Ақ пейілді алып жүрек
14.01.2025
99
0

Д.А.Қонаев жүзден аса ғылыми еңбектердің авторы. 1948 жылы техника ғылымының кандидаты, 1968 жылы ғылым докторы атақтарын қорғаған. Д.А.Қонаев 25 жылдан аса Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, жеті жыл Қазақ Республикасының Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, төрағасы, үш жыл Қазақ Ғылым академиясынының президенті қызмет­терін атқарды. 15 жыл Кеңес Одағы Компартиясы Орталық Комитеті Саяси бюросының мүшесі болды. 1972, 1976, 1982 жылдары Д.Қонаевқа Кеңестер Одағының Социалистік Еңбек Ері атақтары берілді. Партия және Үкімет делегацияларын басқарып 17 шетелге сапарға шықты.
1986 жылғы 16 желтоқсанда Құрмет­ті еңбек демалысына шықты. 1993 жылы, 22 та­мыз­да 82 жасқа қараған шағында қайтыс болды.
25 тамыз күні Алматы қаласындағы Кеңсай зиратына жерленді.
«Ақ пейілді, алып жүректі Димекең – алыстаған сайын асқақтай түседі» деп жазды сол күндері Қазақ баспасөзінің қара шаңырағы «Егемен Қазақстан» газеті.

( «Естен кетпес ұлы есім» кітабынан. Авторы Б.Әжібеков).

Жұмабайұлы Меңліахмет пен Байырқызы Зәуренің отбасында 1912 жылы,
12 қаңтарда Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев дүниеге келді. 1930 жылы орта метепті бітіргеннен кейін Дінмұхамед Ахметұлын өлкелік Комсомол комитеті Москва қаласындағы түсті металдар және алтын институтына жібереді. 1936 жылы инс­титут­ты үздік бітіріп, Балқаш мыс қорыту комбинатының Қоңырат руднигінде еңбек жолын бастайды. Ғылыми жұмыстармен қатар ол рудниктің бас инженері, басқарма директоры қызмет­терін атқарды.

1962 жылдың күзінде Мақтаарал кеңшарына Кеңес Одағы Компартиясының бірінші хатшысы Никита Хрущев, Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев, Өзбекстан Компартиясының бірінші хатшысы Шараф Рашидов басқарған бір топ басшылар келді. Оларды қарсы алуға Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал және Киров аудандарының басшылары бір-екі күн бұрын келіп, көшелерді айнадай қылып тазалап, транспорант­тар мен жалауларға толтырылып, қалашық орталығы үлкен тойға сақадай-сай дайындалды. Москваның, Алматының, Ташкент­тің КГБ қызметкерлері Н.С.Хрущев келетін жолда толық қауіпсіздік тәртіп орнатқан.
Жер шарындағы ең ірі мемлекет­тің бірі КСРО-ның «патшасы» – Мырзашөлге келе жатыр дегеннің өзі адамға қандай әсер қалдырды десеңізші! Сол кездегі жас бала – біздер де бір жасап қалғандай едік. Елдегі тұрғындардың бәрі шет қалмады, бәрі де белгілі тұлғаларды бір көріп қалуға ұмтылған. Ташкент­тен күймелетіп он шақты ең жоғарғы дәрежедегі (сол кездегі) алды «Чайка», «Зим» автокөліктері Мақтаарал кеңшарының әкімшілік кеңсесінің алдына келіп тоқтады. Турасын айту керек, ол кезде Н.Хрущев Сталиннен кейін Совет Одағын басқарғанның әсерінен бе, «Мосвадан шықпай өзінің халықтарға деген геноцид әрекет­терін жасаумен өткен Сталиннен гөрі, адамдармен кездесіп, жүзбе-жүз әңгімелесуден қашпайтын. Сол әдетімен алдыңғы шепте тұрған бір топ кеңшар қызметкерлерімен, озық еңбеккерлермен амандасып, әңгімелесті.
Елдің құрметімен патшаның алдынан нан, тұз, гүл шоқтарын алып Жетісай ауданының бірінші хатшысы Бұқашев, Мақтаарал ауданының басшы-қосшылары мен еңбек ерлері қарсы алды. Бір топ мектеп пионерлері ақ көйлек киген, қызыл галстукты ұл-қыздар ақ, қызыл гүлдерді басшыларға ұсынды. Н.Хрущев біраз уақыт халықпен әңгімелесіп болған соң, Мақта­аралдың кеңсесінде жиналыс өткізді. Арасында шаруашылықты, мақта плантацияларын аралап, техника жұмыстарымен танысты.
Сол кездесуде Н.Хрущев: «Осы Мырзашөлдегі аудандарды Өзбекстанға беру керек» деген ұсыныс жасағанын, оған Қонаев үзілді-кесілді қарсы шыққанын, кейін Хрущев Қонаевпен салқын сөйлесіп, Рашидовты ертіп, Ташкентке тез кетіп қалғанын гу-гу әңгіме етіп халық айтып жүрді. Көп ұзамай Н.Хрущев өз дегеніне жетіп, біздің үш ауданды Өзбек­станға беріп тынды.
1972 жылғы маусым айында Д.Қонаев Мырзашөл өңіріне келді. Сол кезде біздің Мақтаарал ауданы компартиясының бірінші хатшысы Уалихан Сүлейменов (қазір Шымкент қаласының ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, дербес зейнеткер), аудандық атқару комитетінің төрағасы Төретай Үкібаев болатын. Шымкент қаласынан «Чайка» автокөлігімен Д.Қонаев, облыс басшылары А.Рамазанов, Ш. Шаймерденовтер біздің ауданға келді. У.Сүлейменов «Сырдария» өзеніндегі көпірден қарсы алып, Өзбекстанның екі-үш шаруашылығын аралап өтіп, біздің «Абай» атындағы колхозды көруден бастады. Сүлейменов өз естелігінде: «Біз Д.Қонаев ақсақалға «Абай» атындағы колхоздың мақта, жүгері егісін, мал фермасын көрсет­тік. Сондағы істеліп жатқан жұмыстармен таныстырдық. Димекең колхозшылармен кездесіп сөйлесті. Ол кісіге атқарылып жатқан істер ұнады. Колхоз төрағасы, Социалистік Еңбек Ері ақсақалымыз Шүренбай Тұрғанбаев Димаш Ахметұлын сусын ішуге шақырды. Димекең екеуіміз дәм татып, сусын ішіп шықсақ, далада есіктің алды адамға толып кетіпті. Димекең бәрімен қол алыса амандасып шықты. Димекең: «Тұрмыстарыңыз қалай? Ел-ауыл, бала-шағаларыңыз аман ба? Көптен бері оңтүстік аудандарды көрген жоқ едім. Арнайы аралап келген едім», – деді. Келгендердің көпшілігі қариялар екен. Олар қолдарын жайып: «Айналайын Димаш! Сізді келеді деп естіген соң қолыңды алып амандасайық, қайтадан елге қосқаныңа рақмет айтайық деп келдік. Бізде барлығы жақсы. Өркенің өссін! Денсаулығың мықты болсын, көп жаса! Халқыңды ұзақ басқарып, жетістіктерге жете бер! Әумин! – деп бата берісті.
1982 жылдың ақпанында Ташкент­те Совет Одағындағы 15 республиканың басшыларының бас қосқан жиналысы болды. Жиналысты Одақ Компартиясының Бас хатшысы Леонид Ильич Брежнев өткізді. Арада бір күн демалыс жәрияланып, Дінмұхамед Қонаев Брежневтен рұқсат алып, біздің аудандарға келіп кетуді жөн көрді. Біздің Мақтаарал ауданының партия комитетінің бірінші хатшысы Көшербай Ысқақов Қонаевты жоғары деңгейде қарсы алу үшін ұйымдастыру жұмысын ауданның атқару комитетінің төрағасы Төрғанбек Жұмановқа тапсырды. Есімде, ол кісі кешке таман біздің Мақтаарал кеңшарына келіп, директорымыз Қосай Ибрагимовті, бас мамандарды, парторгті, жұмысшылар комитетінің төрағасын шақырып алып: «Ертең Д.А.Қонаев келетінін, ол кісіні жақсылап жоғары деңгейде күтіп алу керектігін қазықтап айт­ты. Димаш Ахметұлының жол бағыт­тарын ойластырдық. Әр қызметкер өздеріне тиісті тапсырмаларын алды. Айтқандай ертеңіне, 23 ақпан күні болса керек, Қонаев ағамыз біздің Мақтаарал кеңшарына сағат 10-нан өте келді. Нан-тұзбен қуана қарсы алдық. Дастарқаннан нан үзіп, жеңіл дәм тат­ты. Жүздесіп, аманшылық сұрастық. Аудан басшылары Көшербай Ысқақов, Тұрғанбек Жұманов, директор Қосай Ибрагимовтер Димекеңнің қасында болып, әңгімелесіп болған соң кеңшар мұражайын аралап, оның тарихымен танысты.
Мақтаарал кеңшарының мақта плантацияларын, орталық трактор жөндейтін шебрханасын, Ильич кентінің орталығын аралап көрді. Кейін «Мақтаарал» мақта өңдеу зауытын көруге барды. Зауыт­тың алды толған жұмысшылар, лозунгтер, гүл шоқтары. Д.Қонаев жұмысшылармен біраз уақыт сөйлесті. Әлі есімде, зауыт­тың жұмысшысы Басман деген неміс ағайынымыз Димекеңнің қолын алып амандасқанда, Димекең: «Как живете?» – деп сұрағанда, жұмысшы Басман (өзі толық кісі еді, жасы елуден асқан): «Как видите, Димаш Ахметович, какой я! Живем очень хорошо!» – деп, жауап бермесі бар ма. Димекең рақат­тана күліп, ол кісіге риза болып арқасынан қағып, зауыт­тың ішін аралап кеткен еді.
Халықтан жасыра алмайды екенсің, кейін де Алматыға, Димаш Ахметовичке сол Басман жұмысшымыз хат жазыпты дейді. Хатында: «Помните, Димаш Ахметович! Когда вы приезжали к нам на завод в Ильичевку, я вам говорил, что мы живем очень хорошо» – деп, сол кездегі Димекеңе кездескенін жазып, мақтан етіп айтып жүретін. Өзіміз де Басманның өз аузынан жыр етіп айтып жүргенін талай естідік.
Димаш Ахметұлы Қонаев – өз заманының ұлы перзенті, халқымыздың ұлы тұлғасы. Біз онымен мақтануымыз керек!»

ҚАЗАҚТЫҢ ҚОНАЕВЫ
(Қоғам қайраткері
Д.А.Қонаевқа арнау)

Әні: Кентау НАЗАРБЕК,
Сөзі: Алтыншаш ЖАҚИЯНОВА

Аямай терін төккен қазағы үшін,
Тұлғасы тау тұрпат­ты дара мүсін.
Өмірі өнеге боп жылдан-жылға,
Шоқтығы биіктеп-ақ барады шын.

Қайырмасы:
Ел мұраты кетпеген өзегінен,
Болашағын халқының сезе білген.
Ел тізгінін нық ұстап, халқын сүйген,
Қазақтың Қонаевы дер едім мен.

Қастерлеген қазағы ұлы тұлға,
Мұндай жанды бола ма ұмытуға.
Алты алаштың баласы ардақ тұтып,
Аңыз қылар әр ісін қосып жырға.
Қайырмасы:
Ел мұраты кетпеген өзегінен,
Болашағын халқының сезе білген.
Ел тізгінін нық ұстап, халқын сүйген,
Қазақтың Қонаевы дер едім мен.

Елге берген еш кетпей шапағаты,
Күннен-күнге жаңғырып
жатады аты.
Ғасырлардан жалғасар ғасырларға,
Халқының оған деген махаббаты.

Айыпберген БАЛТАБАЙҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір