Әділбек ұмытылатын ақын ба еді?
27.08.2022
637
0

Мен ақын емеспін, әдебиетші де емеспін. Алайда жақсы өлеңдерді, шығармаларды тұшынып оқимын.
Әсіресе, жақсы шығармалар оқымасқа қоймайды. Сүйіп оқитын ақындарым да баршылық. Солардың ішінде Әділбек Абайділдановтың шығармалары ерекше ұнайды.
Әділбек Абайділданов – менің жерлесім. Қазіргі Жетісу облысы Сарқан ауданы Бастаушы ауылында туған. «Мен және өмір» өлеңінде:
«Ал!» дегенде басқадан бұрын шаптым,
Кейде тіпті орынсыз ұрыншақпын.
Тұтанып, сәл ұшқыннан жаным лаулап,
Бойымда жалындаған жігер қаулап, –
дейді.
Әділбек – даңғаза даңқты ұнатпаған ақын. Әдекеңнің атақ, сыйлық дегендерге назар салмағандығын замандастары жақсы білсе керек, әйтпесе оның да өңірі орден-медальдардан кенде болмас еді.
Ақын Әділбек Абайділдәновтің өлеңдері туралы Есмағамбет Ысмайылов, Жұмағали Саин, Ғафу Қайырбеков сынды ақындар елуінші жылдардың басында-ақ ұнамды ой-пікірлерін білдірген еді.
Осы арада белгілі сыншы, Қазақ ССР ғылымының еңбек сіңірген қайраткері, профессор Тұрсынбек Кәкішевтің мына бір пікірін айта кету артық болмас.
«Алатаудың әсем қойнауындағы саз жайда Сәбит Мұқановтың кезекті «дем алып» жатқан шағы болатын. Күні бұрын телефонмен келісіп алып, барған едім. Әділбек саңқылдап өлең оқып отыр. Сәбең қолымен тыныштықты бұзбай «жайласа бер» деп ымдады. «Қыран» ат­ты поэмасын оқуды тәмамдағанда, ақынға Сәбеңнің жас баладай қуанғанын көзіммен көрдім.
– Жарадың, Әділбек, жарадың! Шығыс Қазақстанды аралағанда естіген едік, енді, міне, әр қыранға өз Отаны, өзінің өсіп-өнген жері қымбат дегенді ақындық қуатпен Әділбек насихат­тап отыр. Теңеу қандай, сөз қандай! Ілиястың шалымы бар мұнда,– деп Сәбең жас ақынды көз алдымызда түлетіп, ұшқыр қанат байлап жібергендей болды», – деп жазады.
Әділбек туған ауылын еш ұмытқан жоқ, жиі-жиі келіп тұрды. Соңғы келгенде (1982 ж.) туған жері Бастаушыға бірге бардық, бұл кезде ауылға шатырлы үйлер көптеп түскен, сонда да Әдағаң өз үйінің орнын жазбай тапты, мені де «мынау сенің үйіңнің орны» деп бір аунатып алды.
Күн ашық еді. Күздің қоңыр салқын майда желі есіп тұрған. Кенет­тен ауа райы өзгеріп, қара нөсер құйып кет­ті. Төбемізде бір топ қарлығаштар айнала ұшып, ауылдан шығарып салып қайт­ты. Сонда Әдағаң: «Мына қарлығаштар да, жауын да мені шығарып салғандай ғой, енді келемін бе, келмеймін бе ауылға?!» – деген еді ауыр ойға беріліп.
Иә, көп ұзамай қайғылы хабар алдық.
Әдағаңның 90 жылдығы өтіп жатыр. Үн жоқ! Осындайда қайран Талаптан Ахметжан, Тұманбай Молдағалиев, Сәкен Иманасовтар еріксіз еске түседі.
«Әдағаң поэзияның шыңы!» – деп еді-ау, Тұмаш аға 70 жылдығын тойлағанда. Әділбек ұмытылатын ақын ба еді?! Туған ауылында ақын атында көше бар. Көше бойында Мәдениет үйі орналасқан. Соған Әдағаңның атын берсе деген тілек бар менде. Ақынның мөлдір де шуақты жырларын оқитын ұрпақтың көптігіне сенемін.

Мырзахан ҚАБАСОВ,
Сарқан ауданының
Құрмет­ті Азаматы
Жетісу облысы

Қыран

(Поэма)

Әділбек АБАЙДІЛДАНОВ

І
Байлауда Қарабура дүр сілкінген,
Қарақшы-ай, қыранды да күрсіндірген!
О жақта құсбегі де құлазып жүр,
Біреуді күрсіндіріп құрсын күлген.

Амалсыз жат тұғырда қонып отыр,
Ішқұста, іші терге толып отыр.
Жер-көкті дүбірлеткен қайран қыран,
Торға түскен торғайдай болып отыр.

Жасыл көл, көгілдір шың – тұрағы онда,
Япырай, қалай жүрер қыран мұнда.
Білмеді көзін байлап әкелгенде ол,
Қайдан кеп, қайда қазір тұрғанын да.

Өр Алтай тамам таудың ағасы еді,
Марқакөл құйып қойған сабасы еді.
Шынаяқ, Шымырпіспек, Шұбарағаш
Жайқалған жағасында қоғасы еді.

Бет алды – Зайсан көлі, бір бұрыш – тау,
Түстікте – Тарбағатай тұр бұрыстау.
Көгінде емін-еркін сайран салған,
Туған жер, шіркін көзден бұлбұл ұшты-ау!

Қара Ертіс, Қалжыр, Күршім, Жетіқаба,
Қандысу, Қалғұт­ты мен Шағаноба, –
Сулаған бәрін бірдей қайран қыран,
Бүгінде қайғы болды-ау саған о да.

Қашалған алып таудан керенесі,
Марқакөл – су ішетін тегенесі.
Мұнда енді тостағанға қарап отыр,
Қор болып, қанат сынды деген осы…

Тастүлек қабақ түйіп құрыстанып,
Тұғырда отырмайды тынышталып,
Тартынып, дүр сілкініп, күжірейіп,
Кетеді кірпідейін жүні ұшталып.

«Бұл пәле шығармай ма далаға шын,
Қимаған неге одан да дар ағашын».
Басын ол босатпақ боп тұяғымен
Қағады ашуланып томағасын.

Мейлінше бұл ортаны жатсынады,
Қаншама босасам деп бақ сынады.
Туған жер – алтын бесік еске түссе,
Өзегін кетеді өртеп өксік әлі.

Жылытау, Қарасеңгір қапталдасып,
Бұл үшін бәрі қойнын ақтарды ашып.
Қыраны тоятынан жаза басса,
Кетуші ед кең маңдайын қатпар басып.

Алтайда бар тау туған біреуге есеп,
Бір бұған барлығы да тілеулес ед.
Жанкүйер жақындардың ықыласы
Қыранға барған сайын үдеуге сеп.

Тойдырып дүйім жұрт­ты қызығына,
Қайтушы ед Қызылшоқы қазығына.
Тәкаппар отырушы ед, сол биіктен
Көз тастап Түгіскеннің жазығына.

Осылай сайран салып жүруші еді,
Тағыны тапа бас сап бүруші еді
Құлқынның құлы болған мына бір жан
Қадірін қайдан мұның білуші еді?!
Бастарын аңшы біткен құраушы еді,
Мойынын тағының бұл бұраушы еді.
Жалт етіп енді бірдің төбесінен
Қазандай қара тас боп құлаушы еді.

Ақ жеммен қаңтарылып түніменен,
Шаңқылдап оятатын үніменен.
Аптығып, тоят іліп таң бозында,
Түлкінің қызылдайтын тіліменен.

Сол күнді қалайша бұл ұмытады,
Туар ма сайран салар күні тағы?
Шарықтап, шың басына шығар болып,
Алтайдың аялар ма мұны таңы?!

Түрі бар байлауда ылғи күн шығатын,
Түрі бар құса болып тұншығатын.
Жұмарлап, алтайыны асқа басып,
Құмардан күн болар ма бір шығатын?!

Құрмасы бір күн сейіл, түнеруші ед,
Шаңқылдап, шығайық деп тіленуші ед.
Биіктен не көрсе де теуіп түсіп,
Опырып омыртқасын жіберуші ед.

Жұтқанда қансоқтаны толғамайтын,
Тағы да, тағы-тағы сорғалайтын.
Тығылып іннен інге, жым-жылас боп,
Аң біткен бастарын тек қорғалайтын.

Тегінде бұдан әдіс артылмаған,
Қанды көз көк семсердей жалтылдаған.
Қиырдан көлеңкесі шалынғанда,
Аң біткен аңтарылып, қалтылдаған.

Қиянға шырқап шықса, шын қызатын,
Өзіне көз біткенді бұрғызатын.
Суылдап көк жүзінде, осы еді ғой
Алтайдың бар дауылын тұрғызатын.

Суылдап қанат-құйрық ысқыратын,
Бұл ма екен көжектерге пысқыратын.
Шүйлігіп, тұтқиылдан жарқ-жұрқ етіп,
Албырт ед көкжалға да күш қылатын.

Сол қыран, ұмар-жұмар аң басатын,
Болып жүр күрсінумен таңды асатын.
Сайысып сегіз найза – қырық пышақ,
Күн қайда қарлы жонда қандасатын?!

Аязға ашып тастап омырауын,
Боз таңды оятушы ед қоңырау үн.
Әлі де отырып бұл ер қасында,
Естір ме Әмірханның қоңыр әнін.
«Ай болмаса аспанда адасады,
Көтермесе көңілді кір басады.
Жақсылардың көңілі алтын сандық,
Кілт болмаса сандықты кім ашады.

Жай бұраңбел, жайтаң көз
Жайды білсең, айтам сөз.
Ей, екеуің-ай,
Үкілі кер жасарар
жентегіне-ай…» –

Деп салатын Әмірхан қоңырлатып,
Үнімен көлде аққуды мамырлатып.
Ән де жоқ, Әмірхан да, Алтай да жоқ,
Байлауда отыр енді тәңір атып.

Қайдасың, қайда сол бір жайдары үн,
Қайдасың сайранды күн,
маңайдынды күн?!
Таңдайы су ішсе де шөліркейді,
Айдыны Марқакөлдің қайда бүгін?!

ІІ
Жалаңаш жағасында Күмістінің,
Сезесің табаныңмен күн ыстығын.
Қысында қаһары бар Қаратаудың,
Жазында аптабы бар құм үстінің.

Күмісті кәусар еді, мөлдір еді,
Қожыр тау төбесінен телміреді.
Толқыны біреулерге ырыс болып,
Біреудің көз жасы боп мөлдіреді.

Сол жерде Қоқай дейтін қарғыс атқан,
Жан болды, ар-ұятын малға сатқан.
Ел тонап, бөрідейін түнде жортып,
Қарақшы, төңірегін қан-қақсатқан.

Ел-жұртқа сүйкімсіз жан қашанғы оңған,
Пейілі барған сайын қасаңданған.
Мінезі тұмысынан содыр-сотқар,
Ал енді айуандығы асады аңнан.

Кейде паң, кейде жылмаң, кейде қыңыр,
Бар жаннан ассам дейді кеуде құрғыр.
Қорқаудың құлқынының әлегімен,
Әбден-ақ болып біткен елі де ығыр.

Келедің тойғыза алмай жыланды ішін,
Қоймайды қайда жүрсе сыралғы ісін.
Алтайға нағашысын іздеп барып,
Біреудің ұрлап кеткен қыран құсын.

Жасамақ оны ермек, тамаша бұл,
Сөйтер ме обал ғой деп санаса бұл.
Айрылып күн көрістен қалды аңырап,
Қараған бір қыранға қараша ауыл.

Дау-жанжал, жүрген жері ұрыс қанша,
Қабақтан қар жауады құрыстанса.
Әкелген қыранды ол атақ үшін,
Құнығып көрмесе де бұл іске онша.

Қасында қолпаштаушы жүрсін ондай,
Енді сол тастүлекте тұр сынар бақ.
«Пәленнің қыранының
алғыры-ай!» – деп,
Даңқын даңғой шіркін, бір шығармақ.

Сол Қоқай отыр енді көңлі тасып,
Қасында қошеметшіл небір пасық,
Сұқтанып бәрі бірдей қарайды кеп,
Қыранның бітіміне таңырқасып.

Кең жемсау, бура санды, шалқақ кеуде,
Тұрарлық мығым топшы алшақ деуге.
Құлайтын арыстан да омақасып,
Биіктен салмақтап кеп салса-ақ белге.

Жебелі болат тұяқ ұшты келген,
Жоталы, кең жауырын күшті келген.
Қанаты жалпақ қаптал, өңі суық,
Жарқ етер алмас семсер – түс түгелмен.

Жүзі тап қайраққа асыл жанығандай,
Пішіні сергек-секем долы қандай.
Қомданып отырысы тас-түйін боп,
Топ жарып түсетұғын балуандай.

Сіңірлі, тегеурінді, жұмыр балтыр,
Денесі тас-шеге боп шымыр жатыр.
Жаужүрек, өжет, өктем, алған бет­тен
Өлсе де қайтпайтұғын қыңыр батыр.

Ызалы, секілді тап жау талаған,
Ұмтылып, аласұрып, анталаған.
Темірді тесерлей боп қадалады
Қып-қызыл шегір көзі қанталаған.

Қыранның қиып түсер мұзбалағы,
Адуын, қылшылдаған қызба қаны.
Өртеніп өз-өзінен уыт­танып,
Жарылып кетердей боп сызданады.

Ұрыншақ, қара дауыл, қылығы ылаң,
Қағынған қанды найза құрығынан.
Тастүлек, тас шайнардай, ашқарақ көз,
Шұбар төс, шынжыр балақ,
шыны қыран…

Көргендер жатыр бәрі пай-пай десіп,
Кеш тапқан шын иесін сайтан нешік.
Лайық құс екен деп тек бір сізге,
Жағымпаз әрнемені айтар бөсіп.

Қоқайдың көңлі тасып қошеметке,
Қапыртып бес саусақты басады етке.
Ал қыран шаңқ-шаңқ етіп тұғырында,
Қалды бір дүр сілкініп осы әлет­те.
Қарайды күдіктеніп көздеріне,
Ыза боп түк түсінбей сөздеріне.
«Биіктен сорғалап кеп көк найзаны,
Шіркін-ай, салар ма еді өздеріне!»

ІІІ
Жер бетін жауып салған ақ күміс қар,
Асыққан жүрістерде аптығыс бар.
Іздері көбік қарда бұлаң құйрық,
Балдаққа қондырылған бапты құс бар.

Бәрі сай: қылшылдаған қолда түлек,
Қаңушы, қошеметші – солдаты көп.
Ауыл бар Келіншектау кемерінде,
Жолшыбай шыққан беті сонда түнеп.

Шоқытып келе жатыр күрпілдетіп,
Денесін ер үстінде іркілдетіп.
Тау аңын алғашқы осы қансонарда-ақ
Шетінен қырып салмақ біртіндетіп.

Келеді жаңа ғана таң бозарып,
Құсты әбден ширықтырған аңға зар ғып.
Қоқайың жібереді дейсің енді
Тау ішін, ойхой деген, қанбазар ғывп!

Жем жеген алажаздай қансоқталы,
Бөртпемен салқын күзде әл сақтады.
Тоқ басқан енді ақ жеммен бапты қыран,
Болмақ па шынымен-ақ қолшоқпары.

Қиқу сап айғай-шу бір қызғанында,
Шарқ ұрып шығар ма екен шынға мұнда?
Әйтеуір, ажарланып, шоқтай жанып,
Тастүлек тұрған кезі шын бабында…

Бір-бірін таулар алда кимелеген,
Таң нұры шың басына үймелеген.
Тіркесе тізбектелген шоқылары
Аумайды шөгіп қалған түйелерден.

Көш бастап бір келіншек баяғыда,
Жасаған екен дейді аял мұнда.
Су да жоқ, бақыт та жоқ, күн күйдіріп,
Сол бір көш тасқа айналған аяғында.

Жалғасқан арман болып алға үміті,
Сол жанды аңыз етіп қалды жұрты.
Атанған содан бері «Келіншектау»,
Басында үйірілген қайғы бұлты…

«Бұл күнде бұл аңыз да сөз болып па,
Қонары бақ құсының ез болып па?!» –
Деп Қоқай өз-өзінен қоразданып,
Қояды ер үстінде қозғалып та.

«Қатынға ондай сөзді қызғанамын,
Былшылды қыстырмаймыз біз, қарағым.
Аңыздың көкесі енді кейінгіге
Болатын шығар мына мұзбалағым!»

Ха-ха-ха, хи-хи, ки-ки, ке-ке-ке-ке
Шор Қоқай шақылдайды өте-мөте…
Желіккен желбуаз жұрт тебініп қап,
Қияға тартып кет­ті төтелете.
ІV
Бір топпен ожар Қоқай тау басында,
Көреді ол! Қыраны тек сау босын да.
Балағат сөзді судай сапырады,
Аузынан тастамайды тәубасын да.

Елеңдеп мұндайда құс салушылар,
Тағатсыз тыпыршымай нағып шыдар.
Өзекті дүбірлетіп, қиқулап кеп,
Айтақты салды бір кез қағушылар.

«Е, бақ!» – деп сылпт еткізді ол ерінді,
Делдиіп, жалпақ танау көнерілді.
«Е, бопым! Үйірімен үш тоғыз ғып,
Маған бір көрсетші енді өнеріңді!»

Ол өстіп үміткер жан бола қалсын,
Бүркіт­тің жайлап тартып томағасын.
Жалаңдап жан-жағына қарады құс,
Япыр-ау, шықтым ба деп далаға шын.

Тастүлек енді неге алаңдасын,
Уыт­ты жүзі алмастай жалаңдасын.
Күрдитіп оқ жыландай оқшырайтып,
Оң-солға қажақтат­ты ол жалаң басын.

Сөйт­ті де жарқ етіп бір ұшқын атып,
Атылып кет­ті аспанға ышқына тік.
Қайқаң етіп шықты да қалқыды жай,
Бойына жинағандай күш-қуатын.

Үмітін жердегінің алдағандай,
Қыранда ой болды екен әлдеқандай?
Түлкіге қарамайды пысқырып та,
Қиянға көз тастайды барлағандай.

Аспанға жердегілер қарап қапты,
Көздерін бәлемдердің алақтат­ты.
Самарқау, өңі мен солын жаймен барлап,
Қалықтап көк жүзінде ол қанат қақты.

Үш рет айналды да қалқып көкті
Көңілі керемет­тей шалқып кет­ті.
Солтүстік шығыс жақты бетіне алып,
Туған жер, қайдасың! – деп тартып кет­ті.

Қайтсін ол шақырғанды, жекіргенді,
Өртеніп, күйіп Қоқай өкінді енді.
Сап ет­ті жаман ырым – басынан бір,
Бағы ұшып бара жатқан секілденді.

Үн-түнсіз мелшиіп ол тұр қайғырып,
Қыраннан күтіп пе еді мұндай қылық.
Қаратып кет­ті жерге Қарабура,
Атақ пен абыройдан жұрдай қылып.

V
О, шіркін, жарық сәуле, кең дүние!
Перзентін құшағыңа келді, міне.
Армысың аяулы аспан, сайын дала,
Болайын сенің мұнша кеңдігіңе!

Рас па, туды ма күн самғайтұғын,
Арманды туған жерге жалғайтұғын!
Өңім бе, осы апыр-ау, шыныменен,
Жоқ, әлде түс пе екен құр алдайтұғын?!
Қалды ма тұтқын үйі, тозақ қасы?
Екен-ау кімге де ыстық өз отбасы, –
Дегендей бостандығын қолына алып,
Оу, шіркін, аңырады азат басы.

Намыстың байлауда ол уын ішті,
Жалаған алай-түлей құйын ішті.
Жердегі байлап-матап қорлап келген
Аласа өмірден ол биік ұшты.

Ойлаушы ед мүлік қой бұл қолдағы деп,
Қыранның шын бейнесін сомдады көк.
Маталған ерік біткен сұм заманда ол
Тұтқыннан босанып ап самғады кеп.

Шынында, ойлап көрсек, бұл – сын ерге,
Тектен-тек байлаудағы ат кісілер ме.
Шіркін-ай, бұғаудағы елдің бәрі
Қыранның мына қалпын түсінер ме!

…Аянбай шырқап салды ол төтелетіп,
Екпіндеп, үсті-үстіне төпелетіп.
Зуылдап, әне-міне дегенінше-ақ,
Бетпақтың даласынан кетер өтіп.

Жұлдыз боп көктегі аққан құлдырады,
Торғайдай көз ұшында бұлдырады.
Аяздың ауадағы мұз әйнегін
Екпіні шытырлатып сындырады.

Жадырап, жайнап ет­ті ғалам анық,
Құт­тықтап қол соқпасын дала нағып?!
Аспанда азат­тықтың қарлығашы,
Қанат­ты қара жұлдыз барады ағып.

Желі боп қуаныштың гуілдеді,
Қайтқандай дұшпанынан бүгін кегі.
«Жатпайды қын түбінде асыл пышақ».
Ерліктің осындайда білінбегі.

Аспан мен жер ортасы сапырылды,
Дүние, қыранға ұқсат батыр ұлды!
Биіктен көлеңкесі сүйкегенде,
Көлденең көл қоғасы жапырылды.

Қасқарып қарсы алдынан тұрған желге,
Дауылды қанатымен бұрған көлге.
Тал, қамыс жағадағы қол бұлғайды,
Жол болсын, аман жет деп туған жерге.

Балқаштың белуардан баса көктеп,
Аңырап бара жатыр, басы әуектеп.
Қыран боп туған баста Қарабура,
Өмірден қыранша ол жасап өтпек.

Тұп-тура аумай тарт­ты бір бетінен,
Бел буып, балтыр түріп шын бекінген.
Қыран боп талай-талай топ жарғанмен,
Тек бүгін шығып отыр міндетінен.

О, шіркін, арымайтын ар қанаты-ай,
Қағылар күнің болды-ау арман алты ай.
Тасына төсін бассын, мауқын бассын,
Көзіңе бір көрінші, қайран Алтай!

Қан жұтып, қара жерді жастанды кім,
Керемет ерлік өт­ті-ау бастан бүгін!
Айшылық аралықты асып өтіп,
Жеткізбек енді еліне ол бостандығын.

Япыр-ай, жеріне аман жетер ме екен,
Болмаса жолда үзіліп кетер ме екен?
Тап бүгін жетіп тауын құшпаса ол,
Туғаны қыран болып бекер ме екен!

Әмірхан бапкер еді өте жетік,
Саятқа жүрем ғой деп жеке кетіп,

Түлкіні ұшып өзі қағатын қып,
Қанатын өсірген ед бекем етіп.

Сол қыран ұзақ жолда талмай салды,
Шаңқылдап шартарапқа айғай салды.
Туған жер, құшағың жай, қойыныңды аш,
Алдынан шығып, тосып ал қайсарды!

Алдыңа мұңын шағар өзі-ақ бүгін,
Өт­ті ғой, өт­ті бастан азапты күн,
Алыстан батыр құсың базарлық қып,
Әкеле жатыр саған азат­тығын!

Жеткенше туған таудың шоқтығына,
Тоқтатар ешбір күш жоқ оқты мына!
Зуылдап келе жатыр қара кеште ол,
Қарамай ішінде түк жоқтығында.
Ағумен, аңыраумен іңір өткен,
Бір жан жоқ бұдан басқа қыбыр еткен.
Тоқтаусыз зулап әлі келе жатыр,
Құс жолы – соның жолы жүріп өткен.

Әл жиып, аялдауды ол білмеген,
Бір күш бар асықтырған, жан билеген.
Тыншып бір ұйықтасын деп, қанатымен
Тынымсыз қағып түнді әлдилеген.

Белдердің бірінен соң бірін асып,
Көңілдің ұшқан сайын кірін ашып,
Самғауы сар далада осыншама –
Айтып тұр қыранның бұл сырын ашық.

Қойны ну, буалдыр сай, торқа белі,
Қайдасың, мөлдіреген Марқакөлі?..
Жүрегін жіпке байлап қалжыраған,
Тоқтатпай демеп алғға тартады елі.

Келеді арманына қамшылатып,
Дегендей қысады аяз «қалшы қатып».
Жиып ол соңғы күшін ышқынады,
Бой-бой ғып, ащы терін тамшылатып.

Қанатын өрлешене қағып жатыр,
Өзен, көл қарлы белдер қалып жатыр.
Қалайша тоқтасын ол, құшақ жайып
Алдында Алтай сынды алып жатыр.

Тап бүгін жетемін деп күн кескендей,
Азынап Алтайымен тілдескендей.
Жете алмай, шыныменен жолда қалса,
Арманы өзіменен бірге өшкендей.

Ышқынып барған сайын есіледі,
Қырсығып дауыл да алдан есіреді.
Бойында лапылдаған махаббат от,
Жел оны қалай ғана өшіреді.

Келеді талмай салып күн-түн қатып,
Келеді дауылдатып, бұрқылдатып;
Алдында арман болған асқар шыңға
Шаңқ етіп анда-санда бір тіл қатып.

Бойынан будақ-будақ бу бұрқырап,
Шыбын жан шықпай әрең тұр шырқырап.
Елестеп түтіндеткен аңшы қосы,
От болып көзінде ойнап, күлсін тұрақ.

Өртеніп, өршеленіп тау қыраны,
Аязды қызуымен жандырады.
Бұлдырап қарлы бас шың көрінгенде,
Жасаурап көзі, шіркін, жаудырады.

Шынында, бір от шықты тау-жырадан,
Денесін жиып алды ол қалжыраған.
Қайтсеңде туған жерге жетіп өл деп,
Жүрегі сыздап, талып зар жылаған.

Ұмтылды жүрегін ол жебе сауып,
Ана шың – Қызылшоқы төбесі анық…
Қонарда шыр көбелек басы айналып,
Түскендей болып кет­ті денесі ауып.


Қарлы жон, қарағайлы төбе жатқан,
Әмірхан ит жүгіртіп келе жатқан.
Бірдеңе қараяды шың үстінде,
Аң ба екен, қапелімде қанға батқан?

О, тоба, мынау менің Қарабурам!
Көз жазып қап жүрмейін қарағымнан.
Келген ғой жерін тауып жарықтығым,
Құданың құдіреті, қара бұған!

Кә, бопым, кә! – деп атын қамшылады,
Көргенде құсын, қалай жан шыдады.
Тер боп кеп, мұз боп қыран қатып қапты,
Құшақтап, қыса берді ол әлсін-әлі.

«Елім деп, қарағым-ай, құрақұшқан,
Япыр-ай, қалай жет­тің түу алыстан?!»
Кім білсін неге екенін, өкінбеді ол,
Кет­ті тек жасы парлап қуаныштан.

Көп тұрды ол ұмытқандай әлденесін,
Құсының көрді ме екен жанды елесін.
Кеудесін керіп терең дем алды енді,
Күш кернеп кеткендей боп
бар денесін.

Тау тұлға, жойқын жота, балтыры нән,
Құс нағыз боп көрінді батыр бұған.
…Оралып жеңіспенен, туған жердің
Жастанып қара тасын жатыр қыран.

ПІКІР ҚОСУ