АЛТЫН БАЛАДАН – АЛЫП ЭПОПЕЯҒА
30.10.2023
537
0

Мұрат­тың дүниеге келуі Әуезовтің шығармашылы­ғындағы ең ұлы белес – «Абай жолы» эпопеясының алғашқы кітабының жарық көруімен тұспа-тұс келді.

 М.Әуезов қанша ұлы адам болса да, ол ең алдымен ет пен сүйектен жаралған жұмырбасты пенде еді. Ұрпағы еркек кіндікпен жалғасатын елдің өкілі ретінде алғашқы үш ұлы сәби кез­дерінде шетінегенде басқа түскен батпандай қасірет­ті қара нардай көтеріп алса да, шерлі жүрекке шемен байланды.
Данышпан Абайдың: «Көк тұман – алдыңдағы келер заман, үміт­ті сәуле етіп көз көп қадалған» дейтін кезеңге аяқ басқанда көкейдегі тұманы сейіліп, үзіле бастаған үміті жарқырай жанды. Мұрат­тың өмірге келуі беріштене бастаған шер-шеменді жібітіп, оның әкелік бар мейір-шапағаты дүние есігін ашқан кішкентай тіршілік иесіне ауады.
Фатиманың айы-күні жақындай бастаған 1942 жылдың қараша айында Мұхтар сырқат­танып қалады. Желтоқсанда ауруханадан шығып, Фрунзе арқылы Меркіге соғам деген жоспары да орындалмай, қаңтарға дейін төсекке таңылады. Фатимаға 1942 жылдың 4 желтоқсанында жазған хатында: «Операция дұрыс өтсе, өзім сапарға жүруге жарар болсам… қайтарда жолшыбай Меркіге соқпақпын. Осы жолға барып, сенің босанған халіңді көріп, баламды өз көзіммен көріп, біліп қайтсам деген қат­ты құмартып ойлаған ойым – осы», – деп перзентінің өмірге келуін асыға күтіп жүргенінен хабар береді.
Мұрат­тың дүниеге келгендігі туралы сүйінші хабарды ағасы Разақ жеткізіпті. Фатимаға 1943 жылдың 26 қаңтарында жазған хатында: «Аман-есен айық­қаныңа қуанышты болдым. Аты кім екенін әлі білмеймін. Кішкенеңнің өмірі ұзақ болсын. Тым құрыса, бір қысқа хат жазсаңшы», – деп мінезі бұртаңдау Фатимадан хат жазуын қиыла сұрайды.
«Шебер құдай» дегенді қазақ тегін айтпаған ғой, Мұрат анасының құрсағына біткен 1942 жылы ұлы жазушының ғұмыр бойы армандаған, 1937 жылғы «Татьяна­ның қырдағы әнінен» басталып, «Абай» трагедиясында жалғасқан, одан «Абай Құнанбаев» ат­ты іргелі монографияға ұласып, енді, міне, «Абай» ат­ты ғажайып романға айналған болашақ эпопеяның алғашқы кітабы қазақ қауымына жол тартып, алыстағы ауыл мен арпалысқан майдан даласына дейін шарлап кет­ті.
Жер-жаһанды соғыс өрті шарпып, адамзат атаулы жан алысып, жан берісіп жатқан шақта қазақтар ата салтына сай аруақ шақырып, бабалар рухына сыйынады. Халықты жеңіске жігерлендіретін қолбасшылар, батырлармен қатар, ұлт­тың ұлы ұстазы, кемеңгер Абайдың да аты аталады.
Қайғыдан қан жұтқан халықты серпілтіп, жеңіске жетелейтін күрескер «Абайдың» тезірек жарық көруіне сол кез­дегі билік те мүдделі болды. Ахмет, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбек сияқты Алаш ұранды ақын-жазушыларды былай қойғанда, Сәкен, Ілияс, Бейімбет бастаған қазақ кеңес әдебиеті классиктерінің аты-жөні мен шығармаларының атын атауға тыйым салынған кер заманда «бұлт болған айды ашқан, мұнар болған күнді ашқандай» жарқ ете қалған жаңа роман бүкіл қазақ қауымын дүр сілкіндіріп, қолдан түспейтін кітапқа айналды.
«Абайды» оқудан алған оқырман ләззатын көрнекті сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің 1943 жылғы жиналыста сөйлеген: «Абай» романын неше рет қайталап оқысам, сонша, әрдайым жаңа бір ой, жаңа бір көркемдік, бұрын байқамай келген тереңдік табам» деген сөзінен аңғаруға болады.
Қазақ қауымы жазушының «самородный сары алтындай» ойы қайшыға да, талқыға да түспей, саф күйінде жарыққа жеткен ғажайып романын жабыла мақтап, жағалай оқуға кіріскен кез­де шекесі торсықтай Мұрат­тың өмірге келуі қаламгердің шабытына шабыт қосып, Әуезов өндірте жазуға кіріседі.
Мұрат­тың жолы құт­ты болып, 1943 жылдың қарашасында Мұхаңның киелі шаңырағында тағы да іңгәлаған сәби үні естіліп, Ернар дүние есігін ашты. Бұл жазушыны одан әрі қанат­тандыра түсті. Әуезов «Абайдың» екінші кітабын жаза жүріп, замана талабымен «Намыс гвардиясы», «Қынаптан қылыш» және «Қарақыпшақ Қобыланды» пьесаларын, «Абай» операсының либрет­тосы мен «Абай әні» кинофильмінің сценарийін де сәтімен аяқтайды.
Фатиманың мұрағатында Мұхтардың қат-қабат оқиғалар мен қауырт шаруа­ларға толы 1943-44 жылдарда жазған үш хаты сақталған. Хат­тардың сирек тартуы бір жағынан көңілін көп алаңдатқан ұлы қаз тұрып, қадам басқан соң жазушының жаны жай тапқанын көрсетсе, екінші жағынан «Абайдың» бірінші кітабын орыс тіліне аудару, аудармашылармен, редакторлармен күнделікті жұмыс және романды Мәскеуде басып шығарудан туындаған машақаты мол тірлікпен де түсіндіруге болады.
Солардың бірінде: «Кішкентай Мұрат­тың саушылығы, өсуі қалай? Өзің анда-санда Мұрат жайын, өз күйіңді жазып тұр. Кейде аса қат­ты көргім келеді. Қызығыңды аз көргеніме өкініп те қоям. Жаңа жыл құт­ты болсын. Мұратайым жақсы өссін!» – деп жазады. Хат­тың датасы қойылмаса да, жаңа жылға мегзеуіне қарап, 1944 жылдың қаңтары деп шамалауға болады.
Қырық төртінші жылдың жазы деуге келетін келесі хат­та: «Мұратайға бір кішкене туфлиді Мәскеуден әкеп ем, аз үлкендеу ме, өлшеуін біле алмадым. Бірақ кеңірек болса, ешнәрсе етпес дедім, болмаса дәл туфлиге айырбастап аларсың», – деп бір жарым жасқа енді толып, аяғын апыл-тапыл басқан кішкентай сәбиіне шынашақтай ғана туфли алғанын айтып, жаны қалмай бәйек болады.
Мұхтар Әуезов «Абайды» орыс тіліне аударуға ерекше ден қояды. Ол Мәскеуде танылмай, Одақтық деңгейге шықпай «Абай» романының да, өзінің де тағдыры әлі бұлыңғырлау екенін жақсы түсінді. Біз жазушының жеке басынан өткен оқиғаларды оның шығармашылығындағы айтыс-тартыспен шендестіре қарастыру арқылы оның өмірінің қаншалықты мехнатқа, күреске толы болғандығын аңғарамыз.
«Абай» романының алғашқы кітабының қазақ тілінде басылуы сәтімен түссе де, оның орыс оқырмандарына жетуі оңай бола қойған жоқ.
Қазақ әдебиет­тану ғылымында «Абай жолы» эпопеясы 4 кітабының жазылуы, талқылануы, сынап-мінелуі, тіпті сыңаржақ сыншылар бастап берген бұл даудың соңы үлкен саяси науқанға айналып, ақыр соңында М.Әуезовтің бас сауғалап, Қазақ­станнан кетуі жайлы аз жазылған жоқ.
Солардың ішінде белгілі ғалымдар Р.Нұрғали, З.Қабдолов, С.Қирабаев, Қ.Мұхамедханов, Т.Жұртбай,
А.Ісімақова, Д.Қамзабекұлы еңбектерін ерекше атап өткен ләзім. Әсіресе профессор Т.Жұртбайдың мемлекет­тік қауіпсіздік комитетінің құпия мұрағат­тық материал­дары негізінде жазылған үш томдық «Ұраным – Алаш!..» ат­ты іргелі монографиясы бұл салаға қосылған сүбелі үлес болды.
Кеңес заманында «халықтар достығына», «әдебиет­тер байланыстарына», «ұлт жазушыларының ынтымағына» көлеңке түсіреді деген желеумен, ал шын мәнінде сұм заманның сұрқия шындықтарын ашатын бұл мұрағат­тардың құпия қорлары зерт­теушілерге мүлде жабық болды.
Қазақ әдебиет­танушыларының басым көпшілігі «Абай жолының» негізгі аудармашысы ретінде ленинградтық жазушы Леонид Соболевтің атын жиі ауызға алады. Бүгінде есімі Қазақ­станды былай қойғанда, Ресейдің өзінде ұмытыла бастаған, жазғандарының түгелге жуығы қазіргі орыс әдебиетінің жағасына жаңқадай лақтырылып тасталған бұл қай жазушы, қандай аудармашы? Әуелі осы сұраққа жауап іздеп көрелік.
Социалистік Еңбек Ері, Сталиндік сыйлықтың лауреаты, КСРО Жоғарғы кеңесінің бірнеше мәрте депутаты, әуелі Ленинград Жазушылар ұйымын басқарып, 1957-70 жылдарда Ресей Жазушылар одағының төрағасы сияқты лауазымды қызмет­терді атқарған, атақ-даңқынан ат үркетін Соболевтің бар оқып, тауысқаны – орта білім деңгейіндегі теңізшілерге арналған кадет корпусы екен. Оның «Ревелдегі Ленин» деген алғашқы очеркі Әуезов өзінің классикалық пьесалары, әңгіме-повестерімен еуропалық әдебиет биігіне көтеріліп үлгерген 1926 жылы ғана жарық көріпті.
Соболевтің өмір бойы жазып, замана саясатына қарай ылғи түзетулер енгізумен болған жалғыз романы – «Капиталь­ный ремонт» (шынын айт­қанда, сөз өнерін сыйлайтын аудандық газет журналисі де өз мақаласына мұндай ат қоя бермейді) 1932 жылы алғаш басылғанда бірден Сталиннің назарына ілігіп: «Пусть Соболев пишет, что хочет и когда хочет», – деген екен. Мұндай индульгенциядан кейін бетімен кеткен Соболев аяғын талтаңдай басып, ойына келгенінің бәрін істепті.
1934 жылы өткен КСРО жазушылары­ның тұңғыш съезінде оның тағы бір «жұлдызы жанып», ол Сталиннің құлағына майдай жаққан: «Партия и правительство дали советскому писателю решительно все. Они отняли у нас только одно – право плохо писать», – дейтін «тарихи» сөзін айтады.
Бүкіл Украина, Кавказ, Волга бойы мен Қазақ­станды голодомор – ашаршылық жайлап жатқан зұлмат заманда «бізге партия бәрін берді» деп сайрап тұрған жазушыны большевиктер партиясы атақ-марапатқа қарық қылып, топырлата төгіпті.
Әуезов Соболевпен түрме деген тар қапастан шыққанына екі-ақ жыл болған, алғашқы шығармалары «Еңлік – Кебек», «Қарагөз», «Хан Кене» пьесалары мен тарихи романы «Қилы заман» қат­ты сыналып, Ахмет Байтұрсынов бастаған ұстаздары абақтыда отырғанда, «Абай» журналын бірлесе шығарып, «Екеу» деген бүркеншік атпен бірге мақала жазған Жүсіпбек Аймауытов атылып кетіп, мойнына зіл батпан ауыртпалық түскен зобалаң заманда танысыпты. Қазақтың игі жақсыларының басынан бақ тайған кез­де Мұхтар Мәскеу мен Ленинградтағы қолы ұзын, ығы зор жазушылардан тая­ныш іздейді.
Тарихи съезден кейін Ілияс
Жансүгіров бастаған Қазақ­стан қаламгерлері революция бесігі – Ленинград жазушыларымен шығармашылық байланыс орнатып, біздің қаламгерлерді Б.Лавренев, Л.Соболев бастаған жазушылар сол кездің тілімен айт­қанда «шефтік қамқорлыққа» алады. Әрине, мұның соңы Соболевтің Қазақ­станға келіп, қонақжай қазақ жазушыларының көл-көсір дастарханы мен ыстық ықыласына бөгумен аяқталады.
М.Әуезов 1939 жылы автордың ғана емес, қазақ драматургиясының зор табысы ретінде танылған «Абай» трагедиясын аяқтайды. Жазушының Алматыдағы мұражайында шығарманың араб қарпімен жазылған үш түрлі нұсқасы сақталған. Әлбет­те, оның бірде-бірінде Соболев қаламының ізі де жоқ және болуы да мүмкін емес. Бірақ кеңес заманында жарық көрген М.Әуезов кітаптарының бәрінде және сол замандағы
театр афишаларында өмірінде орыс тілінде сыңар пьеса жазбаған Л.Соболевтің есімі менмұндалап тұр.
Трагедияны орыс тіліне де Мұхаңның өзі аударады. Оның да 1941, 1944, 1948 жылы жарияланған үш нұсқасы бар. Теңавтор құқығын иеленген
Соболев орыс көрерменіне түсініксіз деген желеумен ондағы қазақ өмірінің тұрмыс-салтынан туындайтын көріністерді сыпырып тастап, тіпті кейбір кейіпкерлерді «қысқартуға» дейін барады. Соболевтің сөлекет­теу кеңестерін амалсыздан қабылдаған Әуезов трагедияның үзінділерін 1940 жылы «Литературная газетада» екеуінің авторлығымен бастырып, келер 1941 жылы орыс тіліндегі толық нұсқасын жарыққа шығарады.
Әуезов проза және драматургиядағы қазақ эпосы мен фольклорынан тамыр тартатын жойдалы туындыларының түп негізін ғылыми тұрғыдан тереңдете зерт­теп, «Қазақ халқының эпосы мен фольклоры» деген орыс тілінде жазылған іргелі еңбегін 1939-40 жылдары Мәскеу­дегі «Литературный критик» журналында жариялайды. Қазақ халқының жар-жар, беташар, жоқтау, естірту, т.б. тұрмыс-салт жырлары, ертегілер мен аңыз әңгімелер, «Қобыланды», «Ер Тарғын», «Ер Сайын» сияқты батырлар жыры, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Айман – Шолпан» тәрізді ғашықтық жырлары терең талданған бұл зерт­теуді оның дәл қылышынан қан тамған сталиндік репрессияның ызғары басылмай тұрған 1939 жылы Қазақ­станда жариялай алмайтыны анық еді. Тіпті жарық көре қалған күннің өзінде онсыз да тағдыры қыл үстінде тұрған жазушының жағдайы тым қиындап кетуі әбден мүмкін болатын.
Алысты болжайтын кемеңгер өзінің бүгінгі және болашақ көркем шығармаларына өзек болған эпостық кейіпкерлерді қорғау үшін өмірде қазақ ауыз әдебиетін былай қойғанда, орыстың былина, сказание, скоморошиналарына қатысты қалам тартып көрмеген, бірақ Сталиннің еркетотай жазушысы Л.Соболевті қосалқы авторлыққа алады. Ол «мынау ыңғайсыздау ғой» дегенді мүлде жиып тастап, шиыра қол қояды. Мәскеудің беделді журналында басылып, орыс фольклористерінің үлкен бағасына ие болған бұл еңбек М.Әуезовті он шақты жыл бойына таптық принциптен басқа талғампаздық атаулыдан жұрдай, ұрда-жық сыннан қорғауға әжептәуір септігін тигізді.
Соғыс қарсаңы – 1940 жылы Мәскеу­де Абай шығармалары орыс тілінде жарық көреді. Әрине, мұның алғы сөзін де өзі орыс тілінде ең болмағанда пышақтың қырындай поэзия жинағын шығармаған, Абайдың бір өлеңін орыс тіліне аудармаған «қазақ эпосы мен фольклорының білгірі», әйгілі «Абай» трагедиясының тең дәрежедегі авторы Л.Соболев жазды. Бұл мақаланы жазуға кім «көмектескенін» айтудың өзі артық…
Жұртшылық жылы қабылдаған «Абайдың» алғашқы томы қара тақтаға жазылмай тұрғанда Әуезов оны тездетіп орыс оқырманына жеткізуге барын салады.
Анна мен Темірғали
Бұл кез­де Алматыға әуелі бекзат қыздарға арналған Александров институтын, 1924 жылы Ленинград университетін, кейін оның аспирантурасын тәмамдаған, француз әдебиеті классиктерін орыс тіліне еркін аударудан жақсы тәжірибе жинақтаған Анна Никольская дейтін Әуезовпен өмірінің соңына дейін достық, шығармашылық, отбасылық жақын қарым-қатынаста болған білімдар әдебиет­ші келеді.
Сахаров орталығының деректері бойынша Анна Борисовнаның әкесі Санкт-Петербург университетінің құқық профессоры Б.В.Никольский монархистік көзқарасы үшін 1919 жылдың өзінде атылып кеткен екен. Анна бұдан соң кіндік әкесі саналатын сол кез­дегі Ресей Федерациясының Сыртқы істер халық комиссары, атышулы революционер Г.В.Чичеринге жолығып, бұтаны қорғалаған торғайдай пана іздейді. Кейін КСРО Сыртқы істер министрі қызметіне дейін жоғарылаған қара жүректеу қайраткерден еш қайран болмапты.
Алматыға үш жылға жер аударылып келген Анна Никольская сол кез­де оқытушылары тапшы Қазақ педагогика университетінде доцент міндетін атқарып, француз тілінен сабақ береді. Зиялы, жан-жақты білімді, Европа, орыс әдебиетін жақсы білетін, француз, неміс тілдерін еркін меңгерген Анна қазақ фольклоры, әдебиетімен танысып, қазақ тілін үйренуге ықылас қояды.
Анна Никольская Әуезов туралы «Листки воспоминаний» ат­ты әдемі естелік қалдырыпты. Екеуі 1935 жылы Қазақ­стан Жазушылар одағында С.Сейфуллиннің төрағалығымен өткен қазақ эпостарын орыс тіліне аударуға арналған жиында танысыпты. Бейтаныс ортадағы өзіне тапсырылған жаңа міндетке Николь­ская қат­ты жүрексінген екен.
Ол Мұхаңды алғаш көрген сәті туралы: «Вошел очень яркий человек. Молодое, совсем не похожее на другие лица. Яркая улыбка. Яркий блеск боль­ших, немного на выкате темных глаз. …И опять улыбка – такая приветливая, такая сверкающая, что все мои колебания и сомнения по работе сразу находят опору: пришел доброжелатель, пришла помощь», – деп жазады.
Иә, Никольскаяны ішкі түйсігі алдамапты. Әуезов оған ұзақ жылдар бойы қол ұшын созған қайырымды жанға айналды. Осы кез­десуден кейін Николь­ская Мұхтар Әуезовпен тығыз шығармашылық байланыс орнатып, Мұхаңның ұсынысымен және кеңесшілігімен қазақ фольклорының інжу-маржаны «Қыз Жібекті» түпнұсқадағы бар бояуын сақтап, орыс тіліне аударады. Анна Мұхаңның үйінде жиі қонақта болып, өзімен жерлес Валентина
Николаевнамен жақын араласып, қызы Ләйлаға бауыр басып кетеді.
Албан көтерілісіне арналған «Қилы заман» авторының нұсқауымен 16-жылғы ұлт-азат­тық көтеріліске қатысушылардың өлең-жырларын аударып, «Революционные песни повстанцев-казахов ХІХ в.» ат­ты жинақ шығарады. Оның бұл еңбектері әлемдік деңгейдегі шығыстанушы, академик А.Самойлович бастаған ғалымдар тарапынан жоғары бағаға ие болады.
Репрессия дауылы сормаңдай
Аннаны тағы да есеңгіретіп, ол 1937 жылдың 10 желтоқсанында НКВД-нің Алматы облысы бойынша үштігінің шешімімен 10 жылға сот­талып, Сиблагқа айдалады. Денсаулығы әбден нашарлап, өлім халіне жақындаған А.Никольскаяны 1943 жылы лагерьден шығарып, Алматыға қайтарады. Ол өмірінің соңына дейін дертіне қуат, жанына шипа болған осы қалада тұрақтап қалды.
Әуезов Никольскаяны қазақ фоль­клорымен таныстыруды жұлдызды аспаннан бастаған. Бұл туралы Анна: «Я слушаю, как завороженная. Ауэзов – великолепный рассказчик. Казахское небо открывается для меня, я как будто читаю по звездам древние легенды народа. В своих рассказах он восхищается фантазией своих далеких предков», – деп тебірене жазады.
А.Никольская қазақ тарихы, мәдениеті мен ауыз әдебиетіне қатысты кемеңгердің айтуындағы мүшел қайтару мен жануарлардың жылды қарсы алуы туралы аңыз әңгімелердің үш бірдей нұсқасын жазып алыпты.
Дала данышпанына зор құрметпен қараған Анна Әуезовтің сөйлеу мәнерін де жадында сақтапты. Ол: «Его речь была всегда необыкновенно живой, точной и яркой, часто проникнутой своеобразным юмором, его наблюдения – интересными и характерными, метко обрисовывающими тот предмет, о котором шла речь», – деп жазады.
Мұхаң Аннаға қазақ эпосы мен әдебиеті жайлы мол мағлұмат беріп, біртіндеп болашақта атқаратын басты мақсат – «Абайды» аударуға дайындайды. Ұлы жазушы өз басының аңдуда жүргеніне қарамастан, НКВД органдарының талап етуі бойынша А.Никольскаяға келісті мінездеме жазып, мүбәрак қолын қойған.
Анна Мұхаңның аудармашылық машығы туралы да қызғылықты деректер қалдырған. Ол: «Мухтар Омарханович «наговаривает» мне подстрочник прямо с рукописи. В работе с ним я сразу в изобилии получаю то, чего так тщетно добивалась от составителей подстрочников: очень точный, продуманный материал с вариантами отдельных эпитетов, помогающими разобраться в от­тенках авторской мысли, с образным и интересным толкованием идиомов», – деп жазушының аудармашымен ынтымақты жұмысының қыр-сырын аша түседі.
Мұхаң «Абай жолын» жазуға ғана емес, аударуға да зор дайындықпен келген. Екі тілді еркін меңгерген және ұзақ жылдар бойы жоғары оқу орындарында лекция оқып дағдыланған Әуезов роман тәржімесінің кей тұстарын диктовка арқылы орысшаға аударып, соңынан редакторлық түзетулер енгізіп отырған. Ұқыпты, зейінді Анна ұлы романның аударылуы жайында да құнды жазбалар қалдырған. Никольская: «Скажу
только, что в работе над книгой особенно ярко сказались все творческие черты Мухтара Омархановича: его необычная сосредоточенность в труде, а также глубокая предварительная подготовка как материа­ла, так и его подачи в художественном слове, что давало автору возможность диктовать страницы романа прямо на машинку, а потом лишь слегка, по-редакторски, править их. Сокращал и дополнял он часто, органически вплетая новые страницы в ткань повествования так, что они никогда не воспринимались как позднейшие привнесения», – деп жазушының аудармашымен, мәтінмен жұмыс істеу ерекшеліктері жайлы мазмұн-мағынасы мол деректер келтіреді.
Тақырыптан ауытыңқырап,
А.Никольскаяның өмір деректерін қазбалап кетуіміздің бір себебі – ұлт әдебиетінің ұлы мұрасы саналатын «Абай жолы» эпопеясының орыс оқырмандарына жетуіне зор үлес қосқан, кейін Махамбет, И.Байзақов, Н.Байғанин, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Т.Ахтанов, т.б. шығармаларын орыс тіліне аударған, қазақ әдебиетінің шын мәніндегі жанашыр досы саналатын осы бір мұңлық жанның өмірі мен шығармашылығы, әсіресе «Абай жолы» эпопеясының алғашқы екі кітабын орыс тіліне аудару тәжірибесі арнайы, іргелі зерт­теуге сұранып-ақ тұрғанына жас ғалымдардың назарын аудару.
А.Б.Никольскаяның әкесіне, өзіне қатысты тергеу материалдарынан әлдеқашан құпиялық грифі алынып тасталған. Әсіресе оның өмірінің қазақ әдебиетінің тарихымен тығыз байланысты Алматы кезеңі өзінің зерделі зерт­теушісін күтуде. Мұндай жанға қол ұшын беруге біз де дайынбыз.
«Абай» романы республикада қазақ әдебиетінің зор табысы ретінде мойын­далып, бүкілхалықтық ықыласқа ие болған соң ол 1943 жылы Сталиндік сыйлыққа ұсынылады. Орыс тіліне аударылмаған шығарманы Мәскеу тарапынан қолдаушылар табылмай, роман сыйлықтан қағылады. Сапалы аударманың жоқтығынан алғашқы талабы сәтсіздікке ұшыраған Мұхтар бес жылдан астам сталиндік лагерьде азап шегіп, 1943 жылы ғана бостандыққа шыққан Анна Никольскаяның Алматыға оралуына ақ періштенің келуіндей қуанады.
Әуезов «Абайдың» орысшаға аударылуына зор жауапкершілікпен кіріседі. Романның жолма-жол аудармасын жасауды Ленинградта жоғары білім алған, орыс, қазақ тілдеріне бірдей ағып тұрған Темірғали Нұртазинге тапсырады. Мұхаң Темірғали інісімен Ленинградқа келіп-кетіп жүрген 1934 жылы танысыпты. Әуезов әр сапарында Ленинградтың драма және опера, балет театрларындағы жаңа қойылымдарды түгел қарап, осы саладағы жаңалықтардың бәрінен хабардар болып жүреді екен. Екеуі алғаш театрда ұшырасыпты. Кейін әңгімесі, пікірі жарасқан соң аға мен іні ұстаз бен шәкірт­тей араласып кеткен. Т.Нұртазин ұлы жазушымен қалай танысып, қандай қамқорлық көргені жайлы «Жадымдағылар» ат­ты келісті естелік қалдырыпты.
Темірғали ағамыз Мұхаң мен Қаныш Имантайұлының Ленинградта бір пәтерде тұрғанын, екеуінің әдебиет пен мәдениет қана емес, қазақтың арғы-бергі тарихының қатпарлы кезеңдері, тіпті сол уақыт­та енді ғана қалыптасып келе жатқан қазақ археологиясы жайлы да алуан түрлі пікір алысқанына куә болыпты. Екі достың әңгімесіне әбден риза болған Нұртазин: «Бірі жазушы, бірі геолог дейтін емес. Екеуі де археология­ның арнаулы мамандарындай сөйлейді», – деп таң-тамаша қалады.
Темірғали жазбаларында Әуезовтің драматургтік қасиетін жаңа бір қырынан ашып, бүгінгі жас қаламгерлерге үлгі-өнеге болатын тағылымды тұстар да жетерлік. Ол: «Кейде Мұхаң бір спектакль­ді бірнеше рет көріп жүрді. Таңдандым, білуге асықтым.
– Мен драматургпын ғой, білетін шығарсың, – деді Мұхтар Омарханұлы, – бақылау, көру, көңілмен талдау керек. Үйренер өнегесі мол, Ленинград театрларының…
Үзіліс кезінде Мұқаң сахнаның сыртына, я бас режиссердің кабинетіне кетіп қала береді. Пікір айтады, пікір алысады екен барған сайын. Кейде шат­танып, көңілі тасып келеді. Кейде театр адамдарымен таласып, өңі жабырқаңқы тартып қайтады», – деп жазады.
Мұхаңның шығармашылығын зерт­тегендер оның үздіксіз өсу үстінде болғандығына ерекше назар аударады. Ол жазғандарын үнемі жетілдіріп, толықтырып, ширатып отырған. Бұл тек оқумен ғана емес, осындай ізденіспен, көргенін көкейге тоқумен келген шеберлік болса керек.

Т.Нұртазин естеліктерінен әуезовтанушылардың назарынан үнемі қағаберістеу қалып келе жатқан тағы бір өмірдерек мағмұрланады.
Тіршілікте, әдебиет­те қаншама талас-тартысқа түссе де ұлт­тық мүдде жолында қазақ қаламгерлері шығармашылық ынтымақтастыққа барған. Соның бір белгісі ретінде Мұхтар Әуезов­тің Сәбит Мұқановпен бірігіп жазған «Ақан – Зайра» пьесасын айтуға болады. Бұл – қос классиктің көзі тірісінде де, бүгінгі заманда да ешқашан сахналанбаған туынды. Оның сыры Нұртазин естелігінде ашылады.
Мұхтар Әуезовтің елу томдық шығармалар жинағының 14-томында «Ақан – Зайраның» 4 нұсқасы жарияланған. Мұның алғашқысы – «Ақан – Зайра» пьесасы.
Әуезов мұрағатында бұл драманың жазушының өз қолтаңбасымен жазылған түпнұсқасы сақталған. Әуел баста екі қаламгер де өз бетінше, жеке дара еңбек еткен сияқты. Пьесаның үзінділері 1936 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланыпты. Туынды «ақындар, әншілер өмірінен алып жазылған, алты сурет­ті күйлі пьеса» деген авторлық тақырыпшамен берілген. Мұндағы «күйлі» сөзін «музыкалы» деп ұғынған жөн.
Елутомдықта «Ақан – Зайраның» алты сурет­ті, он жеті көріністі либрет­тосы да басылған. Оның мұрағат­тық түпнұсқасында шығарма авторлары Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқанов деп екеуінің есімдері қатар беріліпті.
Көптомдықта осы либрет­тоның Сәбит Мұқанов пен Мұхтар Әуезов авторлығымен (кітапта олардың есім-сойы осындай ретпен жазылған) «Дала дастаны» деген атпен төрт актілі, 6 көріністі орысша нұсқасы жарияланып, оның «Степные были» немесе «Песни степи» деген атаулары қосақтай көрсетілген.
Шығарманың төртінші нұсқасы көптомдықта «Ахан и Зейра» атауымен «либрет­то оперы в 6-ти картинах» деген жанрлық анықтамамен жарияланыпты.
Қазақтың ғажайып композиторы Ақан серінің өмірі мен оның әр қазақтың жүрегіне жол тапқан мол музыкалық мұрасына арналған пьеса мен либрет­тоны Мұхаң 1936 жылы жазған. Әуелі пьеса ретінде жоспарланған шығарманы кейін либрет­тоға айналдырып, соның негізінде опера жазуға әйгілі кеңес композиторы, атақты музыка зерт­теушісі, отызыншы жылдары «Париж жалыны», «Бақшасарай бұрқағы» ат­ты әйгілі балет­терімен даңқы алысқа кеткен Борис Асафьевтің өзін көндіреді.
Темірғали ағамыз М.Әуезов,
С.Мұқанов және Б.Асафьев сияқты үш алыптың шығармашылық одағы жайлы тамаша жазба қалдырып, онда қазақ әдебиеті мен музыкасы тарихында ең аз зерт­телген шығарманың дүниеге келуі жайлы аса құнды мағлұмат­тар береді.
Темірғали Нұртазин: «1936 жылдың январь, февраль айларында Мұхтар Омархан­ұлы Әуезов пен Сәбит Мұқанов Ленинградта «Европейская гостиницада» жат­ты. Екеуіне де жиі барып, әңгімелесіп жүрдім. Қазақстан көркемөнер басқармасы Ленинградтағы атақты композитор, академик Борис Владимирович Асафьевпен шарт жасасыпты. Композитор «Ақан мен Зайра» деген опера жазбақ», – деп жазады.
Ол теңавторлардың жұмыс істеу тәсілі, жаңа пьеса мен либрет­тоның жазылу тарихына қатысты өзі тікелей куәгер болған тиянақты деректерді алға тартып: «Жұмыстары әлденеше саты. Мұқаң «Ақан серіні» пьеса түрінде жасай бастаған екен. Сәкеңмен, Борис
Владимировичпен пікірлесе отыра, сол пьеса күйінде аяқтамақ. Сәкең пьесаны өлеңге айналдырып, қаламдастарымен кеңесе жүре, либрет­тоға икемдеуде. Ленинград­тың көрнекті ақыны
Всеволод Александрович Рождественский либрет­тоны өлеңмен орысшаға аударады. Әрқайсысы қадам сайын композитормен пікірлесіп отыруға тиіс», – деп шығармаға кімнің қалай үлес қосқанын нақтылап көрсетеді.
Кейін үлкен әдебиет зерт­теушісі, ғылым докторы, профессор деңгейіне көтерілген Темірғали Нұртазиннің естелігі әйгілі жазушылар шығармашылығына қатысты көпке белгісіз көптеген жайларға жарығын түсіреді.
Әуелгіде пьесаны Мұхтар Әуезов өзі жазып шыққан. Оны Сәбит Мұқанов өлеңге айналдырған. Либрет­тоға икемделген шығарманың жолма-жол орыс­ша аудармасын да Мұхаң жасап, оны көркемдеуге ақын В.Рождественскийді қосқан және олар әрбір шешімдерін болашақ операның авторы Борис Асафьев­пен ақылдасып, кеңесіп отырған. Нағыз шығармашылық одақ осылай болса керек…
Зор ықыласпен, үлкен ыждаһатпен, ең бастысы қазақ әдебиетінің қос классигіне інілік ізетпен жазылған Темірғали ағаның естелігін одан әрі тарата түссек: «Мұқаң мен Сәкеңе мен сабақтан кейін кештетіп барам. Олар ұзақ істейді. Түнді орталай, сарыла отырып істеу – ол кез­де салт. Түнгі он бірлер шамасында табалдырықтан ат­тай бере қаламның сырылын есітем. Мұқаң үшінші этажда, Сәкең төртіншіде. …Келесі күні Мұқаң мен Сәкеңе еріп Асафьевтікіне бардым. «Ақан сері» операсы сөз болды. Борис Владимирович либрет­тоны оқығандығын, «Ақан сері» образы жөнінде өзінің түсінігін айтып өт­ті.
– Бірақ «Ақан сері» операсын жасай алмауым ықтимал, – деді Борис Владимирович, – шығарма жазу үшін қалаған өмір ортасына жаныңмен, санаңмен, сезіміңмен араласып, сіңісіп кету керек. Менің қолымда Ақан туралы либрет­то мен жиналған мәлімет­тер ғана…
Мұқаң сабырмен сөйлеп, жағдайды кеңінен аңдат­ты. Ақан сері әрі ақын, әрі музыкант болған. Жұрт сүйген, әуеніне көпшілік құштар, халық композиторы. Композитор композитор жайында опера жазса, – жарасымды-ақ қой…», – депті.
М.Әуезовтің таңдауы Асафьевке тегін түспеген. Ол – шығыс халықтары музыкасына зор құрметпен қараған композитор. Татар тақырыбына арналған «Алтыншаш» операсын, Лермонтов өңдеген шығыс ертегісі бойынша «Ашық – Гериб» балетін және Пушкиннің «Құранға еліктеу» циклі негізінде тамаша романстарға дейін жазған.
Мұхаңның дәлелмен, дәйекпен айтылған бәтуалы сөзінен кейін Асафьев операға кірісуге уәде беріп, оны екі жыл қатарынан айналдырыпты. Өзі білмейтін тақырып, өзгеше музыкалық мәдениетке қатысты операға тереңдей алмай, бастаған жұмысын соңына жеткізе алмаған екен. Өкінішті-ақ…
Осы тұста мен Мұхаңның алысты болжайтын керемет көрегендігіне тағы да таң-тамаша қалдым. Бұл кез­де қазақ топырағында опера жанры енді ғана қалыптаса бастаған. Ленинград консерваториясын 1931 жылы тәмамдаған Е.Брусиловскийдің қазақ халық композиторлары шығармаларының негізінде 1934 жылы жазған «Қыз Жібек» пен Б.Майлин либрет­тосымен жасалған «Жалбырдан» басқа опера атаулы мүлде жоқ еді.
М.Әуезов «Ақан сері мен Зайраны» жазу арқылы, бір жағынан қазақ үшін операдай жаңа жанрды өркендетуді көздесе, екінші жағынан Ақан серідей әрбір әні европалық деңгейдегі композиторлардың шығармаларымен еркін шендесе алатын шандозды Асафьевтің операсы арқылы әлемдік музыка жұртшылығына кеңінен танытуды мақсат еткен. Егер оның бұл жоспары жүзеге аса қалғанда кейін КСРО Халық артисі, КСРО Ғылым академиясының академигі, КСРО Композиторлар одағының төрағасы болып, көптеген опералық және балет­тік шығармалары, классикалық музыкалық туындылары әлем сахналарын шарлап кеткен Б.Асафьевтің «Ақан мен Зайрасы» бүкіл Кеңес Одағы опералық театрлары репертуарларынан берік орын алып, қазақ мәдениетінің абыройын одан әрі арт­тыра түсер еді.
Т.Нұртазин да 1937 жылы ұсталып, төрт жыл абақты азабын тарт­ты. Түрмеден шыққан соң Мұхаңа жолығып, ақыл-кеңестерін алып тұрған. Ресей тарапындағы қазақи отбасында тәрбие­леніп, ана тілімен қатар, жастайынан орыс тілінде мектеп, жоғары оқу орнын бітірген Т.Нұртазин студент кезінен орыс және қазақ тілдерінде өлең, әңгіме, публицистикалық мақалалар мен әдеби сын еңбектерін жазып көзге түсе бастайды.
Түрмеде отырған жылдары шығармашылық еңбекке әбден сусаған
Т.Нұртазин мен А.Никольская «Абайды» аударуға қуана кіріседі. Әдет­те, бірнеше тілді меңгерген полиглот­тардың тілдің нәзік иірімдерін айрықша сезе білетін ерекше интуициясы болады. Ал өз ісіне
мұқият, асқан жауапкершілікпен қарайтын Темірғали мен Анна осындай жандардың қатарынан еді.
Аударма жұмысының ерекшеліктері жайлы А.Никольская: «Қызғану – завидовать и қызығу – проявлять интерес, восхищаться, …жорға, например, значит – иноходец, а также дипломат, человек обходительный, красноречивый и тонкий в разговоре, … слово «бауыр» означает «печень», а также «родственник», «сородич». Каждый такой случай приходится разрешать в отдельности, стараясь по мере возможности сохранять специфику оригинала», – деп әр сөздің мағынасына қалай бойлағанын тәптіштеп көрсетеді.
«Абай жолын» Сталиндік сыйлыққа ұсынуға сақадай-сай дайындықпен бару үшін 1944 жылдың 15 мамыр күні Алматыда ғылыми және шығармашылық қауымның кеңінен қатысуымен романның жан-жақты қоғамдық талқылауы өткізіледі. Бұл талқылаудың жай-жапсары туралы А.Никольскаяның естеліктері мен М.Әуезовтің 50 томдығында ештеңе айтылмаған. М.Әуезов мұражайы 2013 жылы «Неизвестное в наследии Мухтара Ауэзова» ат­ты жазушының өмірі мен шығармашылығына қатысты бұрын жарияланбаған еңбектердің бір парасын шығарды. Аталған жинақта осы талқылаудағы Анна Никольскаяның: «Книга носит название «Абай». А я бы сказала, что это больше, чем Абай: это подлинная эпопея, книга о Казахстане третьей четверти прошлого столетия. Эта книга… самого широкого познавательного значения, в которой найдет интереснейший материал и историк, и этнограф, и литературовед, и психолог», – деген көрегендік сөздері келтірілген («Неизвестное в наследии Мухтара Ауэзова». А., 2013, 355-бет).
«Көрегендік» дейтініміз, бұл кез­де романның бір ғана кітабы жарық көрген. Оның неше том болып жоспарланғанын автордан басқа ешкім білмейді. Ал Рабле, Флобер, Гюго, Стендаль, Бальзак, Золялардың ұлы романдарын түпнұсқа тілінде оқып, мөлдірете талдайтын Анна ханым «Абайдың» алғашқы кітабын аударып шыққан соң қазақ халқының ғаламат эпостарынан қуат алған эпопеяның лебін сезіп, зор әлеуетін бірден аңдаған.
Анна Никольская сияқты орыс аристо­кратиясынан шыққан, Императорлық Санкт-Петербург университетінің белді профессорының қызы, өзі Кеңес Одағы сияқты ұлы империяның ең беделді университетін аспирантурасымен қатар тауысқан білімді, білгір, тумысынан зиялы жанның роман табиғатын тамыршыдай тап басып берген бағасына Мұхаң да қат­ты риза болады. Ол өзінің
Никольскаяға жазған хатында: «Дорогая Анна Борисовна! Договорился с Сатпаевым о том, что по напечатании одного (самого лучшего) экземпляра будет представлен ему Вами с Вашим отзывом о романе (высказывание Ваше на обсуждении)», – деп жаза келіп, сол кез­де түсіріліп жатқан «Абай» кинофильмінің сценарийіне қосылған Көкбайдың өлеңдері мен ертекші Баймағамбетке қатысты тұстарын тездетіп аударып, режиссер Е.Е.Аронға тапсыруды өтінеді.
Көп ұзамай Мәскеуге Сталиндік сыйлық беру жөніндегі комитетке ҚазКСР Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы Нұртас Оңдасыновтың атынан ұсыныс хат, Т.Нұртазиннің жолма-жол тәржімесі негізінде А.Никольская жасаған романның көркем аудармасы, КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалының басшысы Қ.Сәтбаев пен Қазақстан Жазушылар одағы атынан Ғ.Мүсірепов­тің қолы қойылған қорытынды пікірлері қоса жіберіледі.
Сталиндік сыйлық беру жөніндегі комиссияның 1945 жылдың 20 наурызында өткен отырысында келіскен көркем аудармасы, республика басшылығының ұсынысы, ғылыми және шығармашылық қауымдастықтың жоғары пікірі болғанына қарамастан «Абайдың» жолы екінші мәрте кесіледі. М.Әуезовке А.Фадеевтің өзі қарсы шығып: «Первый том сюжетно как обрезанные провода. Сюжетная линия пропадает. Сам Абай не стал Абаем, ему 25 лет, он еще не начал творить. Ауэзов человек нестарый, пусть поработает», – деп кісімсіне ақыл айтып, кекірт қорытынды жасайды.
Александр Фадеев – кеңес заманында асыра дәріптелген жазушы. Ол Әуезовтей алыпқа жоғарыдан төмен астамсына пікір айтып тұрған кез­де саяси конъюнктура мен газет­тік жалған ақпаратқа құрылған «Жас гвардия» романын әлі жариялай қоймаған, КСРО Жазушылар одағы көп хатшыларының бірі еді.
Фадеев кейін Әуезов жөніндегі пікірін өзгертіп, ол қудаланған 50-жылдары қолдау да көрсеткен. Оған орыс жазушысымен ұзақ уақыт сырлас дос болған, «Абай» романын өте жоғары бағалаған ­Ю.Либединский әсер еткен болуы мүмкін. Өйткені Ю.Либединский 1951 жылдың 13 желтоқсанында «Абай» романы туралы «Литературная газетаға» «Путь великого просветителя» ат­ты көлемді мақала жазып, көтеріңкі баға берген.
Романды Сталиндік сыйлық комиссиясында талқылау барысында оның орысша аудармасынан кінәрат тапқандар болған. Сол себепті Әуезов «Абай» трагедиясының «телавторы», Сталиннің еркесі – Л.Соболевті тауып, оған романның орыс тіліндегі басылымының жалпы редакциясын басқаруды ұсынады.
Осы тұста мына бір мәселенің басын ашып алғымыз келеді. «Абайдың» бірінші кітабын автордың қатысуымен
Т.Нұртазиннің жолма-жол аудармасы арқылы жеке-дара тәржімелеген – Анна Никольская. Романға сіңірген еңбегін жоғары бағалаған Мұхтар Омарханұлы сол кез­де толтырылған құжат­тарда үнемі оның есімін көркем аударма жасаған жалғыз тәржімеші ретінде анық көрсетіп отырған.
Мәскеуде өткен екі бірдей талқылау барысында романның авторы да, екі бірдей аудармашысы да «халық жауы» ретінде айыпталып, түрмеде отырғаны, айдауда болғандары жайлы арыз-құрыздар комиссия мүшелеріне Қазақстан жағынан қардай бораған. Сол себепті
Мұхаң болашақта осындай арызқойлардан қорғану үшін Мәскеу мен Ленинградтың емен есіктерін еркін ашатын Л.Соболевтің есімін амалсыздан «редакциясын басқарған» деп қоқита көрсетуге мәжбүр болады.

Соболевтің сорақылықтары

Қазақстандық әдебиетшілер Л.Соболев­тің «Абайды» аударуға сіңірген еңбегін әлі күнге дейін асыра бағалаумен келеді. Әуезовпен жазысқан хат­тарына қарап, Соболевтің ішкі мәдениеті төмен, өзін тым жоғары ұстайтын, сөз саптауы мен сөздік қоры жұтаң, дандайсыған, ақшақұмарлау адам екенін байқаймыз. Оның Сталинге еліктейтіні соншалық, суретке түскенде үнемі қолына темекі трубкасын ұстап, теңіз офицері формасымен түсуді қалайтын.
М.Әуезовтің соңғы 50-томдығында оның қазақ жазушысымен жазысқан 6 хаты берілген. Ол хат­тарда өзінен бір жас үлкен әріптесін «Мухтарушка» деп кішірейте сөйлейді. Қазақ эпосынан ғылыми еңбек «жазған», ұлт ұстазына арналған «Абайдай» трагедияның «тең авторы» жасы үлкен шығыс адамына бұлай сөйлемесе керек еді.
Л.Соболев білім жағынан өзінен әлдеқайда биік тұрған, евро-атлантика әдебиеті айдынында еркін жүзетін, ағылшын, француз, неміс тілдерін меңгерген Анна Никольскаяны үнемі кемсітіп, оның аудармасы туралы: «только из любви к тебе и к Абаю я закончил эту бессмысленную и вредную работу очищать перевод от Никольской», «пробовал облегчить работу и править Никольскую по ее экземпляру, получилась форменная чепуха, настолько сделан был ею текст», «перелистал рукопись – и пришел в ужас», «крайне дурной ее литературный вкус и непростительная небрежность», «она совершенно не понимает смысла того, что «переводит», «чистить этот текст было мукой», – деген үнемі қырсық, қыңыр, теріс-қағыс пікір айтады. Соңында: «избавь меня от Никольской», – деген өктем талапқа дейін қояды. Әрине, ер азаматқа, оның үстіне жазушыға мұндай қылық жараспаса керек.
Бірінші томды «аударғанда» «мені
Никольскаядан құтқара гөр» деп жалынғандай болған Соболев екінші томға келгенде басқа шауып, төске өрлеп: «В первом томе я слиберальничал. Теперь я дурака валять не буду. Хватит. На втором томе я ставлю на титуле: «Перевод Л.Соболева по подстрочнику А.Никольской», – деп автордың рұқсаты, келісімінсіз сормаңдай Никольскаяның аудармасын подстрочник деңгейіне дейін түсіріп, Нұртазинді тізімнен мүлде шығарып тастаған қоқан-лоқыға дейін барады. Әрине, Мұхтар Әуезов оның мұндай ұрда-жық ұсыныстарын қабылдаудан бас тартады.
Өз хатының тілімен айт­қанда «бүрге қағумен» (ловлю блох) ғана айналысқан Соболев өз мүддесіне келгенде ылғи киіп-жарып, қорбаңдап алға шығумен болған. Титул бетінде А.Никольская, Т.Нұртазин деген қос аудармашыдан кейін редакциясын басқарған Леонид Соболевтей сабаздың есімі тұрған романның алғашқы бөлігі 1945 жылы Мәскеудің беделді әдеби журналдарының бірі – «Знамяның» 7-8-нөмірлерінде жарық көреді.
Сол 1945 жылы роман тура осындай фамилиялар тізбегімен «Советский писатель» баспасынан М.Әуезовтің өзі мақұлдаған нұқыл нұсқада басылып шығады. Абай мен Әуезовтің өз тағдыры сияқты ұлы романның орыс оқырманына жету жолы да күрес пен тартысқа, машақатқа толы болды.
«Абайдың» алғашқы екі томы жеке-жеке жарық көргенде аудармашылар ретінде Нұртазин мен Никольская көрсетілсе, романның екі томы 1949 жылы Мәскеуде қайыра басылғанда олардың есімдері алынып, титул бетінде «авторизованный перевод под редакцией
Л.Соболева» деген сөйлем ғана қалады.
Біздіңше бұған Әуезовтің үстінен Мәскеу баспаларына қардай бораған «жазушының өзі де, екі бірдей аудармашысы да – халық жауы» деген арыздармен қатар, үнемі Никольскаяның еңбегін жоққа шығаруға тырысқан Л. Соболев те үлес қосқан сияқты.
Ол Әуезовке әр жылдары жазған хат­тарында Никольскаяны үнемі жерден алып, жерге салуын жалғастыра берді. Мәселен, 1948 жылдың 20 қаңтарындағы хат­та кінәнің бір ұшын Әуезовтің өзіне аударып: «Доля вины ложится на тебя. Мне удивительно, с какой легкостью ты отнесся к ее работе. Ведь ты знаешь русский язык превосходно, и стилистические неясности не могли не кинуться тебе в глаза», – деп жазады.
Хат соңында озық дейтін мәдениет­тің өкілі саналатын атағы дардай жазушы ұсынысы қабылданбаса: «свою работу я готов похерить» деген жазушыдан гөрі орыстың дөкір мұжығының аузынан шығатын бейәдеп сөздерге дейін барады.
Соболев қаламақы санауға келгенде майлы қасықтай жылпылдайды. Романның әр бетін шотқа қағып, ақшаны айлакер есепшідей санайды. Тіпті қолжазбаны басуға кеткен қағазды да қат­тап: «бумага: часть купил ты, часть я. Кроме того пришлось купить в Литфонде 4 кило и копирку, 80 + 40 = 120 р.», – деп осындай ұсақ-түйектердің есеп-қисабын шығаруға дейін ұмытпайды.Әрине, ынсапсыз аудармашының бар «шығынын» Мұхаң артығымен өтеген.
Соболев қаламақыға байланысты жасалатын шарт­тан да дау-дамай шығарады. Ол келесі бір хатында: «Этот договор я в ярости порвал, бросил на стол и попросил отдать мне обратно рукопись», – деп мінезінің кекірт­тігін «мақтанышпен» көрсетеді.
Соболев Мұхаңа аудармашы ғана емес, Мәскеудегі кез келген кабинет­тің есігін теуіп кіретін әдеби генерал ретінде керек болды. Сондықтан Никольскаяның көркем аудармасын подстрочникке дейін төмендетпеу үшін амалсыздан: «Предлагаю титул второй книги – авторизованный перевод с казахского под редакцией Соболева» деген нұсқа ұсынады. Осылайша жеке-дара аудармашы болғысы келген Соболевтің аптығын әрең басып, оның атқарған жұмысын «редакциясын басқарған» деңгейіне түсіреді.
Мұхаң Соболевтің «аудармаларын» сол күйінде қабылдай бермеген. Кей жағдайда тіл білімі саласындағы беделді ғалымдардың пікіріне жүгінген.
Түркі халықтары қос тілді сөздіктерінің ішінде әлі күнге дейін үздіктердің бірі саналатын «Қырғызша-орысша сөздіктің» авторы, академик К.К. Юдахинге екінші томның Соболев редакциялаған нұсқасын жолдап, оның ғылыми құнды, көкейге қонымды пікірін алған. Леонид кеудемсоқтыққа салынып, бауырсақты «пирожки» деп аударып жіберген. Әуезов бұл туралы Юдахин пікіріне сілтеме жасай отырып: «Баурсаки – шарики из теста, жареные в масле. А за «пирожки» меня подняли на смех в Киргизии», – деп жазады.
Медресе туралы сол баяғы панисламизм деген айып тағылмауы үшін: «медресе – духовная школа, нужно зачеркнуть «при мечети», – деп қауіптің алдын алады.
Әуезов «Абай жолын» жазуға қапысыз дайындықпен келген. Ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығын тыңғылықты зерт­тегеннен кейін болашақ эпопея­ның жоспарын құрған. Әр кітаптың тарауларын шиыршық атып, ширығып тұрған атаулармен белгілеген. Бірінші кітапта жазушы Абайды «Қайт­қанда», «Қат-қабат­та», «Жолда», «Шытырманда», «Бел-белесте», «Өрде», «Қияда» асуларынан асырып, ұлы жолға қарай бастайды. Әр тарау оқырманға алда болар оқиғадан хабар беріп, жетелеп отырады. Құнанбай­дың қажылық сапарынан басталатын екінші кітап «Тайғақта», «Жайлауда», «Еңісте», «Оқапта», «Асуда», «Тарауда», «Биікте» деген үйлесімді тараулармен жалғасады. Осындай бір-бірімен іштей астасып тұрған атаулар үшінші кітапта күрт өзгеріске ұшырайды. Онда алдыңғы кітаптармен әдемі үндесетін «Кек жолында», «Өкініште», «Қақтығыста», «Қоршаудамен» қатар, оңаша тұрған «Абай аға» және «Қарашығын» деген біріншісі өте көп өзгеріске түскен, екіншісі мүлде жаңадан қосылған екі тарау бар. Әрине, Әуезовтей сөз зергерінің бұлардың атауын да өзгелермен жымдастырып жіберуіне әбден мүмкіндігі бар еді, бірақ үлкен дау-дамайдан кейін амалсыз, шарасыздықтан қосылған, көзге түскен сүйелдей болған «Қарашығынды» аулақтап, кейінгі зерт­теушілерге ишара ретінде әдейі қалдырған сияқты.
Әуезов романындағы тарау атауларының әуезділігін қан майданда, оқ пен өрт­тің ортасында жүрсе де қиядағыны шалып, қияндағыны көретін қырағы қолбасшы Бауыржан Момышұлы байқап, 1942 жылдың 18 қазанында: «Әзір «Абайды» ашып, парақтап отырып, ең аяғында «мазмұны» деген бет­ті оқып отырып, біраз кейін шолып қарасам: «Қайт­қанда», «Қат-қабат­та», «Жолда», «Шытырманда», «Бел-белесте», «Өрде», «Қияда» деген ат­тар тек жазушының қоя салған аты емес көрінеді-ау… Оларда мән бар екен…», – деп айрықша назар аударады М.Әуезовке жазған хатында (М.О.Әуезовтің өмірі мен шығармашылық шежіресі, А., 1997, 241-бет).
Өкінішке қарай, Әуезовтің кейінгі елу томдығында Соболев хат­тарына тұтас бөлім арналып, ал Бауыржан Момышұлымен жазысқан бірде-бір хат­тың берілмеу себебін біз түсіне алмадық. Кейінгі басылымдарда замана шындығын бейнелейтін Әуезов хат-хабарларына тағы бір қосымша том арнауға әбден болады деп санаймыз.
Әрине, осындай тереңнен ойластырылған атаулардың зор мәнісін Соболев мүлде түсінбеген. Ол Әуезовке жазған хатында бетің бар, жүзің бар демей ожарлыққа салынып: «Название глав не устраивает никого – ни меня, ни издательства, ни журнал. В них нет подтекста, нет системы», – деп дөйдалаға кетеді. Қисынға мүлде келмейтін ұсыныстар жасап, хат соңында: «иначе я своей властью оставлю в книге – глава первая, глава вторая… что я пока сделал впредь до получения от тебя новых названий», – деп басынуға дейін барады.
Мұхаң «қиыннан қиыстырып» қойған тарау атауларын Соболевтің қидалауына бермеген. Қайыра жазған жауабында: «Расхождения с казахским изданием в названиях глав – мне казались самыми нежелательными. Это первое, на что обратит внимание любой читатель – казах, и будет в предубеждении везде выискивать несоот­ветствия. Поэтому в казахском тексте каждое название дано в одной падежной форме. Но ты буквально бастуешь, чувствую, что трудно примириться тебе, и очевидно, некоторые названия действительно не переводимы в одном же слове», – деп аудармашыны сабасына түсіріп, тараулардың орысша атауларын: «Вброд», «На жайляу» или «На летовке», «По взгорьям» или «На взгорье», «По ухабам», «На перевале», «На распутье», «На вершине» деп ұсынып, оны: «В этом варианте название есть и подтекст, главное – единство, связь с первой книгой, так что, пожалуйста, теперь уже исходи из этого круга», – деп өз кітабы үшін кесапат­ты аудармашыға өзі қиыла өтініш жасайды.

Мұхтар Әуезов пен ұлы Мұрат

«Абайдың» бірінші томының жолға оңғарыла бастаған 1945 жылдың қаңтарында Мұхаң Фатимаға хат жазып: «Бір хат, бір открытка екеуін де алдым. Амандықтарыңа қуаныштымын. Мұрат туралы жазғандарыңның бәрі сондай қызық. Оқытушы алғаның үлкен ақыл болған. Үйретіп бастықтыра беріңдер. Өзінің мінезі, Болат екеуінің арасындағы аға, жақсы бала болғалы тұрғаны мені қатты қуантады. Мұрат туралы осылайша жақсы қып, жиі жазып тұр. Мұратайға көп сәлем», – деп аяғын апыл-тапыл басып жүрген кішкентай ұлға әкелік мейірін төгеді.
Бұл хаттан бірнеше жайтты аңғаруға болады. Мұратқа екі жастан бастап-ақ арнайы оқытушы жалдаған. Тілінің қазақша шығып, қазақша бастығуын оқытушы арқылы орнықтыра түсуді қалаған.
«Абайды» тездетіп орыс оқырманына жеткізудің дау-дамайы мен айтыс-тартысы өзін әбден қажытса да, Фатимаға хат жазуға әрдайым уақыт тап­қан. Өкінішке қарай, сол хаттардың бәрі бірдей бізге жетпеген сыңайлы. Соңғы хаттың аяқ жағында: «Мен саған үлкен хат жазғам. Екі хат жазып ем, қайда жүргенін білмеймін. Біреу мектептеріңде алып, директорға да, саған да бермей жүрсе, барып тұрған сүмелек иттің өзі екен», – деп ренішін білдіреді.
Әуезов пен Фатима арасында жазысқан хаттарда ұдайы көтерілетін тағы бір тұрақты тақырып бар. Ол – ақша, қаржы-қаражат мәселесі. Алысқа бармай-ақ кейінгі үш хатқа назар аударсақ жеткілікті.
Мұның алғашқысында: «Ақшаны да үш айдыкін бір-ақ жіберіп отырмын. Бұным дұрыс болмады. Ай сайын жібер дегенің дұрыс, енді кешіктірмей жіберемін. Әзірге 1500 сом жібердім. Бұл октябрь, ноябрь, декабрь үшін», – деп жазса, екіншісінде: «Не ғаламат екенін білмеймін, не жіберген ақшамды алмайсың, не телеграмым бармайды. Менің жібермеген айларым – тек март, апрель, май үшеуі. Оның алдыңғы екі переводым бармаған соң, амалсыз іркіп, қатынасушыдан жіберем деп жүруші ем. Қазір мына Әбжанов деген опера артисінен 1500 сом март, апрель, май айларының ақшасын жіберіп отырмын. Бұрынғы айлардың бәрінің жіберілген квитанциясы бар», – деп бас бухгалтердің алдындағы қызметкердей есеп береді.
Соңғы хатта да ақша мәселесі көтеріледі: «Бүгін үш мың сом жібердім. Бұл 20-ның есебіне. Аз күнде февральдың 2 мыңын жіберемін. Март ішінде 20-ның есебіне тағы жіберем. Оны бөлек санап, сақтай бер. Бірақ майға түгендемесем, өкпелеме. Өйткені май дегеніміз үй алсаң, Фрунзеге барсаң деген мөлшермен айтылған-ды», – деп жазады.
Бұл хаттарда жазылған жайлардан екі жақтың бір-біріне деген өкпе-назын түсінуге болады. Фатиманың отбасында тек анасының ғана қолына қарап отырған шиеттей алты бала бар. Мұғалім ретінде табатын жалақысының мөлшері де белгілі. Сондықтан Фатима Мұраттың әкесінен келген қаражат есебінен ғана күн көріп, бала-шағасын асыраған. Ақшасы құрғыр кешіккен жағдайда бар ашуын хатқа төгіп, Мұхаңның ап­шысын қуырып жіберетін кез­дері де аз болмаған сияқты.
Әуезовті де түсінуге болады. Ол соғыс кезінде қағаздан бас алмай жұмыс істеген. Ер-азамат майданда жүргенде, білек сыбанып, еңбек, шығармашылық майданына шыққан. Қаламгер бірнеше пьеса, либретто, киносценарий, публицистикалық мақалаларға, «Абайдың» бірінші томын тездетіп орысшаға аударуға және алып эпопеяның екінші томын сәтімен жалғастыруға барын салған. Осының бәрін бір жағынан таршылық, тап­шылық жайлаған соғыс жағдайында, екіншіден жоқ жерден айтыс-қырқыс, талас-тартыс ұйымдастыруға бейіл ой-өрісі тар, надан кеуде жандардың аяқтан шалған арамзалығымен күресе жүріп атқарған.
Ол заманда да, бүгінгі жұрт та Әуезовті ақшасы көп, қаржы-қаражатын қайда қоярын білмеген аса бай адам деп ойлаған. Әуезовтің мол дәулетке кенеліп, алаңсыз өмір сүрген кезеңі өмірінің соңғы 4-5 жылы ғана.
Әсіресе соғыс жылдары бүкіл елмен бірге Мұхтар да мұқтаждықты көп көрген. Жолма-жол тәржімашыға, көркем аудармашыға, машинисткаға, жүргізушіге, күтушіге, толып жатқан ағайын-туыстарға, қуғынға ұшыраған үзеңгі достардың отбасына, қолы қысқа шәкірттерге – бәріне Мұхаң береген қолымен көмек көрсеткен. Оның соғыс жылдарындағы хаттарында шығармаларын жазатын, оны мәшіңкеге басатын қағаз сұрап, құзырлы органдарға жазған өтініштері де аз емес. Осыншама қат-қабат шаруалардың бел ортасында жүріп, Фатима мен кішкентай Мұратайына ұдайы хат жазып, асқан ұқыптылықпен ай сайын қомақты мөлшерде қаржы-қаражат жіберіп отырған.
Біреудің ақшасын санаған жақсы ғадет емес. Ұлы адамның өміріне, адами бейнесіне қатысты болғандықтан, бұл тақырыпқа аздап жарық түсіру керек. Соңғы хаттағы «үй алсаң» деген сөздің сыңайына қарағанда, жіберілген сома үй алуға еркін жететін болған. Ол заманда да, бүгін де Меркі сияқты тоғыз жолдың торабында орналасқан елдімекендегі баспана бағасы осал болмаған. Демек, жіберілген қаражат Фатима отбасының ел қатарлы өмір сүруіне жеткен.
Қырық бесінші жылы біздің кейіпкеріміз – сәби Мұрат екіден енді ғана асады. Бұл жастағы оқиғалар адамның есінде қалуы неғайбыл. Сондықтан біз қайтадан Мұхтар Әуезов өміріндегі жағдаяттарға ораламыз.
«Абайдың» алғашқы томы А.Николь­скаяның сапалы аудармасымен орыс тілінде жарық көрген соң әлемге әйгілі әдебиеттанушы, тілтанушы, шығыстанушы ғалым, кейін Оксфорд бастаған бірқатар шетелдік беделді университеттердің құрметті профессоры болған В.Жирмунскийдің көтеріңкі лепесті мақаласы «Звезда» журналында басылды.
Академик Жирмунский өз мақаласына: «Мухтар Ауэзов – крупнейший казахский писатель наших дней. Пьесы Ауэзова положили начало казахской драме… многие из них посвящены также историческому и легендарному прошлому казахского народа», – деп кеңінен көсіле бастап, «выдающийся писатель, литературовед и фольклорист Мухтар Ауэзов был избран недавно в состав действительных членов Академии наук», – деп оның ғылыми еңбегіне өте жоғары баға береді. Өзі әлемді аузына қаратқан ғұлама ғалымның Әуезовті «аса көрнекті жазушы, әдебиеттанушы, фольклорист» деп көтермелей атауы, оның жазушылығымен қатар ғалымдығын да құрметтеудің белгісі еді. Ары қарай жас Абайға арналған романды терең талдай келіп, Л.Толстойдың «Детство и отрочествосы», М.Горькийдің «Детствосымен» салыстыра келіп: «Роман Ауэзова вполне заслуживает быть названным в этой славной традиции», – деп оны орыс және кеңес әдебиетінің ең әйгілі классиктерімен бір қатарға қояды («Звезда», 1946 жыл, №9).
Беделді басылым – «Новый мирда» Л.Климовичтің мадақтау рецензиясы басылды. «Известияда» романның талап­шыл редакторы П.Скосыревтің жан-жақты мақаласы жарияланды. Мұның бәрінде романның алғашқы кітабы қазақ әдебиетінің ғана емес, алуан тілді кеңес әдебиетінің зор табысы ретінде бағаланды. Шындығында солай еді.
Соғыстан кейін Сталин кеуделерін орден, медальдарға толтырып, халық арасында зор құрметке ие болған маршал Жуков бастаған жеңімпаз қолбасшыларды тұқырта бастады. Жеңіс кеңес қоғамында зор патриоттық өрлеу туғызды. Одақтас республикаларда қаһармандықпен шайқасқан сарбаздарға соғыс кезінде рух берген өткен заманның ұлттық батырлары, даңқты қолбасшылар, ұлт-азаттық қозғалыс жетекшілері ұлықтала бастады. Олардың басым көпшілігі патшалық Ресейдің отарлық езгісіне қарсы күрескен қаһармандар еді. Сталин мұның ұлтшылдыққа ұласуынан, одақтас республикалардың мемлекеттік дербестікке ұмтылуынан сескеніп, А.Жданов қолымен жасалған сұрқия жоспарына кіріседі.
Соғыстан кейін Ленинградтан Мәскеу­ге шақырылып, партияның идеология саласының тізгінін ұстаған Жданов көсемнің көзіне түсу үшін әдебиет пен мәдениет саласындағы «өрескел қателіктермен» күресті бастап жібереді. Әуелі 1946 жылдың 14 тамызында ВКП(б) Орталық Комитетінің «Звезда» және «Ленинград» журналдары туралы атышулы қаулысы қабылданып, Анна Ахматова, Михаил Зощенколар Жазушылар одағынан шығарылып, бұрынғыдай халық жауы демесе де, оларға партияның ресми құжаты саналатын қаулыда «пошляк», «подонок» сияқты түрме лексиконына жуық айыптар тағылды.
Қаулы алынған күннің ертеңінде Ленинградқа келген Жданов Смольныйда алдын ала Сталиннің мақұлдауынан өткен баяндамасын жасап, оның мәтіні ертеңінде «Правда» газетінде жарияланады. Сорлы Ахматова мен бейшара Зощенконы таламаған ит қалмады.
Әдетте мұндай қаулы «қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда» деген принциппен қабылданып, сол кез­дегі партиялық тәртіп бойынша ол ары қарай барлық республикалар мен облыстар деңгейінде талқыланып, тізбекті реакция бойынша жалғасын табуға тиіс еді және бұл ВКП(б) Орталық Комитетінің айрықша бақылауында болды.
Мәскеуден самал соқса, Қазақ­станда дауыл тұрғызатын республиканың партиялық функционерлері бірден білек сыбана іске кірісіп, 1947 жылдың 21 қаңтарында Қазақ­стан Компартиясының Орталық Комитеті «Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы өрескел саяси қателіктер туралы» қаулы қабылдайды. Онда ғылыми жұмыстарына М.Әуезов жетекшілік еткен, кеңесшілік жасаған, түрлі жинақтарға енгізген Ә.Мәметова, Б.Кенжебаев, Ә.Қоңыратбаев, Т.Нұртазин еңбектерімен қатар Е.Ысмайылов, Қ.Жұмалиев, Н.Сауранбаев, І.Кеңесбаев, М.Балақаев сияқты ғалымдар қатаң сынға алынады.
Қаулының ізін ала 1947 жылдың 13 ақпанында Алматы қаласының ғылым, әдебиет және көркемөнер қызметкерлері жиналысында Орталық Комитет хатшысы Ж.Шаяхметов баяндама жасап, ол партия қаулысында аталған ғалымдарды шығармаларынан үзінді келтіре сынап, оларға қоса Есмағамбет Ысмайылов, Қажым Жұмалиев еңбектеріндегі Шортанбай, Дулат, Шәңгерей Бөкеев, Ғұмар Қарашевтарға дейін ызғарын шашады. Тіл білімі саласындағы еңбектер де мінелді. Бұл қателіктерге айыпты адамдар ретінде Сәтбаев, Кеңесбаев, Сауранбаевтармен қатар Академияның ресми басшылығында болмаған Әуезовтің есімі аталады. Шаяхметовтің осы жиындағы баяндамасы «Идеология майданындағы қызметкерлердің айбынды міндеттері» деген атпен республикалық газет беттерінде жарияланып, кеңінен насихатталады.
Шаяхметов мақаласының өрескелдеу тұсы күні кеше ғана майдан даласында ерлік пен қаһармандықтың ғажайып үлгісін көрсетіп, қазақ халқы ғана емес, Кеңес Одағын мекендеген бүкіл түрік-мұсылман қыздары арасынан Кеңес Одағының батыры атағын алған Мәншүк Мәметованың анасы Әмина Мәметоваға қатты шүйлігуден басталып, оның «Қазақ билерінің шешендік сөздері» атты кандидаттық диссертациясына: «Осының салдарынан қазақ тарихындағы әйгілі ірі феодалдар, байлар, билер – қалың бұқараны қан қақсатқан Кеңгірбай, Қараменде, Шорман және басқалары халық даналары, қазақ халқының қамқорлары деп дәріптелген» деген айып тағылды. Мәншүктей батыр қыз тәрбиелеген аяулы жанға қызының қабірі суымай жатып мұндай ауыр сын айту ер-азаматқа, оның үстіне республика басшыларының біріне мүлде жараспайтын жат қылық, ерсі әрекет еді.

Бәйішевтің айыптары

Мәншүктің ата-анасы Ахмет пен Әмина, 1935 жыл

Партия қаулы алған жағдайда Орталық Комитет арнайы жоспар құрып, онда көтерілген мәселелерді талқылап, кінәлілерді айыптауға арналған дабыра мен даңғазаға толы науқан өткізуге міндетті. Бұл жолы да бәрі сол баяғы сыннан өткен сценарий бойынша жүргізілді. Бір ғана ерекшелігі, саяси аренаға тың күштер – жаңа есімдер шығарылды. Сондайлардың бірі – майдангер қызыл комиссар, сол кез­де Қазақ­стан Компартиясы Орталық Комитеті жанындағы Маркс – Энгельс – Ленин – Сталин институтының директоры Сақтаған Бәйішев болды.
Өз басым аға буын өкілдерінің жағасына жармаса беруді ұнатпайтындардың қатарындамын, бірақ бұл жолы ақиқаттан аттап кетуге болмаған соң қазақтың ұлы жазушысына ауыр айыптар тағылып, зор қудалауға ұшыратқан мақалаға арнайы тоқталуға мәжбүрміз.
Сақтаған Бәйішевтің «Профессор М.Әуезов өткендегі қателердің шырмауында» деген мақаласы «Социалистік Қазақ­стан» газетінің 1947 жылғы 14 наурыздағы санында басылды. Кейін үлкен ғалым: экономика ғылымының докторы, профессор, академик деңгейіне жеткен С.Бәйішев бұл кез­де кандидаттық диссертациясын қорғаудың қамында жүрген, ғылыми атақтан дәмесі ғана бар көп үміткерлердің бірі болатын.
Оған бұл мақаланы жазуға Орталық Комитеттегі көкелері кеңес бергені анық. Сөйте тұрса да отызыншы жылдары «Лениншіл жас» газетінде бас редактордың орынбасары деңгейінде қызмет атқарған, марксизм-ленинизм классиктері шығармаларын қазақ тіліне майын тамыза аударған Сақтағанның өзі де жазудан құралақан емес еді.
Екі бетке басылған мақаланың аттандаған тақырыбы айтып тұрғандай, ол түгелдей Әуезовті қаралауға құрылды. Автор сол заман үрдісімен әуелі партия қаулысының маңыздылығын ерекше атап өтуден бастап, «Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы орын алған сорақы саяси қателіктер мен бұрмалаушылықтар Қазақ ССР Ғылым Академиясының белді қызметкерлерінің бірі – профессор М.Әуезов жолдастың да басында, оның әдебиет жөніндегі ғылыми еңбектерінде бар», – деген Әуезовке арналған абзацтың өзінде оған «сорақы» қателер жіберген ғалым ретінде айып тағып, келесі сөйлемде сол «сорақы» деген сөлекет сөзге тағы да екпін түсіреді.
Автор санамалап отырып, жазушыға төрт бірдей айып тағады.
Алғашқысында: «бұрынғы қазақ буржуазияшыл ұлтшылдардың контрреволюциялық теорияларын әшкерелеу былай тұрсын, қайта сол теориялардың шырмауында қалып қойды, сол буржуазияшыл бұрмалаушылардың салған жолымен, басқан ізімен жүріп отырды», – деп сөгеді. Мұндағы ұлтшылдары Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов бастаған Алаш арыстары екендігі бесенеден белгілі.
Екінші айыбы: «М.Әуезов жолдас… таптық қоғамда жалпы адам баласына бірдей таптан тыс идеология болуы мүмкін емес деп көрсеткен марксизм-ленинизм ғылымы ережесін ұмытты».
Осы жолдарды жазып отырған Бәйішев енді 10 жылға жетер-жетпес уақыттан кейін өзі тәңірдей табынып отырған Сталиннің атына да зор айыптар тағылып, марксизмнің «ұлы теоретигінің» еңбектері түгелдей қайшыға түсіп, отқа жағылатынын білген жоқ.
Үшінші және төртінші айыптары да сол баяғы «реакциялық жолға», «идео­логиялық ауытқуға» түскен, «совет қоғамының рөлі мен маңызын елемеген» деген сияқты қисынсыз, келеңсіз, жадағай пікірлерге құрылған.
Бәйішев ары қарай М.Әуезовтің Ә.Ермековпен бірге 1930-32 жылдары НКВД түрмесінде отырып, босап шығарда амалдың жоқтығынан жазған мәлімдемесінен көлдей дәйексөз келтіріп: «Бұл – М.Әуезов жолдастың бұдан дәл 15 жыл бұрынғы берген уәдесі. Өмір шындығына сенсек, М.Әуезов жолдастың сөзі мен ісінің арасында жер мен көктей қайшылық бар», – деп жаптым жала, жақтым күйесін одан әрі үдете түседі.
Редакциясын Әуезов басқарған «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты ұжымдық кітапқа шүйлігіп: «Еңбекте қоғамдық өмірдің өзегі – материалдық өндірістегі қатынастар, ондағы адам қатынастары, тап күресі жоқ», – деп бір шаншып өтеді. Әдебиетке арналған еңбекте материалдық өндіріс тақырыбы қайдан болсын? Әрине, мұны Бәйішев біледі, біле тұра қасақана: «Мұның бәрі қазақ байлары мен феодалдарының сойылы астында ауыр еңбек сүрген еңбекшілерді көрмегендік екені өзінен өзі түсінікті», – деген тұрпайы тұжырым жасайды.
Ол Әуезовтің қаламынан шыққан еңбектердің қабырғасын бір-бірлеп сөгіп шыққан соң оның шәкірттеріне ауыз салады. М.Әуезов көп жылдар бойы көтермелеп өсірген ғалым Е.Ысмайыловтың «Әдебиет теориясы» туралы: «Смайлов бұл кітабында неміс мәдениетін мақтап, оны дүниежүзіндегі мәдениеттің шыңы дегенге дейін апарып, жуықтатып қояды. Неміс-фашист идеологиясының арғы атасы, нағыз барып тұрған реакционер Ницшені де дәріптеп, құлшылық көрсетеді», – деп ожар, өрескел сынға барады.
Бәйішевті тыңдар болсақ, неміс әдебиеті мен мәдениетінің ғана емес, әлемдік ақыл-ой алыптары саналатын арыда Гете мен Шиллерден, беріде Герхарт Гауптман, Томас Манн, Герман Гессе сияқты Нобель сыйлығының лауреаттарынан тек неміс болып туғаны үшін бас тартуымыз керек пе? Бәйішев «неміс-фашист идеологиясының атасы» деп сынап отырған Ф.Ницше өзінен кейінгі әлем әдебиеті мен философиялық ой-санасының дамуына зор әсер еткен Сартр, Камю бастаған жаңа заман жазушыларының қалыптасуына айрықша ықпал жасаған ақылы асқан кемеңгерлер қатарында болды. Сондықтан Мұхаңның шәкірті Ес-ағаң Ысмайылов сол заманның өзінде не жазса да, біліп жазған.
Марксшіл-лениншіл Бәйішев неміс философтарына тас лақтыра жүріп, өзі басқарып отырған институттың атын иемденіп, өзі мүше болып отырған партияның көсемі саналатын Лениннің анықтауы бойынша марксизмнің үш қайнарының бірі классикалық неміс философиясы екенін де естен шығарып алған. Автор бұдан кейін Ә.Тәжібаев, Ә.Қоңыратбаев, Ә.Мәметова сияқты әр жылдары М.Әуезов демеген, қолдаған жас қаламгерлерге қаһарын төгеді.
С.Бәйішев республика партия ұйы­мының хатшысы Жұмабай Шаяхметовтің сөлекет пікірін қайталап, онсыз да жаны жаралы Мәншүктің анасына сұғын қадап: «Тіл және әдебиет институтының екінші бір ғылыми қызметкері Ә.Мәметова жолдас «Қазақтың шешен билерінің сөздері» деген тақырыпта кандидаттық диссертация жазады. Мұның да толып жатқан өрескел, тарихи, саяси қателері болды, билердің, олардың сөздерінің әлеуметтік мәнін бүркеді, би атаулының бәрін дәріптеді, сөйтіп тарихқа көріне көзге қиянат жасады», – деп ауыр айып тағады. Өзі Мәншүкті пулеметшілер қатарына қабылдаған майдангер азаматтың мұндай әрекетке баруын қандай да бір сөздермен ақтап алудың өзі қиын.
Шаяхметов пен Бәйішевтің қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш әдебиеттанушы ғалым Әмина Сүлейменқызына осыншама шүйлігуінің тағы бір сыры оның жары Ахмет Мәметовтің Алашорданың белді қайраткері болғаны үшін 1938 жылы халық жауы деп атылып кеткендігі мен апамыздың текті тұқымнан – Әбілқайыр ханның ұрпағынан тарайтындығынан деп шамалауға болады. Өжет Мәншүк те ата-анасына тас кенедей жабысқан осы қарғыс таңбасынан біржолата құтылу үшін майданға өзі сұранып, кернеген кекті қанмен жуған.
Мұхаң Мәншүктің анасы Әминамен ғана емес, оның күйеуі, Алаштың көрнекті қайраткері, ақындығы Мағжандармен қатар шығып, төңкеріске дейін екі бірдей өлеңдер жинағын шығарып үлгерген Ахмет Мәметовпен өте жақсы таныс болған. Әуезов өзінің 1918 жылы жазған «Абайдан соңғы ақындар» атты мақаласында: «Сезімге әсер берерлік суретті өлеңдер көбінесе Мағжан, Міржақып, кейде Сұлтанмахмұт һәм Ахмет Мәметовтікі», – деп оны қазақ поэзиясының аса көрнекті өкілдерінің қатарына қосады.
Хас талантты жазбай танитын ақылман тарапынан осындай биік бағаға ие болған Ахмет Мәметовтің поэтикалық мұрасы әлі күнге дейін толық жинақталып, жүйелене қойған жоқ. Алаш ардағының шығармашылығын түгендеп, оны қазақ әдебиетінің төріндегі өзінің лайықты орнына қою – бүгінгі заман ғалымдарының парызы.
Мәншүктің ресми құжаттарында әкесінің есімі «Жиенғали» (азан шақырып қойған аты – Жеңсікәлі) деп көрсетіледі. Ол – Ахметтің ағасы. Мәншүкті алты жасында – 1928 жылы Ахмет пен Әмина асырап алған. Жиенғали ағамыз ашаршылық жылдары қайтыс болыпты. Сондықтан Әмина мен Ахмет Мәншүктің туған ата-анасындай болған. Мәншүк те оларды тек солай қабылдаған.
Мәншүктің ерлік пен қаһармандыққа толы өмірі кеңестік патрио­тизм тұрғысынынан кеңінен насихат­талды. Ал аяулы жанның шыққан тегі, қилы тағдыры, Алаш рухында алған тәлім-тәрбиесі жайлы шынайы ғұмырнамасын жазушы, филология ғылымының кандидаты Мақсат Тәж-Мұрат жазды. Болашақта Мәншүктің саяси конъюктурадан ада осы өмірбаяны басшылыққа алынғаны жөн.
С.Бәйішев ұзынсонар мақаласының соңында: «М.Әуезов жолдастың бұл ірі қателері біздің қазақ әдебиеті мен қазақ тілінің теориялық және тарихи мәселелерін шешуге елеулі нұқсан келтіріп отыр», – деп ғажайып сөз зергерін ғылым мен әдебиетке ғана емес, қазақ тіліне «елеулі нұқсан» келтірді деп күстаналайды.
С.Бәйішев Әуезовтің ғылым, білім, әдебиет пен тіл саласындағы «өрескел қателіктерін» санамалап шыққан соң, өз ұлтына ауыз салады. Ол ешбір артық-кемі жоқ: «Қазақ халқы тұтас ұлт болып тек Октябрь социалистік революциясынан кейін, совет өкіметі туы астында бірікті. Оған дейін қазақ халқында тіл тұтастығы, жер тұтастығы, экономикалық тұрмыс тұтастығы болған емес. Демек, қазақ халқы Октябрь революциясына дейін тұтас бір ұлт болып бірігуге үлгере алмады», – деген кез келген қазақтың жағасын ұстатып, есінен тандыратын қорытынды жасайды («Социалистік Қазақ­стан», 1947 жыл, 14 наурыз).
Сонда қалай қазақта тіл тұтастығы болмаса 15 ғасырдағы Қазтуған мен Доспамбеттің жырларын, одан кейінгі қызыл тілдің дүлділдері: Арқадағы – Бұхар жырау, теріскейдегі – Шал ақын, түстіктегі – Майлықожа, шығыстағы – Дулат, батыстағы – Махамбет, Жетісудағы – Бақтыбай, Маңғыстаудағы – Абыл, Сыр бойындағы Базар жырау жырларын бүгінгі мектеп оқушылары қалай түсініп жүр? Әрине, мұндай сұраққа Бәйішев жауап беруді өзіне міндет санамайды.
Сақтаған Бәйішевтің кесапат мақаласы жариялануынан тура жарты ғасырдан астам уақыт бұрын төңкеріске дейінгі ең үлкен орыс энциклопедиясы «Брок­гауз-Ефронда»: «Язык киргизов (казахов) сохранил свой первоначальный, чисто-тюркский характер. На всем обширном пространстве Киргизской степи язык киргиз-кайсаков не распадается на диалекты: на Волге и на Иртыше он один и тот же», – деп таза түркілік табиғатын сақтаған қазақ тілінің тұтастығына таң-тамаша қалады («Брокгауз-Ефрон», 1895 ж., 29-том, 105-бет).
Бәйішевке салсақ, қазақта жер тұтастығы да болмаған екен. Сонда біз революцияға дейін кімнің жерінде отырған­быз?
«Қазақта жер болмаған, мемлекет болмаған, қазақ тілі бүгінгі күннің қажетіне жарамайды» деген күні бүгінге дейін қыр соңымыздан қалмай келе жатқан жадағай, жалған тезистер осындай пікірлерден бастау алған. Өкінішке қарай, сол кез­дегі республиканың ең жоғарғы билеуші органы саналатын – Қазақ­стан Компартиясы Орталық Комитетінің бас институты тұжырымдаған осындай ұлтсыздануға бастайтын тезистер идеологиялық мекемелердің басшылыққа алған негізгі ұстанымы болды.
Әлі кандидаттық диссертациясын қорғап үлгермеген С.Бәйішевтің көпірме сөздері көбіктей жеңіл болғанымен, оның салмағы зіл батпандай ауыр еді. Мақалада М.Әуезовтің бүкіл шығармашылық еңбегі жоққа шығарылып, оған республиканың ғылымы мен мәдениеті, әдебиеті мен қазақ тілінің дамуына зиян келтіріп отырған қаскөй адам ретінде баға берілді.
Жалпы Әуезовтің өмірінде оның тағдыры қыл үстінде тұрған жағдай төрт рет орын алды.
Мұның алғашқысы 1930-32 жылдардағы абақтыға жабылумен басталып, өзін-өзі айыптап, классикалық шығармаларынан бас тартқан мәлімдеме жасаумен аяқталды.
Екінші рет 37-38 жылдардағы зобалаң кезінде талай мәрте тергеуге алынып, азапқа түсіп, өлім аузынан қайтады.
Бәйішев мақаласындағы саяси салмағы ауыр айыптар жазушыны үшінші рет жарқабақтың шетіне апарды. Өйткені оның соңында республикадағы бар биліктің тізгінін ұстаған – Орталық партия комитеті тұрды. Әуезов жанұшыра тығырықтан шығудың жолын іздейді.

Сұңғыла Әуезов Сақтағанның мұндай мақаланы Орталық Комитетпен ақылдаспай жазбағанын бірден байқайды. Өйткені дәл осы С.Бәйішев «Социалистік Қазақ­стан» газетінің редакторы болып тұрғанда ол Әуезовтің «Шекарада» деген пьесасын мақтап, оған тұтас бет арнаған. Дәл осы С.Бәйішев 1946 жылы Қазақ академиялық театрының 20 жылдығына арналған салтанат­ты жиында М.Әуезовтің «Қобыланды» пьесасына «қазақ драматургиясының шедеврі» деген баға берген. Бұрын тілеуқор болып келген жас ғалымның жыл өтпей жатып осыншама бұзылуының ар жағында республика партия ұйымының идеология жөніндегі хатшысы М.Әбдіхалықов тұрғанын талай тартысқа түскен Әуезов аңғармай қалған жоқ.
Әуезовтей одақтық деңгейде танылып, мақталып, дәріптеліп жүрген үлкен қаламгерге хатшы Әбдіхалықовтың та шамасы жетіңкіремейтін. Ол бұл науқанды Қазақ­станның сол кез­дегі бірінші басшысы, қайткен күнде Сталинге жағынып қалуды көздеген Жұмабай Шаяхметовтің тікелей тапсырмасымен жүзеге асырды.

Сталинге хат

С.Бәйішевтің Қазақ­стан Компартиясы Орталық Комитетінің ресми органында шыққан мақаласы өзіне ендігі жерде республика аумағында барар жер, басар тау қалмағанын көрсетіп, жазушыны біржолата тұйыққа тірейді. Шегінерге жер қалмаған М.Әуезов өмірінде тұңғыш рет «халықтар көсемі» Сталиннің өзіне хат жазуға отырады.
Хат: «Тяжелое обвинение, возведенное на мое имя на страницах казахской республиканской газеты «Социалистік Казахстан» от 14 марта с.г. в статье т. Баишева, – свело всю мою 30-летнюю педагогическую деятельность в вузах Казахстана к систематической, упорной, антисоветской сущности, – деп басталып, – обращаюсь к Вашему справедливому и высшему суду отца и друга советских писателей, советских ученых с просьбой помочь реабилитировать мою деятельность», – деп Сталиннен әділдік-теңдік сұрайды.
М.Әуезов бұдан ары қарай өзі жазған 20-дан астам пьесаның тең жартысы осы заманғы кеңес тақырыбына арналғанын, прозаик ретінде ондаған әңгіме, повестер жариялағанын, оның ішінде Абай туралы роман-трилогия (жазушы кітап жанрын осылай атаған) жазып жатқанын баса көрсетіп, кітап­қа: «имеющего своей основной идеей показ глубокого исторического влия­ния русской культуры на казахскую литературу в ХІХ веке», – деген сипат­тама береді.
Одан кейін аталған романның Мәскеуде, орыс тілінде басылып шығып, ғылыми және әдеби жұртшылықтың жоғары бағасына ие болғандығына тоқталып өтеді. Сталин жақсы білетін атақты кеңес драматургтері Афиногенов, Погодин, Тренев, Прут, Крон пьесаларын, әлемдік және орыс классикасынан Шекспир мен Гогольді аударғанын да атап көрсетеді.
Әуезов өзінің білім-білігінен де хабар беріп, Ленинград университетін бітіргені, профессор, академик екендігіне де көсемнің назарын аударады.
Сталиннің алдына хаты жете қалған жағдайда оған қосымша ретінде өзі туралы толық ақпарат­тың қоса тіркелетінін білгендіктен өткен кезеңде жіберген «қателіктерін» де ашық мойын­дап: «я имел крупные политические ошибки, заблуждения в прошлом, я одолел грубые ошибки своей молодости и в 1932 году, в заявлении на страницах казахской республиканской печати, осудил свои политические заблуждения и твердо встал на путь советского писателя, советского ученого», – деп оны да шегелеп өтеді.
Сталин «Орел Востока» деп көтермелеп отырған республика басшысы Ж.Шаяхметовтің әділ коммунист екенін айтуды ұмытпай, «он справедливо критикуя мои недостатки, также упомянул и о моей полезной для казахской советской литературы… и науки деятельности и объективно, правильно предъявлял мне требования общественности», – деп республика партия ұйымы басшысының өзіне қатысты пікірі негізінен дұрыс екеніне назар аударады. Әуезов мұны хаты Сталиннен қандай бұрыштамамен шықса да, бір данасы міндет­ті түрде Шаяхметовке келетінін білген соң көз қылып жазған.

Жұмабай Шаяхметов, 1943 жыл

Ары қарай С.Бәйішевтің хаты Орталық Комитет­тің үгіт-насихат жөніндегі хатшысы Әбдіхалықовтың тапсырмасы бойынша жазылғанын атап көрсетіп, оның идеологиялық жұмыстарда жіберген өз қателіктерінің бәрін партияда жоқ Әуезовке аударғысы келетінін зор қынжылыспен баяндайды.
Шындығында, егер М.Әуезов 30 жыл бойы кеңестік саясатқа қарсы күрес майданын ашып келсе, соның бәрін көріп-біліп отырған партия мен оның Орталық Комитеті «айға бата жасап отырған ба» деген заңды сұрақ туындайды.
Мұхтар Әуезов жан азабы мен күйзеліске толы хатында хатшы
Әбдіхалықовтың бес жыл бойы өзінің қыр соңына түсіп алғанын, әрбір шығармасы республика мен одақтық деңгейде жоғары бағаланған сайын өршелене қуғындауға көшкенін ашына жазады. Хат­тың соңында: «Зная и помня оказываемое вами заботливое внимание многим советским писателям в такие трудные случаи в их жизни, а также храня непоколебимую веру в то, что и в данном случае ваш справедливый суд поможет мне, казахскому писателю писать лучше, стать выше того уровня творческой деятельности», – деген сөздермен Сталиннің «әділ сотына» жүгінеді. М.Әуезовтің көптомдықтарында бұл хат­тың жазылған жылы ғана көрсетіліп, айы мен күні ажыратылмайды. Дегенмен, оны 1947 жылдың мамыр-мау­сым айлары деп шамалауға болады. Хат жазылған кез­де Сталин ВКП(б) Орталық Комитетін жас күштермен толықтырып, идеология жөніндегі хатшылыққа 40-тан асқан
М.А.Сусловты тағайындаған болатын. Бюрократияның жазылмаған заңы бойынша жаңадан келген шенеунік өзіне дейінгі лауазым иесінің шешімдеріне сын көзбен қарап, өз пікірі мен ұстанымын орнықтыруға тырысады. Суслов келген соң Ждановтың бастамасымен асығыс қабылданған қаулы мен жер-жерде екпіндете өткізіліп жатқан саяси науқанның қарқыны бәсеңдей түседі. Оның үстіне сол уақыт­та ауру меңдеген Ждановтың өзі де өлім халінде еді. Бұл – М.Суслов әлі Кеңес Одағы идеология саласының екі тізгін, бір шылбырын жеке-дара қолына ұстаған «сұр кардиналға» айнала қоймаған кез. Сталиннің алдынан шыққан хат жас хатшы Сусловқа келіп түскен сыңайлы. Ол Ленинград университетін бітірген, орыс және кеңес классикасының үлкен аудармашысы, өз қателіктерін ашық мойындап, жаңа заман тақырыбына қалам тартуға кіріскен, кеңес әдебиеті мен ғылымының айтулы тұлғаларының жоғары бағасына ие болып үлгерген, одақтық басылымдарда кеңінен танымал М.Әуезовтей болашағы зор тұлғаны сыртқа теппей, қолдауға шақырған. Бұдан кейін Қазақ­станда Әуезовті қудалау уақытша болса да тыйылып, 1947 жылы басылуы кейінге шегеріле берген «Абай» романының екінші кітабы жарияға жетеді. Бұл кез­де Әуезовке тырнағын батырған хатшы Әбдіхалықов қызметінен алынып, оның орнына жазушымен ежелден достық қарым-қатынаста болған Ілияс Омаров келеді.
«Абай» романының екі томы 1948 жылы қатарынан қазақ және орыс тілдерінде Алматы және Мәскеу баспаларынан шығып, республикалық және одақтық деңгейде үлкен мадақтауға ие болады.
М.Әуезов бұдан кейін де Сусловпен жақсы байланыста болған. Ол 1951 жылы желтоқсанда Сусловқа жазған хатын ескі таныстарға тән «Дорогой Михаил Андреевич» деген сөздерден бастап, хат­та баяндалатын тақырыпқа көшкенде «как известно вам» деп мәселенің жай-жапсарын оның жақсы білетініне назар аударады. Тіпті республиканың бірінші басшысы Ж.Шаяхметов өзінің «Казахстанская правда» газетіндегі мақаласында «Абай» романының кейінгі толықтырылған нұсқасына «лайықты, әділ бағасын» (должной, справедливой оценки) бермей отырғанына шағым айтуға дейін барады. Әуезов мұны хат жазып отырған адамына сенгендіктен, арқа сүйегендіктен айт­қан. Жалпы М.Әуезовтің Сталинге жазған хаты, М.Сусловпен арақатынасы, оны Сталиндік, Лениндік сыйлыққа ұсыну барысындағы түрлі шырғалаңдар әдебиет­танушы, тарихшы ғалымдар тарапынан Ресей мұрағат­тары негізінде түбегейлі зерт­теуді қажет етеді.
Қырық сегізінші жыл М.Әуезов үшін берекелі жыл болды. «Абай» романының 2 томы орыс тілінде Алматы, Мәскеу баспаларынан мол тиражбен басылып шыққан соң, қос том біріктіріліп, үшінші рет Сталиндік сыйлыққа ұсынылды. Бұл ұсынысты Қазақ­стан Компартиясы Орталық Комитетінің бюросы да қолдап, романға социалистік реализм әдебиетінің үздік үлгісі ретінде баға береді.

Алтын бала – Мұратай

…Тағдыры қыл үстінде тұрған осындай қысталаң заманда ұлы жазушының мейірбан жүрегі Меркідегі алтын балақайы – Мұратай деп соғып тұрды. Жазушының сол жылдарда Фатимаға жазған хат­тары осыны көрсетеді.
Қырық алтыншы жылдың соңында жазылған хат­та: «Мұратайың жақсы болып өссін. Мені ойлап «қашан ағам келеді» деп жүргеніне қат­ты ырзамын, ішім аса қуанып жылайды. Менен көп-көп сәлем айт, көп-көп сүйдім. Жақсы көзінен, шолақ мұрнынан, томпиған аузынан көп сүйдім деп айт­ты де», – деп жасы үштен енді асқан ұлын айналып-толғанады.
Қазақ­станның шығысында әлі күнге дейін әкесін «аға», анасын «тәте» деп айту дәстүрі қалыптасқан. Өзіміз де солай деп өстік. Мұхаң да Фатимаға Мұрат­тың кішкентай кезінде жазған хат­тарында өзін «аға», ал Фатиманы «Мұратайдың тәтесі» деп отырған.
Басына іс түскен, жыл бойына қудалауға ұшыраған 47 жылы Фатимаға үш хат жазған. Мазмұнына қарағанда бұл кез­де хат-хабар тезірек жетуі үшін көбінесе ашықхат-открыткаларды пайдаланғанға ұқсайды.
Өзі қуғында жүрсе де, үлкен жүрек Мұратай деп соғуын тоқтатпайды. Алтын ұлдың тәрбиесі мен оның кішкентай ағасы Болатпен арақатынасын назарында ұстауға тырысады. Ол: «Мұратай әнеукүнгі әйелден тәрбиелене ме, жоқ па? Бірақ тыңда, оны жақсы көрмейді деп ең, ол хабар маған жақпап еді. Бұл күнде қалай? Онан соң Болат­тың кішкене інісін мазақтауы қызғануы болар. Ондай жағын сен жақсы бағып, тыйым салып жүрсеңші. Мұратайды мен арқылы ренішке бергізу сенің де онша қызық көретін ісің болмас», – деп ұлының шетқақпай көрмей, еркін өсуі үшін шыр-пыр болып араға түседі.
Кітаптары шықпай, жұмысы мандымай жатса да қаржы-қаражат жағынан көмектесуді ұмытпай: «Ай сайын екі мыңды жеке жіберіп жүрмін, ол өз бетіне. Әзірше сөйтіп 20 мыңның есебіне 5900 жібердім. Енді 14 мың бар. Соны күзге шейін бөлек ұста. Үй аласың ба, пәтер аласың ба, соныңа арна», – деп жазады. Бұдан ұғатынымыз: Мұхаң Фатимаға беретін көмек мөлшерін ұлғайтып, оны жылына 20 мыңға дейін жеткізген. Бұл – сол заман үшін қомақты қаражат.
Қырық жетіде жазылған екінші хат­та: «Мұратай туралы жазғандарыңа қат­ты ырзамын. Көп қызығып қайта-қайта оқыдым. Менің Мұратым, жақсы балам болады деген зор сенімдемін. Мен туралы ойлайтыны, сөйлеп жүретіні қандай жақсы. Биыл да аманшылық болса апаң екеуің маған келіп көрісесіңдер», – деп жазады.
Хат мазмұнына қарап Фатима кейде өзі, кейде Мұхаң «апаң» деп отырған Хұппижамал арқылы кішкентай Мұрат­ты Алматыға әкеліп, әкесімен жолықтырып отырған. Осы хат­та Мұхаң: «Мәскеуден қайтарда телеграмма соғамын. Мені Луговойдан тосып аласыңдар. Мен сонда Мұратқа көп базарлық әкелемін. Мұратайға үш дөңгелекті велосипед пе, жоқ екі дөңгелекті велосипед керек пе, осыны мен біліп алғаным жөн», – деп жазады. Бұдан аңғаратынымыз: Мұхаң Мәскеу­ге теміржол арқылы ары өткен, бері өткенде Меркідегі Фатимаға да соғып отырған.

М.Әуезов қос балапаны: Мұрат пен Ернардың ортасында

Үшінші хат­та мынандай жолдар бар: «Сол телеграм бұдан берілгенінен кейін бір жұмадан соң үйлеріңе телефон соғып ем, әйел балалардың бірі сөйлесті. Ильфа ғой дедім».
Соғыстан кейін тұрмыс түзеле бастаған шақта Фатиманың Меркідегі үйіне Мұхаң телефон орнатқызған. Ол заманда ауылдық жерде үлкен бастықтардың үйінде ғана болатын телефонның Фатиманың да үйіне тартылуы қамқор әкенің Мұратайдың дауысын естіп, былдырлаған сөзін тыңдап, жай-күйінен жылдам хабар алу үшін жасалған деп шамалаймыз.
Мейірбан әке ұлының әрбір табысына қуанып, Фатима хатындағы: «Шомыламыз, балық аулаймыз.
Мұратай бір нәрсе жазып жүр» деген хабарлардың бәрі көңілге жайлы, жақсы тиеді», – деп баласының әр табысына шат-шадыман болады.
Күндер сырғып, айлар аралатып қырық сегізінші жыл келгенде Мұрат бес жасқа толып, алтыға аяқ басады. Арнайы жалдаған тәрбиешінің көмегі, ұстаз-анасының бақылауымен «Әліппені» үйренуге кіріседі. Сондықтан Мұхаң ақпанның алғашқы күндерінде Фатимаға жазылған хатының соңында ұлына арналған қосымшаны тіркейді. Әрине, оны бес жасар бала ажыратып оқи алмайтыны белгілі, бірақ анасының көмегімен түсініп, әкесінің өзіне арнайы хат жазғанына мәре-сәре болатыны анық. Бұл жолы елжіреген жүректен шыққан еміренген әкенің егіліп-төгілуін тұтас келтірейік:
«Мұратай! Айналайын, алтын балам. Тілі тәт­ті, өзі тәт­ті Мұратайым. Сен мені сағындың ба, мен сені көп ойлап, көп сағынам. Қашан тағы көрер екем деп ойлаймын. Енді көргенде Мұратайым маған тағы қандай әндер айтып берер екен деп ойлаймын. Сен әнді жақсы айтушы едің. Осы күнде тіпті көп өлең, ертегі білетін шығарсың. Үйрене бер. Ең болмаса, харіптер үйрен. Тәтеңе айтып, маған өзің де хат жаз. Ал бетіңнен, көзіңнен сүйдім. Хат жазғаң ағаң».
Бұл – кеңпейіл әкенің ұлына – тек өзіне арнап жазған тұңғыш хаты. Оның мазмұнынан біз бала тәрбиесіне қатысты ұлы жазушының ұстанымдарын байқаймыз.
Әуезов кішкентай ұлын ертегіні көбірек білуге ынталандырады. Ұлт­тық тәрбие мен халқын сүюдің негізі қазақ ертегілерінде екенін жақсы білетін фольклорист ғалым баласының уызға жарып өсуін қалайды.
Өлең, тақпақ айту да баланың тілін ұстартып, жадын күшейтеді. Өйткені өзі де кезінде ауыл молдасынан оқығанда араб әліпбиін «Әліпсін – ә» деп әндетіп оқып үйренген. Әріптерді өлеңдетіп оқу – ағылшын тілінде әлі күнге дейін қолданылатын тәсіл. Оның үстіне ән айту баланың музыкалық қабілетін ашады. Әуезов осының бәрін әр сөзіне көп мағына сыйдырылған хатында кішкентай ұлдың көкірегіне құйып отыр.
Әуезовтің хатындағы ақыл-кеңес ұлт­тық педагогиканың өзегі іспет­тес. Бала өз бетінше хат жаза алмаса да, тәтесінің көмегімен оған бейімделе беруі керек. Бұл кішкентай Мұрат­ты ынталандырып қана қоймайды, әкесіне одан әрі жақындата түспек.
Арада бір ай өткенде – 1948 жылдың 23 наурызында Мұхаң ұлына өз қолтаңбасымен «Абайды» сыйлайды.
Мұрат Әуезов отбасылық мұрағатындағы ең қымбат мүлік ретінде 75 жыл бойы сақтап келе жатқан бұл қолтаңбада ақ пейілді әкенің: «Мұратай мен оның тәтесіне. Мұратай азамат боп ержетіп ағасының осы еңбегін өзі оқып ұғынатындай боп өссін деген тілекпен сыйладым. Ағаң», – деген сөздер жазылып, жазушының көзге от­тай басылатын қолы қойылған.
Жұмысы өрге басып, басына төнген қауіп бұлты сейіліп, «Абайдың» қос томы бірдей Сталиндік сыйлыққа ұсынылып жатқан көңіл күйі көтеріңкі 1948 жылы Мұхаң Фатимаға 4-5 хат жазған. Барлық хат­тардан жазушының жайдары көңіл ауаны аңғарылады.
Маусымның басында жазылған хат­та да Мұратайға арналған қосымша бар. Ол: «Айналайын Мұратайым! Сен тәтеңе ерік бермей, маған хат жазғызғаныңа мен сонша қуанамын. Сен ақылды болып келесің. Ағаңды ойлағаның сол ақылды болғандығыңнан. Енді бұдан былай аздап сабақ та оқи беру керек. Тәтең саған жеңіл– жеңіл кітаптар оқып беретін болсын. Өзіңді көруге асықпын, осы күнде велосипедтер де бар болса керек. Енді сен келгенде екеуміз сол велосипедті қараймыз… дегенің әзір қолдан келмейтін мәселе. Оны келіп алып іздеспесең, басқа мүмкіндік жоқ. Әзірге хош, Мұратай, өзіңді сүйдім», – деп жазады.
Байқайсыз ба, жазушының алғашқы хатындағы «тәтеңе айтып, маған өзің де хат жаз» деген кеңесі нәтиже берген. Соңғы хат­ты Мұрат тәтесіне ерік бермей отырып өзі жаздырғанға ұқсайды.

«Абай» романындағы Әуезов қолтаңбасы

Алғашқы хат­тағы «Сен мені сағындың ба?» деген сұрау да кішкентай Мұрат­ты «ағасын ойлауға» жетелеген. Мұның алдындағы «ең болмаса харіптер үйрен» деген ақылы да бос кетпеген сыңайлы. Бұл жолы жазушы тапсырма аясын кеңейте түсіп, «сабақ та оқи беру керек» деп білім әлеміне қарай жол сілтейді. Велосипедті бірлесіп қарау туралы әңгіме де Мұратайын Алматыға келтірудің кезекті амалы деп шамалаймыз.
Соңғы хат­тың Фатимаға арналған бөлігінде өзінің денсаулығына байланысты қауіпті жайдың шет-жағасын шығарып: «Бір ғана жайсыз нәрсе бар, менің жүрегім нашарлапты. Комиссия қарап, мені Кавказға қуып жатыр», – дейді. Бұл – 1947 жылғы толассыз қуғын-сүргіннің жүрекке түскен салмағынан болған сырқат. «Жүрегім менің қырық жамау, Қиянатшыл дүниеден. Қайтіп аман қалсын сау, Қайт­қаннан соң әрнеден» деп данышпан Абай айт­қандай, дәл осындай жүрекке түскен жамаулар мен қиянат-зұлымдықтар алып жүректі біртіндеп әлсірете берген.
Қырық сегіздің қарашасында жолданған хат­та өзінің мол қаражат жібергенін айта келіп: «Мейрам тұсында Мұратай ақшалы болсын. Өзін қат­ты сағындым. Қандай болып өсіп қалды екен? Немене қызық өлеңдер, сөздер айтады екен? Бойы да өсіп, ақылы да өсті ме екен деп көп ойлаймын. Мейрам артында болсын – бір жұмаға келіп қайтсаңдар теріс болмас еді. Мен Мұратаймен біраз бірге болар ем. Оған да жақсы болар еді», – деп ұлын сағынған дархан жүректің бар жылуын ақ қағазға төгеді. Осы хат­тың Фатимаға арналған бөлігінде: «Докторлар жүрегің шаршап қалған екен дейді», – деп тағы да жүрегінің сыр беріп жүргенінен хабар етеді.
Біз тақырып аясынан шықпау үшін жазушы хат­тарының Мұратқа қатысты тұстарына көбірек назар аударғанымызбен, онда Фатиманың өзге ұлдарына да Әуезовтің ұдайы көз қырын салып, қамқорлық жасағаны туралы мағлұмат­тар жетерлік. Соңғы хат­та: «Азат­ты оқытатын профессордың бірі менімен таныс еді. Оқуды жақсы ынтамен оқитын сияқты. Профессорға жайын ұғындырдым. Түскен бөлімі жақсы бөлім, дұрыс таңдаған сияқты», – деген жолдар бар. Бұл кез­де Фатиманың Біләл Сүлеевтен туған ұлы Азат 18-ге толып, Мәскеу мемлекет­тік университетіне оқуға түскен. Әуезовтің алтын балақайы Меркінің суына батып кете жаздағанда Мұратайды тура келген ажалдан арашалап қалған Азат ағатайы еді.
Бұдан Мұхаңның хабардар болған-болмағаны бізге беймәлім, бірақ осы оқиға Мұрат ағамыздың кейінгі сұхбат­тарының бірінде айтылады. Біз мұны Фатиманың әр әкеден туған ұлдарын өзара бауырмалдыққа шақырған тәрбиесінің шапағаты деп білеміз.
Мұхаң Азатқа туған әкесіндей қамқорлық жасады, бірақ ол оқу бітірген 50-жылдары Кеңес Одағында түркологияға, оның ішінде қазақ, татар, башқұрт, ноғай, қарақалпақ халықтарына ортақ эпостар – батырлар жырына деген шабуыл өршіп тұрды. Сондықтан Азатқа Мәскеу университетінде жинақтаған мол білімін сол заманда толығымен түркология ғылымының қажетіне жаратуға мүмкіндік тумады.
Белгілі жазушы Жүсіпбек Қорғасбек Азат туралы эссесінде Олжастың атақты «Аз и Я»-сын жазуға ілік болған идеяны Сүлеев берген деген деректі алға тартады. Бұл Олжас ағамызға да, қазақтың ұлт­тық рухын оятуға дем берген оның «Аз и Я»-сына да көлеңке түсірмесе керек. Әкесіне тартып туған Азат­тай ақ жүрек азамат­тың ұлт­тың жоғын жоқтайтын тың идеяларын достарымен жомарт­тықпен бөлісе білген жайсаңдығын танытады.
Қарашаның ортасында Мұхаң Фатимаға тағы бір хат жолдап: «Мұратайды жібергеніңе көп рахмет айт­тым. Басында ойда-жоқта түн ортасында келгенде жөнін ұға алмай, бұ не боп қалды екен деп қалып ем. Бірақ артынан бұл жіберісіңді аса жақсы ұғындым да, жақсы бағаладым. Бұндағы Ернар деген кішкене інісі үйде шешесі жоқ болған соң бассыздау, тентектеу еді. Екеуі бірде тату, бірде қағысып жүрді. Мен екеуіне де «сендер бір туғансыңдар, екеуің де менің баламсың, екеуің тату болсаң, жақсы көрем, бір-біріңді жақсы көр», – деп көп айт­тым. Бірге суретке түстік, жақында әзір болған соң жіберемін», – деп жазады.
Бір ғажабы Фатима бұл сурет­ті ұқыптылықпен сақтап, кейін Мұратқа табыстаған. Мұрат Әуезовтің отбасының мұрағатында ұзақ жылдар сақталған фото оның «Ділім» ат­ты кітабында жарияланды. Кітапты құрастырушылар оның датасын «1950 жыл» деп жаңсақ көрсеткен. Дәлі – 1948 жылдың 17 қарашасы. Келесі датасы көрсетілмеген хат­ты 1948 жылы жазылған деп шамалауға болады. Онда Мұхаң: «Азат­ты көремін. Айт­қандарың дұрыс, қолдан келген жәрдемді етемін», – деп жазады. Әңгімеде Азат­тың университетке түскен кезі туралы сөз болып тұр. Демек, бұл 1948 жыл. Осы хат­та: «Мынау Мұратаймен түскен сурет­теріміз. Мұрат күліңкіреп тыныш тұрмап еді, онша жақсы түспепті. Өзіне толық ұқсаңқырамай шығыпты, жалпы, жаман сурет емес. Ағасы мен інісі Ернардан оған естелік болсын», – делінген.

Әке мен бала

Сөз зергерінің өз шығармаларында адам мен табиғат­тың жөпшеңді адамның көзіне түсе бермейтін көркем сәт­терін қағып алып, құбылта жазатын шеберлігіне оның шығармаларының поэтикасын зерт­тейтін ғалымдар айрықша назар аударады. Мұхаң бұл хатында сол ғадетіне басып, бір ғана фотосурет­тің тарихы мен мазмұнын жарқырата ашады. Көз алдыңа суретке түсуге келген кеңпейіл әке мен кішкентай бала, фотоға тартар алдында әкесіне еркелеген сүйкімді ұл келеді. Бұл сурет те Мұрат Әуезовтің мұрағатында қымбат жәдігер ретінде сақталыпты. Мұрат Мұхтарұлы өзінің балғын шағы туралы арнайы естелік жазбаған. Әйтсе де оның кейбір сұхбат­тарынан Меркіде қалған балалықтың бейнелері қылаң беріп отырады.
Ол: «Меркіде айдауда жүргенімізде кіп-кішкентай бір бөлмелі үйде тұрып жат­тық. Тұрмысымыз өте-мөте жұпыны. Бір сиырымыз болған. Хұппижамал әпкеміз айранды әдемі ұйытушы еді. Ескі патефонымыз бар, кешке қарай сол айранын әрқайсымызға құйып беріп, Жамал Омарованың күйтабағын тыңдатып, Ғабдолла Тоқайдың, Мағжанның өлеңдерін шам жарығымен оқып, жат­тататын. Әкем Хұппижамалды аса сыйлайтын. Сол кісіге «Мұрат­тың тілі қазақша шықсын» деп баса айтып тапсыратын. Себебі әкем менің қазақша білім алғанымды қат­ты қалады», – дейді («Түркістан» газеті, 2003 жыл, 18 желтоқсан).
Кішкентай Мұратқа әкесінен алған хат­тар да ұмытылмастай әсер еткен. Бұл туралы осы сұхбатында: «Әкемнің ұрпақ деген ұғымға ерекше мән бергендігі анам екеуінің бір-біріне жазған хат­тарынан анық байқалады. Екеуі де маған хат­тарын тек қазақша жазатын. Әкемнің жазғандары «Алтын балам, Мұратай» деп басталатын. Дүниедегі ең жылы сөз осы сияқты сезілетін», – деп әкесінен келген хат­тардың жадында қалай жат­талып қалғанын тебірене әңгімелейді.
Әуезовтің жоғарыда біз келтірген хат­тарындағы әке мен баланың Алматыда жиі жолығып тұратыны туралы деректі растай түскен Мұрат аға: «Мені екі-үш жасар кезімде Хұпби әпкем Алматыға әкеліп, әкеме жолықтырды. Мұхаң өзінің әке екенін сезіне білетін. Үлкен дөңгелек шылап­шынға су құйып, қайық үстіне шам жағып ойнағанымыз есімде.
Ернардың бір дорба асығы бар болатын. Әкем арқардың құлжасын: «Мынау – сенің асығың», – деп маған беріп, асық үйреткен», – дейді кезекті бір сұхбатында («Адам ата – Хауа ана» журналы, 2003 жыл. №11).
Шылап­шынды шолпылдата суға толтырып, оған майшам жағылған қайық жүздіріп, өзі былдыр-былдыр сөйлеуге ғана шамасы келетін екі ұлымен мәз-мейрам болып, ойнап отырған қасқа маңдайлы, бурыл шашты, зор денелі Әуезовті бір сәтке көз алдыңызға елестетсеңіз, ішің жылып, жүрегіңе рахман нұры құйылады.
Берекелі қырық сегіздің соңынан келген қырық тоғызыншы жылдың басында «Абай жолының» қос томы кінәратшыл комиссия атау­лының бәрінің сынынан сүрінбей өтіп, «көсемнің» өзі қол қойған қаулымен бірінші дәрежелі Сталиндік сыйлыққа ие болады. Кемеңгер жазушының талант­ты туындысы туралы көтеріңкі лепеске толы мақалаларды республикалық және одақтық басылымдар жамырай жариялады. Осы кез­де «Абай» романы одақтас республика мен әлем халықтарының алуан тілдеріне аударылып, оның жер-жаһандағы салтанат­ты шеруі басталып кет­ті.
Бұл кез­дегі қазақ ақындарының көңіл ауанын дауылпаз ақын Қасымның: «Мұхтар аға! Мықтар аға едіңіз. Мықтылықты көзбен көрдік енді біз. Рахмет сізге, ақындардың ағасы, Бәйгімізден қасқайып бір келдіңіз», – деген мақтаныш сезіммен жазылған жыр жолдарынан аңғаруға болады.
Кеңес Одағының ең үлкен марапатына (Лениндік сыйлық 1956 жылдан ғана бастап берілген) ие болған Әуезов сыйлықтың кімді де болсын, оп-оңай ықтыратын зор күшін пайдаланып, «халық жауы» деп жазықсыз атылып кеткен күйеуі әлі ақталмаған Фатиманы Алматыға алдырады. Дәл сол жылы тілі қазақша шығып, қара тани бастаған Мұрат Алматыдағы қазақ мектебінің табалдырығын ат­тайды.

 

Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД,
Ұлт­тық Ғылым академиясының академигі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір