Жан-жүректі билеп алып жыр-қызық…
04.07.2023
707
0

Шымкент педагогика институтының филология факультетін бітірген, «Оңтүстік Қазақстан» газетінде біраз жыл қызмет еткен, Шымкенттегі Жазушылар одағы бөлімшесінде әдеби кеңесші болған Әмзе Қалмырзаев: «Әрбір күнін өлең жазып өткерген, мені ұмытып кетпеңіздер, адамдар!» – деп жырлаған екен. Ақынның бір шоғыр өлеңдерін оқырман назарына ұсындық. 

Әмзе ҚАЛМЫРЗАҰЛЫ

Бақытым

(Туған жер туралы толғау)

Бозаң да бозаң, бозаң жер…
Бозторғай құсы шырылдап
Бозала таңнан оятқан
Бабаларымның боз ордасы қонған жер!
Бөрте төл үркіп қашқанда
Боз, раңын бұза алмай
құлап жатқан жер!
Бозбала күнім аспанға
Бұлдырықтай
пыр-пырлап ұшып кеткен жер.
Буыны құрып,
Бұраңдаған бойжеткен
Боз үйдің сындап уығын –
Бұл дүние бұйымын
Сілкіне сілкіп салған жер,
Бұрылып соған қараумен
мойын талған жер!

Күліп жүрген кезімде
Жазым болып жылатқан,
Өкпем бір өшіп күйген жер!
Қаршадай ұлдың жүрегіне мұз қатып,
Қабырғасы қайысып,
Тілерсегі соғысып,
Талаптың тауы шағылып,
Маңдайы тасқа тиген жер!
Талпынысы талықсып барып өлген жер!
Алдындағы ақ жалаулы ағалар,
Алаштың ұлын алалап текке бөлген жер.
«Ақшаны ақша табады,
Ақымақ кетпен шабады,
Ақылың шикі екен!» – деп
Ақылман достар келекелеп күлген жер!
Кісілікті көмген жер!

…Жылап жүрген осындай бір кезімде
Өлең боп келіп жұбатқан
Әулиелер сүйген жер!
Бақ тұлымды ұл сынды
Бұдырайған екі шекелі Шыңғыс
Тіршілікке келген жер!
Қос бұрымды,
құмырсқа белді қыз сынды,
Елана ару соңынан соның ерген жер!
Түп қалта – жалғыз тұсақты,
Қоралы қойға жеткеріп біздей
баққан жер:
Көкдолыны үйірге
Қайырып әкеп қосқан жер.
Құлагер мен Шотшекедей
тұлпарлардың тұяғы
Қара тасты қамырдай илеп басқан жер.
Күйеу боп атам барған жер,
Келін боп анам түскен жер.
Кіндігімді кескен жер,
Кіндік қаным тамған жер.

Алғау да далғау Аусарлық түбі
Ақындық болып піскен жер –
Алатаудай арманым оң жағына аударылып түскен жер!
Еңсесі биік жас-қайрат
Еңкейместен
Ес-ордаға енген жер!
Бос мойынды балалық тартып тегіне
Маңдайымның бес елі сорын талқандап,
Бақытым күліп келген жер –
О, қайран Туған жер!

Мың жасаған жандаймын

Дәрілер ішем,
Уыстап алып шайнаймын,
Маза бермейді мидағы
мың-сан ой, қайғым!
Дәріні емес, жатқанымды білем у жұтып,
Сонда да бір сәт жан,
тәнге тыным ойлаймын.

Бір сәт­тік қана жаныма бер деп
тыныштық,
Іше саламын қандай уды да ырыс қып!
Жалған дегенің –
шынымен толған жалғандық,
Қай жақта, қане, әділет, иба, дұрыстық!
Білетіндеріңді
бүркеп ұста деп тұр күштім,
Қалай айтайын мың құбылғанын
түр-түстің?!
Қолыммен ымдап көрсем бе
ұрды тұспалдап,
Арасын ашпай, тіл-тістің!
Болады екен-ау ой жеткен жерді
айта алмас?!
Сынса егер – сынар,
Қайрауға түспес қайта алмас.
Жүрек пен мида атқылап жатыр
жанартау,
Сыртымда түк те байқалмас.

Жасаған Ием,
Барлығына шексіз сенемін.
Толық ет­тіңіз,
Тасыраңдаған мен бір кем едім.
Көкірегім толы көрінбейтін
сырдың көмбесі,
Мың жыл жасаған көнемін.

Мен қанша адам көрдім!..

сұлбадай қараңдаған,
Ілбіген жүр ғой елес.
Ұқсайды адамға – адам,
Ал іші бірдей емес.

«Мен қанша адам көрдім,
Сыртында киімі жоқ.
Мен қанша киім көрдім,
Ішінде адамы жоқ»…
Мен қанша бастар көрдім,
Қалпағы қайырылған.
Мен қанша қалпақ көрдім,
Басынан айырылған.

Мен қанша ауыз көрдім –
Тілі жоқ түйіп айтар.
Мен қанша тілді көрдім –
Жалындап, жанып айтар,
Өртеніп, күйіп айтар!

Дәлелге ілінбейді
Көрген іс түсіндегі.
Жан күші білінбейді
Тән-тұлып ішіндегі.

Білместің келмесінде
Сенделіп, сабыласың.
Су ішіп өлесің де,
У ішіп жазыласың!

Ауыш бар жалғанда мың,
Кез­дестім кеше де мен:
Адам деп арбалғаным –
Ақырған есек екен!
Кәрі hәм жас ғаламды,
Тербейді ақыл-айдын.
Жаман мен жақсы адамды
Білсем деп бақылаймын.

Жақсылар
«жақсымын» деп айта алмайды…

«Жамандар «жақсымын» деп
айқайлайды,
Жақсылар «жақсымын» деп
айта алмайды»…
Тасына табаныңыз тигеннен соң,
Таулардың қасиетi байқалмайды.

«Жамандар «жақсымын» деп
айқайлайды,
Жақсылар «жақсымын» деп
айта алмайды»…
Қасында күнде көрiп жүргеннен соң,
Шыңдардың ұлылығы байқалмайды.

«Жамандар «жақсымын» деп
айқайлайды,
Жақсылар «жақсымын» деп
айта алмайды»…
Көрiнбей көп iшiнде жүргеннен соң,
Тұлпардың жүйрiктiгi байқалмайды.

Аққуды кез­деседi сабалаған,
Тереңдi лайлайды табалаған.
Асыл бар сәуле шашып тұрған көпке,
Әрненi дер кезiнде бағалаған.

Жас сәби жетiледi сылауменен,
Дана жан есейедi жылауменен.
Қақ жарып қара тасты соқпақ салған,
Жетедi арманына құлауменен.

Тiлдемек дарындыны дарымаған,
Күндемек бар адамды жарымаған:
Жөн сөзге тоқтағанның бәрi – жақсы,
Жақсыны таптағанның бәрi – жаман!

Тiлдейдi дарындыны дарымаған,
Күндейдi бай адамды жарымаған:
Менi жақсы дегеннiң, бәрi – жақсы,
Менi жаман дегеннiң, бәрi – жаман!

«Жiбектi түте алмаған жүн етедi»,
Жаратушы сүйгенiн сын етедi:
Жақсы мен жаман туған арасында,
Дананың жылауменен күнi өтедi.

Қиялым – құрдым қуған құмай тазы,
Тәртiбi тiршiлiктiң мұңайтады.
Өзiнiң не дегенiн өзi ұқпайтын
Адамдар алдымды орап сын айтады.

Келместен кеудемдегi ғалам күткен,
Шатасып сансырайды санам тiптен:
Надан боп кеткендей ме, адам бiткен,
Адам боп көрiнедi надан бiткен!

Жаманнан жақсы туса – мұң болады,
Жақсыдан жаман туса – жын болады.
От пен суға салуда менi өмiр,
Ақыл-ойдың алмасын шыңдағалы.

Өртесе өкiнiшпен жарық ғалам,
Арманы ақындардың шарықтаған.
…Құдiрет құндақтаған қазына едiм,
Тапталып қалтарыста қалып барам!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір