Шәкен Күмәсбай. Балалар әдебиетінің бағы тайған жоқ
30.10.2019
1216
0

Шәкен Күмісбай

– Аға, «Алматының Қозы менен Бая­ны» әңгімеңізде өткен мен бүгінді, та­рих қойнауындағы «Қозы-Баян» мен бү­гінгінің Қозы-Баянын салыстыра отырып жазғандайсыз. Сіздің пайымыңызша, ол кезең мен бұл кезеңнің құндылықтары арасында қандай айырмашылық бар? Қандай құндылықтар алға шығуы қажет?

– «Ол кезде өмір де өзгерек, мөл­дір­леу, тазалау еді» деген естеліктерді аға буын ретінде жиі айтып жүргеніміз  жалған емес. Бұл бүгінгі жастарға көңіл толмаушылықтан туған өкініш пе немесе жастық кезеңді сағынудан туған аңсар ма, кім білсін? Ол кезде жастар да, тіпті оқушылар да өмірдегі адами қажеттілікті сезініп, айналасына зор жауапкершілікпен қарайтын. Өз орнымды тапсам, қандай да бір жақсылыққа ұйтқы болсам деген құлшыныс бар еді оларда. Әрбір жаңалыққа ынтыға қарап, әрбір істің мән-жайын түсініп, ойға тоқып талдауға, білуге ұмтылатын. Бір ғана мысал, театрға барып, жаңа спектакльді көріп, алған әсерлерімен бөлісіп, пікір таластырып жататын. Қазіргі жастар басқа «жолмен» жүруге тырысады. Өмірге өзгеше көзқараспен қарауға бейім. Оның себебі – дүниенің бәрі ақшаға тіреліп тұр… Мысалы, менің кейіпкерім – қаланың қызы. Тегінде, уақыт белесінде қала жұртының қалыптасуы бөлек келеді. Тәуелсіздік алған жылдары қырық па­йыз қазағымыз ана тіліне теріс қарап шы­ға келді. Тілдің ақсауы сананың, ұлт­тық намыстың бұзылуына әсер ететіні ақиқат. Салт-дәстүр, ата-аналық тәлім өзгереді. Қазақ отбасыларында үлкенмен де, баламен де орысша сөйлесу өркендеп тұрған жоқ па? Осыдан-ақ ел келешегіне алаңдаушылық туады емес пе?

– Қозының анасының образы арқылы осы тектес орыстілді ата-аналарды түйреп өтесіз. Қазақ отбасындағы мұндай келеңсіздіктерді жою үшін не істеу қажет?

– Бүгінгі күнде өз тілінен адасқандар «көбіктей» көп. Тіпті, балаларын орысша балабақшаға сүйрейтіндерді көріп дәрменсіз күйде қаламыз. Қазақ баласының жанын түсіну, бала жүрегінің қалауын табу – инемен құдық қазғандай күрделі дүние. Бірақ менің кейіпкерім қанша бір өмірден, тілден «теперіш» көрсе де, жалғыз ұлына жақсылық ойлайды. Қазаққа жаны ашиды. Қозысын қазақ қызы – Баянға үйлендіру үшін білегін сыбанып тұрып небір қарекет жасайды. Түптің-түбінде нәтижесін де көреді. Әрбір қазақтың өзегінде ділге, ұлтына деген шынайы сүйіспеншілік жатса, тіліміз де қағажу көрмес еді-ау…

(Оқи отырыңыз!)

Шәкен Күмісбай. Алматының Қозы мен Баяны

– Әңгіме мазмұнында Алматының апорты мен тұмса табиғатына деген сағыныш та қылаң беретіндей.

– Иә, мен Алматыны жас кезімнен өте жақсы көремін. Сұлулығы жағынан ғажап қала ғой. Өмірімнің үштен бірі осы мекенде өтіп жатыр емес пе?! Тек, бір өкініш, апортының аты аңызға айналып кеткендей. Сол маған – уайым. Дегенмен апорт туралы қандай да бір жақсы жаңалық естісем, қуанышым көл-көсір болады.

– Бұл шығармаңыздың идеясы қалай туды?

– Бұл шығарманы жазуымның өзін­дік себебі бар. Біз көп жағдайда ауыл өмірі мен ауыл адамдарына, ауыл­дың кешегі келбеті мен тарихына, бүгініне зер салып, қалам тербейміз де, қала өміріне аса маңайлай бермейміз. Шындығында, қала – мәдениет орта­лығы. Шетелден келген жаңалықты бірінші қабылдаушы да – қала мен қала жұртшылығы. Алайда шаһарға қоныс аударып, қала тәртібіне мойынсұнған тұрғындардың біразы дерлік орыс тіліне мойын бұрып тұратыны жасырын емес. Ал оның бала санасына тигізер кесір-кесапаты қаншама! Бұл әңгіме қалалықтардың тұрмыс-тіршілігіне, тірлігіне көз жіберіп, ой түюден, әр қазақ өз ұлтының қадір-қасиетін терең түйсінсе деген тілектен туса керек.

– Бүгінде қазақ балалар әдебиеті ту­расындағы пікірлер қақ жарылуда. Бұл жанрдың кенжелеп бара жатқанын алға тартатындар баршылық. «Балалар әдебиеті бар, дамып жатыр» деушілердің де қарасы көп. Осы саланың қазанында қайнап, бел ортасында жүрген адам ретінде сіз не айтар едіңіз?

– Қазақстан Жазушылар одағында тек балалар тақырыбына қалам тербейтін қаламгерлер саны 30-35-тей ғана. Әралуан пікірлер легі айтылып жүрсе де, балалар әдебиетінің бағы тайған жоқ. Өзім ұйымдастырған «Дарабоз» бәйгесінде біраз жастардың шығармасын оқып, қуанғаным – өз алдына бір төбе, артымызда үлкен жүкті көш келе жатқанын сезіндім. Озық туындыларымен тәнті еткен Бейбіт Сарыбай, Дархан Бейсенбек, Алтынай Амангелді, Ернұр Сейдахмет сияқты біраз жастардың есімін атай аламын. Үлкендерден Қастек Баянбай, Тұрдақын Жексенбай, Сәбит Дүйсенбиев, Бейсенбай Сүлейменов, Арасанбай Естеновтерді құрмет тұтамын. Байбота Қошым-Ноғай, Қуат Адис, Серікбол Хасан, Алмат Исәділ секілді қаламгерлер де балаларға арналған шығармалар қатарын құнды дүниелермен толықтыруда. Жаңадан бой көрсетіп келе жатқан таланттар легі де аз емес.

– Әңгімеңізге көп рақмет!

 Бетті дайындаған Жанар ҚАДЫРҚЫЗЫ,

Алатау ауданы КММ №177 лицей» мұғалімі

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір