлігі деңіз. Біз көбінде мұндай ерекшеліктің реалистік шығармаларда болатынын көруші едік, өйткені онда кейіпкердің, шығарманың ішіне еніп жазу, сеніп жазу, сендіре жазу мүмкіндіктері көп қой.

Бұл шығарма арқылы Ишигуроның «роман әлемінің шекараларын үңгуші» деп аталуының бекер еместігін де ұғынғандай болдық. Стильдер жылымын жанрлардың иіріміне тұтастыру – сүйсінуге әбден татырлық қарекет емес пе?!

Жаһандық екінші соғыстан кейінгі, яғни, жиырмасыншы ғасырдың соңғы жарымындағы Еуропа топырағы тағы да тыныш жата қойған жоқ, әсіресе Югославия оқиғасы қай қырынан болса да бөліп-жарып атарлық мәнге ие. Кеше ғана ұйысып отырған, ұлығаусар кірбеңі жоқ шаңырақтың аз мезгілде ту-талақайы шығып, ырың-жырыңның ұясына айналуы кісіні еріксіз назар аударуға мәжбүрлейді, Ишигуроның «Ұйқыға кеткен алыбы» біреу емес, әлденешеу болып оянып кеткенінде гәп жоқ-ау, сірә. Романның жазылуына түбірінен болмаса да, тікелей әсер еткен осы оқиға екені, осы сияқты бұғып жатқан араздықтың лап етіп жалынға айналуынан туған оқиғалар екені анық. Бұл жайында автор: «Әрбір жекелік байланыстар мен қоғамдық-әлеуметтік байланыстар арасында қараңғы, қалтарыс қатпарлар жатпауы мүмкін емес, көбінде бұл қалтарыстарды әлде біреулер, әлде өзіміз «ешкім білмесе екен» деген мұратпен бүркемелеп жатамыз, түрлі шаралармен жауып тастаймыз. Бірақ ол қалтарыстың кім, қанша бүркемелесе де бар екені шындық, ол бәрібір бір күні ашылады. Мәселенің түйіні – адамдар мен сол қалтарыстардың ара қатынасындағы ретсіздікте», – дейді. Мейлі, коллективтік тұрғыда болсын, мейлі жекелік тұрғыда болсын, бұл құрсаудан ешкім де қашып құтыла алмасы анық, дегенмен басты әңгіме – осынау шойын сандықтың кілтін іздеп жүрген әділетшіл сана мен сандық ашыла бере ақтарылып қоя беретін қабырға сөгер қайғы-қасірет арасындағы қайшылық жайында. Бұл қайшылықта тек барыс қана болады, барыс мәңгіге созылады. Ендеше, бұл – барлық адамның мәңгілік проблемасы.

Ишигуро өзін «халықаралық жазушымын» дейтіні осындай себептен туса керек, онда өңірмен, ұлтпен шектелетін ғадет жоқ, мүмкіндігінше жер шарына құшағын жеткізгісі келеді. Оның қайсы шығармасының да кейіпкерлерінің нәсілін, пейзаж-көріністерінің тұрқын кез-келген жаққа, шекке алмастыра беріңіз, ештеңе өзгермейді. Оның көтерген тақырыптарымен бәріміз де таныспыз, дәлірек айтсақ, біз сезінсек те, сезінбесек те бәріміздің басымыздағы мәселе. Бірақ, Ишигуроның бұл көпшілдігінің астарында ауыр трагедия жатқанын да ескеру керек. Кэнзабуро Оэ екеуінің Ишигуро тұңғыш рет Жапонияға қайтқанда жасаған сұхбатында оның: «Мен үйі жоқ жетім бала іспеттімін, жапониялықпын деп те, англиялықпын деп те айта алмаймын, бұл екі ел де маған ешқашан шынайы ана ретінде құшақ ашпайды. Менің бұл жолды таңдамасыма мүмкіндік жоқ» дегені бар. Демек, ол – отансыз, бар болса, отаны адамзаттың тұтас әлемі, жер шары ғана, бәлкім, бұл сөз де оның өз ішіндегі жазылмас жарақатын безендіріп көрсеткені шығар дерсіз. Бірақ оның бұл жолды, яғни, халықаралық жазушының жолын ұстанып қана қоймай, сол мақсаттың үдесінен де шығып жатқанын баршамыз көріп-біліп отырмыз.

Роман фэнтези жанрында жазылған дедік, бірақ бұл – Ишигуроның фэнтезиі. Сіз мүмкін оның «Қол үзбе менен» романын оқыған боларсыз, фантастикалық роман, онда клон адамдардың өмірі, махаббаты, өркениеттің клондалған жандарға деген этикаға сыймайтын ұстанымдары бейнеленеді. Кісі сүйсінерлігі, біз бұл романды оқып отырып фантастика жанрындағы әлдебір шығарма оқып жатқанымызды ұмытып кетеміз, өмірге сондай жақын, нәзік лиризм, жылымданып тұрған психологизм, реалистік бояуы қалың қарапайым да жанды композициялар біздің күрделі, шықырлақ, шытырман, ауыр сипаттағы фантастикалық шығармаларға үйреніп қалған санамызға тосын көкжиек болып сезіледі. «Қол үзбе менен» романын, фантастикаға қимай қалуыңыз да мүмкін. Муракамидың бұл романды жиырмасыншы ғасырдың елуінші жылдарынан кейінгі ең жақсы көрген романы ретінде атауының бір себебі осы. «Ұйқыға кеткен алып» та дәл осылай, сіз оны Джон Толкиннің «Жүзік патшасымен», Джордж Мартинның «От пен мұздың хиссасымен» немесе Роуллингтің «Гарри Поттерімен» салыстырмай-ақ қойғаныңыз абзал. Өйткені бұл романда да өзге әйгілі фэнтези жанрындағы романдардағыдай шытырман, күрделі, ауыр сүрепет байқалмайды, сабырлы, жеңіл аяңмен жортып отыратын сюжеті, қарапайым да ұғынықты тілі, эстетикаға бай символдық қатпарлары қалайда бізге фэнтези әлемінен жаңа кеңістік ашып береді. Өмір мен фэнтезидің жарасымды түрде жақындасып кеткен сұлбасын аңғарасыз.

Сонымен бұл оқиғада, кеңістіктен гөрі адам жаны, рухы биік. Онда адам сезімінің күрделілігі мен тереңдігін жапсарластыра, салыстыра бейнелеу алдыңғы орынға шығады. Оның үстіне, кейіпкерлер қасиет бөліспейді, Аполлонға айналмайды, сәйкесінше Достоевскийдің кейіпкерлері секілді жегі құрттық сарын бірден аңғарылады. Мәселен, Эксо мен Гавейн образдарына үңіліп көрелік.

Эксо – романдағы бас кейіпкер Батри­саның күйеуі, кезінде Артур патшаның белді сардарларының бірі болған. Саксондардың Артур патшамен бейбітшілік шартын жасасуында негізгі рөл атқарып, «бейбітшілік сарбазы» атанған. Соңында осы бейбітшілік шартын бұзып, Саксондарды қапелімде басып, аяусыз қырғынға ұшыратқаны үшін Артур патшамен арасы суып, алыстағы тау шатқалындағы кішкене елдімекенге жайғасып, әйелі екеуі қарапайым тұрмы­сын бастаған. Ол – қапелімде қанды қасапқа түскен Саксондардың трагедиясына өзін жазықты санайтын, өзін кешіре алмағасын да өмірін өзгертіп, тауға паналаған күнәқар көңіл иесі. Сонымен қатар ол әйелінің күнәлі болуына да өзін жауапты сезінеді. Ишигуроның «Айнымалы әлем суретшісі» романындағы бас кейіпкер – суретші Мацуо Ононың әдемілеп өзге шекпен кигізілген нұсқасы десек те қиыс кетпейміз, Мацуо Оно фашистік әскери-диктатуралық жүйенің асқақ ұрандарына елеңдеп, олардың идеясын қолдап, өзінің суреттеріне арқау етеді, атағы да шығады. Бірақ бәрібір фашистер жеңіліп, олардың кесірінен Жапония күйрейді, кешегі фашистермен қатар, Мацуо Оно да бәріне жауапкер, бәріне жазықты жанға айналып, бір кезде даңқы жер жарған суреткер қорлықтың өкшесінде жаншылады, өзін кінәлаумен, өзін жек көрумен өмірі өксиді. Жиып келгенде, Эксо – ұждан азабын тартушы, өткен күндермен араз жан. Дегенмен өмірге соншама қадірлі сезіммен қарайтын, суға кетсе де тал қармап қалған пақыр. Оның романдағы жалпы бейнесінің үш қайшылықтың тұтқыны екенін шамалауға болады.

Бірінші –Эксо мен Артур патша арасындағы қайшылық. Артур патша Эксоның мүмкіндігін пайдаланып, Саксондарды қырғынға салады, қайшылықтың басталар тұсы осы. Эксо – «Бейбітшілік сарбазы», Артур – әккі диктатор. Саксондар оқиғасынан соң бүкіл кеңістікті жауып кеткен ыза мен кек жалыны патшаны алаңдатады, осы тұста Айдаһардың лебі көмекке шығады, айдаһарда көмектесу ниеті болмаса да, бұл – Артур үшін Құдай сыйлаған бақ іспетті болатын. Содан бүкіл қауым жадын жоғалта бастайды, ал Артурды әспеттеушілер Артур жайлы ғажайып аңыздарына сүйініш білдіріп, сондай бір «әулие» патшаның өздерін билеп отырғанына ризалық танытуға көшеді. Артур билігіне қарсы болғанымен, бара-бара Эксоның да жадынан бәрі өшеді. Бұл арада Эксо – кісіліктің, көптің бір бөлшегі. Ол Артурмен ымыраға да бармайтын, ашық қарсылыққа да шықпайтын бойкүйез кейіпке енеді. Артур жасаған әлемнен қашады, Артур бүркеген қайшылықтардан бұғады, бірақ ештеңе істемейді һәм ештеңеден құтылмайды. Өзінің сарбаз болғаны есіне түскенде, тіптен, бұйығып, құныса түседі. Айдаһарды Уэтсон өлтірген соң барлығы айқындалғандай болады. Айдаһар – Артурдың да, халықтың да басты проблемасы, ең үлкен үрейі. Артур мен Гавейн жұртқа «айдаһарды өлтіреміз» (проблеманы шешеміз) дегені­мен, бәрібір айдаһарды қорғайды (проблеманы қорғайды). Эксо да айдаһардан қорқады, жалған бейбітшіліктің ұзаққа бармасын ұғады, ұлын табу үшін соңында Уэстонға жәрдемге шығады. Яғни, бұл арада қайшылықтың екі басынан да диалог құруға мүмкіндік өте аз, қайшылықтың тамыры тым тереңде екені Батрисаның: «Біз өзіміздің алтындай қадірлі жадымызды іздеп жүріп ескі кек, байырғы ыза шоғын қайта үрлегенімізді ойлай алдық па?!» – деген сөзінен аңғаруға болар. Бұл енді ұждан мен ойыншының, кісілік пен жүйенің ортасындағы қайшылық сияқтанады.

(Оқи отырыңыз!)

«Мен де қазақтың ұлымын, көке!»

Екінші – Эксо мен Батриса (жұбайлар) арасындағы қайшылық. Олар – әсте бірдей характер иесі емес, бір-бірімен қайшыласушы, бір-бірін толықтырушы дуалистік кейіп. Екеуі баяғыда римдіктерден қалған ескі үйде жаңбырдан қорғанып тұрып, әлдебір жақтағы бір арал туралы және сол мекенге өткізетін қайықшы жайында әңгіме естиді. Аралға жұбайларды өткізу үшін қайықшы оларды бөлек-бөлек сұраққа алатын көрінеді, өткен күндеріндегі ортақ қызықтары, бірге еске алар махаббатқа толы әсерлі шақ жайлы айтқандары үйлеспей, қабаттаспай жатса, жұбайларды бөліп жібереді екен. Осы хикаядан соң Батрисадан маза кетеді, ол шынында бірге өткізген күндерін ұмытып қалған. Әрі еске аларлық түгі жоқ, сүйенуге жарамайтын махаббатты тамырсыз, әлсіз деп санайды. Сондықтан өткенді еске алуға соншама іңкәрлікпен құлшына кіріседі. Ал Эксо көз алдағы сәтті қадірлейді, өткен күндерге елеңдемейді. Бұл сапарға тек ұлын табу үшін шыққан. Екеуінің арасындағы қайшылық өткен күндер жайлы пайымында. Шал өткенін еске түсіруден тайсақтайды, онда өзі ойлауды да қаламайтын сүреңсіз қалтарыстардың бар екенін сезеді. Сосын да өзінің жады ептеп орала бастағанда, кемпіріне: «Мейлі қандай нәрсені еске алсақ та, дәл осы сәттегі маған деген сүйіспеншілігіңнен айырыла көрме», – деп өтінеді. Ал әйелінің өзіне опасыздық жасаған кезі еске түскенде: «Егер тұман біздің жадымызды өшіріп тастамағанда біздің махаббатымыз осыншалық жарасымды бола қояр ма еді?!» – деп күрсінеді. Олар роман соңында шынында да аралға өтпекші болып қайықшыға жолығады. Оның сұрақтарына да жауап береді. Бәлкім, арал – өлілер тұратын жұмақ, қайықшы – әзірейл болар, бұндай образдар көбінесе арал халықтарының аңыздарынан кездесетіні бар. Дегенмен қайықшының сұрақтарынан соң Батриса барынша байсалдылық танытып, Эксоның алаңы күшейгендей сезіледі. Бұл махаббат пен жадтың, махаббат пен ұяттың ортасындағы қайшылық болса керек.

Үшінші – Эксоның өз ішіндегі, дәлірек айтсақ, бұрынғы Эксо мен бүгінгі Эксо арасындағы қайшылық. Бұл енді басты қайшылық, жады қалпына келе бастағанда Гавейнмен болған диалогтарын түсінбей дал болған әйеліне: «Ол Эксо қазіргі Эксоның сыртқы терісі ғана болатын, ештеңеге алаңдама», – дейтін жері бар. Бұл сөз Эксоның қақ бөлініп, жарылып кеткенін көрсетеді, ол күнәсін мойындайды, қабылдайды, сонымен бір уақытта одан қашады. Осы өмірін мүмкіндігінше жалғастырғысы келеді, бірақ байырғы Эксо бұған жар бермейді, екеуі сыйыса алмайды. Өзінің ішіндегі ескі Эксо елесінен арыла алмай ар шоғына қақталады, бұл – жоғарыда айтылған екі қайшылықты да өз кеңістігінен отау құрғызып бөліп шығарған нәһан иірім.

Ал, Гавейнге келсек, ол – Артур патша­ның адал жоқшысы, бұйрығын мүлт жібермей атқарушы сарбаз. Мүмкін, миньон. Ол қашанда ісіне ықыласты, әрі қылдай қиянатқа бармайтын адам. Рыцарьлық рухқа бай, бірақ өзіндік өмірін, жекелік кеңістігін тәрк етіп тастаған. Ол үшін борыштан ұлы ештеңе жоқ, бұған дінге сенгендей сенімді. Автордың «Өткен күндердің өтеуі» романында: «Сен, мейлі, ұстанған кәсібіңде қаншама өрелі деңгейге жеткеніңмен, өз өміріңді ілікке алғысыз бұйымға айналдырып тастаған болсаң, онда сені осынау адамзат әлемінде тіршілік кешті деп айтуға мүмкіндік бар ма?» – дейтін сөз бар еді. Дәл осы романдағы бас кейіпкер Стивенстің образы осы бір ауыз сөзге сыйып тұр, Гавейн образы да бұдан қашық емес. Екеуі де – өмірді елең қылмай, қызметке, өздері қасиетті санайтын айтылмыш борышқа жан-тәнімен берілген жандар, керек болса, махаббатқа да пысқырмайды. Бәлкім, біз бұларды самурайға да ұқсатармыз, онан да айналамызда толып жүрген іскер, адал, бірақ өмірін әлдененің тасасына қалдырып қойған жандарды еске алсақ – оңдырақ секілді.

(Жалғасы бар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір