ҚЫРШЫН КЕТКЕН ЖЫР-ҒҰМЫР
«Жанкент – Жанкент болғалы талай той өтіп келе жатыр ғой. Бірақ бүгінгідей ұлан-асыр тойды бірінші рет көруім. Артық айтқандығым емес, Жанкентте дәл мұндай шара бұрын-соңды болған жоқ». Ауылдық клубтағы шара аяқтала салысымен, ақын, бірнеше жыр жинақтарының авторы Ғалия Орынбасарова апайымыз қуанғанынан осылай деп сүйіншілеп жатты. «50 жылға жасарып кеткендей күйде тұрмын. 50 жыл бұрынғы өмірімізбен қайта қауышқандай болдық. Ақын Ынтызар ағамыз ортамызға тіріліп келгендей әсер алдық», деген Қазалы ауданының құрметті азаматы Ерпайыз Жұмамұратов ақсақал көз жасына ерік берді. «Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілді. Бір жасап қалдық. Ақын ұлымызды ортамыға қайта әкелген екі досқа алғысымыз шексіз», деп қауқылдасқан ауыл тұрғындары шара аяқталса да, ұзақ уақыт бойы сахнаны қаумалап, кетпей тұрып алды.
Талай жанарларға жас алдырып, көңілдерді босатқан, ауыл тұрғындарын өткенге оралтып, жастық шақтарымен қайта қауыштырған, бір күн бойы алғаусыз көңіл күй сыйлаған – «Қазалының Пушкині» атанған ақын Ынтызар Әбішевті еске алу кеші, ол туралы «Жоғалған жыр» фильмі мен «Өмірде өлең ғана – бар асылым» кітабының тұсаукесері болатын.
Халықтың мұндай сезім мен көңіл күйді бастан кешуіне себеп те жоқ емес. Өйткені Ынтызар Әбішев – іздеусіз қалған ақын. Жырлары жоғалған, тоналған. Тағдыры тауқыметке толы. Небәрі орда бұзар 30 жасында ауру алып тынған, сүйегі туған жерінен алыста, сонау Қырымда қалған ақынның көзі тірісінде ғана емес, өмірден өткен соң да тартқан қасіреті аз емес. Артында ұрпақ қалмаған ақынның бар байлығы – өлеңдері, қолжазбалары талан-таражға түсіп, тіпті, кейбір пысықайлар өз атынан кітап та шығарып үлгерген. Міне, осыдан кейін-ақ оның кітабын құрастырған немере інісі Нұршайық Әбдуәли мен досы Нұрсұлтан Мықтыбайға ақынның ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен өлеңдерін жинап, бас-аяғын бүтіндеу оңайға соқпағанын көруге болады.
Жанкент ауылының клубына жиналған халық ығы-жығы. Әрісі – Алматы, Ақтөбе, берісі – Арал мен Жаңақорғанның ортасындағы аудандардан ағылып келген ақынды танитындардың қарасы қалың болды. 250 орындық залдан ине шаншар орын табылмай, көп көрерменге екі сағаттық кешті аяғынан тік тұрып тамашалауға тура келді.
Кеш шымылдығы ақын туралы «Жоғалған жыр» фильмімен түрілді. Идея және сценарий авторы –
Нұрсұлтан Мықтыбай. 45 минуттік аталған фильмде ақынның өмірге келген күнінен бастап, ғұмырының соңына дейінгі тауқыметке толы тағдыры баяндалады. Оның жоғалған, қолды болған өлеңдерінің қалай табылғаны сөз болады. Көзін көргендер егіліп отырып естелік айтады. Автор ақын туралы алыпқашпа әңгімелерге архив құжаттарына сүйене отырып, нүктесін қояды. Осы тұста оны түсірушілер ерен еңбек сіңіргенін ерекше атап өту қажет. Несін жасырайық, қазір бұлай індете іздеп, тереңнен зерттеп, ойға шапқылап, қырға шапқылап жүретіндер жоқтың қасы.
Фильмде сөз болғандай, Сыр елінің талантты да тағдырлы перзенттерінің бірі Ынтызар Әбішев 1941 жылы Қазалы ауданының қазіргі Қожабақы ауылында 4 колхоздан біріктірілген «Энгельс» совхозының төрағасы Әбіш Махамбетов ақсақалдың шаңырағында дүниеге келеді. Әбіш ақсақалдың көп баласы шетінеп, бір перзентке зар болып жүрген кезі екен. Құдайдан күні-түні сұрап алған сәбиін көпті көрген қария «Ынтызар» деп атайды. Сөйткен Ынтызар бала кезінен оқу-білімге құмар, алғыр да зерек болып өседі. Мектепте қатарластарынан оқ бойы озық болып, есте сақтау қабілетімен ерекше көзге түседі. Ақындардың өлеңдерін жатқа айтудан алдына жан салмайды. Колхоздағы кітапханада күнұзақ отырып, қолына алған кітабын оқып тауыспайынша тапжылмай, аяқтамай шықпайтын болады. Ынтызар кейін келе өзі де өлең жаза бастайды. Оның сыныптас қыздарға әзіл ретінде арнап жазған төрттағандары кейін бүкіл мектепте таралып, кітапқұмар Ынтызар енді ақын Ынтызарға айналады.
Ақын Ынтызар Әбішев 1968 жылы тағдырдың жазуымен туберкулез ауруына шалдығады. Бір жыл өтер-өтпестен, ақынның сары аурумен ауыратыны белгілі болады. Дәрігерлердің бір ауруға қолданған емі екінші ауруға кері әсерін тигізіп, ол небәрі 27 жасында айықпас ауруға, жазылмас дертке тап болады. Ауыр дертке шалдықса да өмірді сүюді тоқтатпаған, өзі жырлағандай «ажалға да қиянаты жоқ» ақын ертеңгі күннен күдерін үзбей, сырқатына шипа іздейді. Ем-домның қамымен 1969-1970 жылдары туберкулез бен сары ауруды емдейтін Ақтөбе облысындағы сол кездегі атақты Бершүгір шипажайына бір емес, 3 рет барып, кеселіне дауа таба алмайды. Жанына дерті батып, сырқатына шипа іздеп шарқ ұрған, айықпас аурумен алысқан Ынтызар ақынның осы кездердегі жалғыз мұңдасы әрі сырласы – қағаз бен қалам, жұбанышы – өлең болады. Бүкіл мұң-қайғысын, уайымын ақ қағазға ақтарып, ауылдағы ағайын-туыстары, сыйлас ағалары мен достарына өлеңмен хат жазады. Әсіресе, ақынның Бершүгір шипажайында ем алып жатқан кезінде жазған «Насрадинге», «Махамбетжанға», «Тұрғанбайға», «Қартқожаққа», «Ағаларға», «Достарға», «Ақсұлуға» атты қоштасу өлеңдерін көзіңе жас алмай оқу мүмкін емес.
Ақыры барлық ем-домнан еш нәтиже шықпаған соң, Украин КСР құрамындағы Қырым облысының Ялта қаласындағы туберкулезге қарсы диспансер жақсы емдейді дегенді естіп, 1971 жылдың басында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне Қызылорда облысының атынан сайланған депутат, еңбек сіңірген ауылшаруашылығы қызметкері, Социалистік Еңбек Ері Закира Ержановаға хат жазып, Қырымға емделу үшін жолдама алып беруге көмек сұрайды. Депутат
З.Ержанова ақынға көмек қолын созып, Ялта қаласындағы диспансерге баруға мүмкіндік жасайды. Ақын өзі армандаған Қырымдағы курортқа баруын барғанымен, көп ұзамай сол 1971 жылдың 20 наурызында ауыр науқастан көз жұмады. Ол кезде ақынның небәрі 30 жасқа енді толған кезі еді…
Сол жылдары туберкулез емі жоқ қауіпті індет саналғандықтан, КСРО билігі мәңгілік сапарға аттанған ақынның денесін туған жеріне әкетуге рұқсат бермейді. Биліктің көнбесін білген әкесі Әбіш пен ағасы Әбдуәли Қырымға барып, ақынның денесін Ялта қаласындағы ормандардың біріндегі зиратқа қазақы әдет-ғұрыппен жерлеп қайтады. Ақын Ы.Әбішев жерленген сол орманға орыстың атақты жазушысы Антон Чехов та жерленген екен. Ынтызардың бейіті жазушы Чеховтың зиратынан тура 10-20 метр қашықтықта орналасыпты. Жазушы да осы Ялта қаласына ауыр сырқатынан емделуге келіп, бақилық болған көрінеді.
Бүгінде Ынтызар ақынның сөзіне жазылған кейбір әндер көше әндеріне айналып, ал кейбірі халық әні болып аталып кеткені белгілі. Сондай шығармаларының бірі – ақынның сөзіне, досы, композитор О.Қадыровтың әніне жазылған «Ұқшы сырымды» әні. Бұл әнді кейіннен кейбір «ақынсымақтар» сөзін өзгертіп, «Шопыр әні» деп атап, көше әніне айналдырып жіберген. Сахна шымылдығы 52 жылдан кейін алғашқы рет өзінің түпнұсқасында орындалған осы «Ұқшы сырымды» әнімен жабылды.
«Ғұмырымда көп қиянат көрсем де,
Сенем, бірақ сеніп қарап ертеңге.
Ажалға да қиянатым жоқ еді,
Мен өмірді сүйе берем өлсем де!» – деп жырлап кеткен ақын Ынтызар Әбішевтің кітабын осы жарты ғасырдың ішінде біраз адамдар шығаруға талпыныпты. Десек те, оның жинағын шығару екі дос – Нұршайық пен
Нұрсұлтанның маңдайына жазылыпты.
Кеш біткен соң ауыл мешітінде ақын рухына Құран бағышталып, 300 адамға ас берілді. Артынан қонақтар ауыл іргесіндегі жүздеген жыл бойы Оғыз елінің астанасы болған Жанкент қалашығына аялдап, қайта қалпына келтірілген шаһар мен табылған жәдігерлерді тамашалады.
PS. 2023 жылдың 28 қыркүйек күні сағат 11:00-де Алматы қаласындағы ҚР Ұлттық кітапханасының Роза Бердіғалиева атындағы залында ақын Ынтызар Әбішев туралы «Жоғалған жыр» фильмі мен «Өмірде өлең ғана – бар асылым» кітабының тұсаукесері өтеді. Сыр елінің талантты да тағдырлы перзенттерінің бірі – Ынтызар Әбішев туралы фильм мен оның жыр жинағының тұсаукесер рәсіміне Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Мағира Қожахметова, танымал дәстүрлі әнші, белгілі композитор Сәуле Жанпейісова бастаған ақын-жазушылар мен зиялы қауым және бірқатар БАҚ өкілдері қатысады.
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
Қызылорда облысы
Қазалы ауданы,
Жанкент ауылы.